М.ӘУЕЗОВТІҢ «ҚИЛЫ ЗАМАН» ПОВЕСІНДЕГІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТТЕРДІҢ БЕЙНЕЛЕНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Гүлзия ПІРӘЛІ
Ленинград Мемлекеттік университетінде оқыған студенттік жылдар Мұхтар Әуезовтің шығармашылығындағы ең бір жемісті жылдар болғаны белгілі. Студент-суреткер сол жылдары «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928) атты прозалық шығармалары мен «Хан Кене», «Қарагөз» атты даңқты пьесаларын жазды. Қазақ халқының өмірі мен тарихын, адамдардың менталитеті мен психологиясын, табиғи ерекшелігі мен ойлау жүйесін жетік білетін Мұхтар Әуезовтің суреткерлік зердесі өз заманындағы тарихи шындықтың қим-қиғаш құбылыстары мен оқиғаларын, заман ағымының ішкі даму заңдылықтарын терең танып, талдауға мүмкіндік берді. Жоғарыда аталған туындыларының бәрі де ұлт әдебиетінде үлкен жанрдың туғандығын, көркем прозаның көші басталып, негізі қаланғанын дәлелдеген дүниелер еді.
Ұлттық сөз өнерінде бұрын-соңды болмаған бұл поэтикалық құбылыс профессионалдық шеберлікті толық меңгерген аса ірі талант иесінің ғана үлесіне тиесілі творчестволық ерлік болатын. Көркемдік әлемі биік «Қилы замандағы» запыранды зардаптар, отаршылдар мен жергілікті халық арасындағы бітпес даулар, қиян кесті қақтығыстар өңін өзгертіп, өзінің өзекті мәселелерін бүгін де алға тартады.
Мұхтар Әуезов көтеріп отырған тарихи тақырып қазақ даласында стихиялы түрде болса да туындап, жергілікті халықтың ұлттық намысы, рухы бар екендігін отаршы орыс билеушілеріне мойындатқан ресми түрдегі дерек болатын. Ел ішіндегі дүмпуге дәнекер болған 1916-шы жылғы Албан көтерілісі кейін 1917-ші жылдың оқиғасына себепкер болу фактісінің өзі қазақ тарихы үшін орны бөлек дүние.
М.Әуезовтің осы туындысында қазақ өміріндегі ұлт-азаттық қозғалысының тарихы, бай мен болыстың, тілмаш пен төрелердің, кейбір оқығандардың өз халқына жасаған озбырлықтары шынайы әрі шебер суреттеледі. Және «Қилы заман» – Әуезовтің кең тынысты эпикалық баяндау тәсілін суреткерлік шеберлікпен игерген кәсібилігінің куәсі.
ХХ ғасыр басындағы аласапыран кезеңнің қиындығына қарамай қазақ халқына жасалып отырған отаршылдық зардаптарын, әлдінің әлсізге жасаған қиянаттарын қаламгер батыл көтерген.
М.Әуезов бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен, ойындағы бай мәліметімен, жүрегінде жылдар бойы жазылып жүрген мұң-шерімен келген суреткер. Шығарманың жылдам жазылуының сыры мен құпиясы да осында жатса керек. Арнасынан асқан ішкі ашу мен ыза, қордаланған қорлық, кек көріністері әрбір кейіпкердің іс-әрекеті, ықтиярға көнбеген асау сезімдері арқылы ой мен сөз ағыны болып ақтарылып жатады. Жазушының өз басынан өткеріліп, сезімімен суарылған ұлтына жасалған өктемдіктер өзегін өртеген өкініш Жетісу губерниясының Жаркент уезіндегі Қарқара жәрмеңкесінде болған тарихи оқиғаны баяндауға түрткі болады. Ұлт-азаттық көтерілістің шығу себептері мен отарлау-жазалау саясатының зардаптары 1918 жылы патшалық жазалау әскерінің қырғынына ұшырап шет ел ауып кеткен Жетісу қазақтарына көмектесу үшін Семейде ұйымдастырылған «Алаш» қорының жауапты хатшысы болған Мұхтар Әуезовке таныс еді.
1952 жылдың аяғында жазушы жасырын түрде «Қилы заман» повесін орыс тіліне аудартқан. Сонда Шолпан атада бірге болған А.Пантиелевке М.Әуезовтің өзі : «…Осы бір дүниені жаным қаншама азаптанып, қинала отырып жазғанымды сезетін шығарсыз деп ойлаймын, қазір қазақ халқының қаншалықты тұңғиық түбінен бас көтеріп, бой жазып шыққандығын ойлаудың өзі соншама қорқыныш. Бұл тұңғиық түнектің аты – патриархалдық. Орта Азиядағы 1916-жылғы көтеріліс революцияға келіп ұласты, бірақ бар жерде бірдей дәрежеде дамыған жоқ. Торғайда ол кейін Азамат соғысының ерлері болған Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдинді шығарды. Менің геройларым Ұзақ Саурықов пен Жәмеңке Мәмбетов – бұлар да тарихи адамдар, халық басшылары, бірақ олардың тағдырлары басқаша, өйткені оқиға аты шулы Торғайда емес, «тып-тыныш» Қарқарада, Жетісуда, момын албан руының ұясында, басқаша айтқанда, тек стихиялық желпіністі ғана туғызған әлеуметтік мешеуліктің әлгі айтылған тұңғиық түнегінде болды. Ал бұл желпіністің негізіне барып тұрған саяси соқырлық, тәжірибесіздік, алдартқан сәбилік аңқаулық, сағым қуған қиял мен жалған сенім, патриархалдық қараңғылық пен дәрменсіздік қана бар еді», – деп айтқан сыры бар екен («Қилы заман». Ғылыми түсінік.Т.Жұртбай. О.Қауғабай. М.Әуезов «Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 5-т. Алматы: «Ғылым» ғылыми – баспа орталығы, 2001.-376 б . 352 бет.).
Автордың мақсаты – ұлт – азаттық көтерілістің соңы сәтсіз аяқталса да «жуас түйе жүндеуге жақсы» деп қой аузынан шөп алмайтын момын жұрттың да шыдамы шектен шықса ел болып еңсесін көтеруге рухы жететінін жеріне жеткізе айту болатын. Және санаға ой салған оқиғалардың күрделі саяси құбылыстарға айналуына дейінгі ел арасындағы дау-тартыстардың даму барысын, осы үдерістер үстіндегі отаршылдар мен қарапайым қазақ жұртының қақтығыстарының қатпарлы сырларын көркем детальдар мен сәтті штрихтар арқылы ажарлау көзделген.
Повестің басталарында-ақ анықталғандай : «…Саудагер сомасы, қазақ даласына құда түсіп, құйрық-бауырды асап, аузы қанданып, қолы майланып, жонданып тұр»,-деп «кең қолтық, мол қолды, аңқау бай ел: албан, бұғының» о бастан-ақ өзгеге жем болып келе жатқаны аяусыз әшкереленеді. Жалғыз албан емес бүкіл қазақ жұртының жем болғаны, түрлі салықтармен сүліктей сорып отырғанымен қоймай «енді елдің бетке ұстар азаматтарын қара жұмысқа алмақшы. Бұдан өткен қорлау бар ма?» (171 б). Қаламгердің өз елінің ұлтжанды перзенті ретінде қашаннан қанын қайнатып, қолына қалам қаруын алуға мәжбүрлеген де осы қорлық , ұлтқа жасалған озбырлық, қиянат болатын.
Отаршылықтан келген обырды туғызған «ана жат пішінді, жалмауыз түсті ұлық» пен оның жандайшаптарының психологиялық портреттерін суреткер сондықтан да соншалықты ызалы кекесінмен бейнелейді: «…Бұның жәрмеңке басындағы тірі жүрген қолдары – атқан оқ, шапқан қылыш, жемқор семіз қарынды пристав «Ақжелке» Падпороков та, айналасындағы жорға құлдары: ұсақ төрешіктер, бұның ішінде қазақтан шыққан өңі жылтыр, қарны томпақ тілмаштар. Соңғыларда маңайына қарайтын екі түрлі көз бар. Бірі – жар төсегін арамдап қойған, жүрісі сұйық тоқалдай, жан-жағына жалтаңдай, жорғалай қарайтын жасқаншақ көз. Бұл – приставқа, судьяға, жәрмеңке ұлығына қарайтын көзі. Екіншісі – сыздана, кесірлене, керги қарайтын, асқақ, мақтаншақ жемге қадалған қомағай көз. Ол қазаққа, елге қарайтын көзі» (173 б). Жап-жас студент суреткердің сол «Қилы замандағы» сан құбылған саяси қақтығыстардан қаймықпай ашық әрі кекесінмен жазуы көп жылдар бойғы көкейінде сақталған ашудың айқын айғағы-тын.
Осы ретте жазушы қайтыс болғаннан кейін 11 жылдан соң Москвадағы «Новый мир» журналында жарық көрген повестке алғы сөз жазған көрнекті суреткер Шыңғыс Айтматовтың пікіріне тоқталсақ артық емес: «…Царизмге, оның зорлықшыл аппаратына деген өшпенділікті жас Әуезовтей соншалық суреткерлік нанымдылықпен көрсеткен, патшалық отаршылдық саясатының безбүйрек қаталдығы мен айуандығын соншалықты ашына әшкерелеген, көшпенді халықтың өзіне жат патшалық әкімшілік жүйесін қабылдамауының табиғатын мол мысалмен ала отырып, соншалық тереңдікпен ашып берген, сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы мен шығыс әдебиеттерінен сирек кездестірдім» (355 б). Әлем әдебиетін терең меңгерген «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыстың бұл сөзі жазушының туындысына берілген әділ баға болатын.
Өзінің алғашқы «…Қазақ қашан жетіледі?», «Адамдық негізі – әйел», «Мәдениет һәм ұлт», «Өліп таусылу қаупі», «Қазақ оқығандарына ашық хат» т.б деген көсемсөздерінде көксеген ұлт-азаттық мәселелер мұнда кеңінен әрі көркемдік шындық ретінде қозғалған. Өз тәуелсіздігі, елінің еркіндігі жолындағы 1916 жылғы көтеріліс осы құрбандықтың күрделі көрінісі. Әсіресе, сол кезеңдегі толқуларды, адамдар бастан кешкен қасіреттерді, Қарқара жәрмеңкесін, оны жағалаған патша қызметкерлері мен оларды торылдаған тілмаштардың психологиялық портреттерін берудегі дәлдік, ащы әжуаға толы улы сарказмдер, мысқылмен мүсінделген образдар, сөз жоқ арнайы зерттеудің мәселесі.
Отаршылдыққа қарсы стихиялық көтерілісті жазушы тарихи шындық негізінде таратып, талдап, шынайылықпен, сезімтал суреткерлікпен бейнелейді.
Соның бір айғағы – Ақжелкенің әрі сайқымазақ әрі трагедиялық портретінің психологиялық тұрғыдан нанымды әрі шебер бейнеленуі дер едік.
«…Сен ақымақтар жәрмеңкеге келген саудагердің алдынан шығып қарсылық қыласыңдар! Сендерге мұнда керектіңді әкеліп беріп жатқан кім?! Саудагер болмаса, сен Алматыға шұбар едің, олардың малын жерімізге түсті деп қуалайсың, сендерде жер бар ма? Жер патсанікі. Ол саудагер малы да патсанікі….», – деген сөйлемдер қазақтың топырағын басып тұрып осылай астамшылыққа барған ұлықтың типтік бейнесін айқындап береді (174 б). Ақжелкенің арыз айтып келген қазақтарды қорлап тақтай тепсініп тұрған бейнесі сондайлық сайқымазақтықпен суреттеліп, сөз бен әрекет, ой мен сезім, есеп пен ессіздік арасындағы драмалық қайшылыққа ұласады. Трагикомедияның нышаны байқалған бұл көріністі күлкімен көмкере отырып, күрсіністі күй кештіреді: «Қолдан жасаған ашулы пішін, тікиген суық мұртының арқасында шын түйілген ыза сияқтанып, айдын беріп тұрды», – деген сөйлемде жалғандық пен жасандылықты «жақсы» меңгерген орыс ұлығының «ұры» істерін жазушы әдемі штрихтармен шебер әшкерелеген.
«– Сендерде бас жоқ. Сендер ит, білдің бе? – деп Қартбайдың көзіне қадалып, сұқ қолымен нұқып тұрып сөйледі» ,- деген диалогтағы дөрекілік оқырман денесін дір еткізері хақ (175 б). Өз елі мен жерінде тұрып «не басы, не жері жоқ» мұндай момын, сорлы халықтың мұң-зарын отыздағы суреткер осындай ұлттық намысты найзалайтын наламен нақыштайды.
Ал «жемтік жағалаған бұралқы иттей болып ой, адамшылық бұралқысы» атанған тілмашқа берілген психологиялық мінездеме одан да сорақы:
«Ұлығының машықты шабыты келіп тұрғанын иісшіл тұмсығымен сезіп қалды. Есіктен кіре о да Ақжелкеге көзі түсісімен тез ғана түсін құбылтып ұлығымен бірге дәл солша сызданып ашулы түске мініп, қазақтарға оқты көзімен қарады.
Жорға тоқал, қабығын төсеуге әлдеқашан машықтанған. Оқығаны сол өнер сияқты.Талабы, атаған мұратына жетіп еді. Жәрмеңкеден аз бұрын жолдас болса да, Ақжелке бұның бойындағы асылын ұғып, өзіне керек мөлшерге шейін жақындатып, жем сырына араластырып алған» деген портретте де «әпкеме жездем сайдың» сырын ұқтырады. Суреткер шығарма соңында албан қазақтарын қырып салған отыршыл ұлықтың соңынан ерген Оспанды – «Ар маңдайы көн терідей қалың еді. Солар мызғымай, қайыспай отырып алып шықты», – деп соншалықты жиіркенішпен өлтіре шенеп жазады (328 б). Жазушының әрбір сөз, сөйлемінде, кейіпкерлеріне берген мінездемелерінде отаршылдыққа, оның жендеттеріне деген өшпенділік, ыза мен ашу, кек пен шер көрініс береді. Көптен көкейінде кептелген кек сәті түсіп көзі ашылған бұлақтай ырыққа көнбей небір теңеулер болып төгіледі. Туынды түп-түгел ашу мен ызадан тұратындай, жайбарат оқи алмайсыз. Әрбір сөйлемдегі ырғақ пен екпін орда бұзар отыздағы ойлы жазушының жан айғайы мен азабын айнытпай береді.
Бір ғана мысал, базар ортасындағы ақ жалаудағы самұрықтың суретін суреткер: «…Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді» (172 б) деп жат пішінді, жаман пиғылды келімсектерді осындай жексұрын анықтамалармен әшкерелейді. Шығармадағы ызаға ысталып, қасіретке қақталған қатал тіл бүкіл қазақтың айта алмай жүрген жүректегі сөздерін жеткізеді. Жап-жас жазушы кейіпкерлерінің әрбір әрекетіндегі, іс-қимылындағы жалған қылықтар мен құпия ойларды ұтымды детальдар, сәтті штрихтар, жанды бейнелер, т.б арқылы психологиялық тұрғыдан нанымды нақыштаған. Көз алдыңыздағы қанды қырғын, өмір мен өлім алдындағы эксизтенционалдық мәселелер, адамдар арасындағы көзқарас қақтығыстары мен ар арпалыстары, қас-қабақ баққан психологиялық паузалар, іс-әрекет қайшылықтары, ым-ишараттардағы ырықсыз сезімдік-эмоциялық құбылыстар жанды суреттерге айналып, шығарманың көркемдік әлемін құрайды . Суреткерлік сұңғылалық, адамның ішкі әлеміндегі бар бұқпа ойларды бүге-шегесіне дейін зерделей алатын зеректік, «үшінші», «төртінші», тіпті бірнеше көзі бар көрегенділік, кәсіби шеберлік туынды жетістігін танытады. Шығарманың кез-келген жерінен ойып алынған ойлы мәтінінің мәнісі сіздің қандай да дәлеліңізге жарап-ақ жатыр.
Қаламгердің көкейіндегі «мәңгілік ел болу үшін ең бірінші еркіндікке ие болуы керек» деген идеяны қозғап, еркін көсілуіне мүмкіндік берген «Қилы заманда» көтерілген мәселелер бүгін де көкейкесті. Мәселен, Тұрлықожаның сөзіне құлақ түрелік: «…Жерді алды. Қонысты алды. Ел күн көріп отырған суды алды. Аш орысты алып келді. Бұл – үш. Өз жерімізді өзімізге сатты. Біз өгей бала болдық…» (221 б). Жазушы оқиғаның даму барысында отарлаушы мен жергілікті халық арасындағы дауларды, қырғи қабақ қақтығыстарды психологиялық детальдар арқылы ажарлап, көркемдік-эстетикалық өрнек береді . М.Әуезовтің бұл шығармасындағы өткір сындар, кейіпкерлер қарекеті мен іс-әрекеттері терең мағыналы мәтіндермен мүсінделген. Жоғарыда келтірілген кейіпкерлердің психологиялық портреттерінің астарында жатып атарлық өткір мысқыл бар. Студент Мұхтар Әуезовтің суреткерлік ерекшелігінің өзі ел ішіндегі бірліктің берекесін кетіріп жүрген алаяқ, озбыр ұлықтар мен болыстардың типтік бейнесін, дала өміріндегі дертті құбылыстарды аяусыз әшкерелеуінде болса керек.
«Қилы заман» туындысы арқылы автор жері, суы, қазынасы, тілі мен ділі, діні үшін қандай құрбандыққа да бара алатын ұлттың тарих пен ұрпақ алдында , жалпы адамзаттың алдында да рухы сынбай әрқашан әділдіктің, елдік пен ерліктің символы болып қалатынын дәлелдеді.
Мұхтар Әуезовтің орда бұзар отыз жасында жазған «Қилы заман» повесін бүгінгі тәуелсіздік тұсында қайта қарап шыққанда байқағанымыз-суреткердің қатаң бақылауда жүріп те саясаттың қол шоқпарына айналып кетпей ұлт пен ұрпақ алдындағы адами, кәсіби міндетін адал орындап, тұлғалық табиғатын сақтай алғандығы. Және ұлы суреткердің қазақ тіліне жасаған көркемдік реформасының алғашқы арналары «Қилы замандағы» психологиялық портреттер әлемінде жасалғандығы. Мұны бізге әділ төреші – уақыт, тарих тайға таңба басқандай айқындап беріп отыр.
Әдеби көркем қоғамдық-әлеуметтiк журнал
Пікір қалдыру