|  | 

Әдеби әлем

Қадыр Тайшықов туралы

Өткен ХХ ғасырдың 20-30-жыл­дары ұлттық әдебиетiмiздiң баста­уында тұрған тұлғалардың бiрi – жазушы, аудармашы, сықақшы, музыкант Қадыр Тайшықов. Биыл туғанына 115 жыл толып отырған бұл қаламгердi өткеннен хабары бар адамдар болмаса, кейiнгi буын өкiлдерi бiле бермейдi. Осыны ескерiп, 2013 жылы “Жас Алаштың” бетiнде Қадыр Тайшықов жөнiнде “Қайраңға ұрынған қайық” (19 нау­рыз) атты мақала жариялағанбыз. Онда Қадырдың Баянауыл өңiрiнiң тумасы және Жүсiпбек Аймауытовпен аталас туыс екенiн де айтып едiк.

Ендi бiз төменде Қадырдың көзiн көрiп, бiрге жүрген марқұм Бейсенбай Кенжебаевтың мақаласын ұсынып отырмыз. Онда Бейсекең оның жан-жақты дарынды адам болғанын айта келiп, Қ.Тайшықовтың аудармамен берiле айналысқанын айтады. Әдебиетшi-ғалым, профессордың сөзiне шамалы қосарымыз, Қадыр Бейсекең атаған шығармалардан бөлек Гогольдiң “Шинелiн” аударып, ол латын қарпiмен 1932 жылы жеке кiтап болып шыққан. Және М.Шолоховтың “Көтерiлген тыңының” бiрiншi томын Хасен Өзденбаевпен бiрiгiп аударыпты. Осы кiтаптың ҚР Ұлттық кiтапханасында сақтаулы бiр данасының сыртында “аударғандар: Х.Өзденбаев” деп жазылып және екiншi бiр аудармашының фамилиясы қара бояумен сызылып тасталыпты. Мен қалта орамалымды сулап алып, ақырындап қара бояуды өшiрiп көрiп едiм, астынан “Қ.Тайшықұлы” деген жазу шыға келдi. Сол кездегi қатыгез саясат еш жазығы жоқ азаматтың аты-жөнiн өзi аударған кiтаптардың бетiнен де өшiрiп тастаған екен.
Қадыр Тайшықов – әдебиетiмiзде фельетон жанрын қалыптастыруға барынша үлес қосып, жалпы сатиралық шығармаларды молынан жазған қаламгер. 1927 жылы “Еңбекшi қазақ” газетi сатиралық шығармаларға арнайы конкурс жариялайды. Оған 103 фельетон түсiп, соның 12-сiне бәйге берiлген екен. Осы дүбiрлi жарыста бас бәйге “Мұсылман ұлының қамшысы”, “Үш тарау”, “Меруерттiң сыры” атты туындылары үшiн Қадыр Тайшықовқа берiлiптi. Екiншi бәйгенi Аманғали Сегiзбаев алса, үшiншi бәйге Бейiмбет Майлинге бұйырған екен.
Қ.Тайшықов жөнiнде бүгiнге жеткен аз дерек осындай. Оның 1962 жылы профессор Бейсенбай Кенжебаевтың алғысөзiмен басылып шыққан “Октябрь ұшқыны” атты кiтабын биылғы мерейтойына орай қайта өңдеп, құрастырып, “Аманат” деген атпен басып шығардық. Қолдан келгенi осы болды.

sailau_erm@mail.ru
Сайлау Байбосын,
Павлодар облысы.
Әлi есiмде, Қадыр Тайшықов “Ханалар тарихы” деген әңгiме­сiн 1926 жылы, Қызылордада шығатын “Жас қайрат”” редакциясына, менiң атыма жiберген едi. Жолдау хатында: “Мұны Сiзбенен таныс-бiлiс болу, қарым-қатынас жасау үшiн жiберiп отырмын”,— деп жазған-ды.
1928 жылдың жазында Қадыр Қызылордаға келiп, “Еңбекшi қазақ” редакциясына жұмысқа тұрды, әдеби қызметкер болып iстедi. Бұл кезде мен де сол газетте партия тұрмысы бөлiмiнiң бастығы болып iстеушi едiм. Екеумiз қызметтес болдық. Осылай Қадыр екеуiмiз 1930–1932 жылдары Алматыда “Еңбекшi қазақ” редакциясында, 1932–1933 жылдары Шымкентте “Оң­түстiк Казақстан” газетi редак­циясында, 1933-1935 жылдары Алматыда баспа орындарында бiрге қызмет еттiк.
Қадыр 1937 жылдың күзiнде ұсталып кеткенге дейiн баспада, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс iстедi. Ол белгiлi журналист, жазушы едi.
Қадыр менен төрт жас үлкен болатын. Ол 1900 жылғы, туған жерi Баянауыл жағы. Үлкендi-кiшiлiгiмiзге қарамай, ол екеуiмiз құрдас кiсiлердей жүретiнбiз. Әуелi Қадыр Баянауылда, Павлодарда, Қарқаралыда оқиды, бас­­тауыш, орта дәрежелi мектептер бiтiредi. Сонан кейiн ол 1926 жылы Ташкентке барып, Орта Азия мемлекеттiк универси­тетiне оқуға түседi. Қадырдың әкесi Бас­пақ ақсақал заманында дәу­леттi болған, әйгiлi би, саятшы, домбыра жасайтын ұста болған екен. Қазақтың арғы-бергi шежi­ресiне, әдебиетiне, әдет-заңына, тұрмыс-салтына жетiк екен. Аң, құс жайын, саятшылықты, қол өнерiн жақсы бiлетiн, өте сөз­шең, шешен кiсi едi. “Жақсы ата жаман балаға қырық жыл азық” дегендей, бұл жағдайлар Қа­дыр­ға ырыс та, бейнет те болды, пай­дасын да, зиянын да тигiзген-дi.
Зияны сол, “Сыр”” деген әңгi­месiнде Қадырдың өзi де айтады, жиырмасыншы жылдары бай балалары мектептен қуылсын деген ұран шақырылып, науқан жүр­гiзiлгенде, Қадыр бiрнеше рет мектептен шығарылады. Ақы­рында 1928 жылы Орта Азия мемлекеттiк университе­тiнен қуылады. Ал пайдасы: жастығына қарамай, Қадыр қазақтың бұрынғы тұрмыс-жайын, ғұрып-әдетiн, әдебиетiн, ән-күйiн, музыкасын, мiнез-құлқын, тiлiн, сөз байлығын өте жақсы бiлетiн едi. Осының бәрiн ол әкесi жинаған бұрынғы кiтаптарды жасынан көп оқуы, әкесiнiң көмегiмен түсiнiп оқуы арқылы үйренген.
Қадыр үйде әкесiнен қазақтың бұрынғы әдебиетiн үйренсе, мектепте оқытушыдан түрлi кiтаптар мен газет-журналдардан қазақтың жаңа әдебиетiн, орыс тiлiн, орыс әдебиетiн үйренедi. Ол едә­уiр әзiрлiгi бар мәдениеттi, талантты жазушы болатын.
 “Еңбекшi қазақ” редакциясына қызметке келгеннен бастап Қадыр әңгiме, фельетонды үстi-үстiне жазды. Оның шығармалары “Еңбекшi қазақ” газетiнде, “Жаңа әдебиет” журналында, республика астанасында шығатын тағы басқа газет-журналдарда жиi жарияланатын болды. Қадырдың бiрдi-екiлi күлдiргi әңгiмесi мен фельетоны сахнада да айтылып жүрдi. Мысалы, оның “Табылған хаттар” деген әңгi­месiн Совет Одағының халық артисi Қалыбек Қуанышбаев концертте үнемi айтатын едi. Қадыр: “Бұл әңгiме әу баста Қалыбектiң сахнада айтуына арналып жазыл­ған”, – деушi едi.
Қадыр өлең де жазатын. Бiрақ ол өлеңдерiнiң кейбiреуiн, бiрдi-екiлi сықақ өлеңдерiн ғана басқызатын, басқаларын жарияламайтын. 1933 жылы, күздiгүнi ол маған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Ақ сәуле” деген өлеңiнiң жалғасы деп, өзiнiң бiр өлеңiн оқып бер­ген. Сонда көргем, оның өлеңдерi үлкен бiр қара дәптер едi.
Өз жанынан өлең, әңгiме, фельетон жазумен қатар, Қадыр орыс тiлiнен де шығармалар аударатын. Ол Гогольдiң “Өлi жандар”, Фурмановтың “Чапаев”, М.Кольцовтың “Иван Вадимович өз дәрежесiндегi кiсi” деген шығармалары мен А.Чеховтың, М.Зощенконың бiр топ әңгiмелерiн аударды.
Бүгiнгiдей есiмде, Қадыр Н. В. Гогольдiң “Өлi жандар” деген шығармасын аударуға алғанда, “Қазақстан” баспасының сол кездегi бас редакторы Бейiмбет Майлин менi сол аудармаға редактор етiп белгiледi. Қадыр менiмен кеңесiп жүруге тиiстi болды. Шығарманы аударуға кiрiсерде Қадыр маған: “Мен осының кейбiр кейiпкерлерiнiң аттарын да қазақшалаймын. Собакевичтi — Итбаев, Ноздревтi — Тұмсықбаев деп аламын. Әйтпесе автордың негiзгi ойы шықпайды” дедi. Соны дәлел­дедi. Мен оны мақұлдадым.
Кейiн, қолжазбаны баспаға алып барып, Бейiмбет, Сәбит Мұқанов болып бәрiмiз кеңеске­нiмiзде, кейiпкерлер атын аударуға Сәбит Мұқанов қатты қарсы болды. Қадырға бастан-аяқ Итбаевты Собакевич деп түзеуге тура келдi.
Қадырдың бiр әдетi, ол әңгi­ме, фельетондарына көбiнше өз атын қоймай, бүркеншек ат қоя­тын. Оның бүркеншек аттары: “Мәлтең”, “Бұйрас”, “Қабсыңқа” деп келетiн. Бәрi де автордың өз бойынан, өз атынан алынған.
Қадыр жасында нәзiк, шая бол­ған. Жұрт оны “Мәлтең” деп мазақтаған екен. Тегi Қадыр аласа бойлы, шағын денелi, дәу басты едi. Бойы мен денесiне қарағанда, басы үлкен, оны қазанбас деп айтуға болатын. Ал “Бұйрас” дейтiнi, Қадырдың шашы сәл ширатылып, болар-болмас бұйраланып тұратын. “Қабсыңқа” өз аты, бас әрпiнiң ескiше оқылуы.
Қадыр – қарапайым, сабыр иесi, салмақты едi. Жас болып оның асып-тасқанын, асыр сап ойнап-күлгенiн, ұшып-қонып жүр­генiн, ұшқары, жеңiл, албырт, аңғырт сөйлегенiн көрмедiк. Оның жас бойынан жастық мiнез-құлық табу қиын болатын.
Қадыр ән-күйдi, музыканы өте жақсы көретiн, жақсы түсiнетiн, тыңдағанда балқып отыратын. Оның даусы тамаша едi. Домбыра, мандолина тарта бiлетiн. Қа­дыр қазақ әндерiн тамылжытып тұрып домбыраға қосып айтатын.
Сонымен бiрге, Қадыр өз жанынан да ән-күй шығаратын. Оның сол кезде-ақ бес-алты ән-күйi бар едi. Олары: “Тасқын” (күй, радио арқылы берiлетiн), “Партизан жыры” (ән, “Жалбыр” операсында айтылады), “Полк әнi” (Қазақ атты әскерiнiң 15 жылдығына байланысты шығарылған), “Комсомол әнi” (сөзi – Өтебай Тұрман­жа­новтiкi, кезiнде Жүсiпбек Елебеков, Қуан Лекеров айтатын) деп аталады.
Көзiнiң тiрiсiнде Қадыр Тайшықовтың үш кiтабы шықты. “Күл­меске не?” деген жинағынан бас­қа, 1935, 1937 жылдары оның “Октябрь ұшқыны”, “Аңшы Қалжан” деген кiтаптары жарық көр­дi.
Қадырдың өзi қандай қарапайым болса, оның шығармалары да сондай қарапайым. Бәрi де күнделiктi, қарапайым өмiрден алынып жазылған. Қадырдың өзi қандай сабырлы, салмақты болса, оның шығармалары да сондай сабырлы, сарынды, салмақты, жарасты, кестелi.
Қадыр өте-мөте шағын кө­лемдi әңгiмеге, фельетонға шебер едi. Оның әңгiмелерi мен фельетондары өте қисынды, өткiр, көркем тiлдi, әрi келiстi, күлкi-ажуалы, мысқыл-сықақты болып келетiн. Қысқа, күлдiргi, сықақ әңгiме, фельетон жөнiнде Қадырды А. П. Чехов стилiндегi, сонан ұтымды үйренген талантты күлкi­шi, сықақшы десе болады. Ол талантты әрi тамаша сықақшы едi.
Бейсенбай Кенжебаев
zhasalash.kz

Related Articles

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    ШОҚАН УӘЛИХАНҰЛЫ ДЕГЕН ЕКЕН..

    Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты Шоқан бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз. * * * Омбыға оқуға жүрер алдында бала Шоқан әкесінің ел іші мәселесін шешудегі кейбір өктем, ожар қылықтарына көңілі толмай, «оқуға бармаймын» деп қиғылық салса керек. Тіптен көнбей бара жатқан баласын қатал Шыңғыс жәрдемші жігіттеріне байлатып алмаққа ыңғайланып: «Шықпаса көтеріп әкеліңдер, арбаға таңып аламыз!» − дейді. Сонда дәрмені таусылған Шоқан әкесіне: «Байлатпа! Абылай тұқымынан байланғандар мен айдалғандар жетерлік болған!» − деп тіл қатады. Бала да болса ақиқат сөзді айтып тұрған баласынан тосылған әке дереу Шоқанды босаттырып жібереді. * * * Петербургте Сыртқы Істер министрлігінің бір

  • Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Кітапқұмар жасқа тегін оқу бақыты бұйырды

    Адамзат кітапқа ғұмыр бойы қарыздар. Кітапсыз келешектің алтын кілтін ешкім қолына мықтап ұстай алмаған. Мардан Рахматулла – кітапқұмар он жеті жасар жігіттің бойында өз қатарластарының бойынан табыла бермейтін ұлы қасиет бар. Ол – кітапқа деген махаббат. Бұл махаббаттың сәт санап артуының да сыры бар. Мардан – Асылы Осман, Дархан Қыдырәлі сынды бүгінгі қазақ руханиятының тірегі саналатын азаматтар туған топырақт туып-өскен. Топырақтың киесін дәл осы кезде еріксіз мойындай түсесің. Қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді жоққа шығаруға тырысқан жастардың да саны басым. Күн санап олардың саны артып, кітаптың құдіретін жер-жерде дәлелдеп бағуда. Кітапқа жаны құмар жан бір күнін кітапсыз елестете алмайды. Ғұмыры кітаппен етене байланған, оқу ғұмырының мәніне айналған жастарды

  • «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай)

    Қазақ халқының даңқты перзенті, ұлы жазушы Мұқтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды. «Бейсенбі ме бүгін деп, Жұмаға қарсы өткені-ай…» (Абай) Шұбартауда дүниеге келді. Жондағы Жобалай Керейдің ең үлкен Аруағы Жобалай бидің ұрпағы еді. Байқотан би, Томан би, Бегеш шешен, Уәйіс, Төлеу ақын… Атағы Аталарынан асып кетті… Тірісінде олай деген жоқ… Бұл сөзді дүниеден өткен соң біз айтып отырмыз… Өмірінің соңғы кездері шетте өтті. «Үкіметке, басқаларға да өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы жоқ!» (М.Мағауин) деген еді өзі бертінде. Астары ауыр, еңсеңді езердей салмақты сөз… Данышпан адам неге елден жырақ кетті. Бұл «Оңаша жатқанды ұнатамын, Елімді ел қылмасын ерте сезіп… Елден кеттім жырақ…» (Шәкәрім) дейтін кетіс сияқты. Сонда да «Көк

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: