Түркияда туып-өскен қазақ жігіттер «Қорқыт атаны» әлемге жетпіс тілде танытпақшы (ФОТО)
Өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтардың арасында талантты жастар аз емес. Олар қазақ елінен алыс жүрсе де, ұлтының мәйекті мәдениетін, таңбалы тарихын және басқа құндылықтарын әлемге танытуға құлшынуда. Солардың қатарында Ыстамбұл шаһарында тұратын этнкалық қазақ жігіттері – Қайролла Мұхаммедұлы мен Батыр Хамзаұлы бар. Өнерлі азаматтармен қысқаша өрбіткен әңгімемізді назарларыңызға ұсынбақпыз.
Сәл бұрын, Қайролла Мұхаммедұлының «Нұқтың кемесі» атты шығармасы жайлы аңдатпа ақпарат бергенбіз. Енді автордың өзіне бірнеше сұрақ қоюдың сәті түсті.
– Қайролла, алдымен өзіңіз жайлы айтсаңыз. Қайда туып-өстіңіз?
– Мен 1982 жылы Ыстамбұл қаласында өмірге келдім. Алтайдан Анатолыға жеткен қазақтардың бір ұрпағымын. Өзім бала кезден сурет салуға құмар болдым. Мектеп бітірген соң, Ыстамбұлдағы «Мәрмәра университетінің» Өнер факултетіне оқуға түстім. Негізі, үйдін кенжесі, қара шаңырқатың иесімін. Әкеден төртеуміз. Үш ағам бар. Олар да Өнер факультетінің түлектері. Менің негізгі мамандығым – сән және мода дизайнері.
– «Нұқтын кемесі» кітабынан басқа шығармаларыңыз бар ма?
– Иә, бар. Оған дейін «Қорқыт Ата – Дерсе Хан ұлы Бұқаш жыры» атты еңбегім жарық көрді. Кітап былтыр басылып, бір жыл ішінде шамамен 25 мың данасы сатылды. Ол – графикамен безенген Еуропада «art book» деп аталатын суретті кітап. Қорқыт ата жырларын халыққа түсінікті, жеңіл тілде суреттермен бейнелейді. Алдағы уақытта осы бағытты жалғастырсақ деймін.
– «Нұқтың кемесі» кітабында не айтылған? Ерекшелігі неде?
– Соңғы жылдары әлем бойынша үлкендерге арналған бояу кітаптары трэндке айналуда. Бұл кітап та сол бағытта жасалды. Secret Garden атты кітаптың 8 миллионнан аса данасы сатылған соң, көптеген баспалар осындай жоба шығаруға кірісті. Зейінін шоғырландыра алмайтын адамдарға да дәрігерлер осындай әдебиетті көруге кеңес беруде. Ал, менің шығармамда Нұқ пайғамбар құтқарып қалған жануарлар бейнеленген. Оқырман соны қалауынша бояп, өз нұсқасын әлеуметтік желілерде бөліседі.
– Қазақстанға келіп көрдіңіз бе?
– Бір рет барып қайтқанмын. Болашақта көшіп бару ойда бар.
Келесі кезекте, Батыр Хамзаұлына да сауалымызды қойдық. Ол қазір Қайролла екеуі «Қорқыт ата» жобасы бойынша бірге жұмыс істеп жүр екен. Өзі бұрын Алматыда 6 жылдай тұрып, қызмет істепті.
– Батыр, сіз де Ыстамбұлдың тумасысыз ба?
– Жоқ. Менің туған жерім Измир қаласы. Жеті жасыма дейін Алтай қазақ ауылында өстім. Ыстамбұлға кейін келдік. Қайролла екеуміз Өнер факультетінде бірге білім алған достармыз.
– Қайролла Қорқыт ата жобасы бойынша, кітапты жалғастыру ойы барын айтты. Қазір жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Негізі, мен бұл жобаға кейін қосылдым. Суреттерге көмектесіп мәтіндерін түзеуге қол ұшын бергеніммен, қалған барлық жұмысты Қайролла өзі істеді. Соңдықтан бірінші кітапқп еңбегім сіңген жоқ. Ал, қазіргі күні екінші кітапты жасауды қолға алдым.
Қорқыт атанын жалпы 12 жыры бар. Алғашқы қадамдағы мақсатымыз – соның бәрін жеке кітап ретінде шығару, сосын оларды топтап коллекция жасау. Кейін мултьфильмге айналдырып, 70 тілде сайт ашып, mobile app және тағы басқа мультимедиялық жұмыстарға көшсек деп отырмыз.
– Қорқыт ата мұрасының қай нұсқасымен жұмыс істеп жатырсыздар?
– Қорқыт Ата туралы танымал түрколог, филолог ғалым, профессор Мухаррем Ергін бір шама еңбек жазған. Бұқаш тұралы жырды сол ұстаздың кітаптарынан көшірдіқ. Кітабымызды түрік тілінде шығарудамыз. Себебі, қазақша жеңіл тілге дұрыстап аударылмаған. Екіншіден, Түркияда осындай жобаларға қолдау жақсы.
– Қандай қолдау жасалды?
– «Түрік Тіл Коғамы» келесі жобаға көмектесуге уәде берді. Бірінші кітаптың балаларға арналған жеңіл түрі жасалды. Түркия қосымша білім беру орталығы біразын сатып алып, мектеп кітапханаларына таратты. Ал, бірінші еңбекке қаржыны өзіміз шығардық. Тарату, сату және жарнамалауды баспа үйі мойнына алды.
– Оқырмандардың қызығуы қандай?
– Жастардың сұранысы жақсы. Әсіресе, патриоттық сезімі жоғары жігіттер қатты ұнатты. Кітап amazon.com сайтында да сатуға шықты. Еуропадағы өзіміздің қазақ жастары, балалары да қызығып жатыр.
– Басқа тілге аударылса, мультфильм жасалса өтімді болады деп ойлайсыз ба?
– Әрине. Қазір Америка кино және мультфильм индустриясы фантазиялык дерек көзін тауысты. Сондықтан, «Берсерк» сияқты аңыздарға бұрылды. Мысалы, бір түрік досымыз Махмұт Кашқари жайлы комикс жасап, «Марвел комикске» жұмысқа тұрды.
Бізге кеңес берген адамдардың ортақ пікірі бойынша, Батыста фантазия сарқылып бара жатыр. Бұрын естіп көрмеген аңыздар мен сценарийлерге мұқтаж. Жапон мултьфильмдерінің көтерілу себебі де сол. Викингтерден қалған «Берсерк» секілді аңызға талай жоба жасалды. Жапондардың өзі сол Берсеркке екі кино және мультфильм сериалын түсірді. «Beowulf», «47 ronin» сияқты неше түрлісі тағы бар.
Олардың қасында Қорқыт ата әлі де жарық көрмеген жақұттай көміліп жатыр деуге болады.
– Осының бәрін жасауға мүмкіндіктеріңіз жете ме?
– Иә, шама бар, барлығын жасағымыз келеді. Бірақ оңай жұмыс емес. Бір кітапқа 2 жылдай уақыт жұмсадық. Шығармашылық топ құрмасақ, 12 кітапқа ғұмырымыз жетпейтін секілді…
– Жобаларыңыз жайлы Қазақстандағы құзырлы орындар біле ме?
– Бұйыртса, Наурызда келіп, министрлікке кіріп шығамыз. Жобаны таныстырамыз. Егер олар қолдаса, академиялық топ кұрастырып, әр түрлі стилде 12 кітапты жасап шығу ойымызда бар. Негізі, кітаптарды Қазақстанда басып шығу біздін басты мақсатымыз болып отыр. Өйткені, Қорқыт ата жалғыз қазақтарға ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Осы ұлы ұзанымыз туралы басқа елдер не біледі? Немесе шет мемлекеттерде өсіп келе жатқан қазақ ұрпағы бабамыз жайлы қаншалықты ақпаратқа ие? Осыны ойлай келе біз Қорқыт атамызды әлемге таныстыруды өзімізге мақсат еттік.
– Әңгімелеріңізге рахмет!
Әңгімелескен: Мұрат Алмасбекұлы
baq.kz
Пікір қалдыру