|  |  | 

Саясат Тарих

“Алғашқы және соңғы демократиялық сайлау”


Алаш Орда ұлттық-территориялық автономиясы үкіметінің мүшелері Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп келіп қоныстанған 1918 жылы.

Алаш Орда ұлттық-территориялық автономиясы үкіметінің мүшелері Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп келіп қоныстанған 1918 жылы.

Қазақстан билігі биыл маусымда тағы бір кезектен тыс президент сайлауын өткізгелі жатыр. Постсоветтік елдегі бұған дейінгі сайлаулардың ешбірін халықаралық ұйымдар «еркін» деп таныған емес. Осы тұста Азаттық советтік кезеңге дейінгі Қазақстанда өткен алғашқы және соңғы ашық сайлаудың тарихына үңіліп көрді.

1917 жылы желтоқсан айында «қазақ-қырғыз билігін қолына алғанын» мәлімдеген Алаш Орда үкіметі – Ұлт кеңесінің төрағасын сайлады. Көпшілік дауыс алған Әлихан Бөкейхан үкімет пен кеңес төрағасы болып сайланды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен зерттеушілердің айтуынша бұл сайлау «бұрынғы хандық дәстүрге сүйенбеген, патшалық Ресейдің ескі заңдарынан құтылған, қазақ халқына сайлау құқығын беріп, демократиялық дәстүрмен өткізген алғашқы сайлау». Сайлаудан кейін көп ұзамай большевиктер билікті күшпен тартып алған соң бұл процесс тоқтап қалды.

АЛАШ ОРДАНЫ ҚҰРУ 

1917 жылы Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін патша өкіметі құлап, бұрынғы Ресей империясының аумағында әртүрлі саяси күш пайда бола бастағанда қазақ оқығандары бірігіп, қазақ жерінің билігін қолға алуға тырысты. Сол жылы қарашада жарияланған «Қазақ» газетінің «Ел қорғау» деп аталатын үндеуі бұл оқиғаларды былайша сипаттайды:

"Қазақ" газеті.

“Қазақ” газеті.

«Қазақ орысқа қарамай тұрған шағында ел басына дау келсе, халық құқығын қорғайтын билері болған, елге тиер жау болса, халықтың мал-мүлкін, жер-суын қорғайтын батырларына ерген азаматтары болған. Россия қол астына кіріп, қолтығына тығылып, паналағаннан кейін біздің құқық, мал-мүлік, жер-суымызға, Россияның өзі болмаса, басқалар батып тие алған жоқ…. Қазірде бізге басыңды, мал-мүлік, жер-суыңды қорғама деп тиятын Россия жоқ, пана болып қорғарлық Россия да жоқ».

Алаш Орда тарихын зерттеуші Мәмбет Қойгелді осы бір аласапыран кезең туралы «Бүкіл империяны қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында сол тұстағы Орынборда шоғырланған қазақ оқығандары өзара кеңес құрып, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін құру туралы шешім қабылдап, оны ұйымдастыру ісін бес адамнан тұратын комиссия мойнына алды» деп жазады.

Автордың айтуынша, «съезде Ұлт кеңесін құру керек. Оның әр облыста бөлімі боларға керек. Ұлт кеңесіне халық сенімді адамдарын сайлап, іс жүргізбек керек» деген бастама 1917 жылдың қараша айында жиі көтерілген.

- Сөйтіп, 1917 жылы желтоқсанның 5-інде Орынборда қазақ-қырғыз съезі ашылды. Оған Қазақстанның барлық облыстарынан, одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқанд облысынан және Қырғызстаннан барлығы 82 өкіл қатысты, – дейді зерттеуші Мәмбет Қойгелді.

Тарихшы Мәмбет Қойгелді.

Тарихшы Мәмбет Қойгелді.

Осы съезде қазақ-қырғыз автономиясын «Алаш» деп атау, милиция құру, оқу білім, ұлт қазынасы, мүфтилік, сот, азық-түлік мәселесі және Ұлт кеңесін сайлау мәселесі күн тәртібіне қойылған.

БӘСЕКЕЛЕС ШАҚЫРУ

Алаш тарихын зерттеушілер съезді ұйымдастырушылардың бірі Әлихан Бөкейханның беделі қазақтың өзге оқығандарынан жоғары екені талас тудырмағанын, соған қарамастан Ұлт кеңесі төрағалығына жалғыз өзінің дауысқа түсуді қаламағанын айтады.

Алаш орда жетекшісінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Сұлтанхан Аққұлы Әлихан Бөкейхан Ұлт кеңесі төрағалығына өзімен бірге дауысқа түсу үшін сол кездегі Бөкей ордасының сыйлы адамы, ақын Шәңгерей Бөкеевті арнайы шақырған деп санайды.

Зерттеуші Сұлтанхан Аққұлы.

Зерттеуші Сұлтанхан Аққұлы.

- Ол туралы Нұғыман Манаевтың 1933 жылы Қызылордада жарық көрген кітабында айтылған. Әлихан Бөкейхан 1917 жылы «қазақ съезін өткізуге дайындалсын, Бөкей Ордасындағы Шәңгерей Бөкеев жиналыс өткізіп, съезге делегат болсын, кейін Ұлт кеңесінің төрағалығына дауысқа түссін» деген хабар жіберген. Шәңгерей Бөкеевке сәлем жетпей қалған, – дейді ол.

Тарихи деректерде Әлихан Бөкейханның Бөкей Ордасынан Бақыткерей Құлмановты да сайлауға шақырғаны көрінеді. Съезд соңында Ұлт кеңесінің төрағалығына Әлихан Бөкейханнан өзге Бақыткерей Құлманов пен Ақмола өңірінен Айдархан Тұрлыбаев ұсынылған. Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген Бақыткерей Құлманов осы съезд төралқасының төрағасы болған.

Облыстық комиссар Бақыткерей Құлмановтың халықты сайлауға шақырған үндеуі. "Ұран" газеті, №9, 9 қазан, 1917 жыл. Сурет Qazybek Quttymuratuly есімді қолданушының Facebook-тағы парақшасынан алынған.

Облыстық комиссар Бақыткерей Құлмановтың халықты сайлауға шақырған үндеуі. “Ұран” газеті, №9, 9 қазан, 1917 жыл. Сурет Qazybek Quttymuratuly есімді қолданушының Facebook-тағы парақшасынан алынған.

Съезді ұйымдастырушылардың бірі Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген Айдархан Тұрлыбаев Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы, Алаш орда Ұлт кеңесінің мүшесі болып сайланған.

- Бұл екеуі де Мемлекеттік думада депутат болған, оларды Әлихан Бөкейхан жақсы таныған. Әлихан Бөкейхан жалғыз түссе де, сайланар еді, бірақ ол автономияның, елдің басшысы демократиялық дәстүрмен сайланғаны дұрыс деп санады. Сөйтіп екі есе көп дауыспен сайланды, -дейді Сұлтанхан Аққұлы.

Зерттеуші жалпықазақ съезіне келген 43 делегат сол кездегі Бүкілресейлік құрылтай жиынына делегат болып сайланғандар, сондықтан бұл съезді легитимді съезд, Әлихан Бөкейханды Алаш үкіметінің заңды жолмен сайланған легитимді басшысы деуге толық негіз бар деп санайды.

Алаш орда тарихын зерттеушілердің бірі Болат Мүрсәлім де осы пікірді қостайды. Оның сөзінше, Әлихан Бөкейхан өзін «көсеммін, ұлттың көшбасшысымын» деп санамаған.

- Әлихан Бөкейханның «тірі жүрсем, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзі бар, бұл – іштей жауапкершілігі. «Төраға мен болуым керек, мен ғана билік басында болуым керек» деп айтпаған. Сондықтан оның беделді азаматтардың бәрін сайлауға түсуге шақыруы көз алдау үшін жасалды деп ойламаймын, – дейді ол.

Зерттеуші Болат Мүрсәлім.

Зерттеуші Болат Мүрсәлім.

«ӘЛИХАН АЙТТЫ, БІЗ КӨНДІК» ДЕГЕН БОЛҒАН ЖОҚ»

Тарихшы Мәмбет Қойгелдінің зерттеуінде «Ұлт кеңесінің төрағасын сайлау кезінде Әлихан Бөкейхан – 40, Бақыткерей Құлманов – 19, Айдархан Тұрлыбаев 20 дауыс алды» деп жазады.

Зерттеушілер Сұлтанхан Аққұлы мен Болат Мүрсәлімнің айтуынша, дауыс қорытындылары туралы съездің хаттамасынан өзге, дауыс беру процесінің қалай өткені жайлы жазба деректер жоқ.

«Әлихан Бөкейханның беделі зор бола тұра Бақытгерей Құлмановтың 19, Айдархан Тұрлыбаевтың 20 дауыс алғаны – сайлаудың тартысты өткенін білдіре ме?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына Сұлтанхан Аққұлы мен Болат Мүрсәлімнің жауаптарында қайшылық байқалды.

- Қазақ оқығандары арасында руға, жүзге, жерге бөлінушілік болмаған еді. Бірақ төраға сайлағанда аңғарылғандай болды. Ақмола облысынан сайланған делегаттар Айдархан Тұрлыбаевты, ал батыс өңірден келгендер Бақытгерей Құлманұлын қолдаған сияқты. Бірақ бәрібір Әлихан Бөкейханұлы көп дауыс алды, – дейді Сұлтанхан Аққұлы.

Зерттеуші Болат Мүрсәлім бұл пікірмен келіспей, съезге келгендер ру деңгейінен ұлттық деңгейге көтерілген адамдар деп санайды.

- Әлихан Бөкейхан беделі зор бола тұра неге 98 пайыз дауыс алмады? Өйткені төраға съезд соңында сайланды. Оның алдында «Алаш Орда автономиясын қазір жариялау керек пе, жоқ па» деген мәселеде тартыс күшті болды. Делегаттардың Жаһанша Досмұхамедов бастаған жағы «қазір жариялау керек» десе, Әлихан Бөкейхан жағы «кейінге қалдыра тұруды» ұсынды. Бұл да [Бөкейханұлының басым көпшілік дауысын алмауына] әсер еткен болуы мүмкін, – дейді Болат Мүрсәлім.

Алайда Болат Мүрсәлімнің сөзінше, автономияны жариялауды қолдаған, қарсы болған және қалыс қалғандардың ешқайсысы бір өңірден немесе бір рудан шыққандар емес.

- Съезде «Әлихан айтты, біз көндік» деген бас шұлғу болған жоқ. Көп мәселе қызу талқыланып, пікір еркіндігі сақталды, әркім сайлау құқығын толық пайдаланды. Балама кандидат ұсынып, сайлау өткізіп түр көрсету болды деп есептемеймін. Сондықтан бұл – таза легитимді, бүкіл халықтың еркін көрсеткен сайлау болды, – дейді Болат Мүрсәлім.

Зерттеушінің сөзінше, сол уақыттағы қазақ баспасөзінде «осы сайлау әділ өтпеді» деген сөз болмаған. Алаш орданың съезінен бөлек Бүкілресейлік құрылтай жиналысына сайлау өтіп, оған кімнің қалай қатысқаны, қанша дауысты қалай алғаны жайлы қазақ баспасөзінде жиі хабарланған.

1917 жылы желтоқсан айында құрылған Алаш Орда үкіметінің қызметі баянды болмады. 1918 жылдың бас кезінде қазақ даласында большевиктер күшейіп, Алаш партиясы мен Алаш орда үкіметін таратты. Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығы сталиндік қуғын-сүргінге ұшырады. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш Орда үкіметі мен Ұлт кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейхан 1937 жылы атылды.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Ғалым Боқаш мерейлі 50 жаста

    Altyn Magauina Бүгін Атамыздың ең жақын шәкірттерінің бірі, біздің бауырымыз, қазақтың мақтан тұтатын жастарының бірі Ғалым Боқаш мерейлі 50 жасқа толып отыр. Біз үшін бұл күн – жай ғана Ғалымның туған күн емес, бұл – оның жарты ғасырлық өнегелі өмір жолының, адал еңбегінің, биік парасат пен адамгершілігінің мерекесі. Біз Ғалымды тек терең білімі үшін емес, үлкен жүрегі үшін қадірлейміз. Ғалымның әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі – Оксфорд университетінде білім алып, “Азаттық радиосында жемісті еңбек етіп, бүгінде Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік қызметінде абыройлы жұмыс атқарып жүргені оның табандылығының, білімге құштарлығының және еңбекқорлығының айқын көрінісі. Алайда адамның шынайы бағасы оның қызметімен немесе жеткен жетістіктерімен ғана өлшенбесе керек. Адамның қадірі оның жүрегінде,

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: