Аманат (Əлиханның монологы)
Балға басқа,
Орақ ойға тигелі
Бір алапат өртке оранды жан іші,
Кемерінен дариядай толқыған -
Қызыл жалау,
жалау емес, қан исі.
Қызыл түстен жамырайды елес боп,
Құба мекен,
құсни дос төл өскен.
Сол “бейнелер” құтқар дейді қол бұлғап,
Əттең, шіркін…
Естімейді оны ешкім.
Естіртпейді
ауызынан орт бүркіп,
Тесік өкпе,
Кəрі Кремль жөтеліп.
Содан кейін…
Темір торда сөз өліп,
Көздер қалды шел ішінде бітеліп.
Жусан көрсең,
жұпарын жұт, дұға оқып,
Бағзы бір иіс бұрқырасын өткеннен,
Əр тал жусан тағдыры ғой қазақтың
Көлдей тұнық
көз жасына көктеген.
Көктамырдан су алғанша соңғы қан,
Мен қазақтың азаттығын сусадым.
Доңыз демі топырағыма тимесе,
Дұшпан көрмей өссе дедім ұрпағым.
Осы серттің түбінде тұр шын байлам,
Сол үшін де
жолға түстім көк тайғақ
Азат таңның шапағына боялған,
Армандадым…
Аспан түсті көк байрақ.
Қияметке жетер біздің еркіндік,
Оған куə қызыл қаным төгілген.
Бұл қазаққа енді ешқандай өлім жоқ,
Серт етемін
Махшар таңның мөрімен.
Езден алас,
Асқақ болсын ғұмырың,
Ел деп өткен ердің сойы бөлек қой.
Құдайға да қарайтындай қасқайып,
Бір өлімің
сұлу болу керек қой.
(Құбылаға қаратпаңдар жүзімді),
Айтарым сол,
Бір жүк түссін арқаңнан.
Азат елдің көк аспанын күзетіп,
Мен жатайын…
Жатқызыңдар шалқамнан.
Ықылас Ожайұлы
Пікір қалдыру