Қарағанды облысына қарасты Бұқар жырау ауданының орталығы орналасқан Ботақара кенті және ауылдың батыс жағындағы Ботақара тау сілемдері мен Ботақара көлі, Ботақара атты құс фермасы, бұлардан алыс емес жерде, яғни таудың шығыс-оңтүстік жағынан қапталдай ағып жатқан Нұра өзені бойындағы Ботақара теміржол бекеті бар. Осындағы «Ботағара»атауының топонимиялық маңызы жайлы ономастикатанушылар мен географиялық территория жүйесін зерттеушілер бірауыздан бұл ороним (атау) антропонимге (адам есіміне) қатысты дейді. (Орталық Қазақстан аймақтық топонимиясының өзекті мәселелері, Алматы. 2009 ж. 125-б).
Демек бұл атау адам есіміне қатысты болса Орта жүз он екі ата Абақ керей тайпасының бір тармағы Жәнтекей аталығының құрамына кіретін «Ботақара» атты руға немесе Ботақара Қожамжарұлыатты батырға қатысты болуы мүмкін бе? Атақты Доспанбет жыраудың, «сақалына сары шіркей ұялап, қазақтың басы қайда қалмаған» дегеніндей, ерте ғасырларда шығысы сонау Керуленнен, батысы Дунайға дейін созылып жатқан апайтөс далада еркін жайлаған аталарымыз қайда бармады, қайда қонбады.
Ендеше жоғарыдағы сұраққа жауап іздеп көрелік. Әуелі айтармыз: Керей руы жайлы жазба деректер орта ғасырлық тарихи құжаттарда көп кездеседі. Әсіресе, Шыңғыс хан іргесін қалған Моңғол империясының алғашқы қалыптасу кезеңдерінде, Орта Азияны мекендеген көшпенді тайпалар арасында Керейлер шоқтығы биік ұлыс ретінде сипатталады. Моңғолдар мен одақ құрып, татар-меркіттердің ықпалын азайтып, оларды бағындыру жолындағы тартыста Керей тайпасының мысы басым ретінде суреттеледі. 1204 жылы моңғолдардан ойсырай жеңілген керейлер тарих сахнасынан түсіп қалды. Көбі моңғол қосындарының құрамына кіріп Шыңғыстың ұлы жорықтарына қатысса, қалған бөлігі найман, меркіттерге ілесіп, қазіргі қазақ даласына қоныс аударған.
Үлкен жазушы, кеңестік қазақ әдебиеттің ірі өкілі Ғабит Мүсірепов өзінің жеке күнделігінде өте ертеде өмір сүрген керей Теке жыраудан қалған мына бір шағын шумақты келтіреді:
Уа, дариға-ай, дариға-ай,
Байқалға барып құятын,
Селенгіні жайлаған,
Керей деген ел едік,
Тұғырыл деген ханы бар,
Зарлауымның мәні бар,
Қарақорым қаласын,
Тартып алып Шыңғысхан,
Қатындарын ханымның,
Бөлісіп алды моңғолдар,
Бытырай қашты қайран ел,
Адыра қалды туған жер,
Атымыздан айырылып,
Қысық көз моңғол атандық,
Уа, дариға-ай, дариға-ай! –дейді.
Бұл көне жырдан біз өткен тарих сорабын аңғарғандай боламыз. Жырда айтылғандай ежелгі керей тайпасы 1200 жылдың басында ыдырауға ұшыраған. Тұғырыл ханның ордасы қазіргі Моңғол елінің астанасы Ұлан-батырдан 30 шақырым жерде орналасқан. Аспалы шыңдай асқақ Боғда тауының етегінде. 1204 жылы Керей хандығы құлағаннан соң Шыңғыс қағанның осында орда құруына байланысты тарихта «Шыңғыстың ІІІ ордасы» деп те аталады. Боғда тауы бүгінге дейін Тұғырыл ханның құрметіне «Хан тауы» деп аталады.
Монғол империясының тарихын зерттеушілер: Шыңғыс қағанның алғаш адам болып, ат жалын тартып мініп, күйзелген елін бүтіндеп, күйреген жұртын жинағанда дем беріп, демеу болған осы Тұғырыл хан дейді. Атақты керей Көкеш бақсының хан Шыңғысқа қаратып айтатын:
Тәңірден суат алдың,
Тұғырылдан қуат алдың,
Найманнан хатшы алдың,
Керейден бақсы алдың,
Қоңыраттан ақыл алдың,
Жалайырдан батыр алдың,
Меркіттен қатын алдың, – дейтін толғауында дүйім тарихтың сыры жатыр. Өйткені, 1190 жылы Тұғырыл хан, Темүжин, Жамуқа үштігі атқа қонып татар-меркітті тыныштандырады. Осы жорықта Жамуқа мен Темүжин барлық бұқарасын сарқып жүріп 20 мың әскер әрең шығарғанда, Тұғырыл хан қиналмай-ақ бір өзі 20 мың қолды бастап келген. Осы жолы Алтын елінің императоры Тұғырылға «Уаң хан» деген атақ береді. Бұл атақ артынан ханның есіміне айналып кеткен жайы бар. Тегі италян жиһангер Марко Поло: «Әлемге атты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.
Заман өте келе Тұғырыл хан жоғарыдағы Теке жырау айтқандай Шыңғыспен шайқасып жеңіледі. Жан сауғалап батыстағы Найман хандығына бара жатқанда шекара күзетінде тұрған қарауылдар қолынан қаза табады. Өлі бастың атақты керей Тұғырыл ханның мүрдесі екенін таныған найманның Дайын ханы оны күміспен күптетіп, өзінің алтын тағының үстіне қойып аза тұтады. Бұл 1204 жылы болған оқиға. Сол сәттен бүгінге жеткен жоқтау бар. Онда:
Уа, Тұғырыл, Тұғырыл,
Айбатты алып хан едің,
Даңқың кеткен әлемге,
Атағы зор жан едің,
Құтлық әже өсірген,
Бұйрықтан туған дана едің…, – деген жыр жолдары бар. Тұғырылдың інісі Жақа батырдың (Жақа Қамбы) асқан сұлу төрт қызы болған. Осының үшінші қызы Сұртоқтыға Шыңғыс кіші ұлы Төле үйленеді. Сұртоқтыдан атақты хандар Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арық-бұқа төртеуі туған.
Уақыт өте келе Шыңғыс ханның бұқарасына айналған Жақа Қамбы бастаған керейлер толық моңғолданып үлгерді де, Шыңғысқа бағынбай батысқа қарай ауып кеткен керейлер әуелі Қарлық хандығының құрамында болып, ол ыдыраған соң Алтын Орда мемлекетінің іргесін қаласып, ХV ғасырдың басында құдіретті Алтын Орда ыдырап, кішігірім алты-жеті хандыққа бөлінген тұста керейлер – Ноғай ұлысы, Көк Орда, Қазақ ұлысы, Сібір хандығы сияқты кіші хандықтардың құрамына бөлініп кетті.
Дегенмен дені 1550-ші жылдары шаңырақ көтерген Сібір хандығының құрамына өтіп кетті. Тарихшы Аманжол Керейбаев: «Сібір хандығының халқы, негізінен, қыпшақ, арғын, керей, найман, жалайырдан құралғанын еді», дейді. («Түркі халықтарының тарихы» Алматы, 1999 ж. 10-б). Сол сияқты орыстың географиялық Қоғамының негізін қалаушылардың бірі белгілі ғалым А.Лепшин 1832 жылы жарық көрген «Тарихи хабарлар» атты еңбегінде Сібір хандығының негізін қалаған орта жүздің керей рулары екенін де айтып өтеді. Атақты Көшім ханның тұсында таққа таласқан керей Сейдақ бекті ғұлама жазушы-тарихшы Мұхтар Магауин атақты Тұғырыл ханның ұрпағы еді дейді.
Осы кезде қатты күшейген орыстар 1591-1595 жылдар аралығында Сібір хандығын толық бағындырады. Қысқа мерзімде ішінде Ресей патшасы басып алған өлкелерге 22 жерге қала (бекініс) салып үлгерді. Атап айтқанда, 1586 жылы Шым-Тұра қаласының орнына Түмен бекінісі, 1587 жылы Тобыл, 1594 жылы Тара, 1604 жылы Томск бой көтерді. Осы тұста кейбір тарихи деректерге сүйенсек керейлер батысында Ор өзенінің бойынан бастап, шығысында Ертіске дейінгі өңірде бытырай қоныс тепкен көрінеді.
Батыстан орыс отаршылары қусырып, қысқан сайын қазақ руларының дені еріксіз шығысқа қарай қоныс аударып, нақтырақ айтқанда қазіргі Қазақстанның орталық өңірі – Торғай даласына, одан да бері өтіп, Теңіз көлі алқабы мен Есіл өңіріне ығысқан. Бұл 1600-шы жылдардың шамасында орын алған оқиға. Осы өңірге қоныстанған керейлер 1740-жылдарға дейін тұрақты қоныстанып тұрғанға ұқсайды. Өйткені, осы өлкедегі Керей аты көл, Керей атты өзен, Жәнтекей және Жәдік атты ауылдар, Жәнібек атты шалқар-көл, т.б. атаулар тегін қойылған жоқ.
Жәнібек батырдың ұрпағы Ақын Байбосынұлы жазып қалдырған мына бір деректе: «…керейлер орыстың Ор бекінісін орыстармен қақтығысып, өртеп жіберіп, шығысқа қарай ауа көшеді. Есіл-Нұра бойына келіп мекендейді. Осы шамада арғындар да Сыр бойынан көшіп келе бастайды. Осылай жер тарлық еткен соң Жабай батыр бастаған керейдің бір бөлігі Есіл-Атбасар өңірінде және ашамайлы керейлер Есілді өрлеп көшіп кетті де, Абақ керейлер жоңғардан енді босаған, Көксала, Бақанас, Аякөз, Нарын өңіріне қоныстанады. 1752 жылы Жонғар ханы Даяшы 40 мың қолмен Алатау ауызы арқылы қазақтарға жорық бастағанда, керейлер қайтадан солтүстікке қарай ығысып, Шыңғыс тауы, Қалба, Көкбекті, Жайсаң, Маңырақ қатарлы жерлерге барып ірге тебебі » дейді. («Жәнібек батыр», Семей 2009 ж. 266-б)
Дәл осындай деректі, яғни керейлердің орталық Қазақстан жеріне көшіп келіп, қоныстанғаны жайлы орыстың зерттеушісі Балкашиннің де жазып кеткенін, қазақстандық тарихшы-өлкетанушы Ж.Омаридың да еңбегінен кездестіре аламыз. («Қаз дауысты Қазыбек» Астана, Фолиант, 2000. 174-175 б.)
Сондай-ақ Абақ керейлер тарихына қатысты деректік мәліметтерді атақты батыр Бердәулетұлы Жәнібекке қатысты жыр-дастандардың әртүрлі нұсқаларынан көптеп кездестіреміз. Мысалы, «Жәнібек батыр» жырының Құмар Серікбайұлы тапсырған нұсқасында:
Керейлер Орға көшті елін бастап,
Өскен жер Қаратау мен Сырды тастап,
Ақжол деген ат алды беті қайтпай,
Қаптаған қалың жауды қойды жасқап,
Онан соң Торғай, Тобыл, Есіл келді,
Абылай оң тізеден орын берді.., – деп, жырласа, үлкен шайыр Ақыт Үлімжіұлының өзі жазған Жәнібек батыр жайлы жырында:
Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,
Жауыңа жасыл төсер зордан болдың,
Шайқаста тізеңді имей, жауға бермей,
Еліңді Алтай бастап, Ордан келдің… – дейді емес пе. Бұл жерде басын ашалап айтатын дүние керейлер Ордан көшкенде Жәнібек батыр тумаған тұс. Бірақ тарихи жырларда, ел басына түскен тарихи оқиғаларды елдің сүйіктісіне айналған Жәнекең сияқты батыр тұлғаларға теліп жіберу баяғыдан бар дүние. Жәнібек батыр керей жұрты Ордан қоныс аударып, Есіл-Нұра өңіріне келген соң 1710-шы жылдар шамасында қазіргі Қорғалжын ауданы жерінде дүние келген сияқты. Өйткені, дәл осы аудан орталығынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде, «Жәнібек шалқар» дейтін көл және осы арадан бастау алатын Керей атты өзен бар. Сондай-ақ осы жерден алыс емес, яғни Астана-Қорғалжын тас жолының бойында орналасқан «Жәнтекей» атты ауылдың тұрғаны, байырғы керейлер көшінен қалған топономикалық деректер деп айтуға толық негіз бар.
Жалпы керейлердің Ор өңірінде қоныстаны жайлы жазушы Шәміс Құмарұлы, «Алтай қаласында тұратын руы – Шақабай, Қоске деген кісінің үйінен 1960 жылдары Ордың қара ағашынан алынған табалдырық, маңдайшаның сақтаулы тұрғанын көрген ақсақалдар бар» десе, шежіресі Қылышбай Нұрдыбайұлы, Ордың қара ағашынан жасалған бұйымдар (бақан, таяныш, шідердің тиегі, т.б) Алтай керейлерінің ішінде әлі күнге дейін сақталған, оның сынық тамтығын тәбәрек ретінде сандыққа салып, теңге буып сақтауда, дейді. («Ер Жәнібек», Семей, 2009 ж. 254-б).
*****
Енді әуел баста мақсат етіп қойған Ботақара батыр Қожамжарұлының өмір тарихына қатысты мәліметтерге қайта оралсақ: Семейлік зеттеуші-ғалым Тұрдықұл Шаңбай мырзаның редакторлығымен Қазақстанда жарық көрген ұжымжық жинақтан Ботақара батыр Қожамжарұлы жайлы деректі кездестіреміз. Онда былай делінген: «Жәнтекейдің Сүйіндігінің кенже баласы Алтынның аулын жау шауып, ержеткен ұлдарын қырғындап, тоғыз жасар Ерназар дейтін баласы олжалап алып кетеді. Жәнтекейдің немересі Барақ батыр бірде өзінің ағасы Қожамжардың ұлы Ботақара батырды ертіп, бір қанша адаммен қалмақтар олжалап кеткен Есназарды іздеп шығады. Сұрастыра келгенде, Есназардың «Табылған» деген атпен отарда қой бағып жүргендігі анықталады. Есназарды тауып алса, олжалағандар «өзіміздің баламыз» деп бермейді. Барақ батыр: «Ерназардың туғанда арқасында бармақтай қалы болған» деп, уәж айтады. Расында қал бар боп шығып Барақ пен Ботақара жауға қолды болған бауырларын алып қайтады» дейді.
Бұл Ботақара Қожамжарұлының тарихта болғаны жайлы нақты дерек.
Жоғарыда біз Қорғалжын жаласында «Керей» атты көл және өзен бар дегенді айттық. Көлдің аумағы 63 шаршыметр. Орталық Қазақстанның батыс бөлігінде орналасқан. Керей өзені Желдіадыр тауынан басталып, Керей көліне құяды. Ұзындығы – 100 км. Дәл өзеннің бойында Арықты ауылының батыс жағында орналасқан шағын көлдің аты – Жәнібек шалқар екенін де айттық. Осы Жәнібек шалқардың солтүстік-шығысына таман шамамен 40 шақырымдай жерде Жантекей аты үлкен ауыл бар дедік… Жоғарыдағы Жәнібек шалқардың шығыс жағында тағы бір «Барақ» атты көл бар. Бұл атау Жәнтекейдің немересі Барақ батырдың есімі болуы әбден мүмкін. Бұл көл қазір Нұра ауданының жеріне қарайды. Осы сілеммен жалғасып отырып, тура шығысқа қарай түзу тартсаңыз 250-300 шақырымнан соң Ботақара шоқысына барып тірелесіз. Үлкен шоқының биіктігі – 669 м. Шоқы Ботақара көлінің оңтүстік-батысында 3 ұсақ шоқыдан тұрады. Таудың жалпы ұзындығы батыстан шығысқа қарай 3 км, ені 1 км. Келесі бір шоқы – Шешенқара деп аталады.
Жергілікті адамдар айтатын аңызға қарағанда. Шешенқара қалмақтың қызы екен. Ботағара батырды ел-жұрты «Нарбота» деп де атаған. Себебі, нар денелі, тұлғалы адам екен-мыс. Күндердің күнінде кезекті қазақ-қалмақ соғысында Ботақара батырмен қалмақтың жас батыры жекпе-жекке шығады. Жекпе-жек қызған кезде қалмақ батырының басындағы дуылғасы ұшып кетеді. Қараса, соғысып жүрген қалмақ батыры жігіт емес, жап-жас қыз екен. Әлгі қалмақ қыз шашы беліне төгіліп: «Ей, Бота батыр, мені танымадың ба, мен Шолай Цеценмін ғой» дейді. Қалмақтың қызы Ботақара батырға алтын жамбы ұсынады. Бұл сүйіспеншіліктің белгісі-мыс. Сол сәтте қызғанған қалмақтар қызды да, қазақ батыры Ботақараны да атып құлатады. Сөйтіп, халық екі ғашықты екі шоқының басына жерлепті-мыс.(«Орталық Қазақстан аймақтық топонимиясының өзекті мәселелері» Алматы, 2009 ж. 123-б.)
Ал, шындығында екі ғашық екі шоқының басына жерленген жоқ. Жоғарыдағы аңызды зерттей отырып, еңбек жазған ғалым Жамбыл Омари, Шешенқараны Очирту Цецен деген қалмақ ноянының қызы еді дейді. Және нақты деректерге сүйене отырып, Ботақара батыр өлген соң, Нұраның ұзын аққан бойынан алыс емес Жыланды тауы маңында жылымшып ағып жатқан Өткелсіз өзеннің бойында жерленгенін айтады. Яғни Ботақара батырдың бейітінің ескі сорабы әлі де бар. Кезінде жылқының қылын, ешкінің майына қосып, сары топыраққа илеген бейіттің қорғаны мұжіліп ескіргенімен, орны сақталған. («Бұқар жырау», Қарағанды, 1994 ж. 228-б).
Енді мына бір дерекке назар аударсақ, жергілікті жердегі таудың, көлдің Ботақара атануы, жоғарыдағы Ботақара батырдың осы жерде қаза болып, сүйегі осы жерге жерленуіне байланысты «Ботақара» атауы берілген. Керейлердің осы Жыланды тауы маңына (Ботақара тауының бұрынғы аты) қоныстануы 16-шы ғасырдың бірінші ширегінде орын алған.
Орыс зертеушісі Н.Н.Балкашинның 1882 жылы жарық көрген «Известия императорского русского географического общества» атты еңбегінде: «ХVІ ғасырдың ортасында Қаратау жақтан шұбыра көшкен арғындар Ұлытау тауларына қарай бет түзеді. Олардың қатарында: атығай, бағыс, қанжығалы, сарыжетім-шақшақ, басентиын, қарауыл рулары болды. Кейін келе табыкұлы мен басентиын рулары Баянауылға қоныс аударды. Олармен бірге қалқаман, ағыс, қарпық, темеш руларыда болды. Бұл рулар Сарысу, Нұра өзендерін жағалай қоныс тепті. Қуандық руынан кейін келе Қарақисақ руы қосылып Балқаш тауын қоныстанды. Уақыт өте келе арғындардын ішінде қаныпезер атанған ру сүйіндіктер келіп момындарды Баянауылдан Ертіске дейін ығыстырып тастады» дейді. Дәл осындай деректі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан да кездестіреміз. Мәшекеңнің мәліметіне жүгінсек: Қаратауды қалмақтар басып алғандықтан орта жүз рулары оңтүстіктен Арқа жеріне қарай ауа көшкен, дейді.
Мұндағы орыс зерттеушісі Балкашин мен қазақ шежіресі Машһүр-Жүсіптің дерегі жоғарыдағы Жәнібек батырдың ұрпағы Ақын Байбосынұлы жазап қалдырған мына бір дерекпен дәл кеп тұрған жоқ па.
Осы орайда Ботақара батырмен соғысып, тарихта аты қалған қалмақ қызы Шешенқара қазақ жерінің топ ортасында қайдан жүр, дейтін сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін біз өткен тарихи деректерге жүгінуге тұра келеді. Алдымен біз мынаны білуіміз керек. Осы кезде қазақтар неге Қаратауға барып, одан Сыр бойына көшіп, 16-ғасырдың аяғы, 17-ғасырдың басында Арқаға қарай не себептен қоныс аударып жүр. Себебі, біреу-ақ. 1600-жылдың басында қазақтың шығысында көшпелі Ойраттардың ізін басып пайда болған Жоңғарлар күшейіп кеткендіктен қазақтар осылай қоныс аударуға мәжбүр болған. Сол кезде қазақ-жоңғар шекарасын Балқаш көлі бөліп жатса, кейін тіпті ішкерлей түскені байқалады. Жоғарыдағы күшейген жоңғарлар өз ішінен бүлініп, 1607 жылы Қоо өрлік деген ноян өзіне қарасты 50 мың отбасы 250 мың адам торғауыттарын бастап Тарбағатайдан батысқа қарай көшкен. Олар 1610- жылдар шамасында дәл біз сөз етіп отырған Орталық Қазақстан жері Есіл-Нұра бойына көшіп келіп. қазақтармен бірге қоныс тепкен. Осында, яғни қазіргі Ботақара тауы маңында 25-30 жылдай тұрып, 1636 жылы қазіргі отырған мекені Еділге барып тұрақтайды. Осы Қоо өрлік көшкен ізбен 1640 жылы қошут тайпасының нояны Ұбаш құнтайжы өзіне қарасты 3 мың шаңырағын бастап, барып қосылған.
Жоғарыда қазақстандық ғалым Жамбыл Омари атап өткен Шешенқара қыздың әкесі Очирту Цецен дейтін адам Қоо өрліктің сарай кеңесшісі болған адам. Бұл жайлы Моңғолия да жарық көрген «Төрт Ойрат тарихы» атты кітапта айтылады. Сонымен 1610-шы жылдары торғауыттар Нұра бойына келіп, қоныстанған тұста Ботақара батыр Қожамжарұлы жас жігіт деп есептесек, бұл адам сонда 1590-шы жылдары шамасында туған деп негіздеуге болады. Ал, аңызға айналып бізге жеткен Шешенқара мен Ботақараның жекпе-жегі 1615-1620 жылдар арасында өтуі мүмкін деген болжамға сүйенеміз. Өйткені, барлық ауызша шежіре деректерде Ботақара батырдың жастай өлгені жайлы айтылады. Осы деректерге сүйене отырып біз, Ботақара батырды 25-30 жыл өмір сүріп, дүниеден өтті деп, негіздеуге болады.
Сөзімізді түйіндей отырып, айтсақ «Ботақара» атауының нақты қағаз бетіне түсуі, 1896-1900 жылдары күллі қазақ даласын аралап, барлық өлкесін картаға түсірген А.Ф.Щербиннің экспедициясының жазбасында бар екен. Онда қазіргі Ботақара жерін «Спаский» болыстығында қарасты етіп көрсеткен. Ондағы мәліметтерге көз салсақ «Жыланды» тауы туралы (кейбір жерлік тарихшылар қызғанышы себепті, Ботақара тауы болмаған оның аты «Жыланды» еді деп жүр) ешқандай дерек жоқ, тек «Ботақара» деген ат ғана жазылыпты.
Осындағы экспедиция дерегінде: «Ботақара Ақмола қаласынан 200 верст қашықта орналасқан, онда Тәшіма Бек деген ақсақалдың қыстауы бар» деп картаға таңбаланған екен. 1898 жылдан осы Ботақараға сонау Ресейден алып келіп, орыстың қара шаруаларын қоныстандыру басталған. 1901 жылы 11 мамырда «Степной край» газетінде: «Ботақара ауылы тұсында Красноперов дейтін орысты мал айдап бара жатқан жерінен 4 қарулы адам тонап кетті» деген мақала жарияланыпты. 1902 жылы Ботақараға өзін өзі басқаратын ауыл статусы беріледі. 1905 жылы 10 маусымда Омбыдан губернатор М.Я.Романов басқарған коммисия келіп тексеру жұмыстарын жүргізді. Комиссия құжаттарында ауылда 124 отбасы тұратындығы айтылған. 412 ки (жер өлшемі) жер өнделіп, 630 ки жер жаңадан қоныс аударып келетіндерге арналып сақтап отырғандығы көрсетілген екен. Сабаннан мешіт үйін тұрғызып, 40 бала білім алатын мектеп ашылғаны жайлы дерек бар.
Атақты ақын, сал-сері, әрі балуан, қайраткер тұлға Иманжүсіп Құтпанұлы 1920 жылдары орыстың қуғынында жүріп:
Қысырақтың үйірі жирен ала,
Орыс-қазақ байлары жапты жала.
Туған елге бет алып шыққанымда,
Алдымен көрінуші ең Ботақара.
Ботақара –жолымда қаласың ба,
Ереймен мен Баянның арасында… – деп жырлаған екен.
2001 жылы Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінің ірге тепкеніне 100 жыл болып, 8 көшеге қазақша атау берілді. Яғни, 1901 жылы бұл жерге алғаш рет қоныс-қыстақ бой көтеріп, ол ауыл Ботақара деп атанған. 1905 жылы «Ботақара» атауын орыстар өзгертіп, кезінде Ақмола облысының генерал-губернаторы болған, қазақтың даласын орыстарға тартып алып беру жұмысына зор еңбек сіңірген Санниковтың құрметіне ауылды «Санниковское» деп атаған. Одан кейін совет үкіметінің орнауына байланысты патша шенеунігінің атын 1920 жылы өзгертіп, ауылға «Троцкое» деп ат берген. Бұл атты 1929 жылы тағы да өзгертіліп, 1931 жылға дейін ауыл «Возрождение» деп аталған. Одан кейін, яғни 1931-1961 жылдар аралығында ауылдың аты және өзгеріп «Колхозное» деп аталған. 1961 жылдан бастап, бұл ауыл «Ульяновское» деген атқа ие болып, келіп 2001 жылы қайтадан бұрынғыдай «Ботақара» атанып, өзінің тарихи атауына ие болды.
Ботақара кентін орталық еткен Бұқар жырау ауданы шығысында-Қарқаралы, түстігінде-Абай, теріскейінде-Осакаров, шығыс-солтүстігінде Баянауыл аудандарымен шектесіп жатыр. Жер көлемі 14 576 шақырым. Халық саны-61 мың адам, оның 60 пайызы қазақтар. Ауданда 68 білім ошағы бар. Тарихи-мәдени 28 ескерткіш бар. Бұқар жырау кесенесі мен Алшынбай мұнарасы мемлекет қамқорлығында. Бұл ауданнан – Доскей Әлімбаев, Көшен Елеуов, Қабыл Боранбаев, Ғабиден Мұстафин сынды ақын-жазушылар, Қылыш Бабаев, Арықтай Қайыпов, Дүйсетай Шаймұханов сияқты ғалымдар туып шыққан.
Бердіхан Құсайынов, зерттеуші
Пікір қалдыру