|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Байденнің президенттігі Қазақстан, ОА және Шыңжаңға қалай әсер етпек?


USA-ELECTION/BIDEN

USA-ELECTION/BIDEN

АҚШ-тың 46-президенті болып сайланған демократ Джо Байден сайлау алдында әлемде “демократияны күшейтетінін, авторитаризммен күресетінін” айтқан. Халықаралық есептерде әлсіз демократия мен авторитаризм үшін жиі сыналатын Орталық Азия елдеріне Байденнің ұстанатын саясаты қандай болмақ? Байден әкімшілігі Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым мәселесін көтеруді жалғастыра ма?

Қазір Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және АҚШ арасында 2015 жылдан бері “С5+1″ форматы жұмыс істеп келеді. Содан бері Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы жиі кездесіп, ОА мен Вашингтонның қарым-қатынасын талқылайды. “С5+1″ форматы демократ Барак Обама президент болып тұрғанда құрылған. Бұл формат Трамп президент кезінде де сақталды және биыл ақпанда АҚШ мемлекеттік департаменті Вашингтонның Орталық Азия бойынша 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиясын ұсынды. АҚШ-тың бұл жоспары ОА елдерінің тәуелсіздігін нығайтуды және аймаққа терроризмнің қаупін азайтуды, ОА елдері мен Ауғанстанның қарым-қатынасын кеңейтуді, адам құқығын жақсартуды көздейді. Бұдан бөлек, Вашингтонның 2025 жылғы жоспарында аймаққа көршілес елдердің әсерін теңестіру қарастырылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Ақ үйге жаңа басшы келсе де АҚШ-тың Орталық Азияға деген саясаты аса өзгере қоймайды дейді.

“АҚШ ПЕН ОА АРАСЫНДАҒЫ “С5+1″ ФОРМАТЫ ЖАЛҒАСАДЫ”

АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің стратегиялық коммуникация магистратурасын тәмамдаған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пайымдауынша, Байден тұсында АҚШ пен ОА арасындағы “С5+1″ форматы сақталып, Трамп кезіндегі саясат жалғасады.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов

– Дональд Трамп сияқты саяси қадамдары болжауға келе бермейтін саясаткердің өзі АҚШ-тың Орталық Азия бойынша саясаты өзгермейтінін көрсетіп, 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиясы мен “С5+1″ форматы арқылы соны дәлелдеді. Ал енді осы “С5+1″ форматы демократтар тұсында, Обаманың [президенттігі] кезінде қабылданғанын, ол кезде Байден вице-президент болғанын, оған дейін Байденнің сыртқы саясат бойынша өте белсенді сенаторлардың бірі болғанын ескерсек, бұл платформа [Байден тұсында] да сақталып қалады. Байден әкімшілігі ең алдымен елдегі коронавируспен күресті қолға алып, Трамп шығып кеткен бірқатар халықаралық келісімдерге қайтуға әрекет етеді. Сол себепті осы факторлардың әсерінен АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы одан сайын артады немесе кемиді я түбегейлі өзгереді деп айта алмаймыз. Яғни, осыған дейінгі қарым-қатынас одан әрі де жалғасады, – дейді ол.

Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ташкенттегі отырыста. 3 ақпан 2020 жыл.

Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ташкенттегі отырыста. 3 ақпан 2020 жыл.

Байден сайлау алдындағы науқанда елдегі коронавирустың тарауын тоқтатуға, нәсілшілдік мәселесінен кейін екіге жарылған қоғамды біріктіруге күш салатынын айтқан. Ол Трамп шығып кеткен климат мәселесіне арналған Париж келісіміне оралатынын, әлемдегі демократияны нығайтып, авторитаризммен күресетінін мәлімдеген.

“ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТИЦИЯ ҮШІН, ӨЗБЕКСТАН ӘСКЕРИ САЯСАТ ҮШІН МАҢЫЗДЫ”

Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев Байденнің авторитаризммен күрес туралы сөзі Орталық Азия елдеріне әсер ете қоймайтынын, Вашингтон бұл аймаққа экономикалық тұрғыдан қызығушылық танытанынын айтады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Авторитаризммен күрес идеясын билікке келген демократ президенттердің барлығы айтады. Байден авторитаризм туралы айтқанда ол Ресейді және АҚШ-қа геосаясат тұрғысынан қауіп төндіретін өзге де мемлекеттерді меңзейді. Мәселен, Қытай мен Беларусь. Ал [Орталық Азияға] деген қызығушылықтың ақырындап азайғаны Барак Обаманың президенттігі кезінде байқалған. Аймақтағы Вашингтон қызығатын жалғыз мемлекет – Қазақстан. Оның себебі түсінікті де, бізде ірі америкалық мұнай-газ компаниялары бар. Қазақстан – АҚШ үшін аймақтағы нөмері бірінші экономикалық серіктес. Сондықтан Ақ үйге кім келсе де, Қазақстанның авторитарлы билігімен әжептәуір қарым-қатынас қалыптастырып келді. Бұл – таза экономикалық, прагматикалық қызығушылық. Олар авторитаризм біздің келісім-шарттарымыздың тұрақтылығын қамтамасыз етсе, онда жұмыс істей берсін деп санайды, – дейді ол.

Сәтпаев “АҚШ әдетте геосаясаттағы бәсекелесіне қарсы шабуылда демократиялық құндылықтарды негізге алып қысым жасай бастайды, ал Америкаға қауіп төндіре қоймайтын, кішігірім елдерге келгенде бұл мәселеде “толерантты” бола қалады” деп санайды.

– Мәселен, Орта Азиядағы авторитарлы режимі күшті Өзбекстанмен, Түркіменстанмен және Тәжікстанмен АҚШ-тың қарым-қатынасы жаман емес. Меніңше, Өзбекстан алдағы уақытта АҚШ-тың назарын өздеріне аударуда Қазақстанға бәсекелес болмақ. Себебі АҚШ Өзбекстанға Орталық Азиядағы маңызды ойыншы ретінде қызығушылық танытып отыр. Былтыр Өзбекстан сыртқы істер министрі АҚШ-қа барып, америкалық инвестицияны тарту үшін өз елін жарнамалап қайтты. Былтыр Ташкентте Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ауғанстан қарулы күштері бас штабының басшылары мен АҚШ қарулы күштерінің қолбасшысы кездесті. Трамп кезінде Өзбекстан Ауғанстандағы Талибанмен келіссөзге қосылды. Ақпанда АҚШ Талибанмен бейбіт келіссөзге қол қойғанын мәлімдеді. Өзбекстан бұл процесте белсенділік танытып, көмектесті. Ташкентке тәліптердің өкілдері келді. Бұл мәселеде АҚШ Өзбекстанмен қоян-қолтық жұмыс істеді. Ал АҚШ үшін Ауғанстан маңызды аймақ саналады. Талибан мәселесі көбіне Ауғанстанмен шектесетін елдерді мазалайды. Өзбекстанның бұл келісімге қосылған себебі де – осы. Ал Қазақстан Ауғанстанмен шектеспейді. Қызық жайт, Қазақстан – АҚШ үшін ОА инвестиция бойынша негізгі ойыншы саналса, Өзбекстан әскери-саяси жағдайда алға шығады, – дейді ол.

АҚШ-тағы сайлау әлем мен Орталық Азияға қалай әсер етеді?

АҚШ-тағы сайлау әлем мен Орталық Азияға қалай әсер етеді?
 EMB

Ал саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев “адам құқығы мәселесіне басымдық беретін демократтар Орталық Азиядағы кемшіліктерді ескеріп, аймақтағы елдерге қысым жасауы да мүмкін” деп есептейді.

БАЙДЕН ШЫҢЖАҢ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРУДІ ЖАЛҒАСТЫРА МА?

Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз және діні ислам өзге этникалық топтардың өкілдерін лагерьге қамап, қысым жасап жатқанын сынап, Пекинге санкциялар салды. Шыңжаңда өндірілетін тауарларды “мұсылмандарды жұмысқа жегу арқылы” өндірілді деп импортына тыйым енгізді. БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда бір миллионнан астам мұсылманды еш айыпсыз лагерьге қамаған. Пекин бұл саясатын “экстремизммен күрес” деп түсіндіреді.

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген “Атажұрт еріктілері” ұйымының белсенділері Байден президент болса, АҚШ-тың Қытайға деген саясаты жұмсарады деп қауіптеніп, сайлауда Трампқа жақтасқан. “Атажұрт еріктілерінің” өкілі, белсенді Серікжан Біләш та желідегі видеоларында Байден Шыңжаң мәселесін көтермеуі мүмкін деген күдігін айтқан.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалған туыстары қысым көріп жатқанын айтқан қазақтармен кездесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қалған туыстары қысым көріп жатқанын айтқан қазақтармен кездесіп тұр. Нұр-Сұлтан, 2 ақпан 2020 жыл.

Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Байден тұсында да АҚШ-тың Шыңжаңдағы жағдайға саясаты қатты өзгермейді деп санайды.

– Өйткені Шыңжаңдағы жағдайға бүкіл әлем қарап отыр. Еуропа өз мәлімдемесін жасап, халықаралық ұйымдар бұл мәселені көтеріп келеді. Бұған қоса, демократтар адам құқықтары өз елінде ғана емес әлемде де маңызды деп санайды. Сол себепті [Байден] Шыңжаң мәселесіне мән беріп, осы жолда жұмыс істеуді жалғастырады деп ойлаймын. Демократтар соңғы төрт жыл бойы Трампты диктаторлармен достасуға дайын, өйткені өзінің бойында диктаторға тән қасиет бар деп айыптап келді. Енді осы айыптаулар бос сөз емес екенін дәлелдеу үшін Байденнің әкімшілігі Қытайдағы адам құқығы тапталып жатқан лагерьдегі мәселеде үнсіз қалмайды. Оған БАҚ-та, халықаралық ұйымдар да мүмкіндік бермейді, – дейді сарапшы.

Шынжаң-Ұйғұр автономиялық ауданының партиялык жетекшісі Чэнь Цюаньго (ортада) Компартия құрылтайында. Пекин, 19 қазан 2017 жыл.

Шынжаң-Ұйғұр автономиялық ауданының партиялык жетекшісі Чэнь Цюаньго (ортада) Компартия құрылтайында. Пекин, 19 қазан 2017 жыл.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Байден әкімшілігі “қаласа да, қаламаса да Трамптың Қытайға қатысты саясатын жалғастырады” деп санайды.

– Қазір Ресейден емес Қытайдан қауіп көп екенін демократтар да түсініп отыр. Қытайдың әскери күш жағынан, әлемдік экономикаға әсері жағынан, барлық аймаққа әсері жағынан алғанда АҚШ-қа Қытайдан қауіп басым. Қытай инвестициясы қазір Латын Америкасына, Африкада және Орталық Азияға көп кетіп жатыр. Демократтар қаласа да, қаламаса да Трамп саясатын жалғастырып, Қытайға қысымды күшейтуге тура келеді. Ресей екінші планға сырғиды, себебі кемшіліктері көп, шикізатқа тәуелді, экономикасы әлсіз, – дейді ол.

Байден сайлау алдында Қытайға сынды күшейтіп, Пекинді адам құқығын бұзды және сауда саясатын әділетсіз жүргізді деп бірнеше рет айыптаған. Бұған қоса, ол Трамптың Қытайға саясатын сынап, Қытаймен сауда соғысын жасағанша, одақтастармен коалиция құрып, Пекин саясатына қарсы шығуы керек еді деп санайды.

3 қарашада АҚШ-та өткен президент сайлауында демократ Джо Байден сайлаушылар алқасының 273 дауысын алып, жеңіске жетті. АҚШ-тағы президент сайлауында сайлаушылар алқасының 270 дауысын алған кандидат жеңімпаз деп танылады. Ал республикашылар атынан кандидат болған қазіргі президент Дональд Трамп 214 дауыспен тұр. Сайлаудың нақты нәтижесі әлі шыққан жоқ, бірнеше штатта дауыс санау толық аяқталмады.

21 қаңтарда Байденнің инаугурациясы болып, ол ресми түрде қызметке кірісуі тиіс. Трамп кейбір штаттағы нәтижемен келіспейтінін айтып, сотқа шағымданатынын мәлімдеген.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: