АШЫНА НИЗЕК ҚАҒАН БОЛДЫ
Үнбе бекіністі өртеп, ондағы Таң әскерлерін түгелге жуық жайратып салғаннан кейін, Бөрілі таудың бөктеріндегі бұрынғы Шал батырға қарасты елді жиып, ақсақалдар мен ағамандарын төрге отырғызып, осы жолы өзіне ең бірінші болып үн қосқан Моншақ батырды қасына алып, Ашына Низекті түліс түріктеріне қаған етіп көтерді. Көтеріп тұрып бүй деді:
—Елім, жұртым! Енді естеріңді жиыңдар. Тәңірі түрікті қолдауда. Түркі халқының ойдағы, қырдағысының, түліс пен тардұштағысының, Жетібаш пен Тоғыз ерсен, Алты дуандағысының – бәрінің тәлейі келер күн туды. Бүгінде Табғаш мемлекеті қорқынышты емес. Ол жан-жағынан тосылды. Шығыста корейлер мен қытандар көтеріліп, Табғаш әскерін жерінен қуса, батыста тибеттер олардың жазасын беруде. Оның үстіне аурушаң патша елді билей алмай, оның әйелі бар билікті уысына ұстап, Ли текті патша әулетін түгел құртуда. Көне уәзірлердің көзін жойып, тіпті таққа ие болады-ау деген бауыр еті балаларына дейін бір-бірлеп тазалауда. Оның бар мақсаты патшаның көзі жұмылысымен билікті өз қолына алу. Ол зейіл, шектен шыққан озбыр. Егер түркі халқы оның теперішіне түссе құрыды дей беріңіз. Онда елдіктен, еркіндіктен үміт күтпеңдер. Түркі халқы Ілік (Ел) қағаннан айырылғалы бері елсіз, ессіз, қағансыз өмір сүрдік. Қағанның орнына Табғаш төрелері бізді биледі. Халықтың тапқан-таянғаны, жылы-жұмсағы солардың аузын майлауға кетті. Ер азаматтарымыз үйде отырмайтын болды, бәрі Табғаш мемлекеті үшін ісін-күшін беріп, сол үшін құлақ естіп, көз көрмеген жат жұрттарда шайқасты. Тибет пен Корейдегі шайқастарда, теңіздегі дауылдарда өлді. Қалғаны Талқымда тас қалап, Сарыөзен мен Кеңарықта кеме сүйреді. Қыздарың Табғаш төрелерінің басы байлы күңіне айналды. Енді сол қорлықтан құтылар, ел болуға ұмтылар күн туды. Егер қазір ұмтылмасаң, түркі халқы, өзіңде обал жоқ. Бұдан былай бір-біріңді мінеме. Елге басшы, басшыға қосшы табылмады демеңдер. Сол үшін бүгін жерімізден Табғаш төрелерін қуып, осынау жер ортасы көк төбеде – қасиетті Бөрілі таудың бөктерінде, алашқа аңыз болған Шал батырдың елінде түліс түріктерін жиып, оларға ата-бабасынан қара көктің тұқымы, кешегі елім деп еңіреген Ілік қағанның інісі Ашына Низекті қаған көтердік, Түркі қағанатын қайта құрдық! – деді.
Осы кезде Бөрілі таудың бауырына жиналып, иін тіресе лықсыған жұрт бір-бірімен жарысып:
—Аруақ! Аруақ! – деп айқайлады. Садағы бары садағын, қылышы бары қылышын, айбалтасы бары айбалтасын көкке сермеді.
Қариялар:
—О, жарық жалған, Көк Тәңірім, біздің де көз жасымызды көретін күнің бар екен-ау! – деп еңіреп тұрды.
Алқалаған жұрт Ашына Низекті ақ киізге салып қаған көтерді. Басына қағандық тәж кигізіп, үстіне оқалы тон жапты. Қасына бөрілі байрақ көтеріп, бес қаруын сайлаған өңшең атпал азаматтарды қойды. «Талай жыл жауға есеміз кетті, қор болдық, ар-намысымыз тапталды. Азып-тоздық. Есіміз шығып, еңсеміз түсті. Табғаш қаған жарылқай ма деп жабырқау әрі жарамсақ күй кештік. Енді жетер, ата-бабаларымыз мың жыл бас имеген жауға енді бас иеміз бе? Мың жыл аттан түспегенде енді аттан түсеміз бе? Мың жыл бөрі болып енді көшкен жұртта шоқиған бұралқы иттің күнін кешеміз бе!» деп жігіттер бір-біріне жігер беріп, ершімденіп алға шықты. Ата-баба жолымен жүріп, қанды-қасап шайқастарда ел үшін өлсек те өкінбейміз деп нағыз ерлердей сілкініп, күш-қайраты тасып, буыршындай бұлқынып тұрды.
Олардың көздерінен ұшқындаған отты көріп Ашына Низек қағанның көңілі толды.
—Жарандар! – деді ол екі қолын жоғары көтеріп алақанын жайып тұрып, жарандар, біздер – мына отырған Ашиде Үнбе, Моншақ, бәріміз жастайымыздан Табғаш елінде, оның астанасында өстік. Кіндік кескен жұртымыздан, қасиетті қара мекенімізден алыста жүрдік. Бірақ бірде-бір күн қара орман халқымызды есімізден шығармадық. Табғаш елінің орда сарайларына, сұлу қыздарына қызықпадық. Патшаның құзырына көз сүзбедік. Енді, міне, бүкіл күш-жігерімізді елімізге берейік деп келдік. Дегенмен бұл біздің ұлы ісіміздің басы ғана. Қайта шапқан жау жаман демекші, бүгін біз Ван Либэньді елден аластасақ та, ол ертең қалың қолмен қайтып келеді. Демек сойқанның соңы әлі алда. Түркі жұрты қырық жылдан бері көрмеген қанды қасап шайқасқа кіргелі отыр. Ендеше, нар тәуекел! Жағаласпай жан қалмас. Түріктің киелі жері, суы, Көк тәңірі, бөрі иесі қолдасын бізді. Аруақтардың атымен ант етейік, түркі халқын өз төріне өзін шығармай, теңдікке жеткізбей, осы алған бетімізден қайтпаймыз! – деді.
Оның сөзін ынта қоя тыңдаған жұрт тағы да теңселіп:
—Аруақ! Аруақ! – десті.
Соған ілесіп Бөрілі таудың құз-жартастары да «Аруақ! Аруақ!» деп жаңғырықты. Сол айбынды үн сайын далаға жайылып, Алтай мен Алатауға, Ханғай етектеріне, одан әрі көлдей толқып Қыдырхан қиясына дейін жетті. Бойында намыс, кеудесінде оты бардың бәрі оянды.
Ашына Низек сөйлеп болғанда жұрт ішінен Құлашын қарт суырылып шығып, ешкімге есе бермей сөйлеп кетті:
— Ау, жарандар, әлгінде мына жігіт Табғаштың сәнді сарайларына, сұлу қыздарына қызықпадық, қара орман халқымызды ойлап қайтып келдік деді. Егер шынымен сондай болса бұл нағыз ер екен. Мен бұл жігітке бой жетіп отырған қызымды беремін! – деді.
Жұрт ду етіп оны алқап ала жөнелді. Қаған дабырлаған, кеу-кеулеген жұртты зорға тоқтатты. Шалды қасына шақырып, иіліп ілтипат жасап, сосын нөпірлеген әлеуметке қарап, дауысын соза бүй деді:
—Айналайын жұртым, ақсақалдың маған істеген бұл сый-сияпатын осындағы ошарлы елімнің көрсеткен құрметі деп қабыл алдым. Бірақ қазір қалыңдық ойнап, бел шешіп жататын кез емес, алыста жасанған жау келе жатыр. Олар осында жеткенше мұндағы елді Шұғай құзының бір шетіне көшіріп, соғысқа дайындалуымыз керек. Қашан соғыс бітіп, ел еңсесін тіктегенде, өз жерімізге өзіміз ие болып, қағанаттың қабырғасы бекігенде бұл кісінің қызын ата-баба жолымен айттырып аламын. Оған дейін болашақ қалыңдығым сіздерге аманат!
Осы кезде жұрт тағы да ду етіп қартты да, қағанды да мақтап жатты. Біреулер:
—Шалекең жарады, ондай ерге бермеген қызын кімге береді! – десе, енді біреулер:
—Соған жарай қаған да жігітшілік танытты. Баукесерін айтты, десті.
Қаған басындағы тәжін алып, үстіндегі оқалы тонын шешті. Оның орнына дулыға-сауытын киіп, белін жарқыраған жалпақ кемермен буды. Сол кемерге байланған наркескен ақ алмасын лықсытып бір қозғап, қынына қайта салды да:
—Ау, жұртым, бұл жиын осымен тәмам. Ендігі тірлігіміз аттың жалы, түйенің қомында болады. Қашан ел іргесін бекемдеп, жаумен есеп айырысқанша ерсілі-қарсылы сарсалдаңнан көз ашпаймыз. Азаттық жолы ауыр жол. Жан қиналмай, қан төгілмей келмейді! Оны білгендерің абзал – деді.
Осы сөздерін айтып ол алыс-жақыннан келген әр ру-тайпаның ақсақалдарын, ағамандарын қасына шақырды. Үлкен жиынды таратып, бұл келгендерден жасақтың, ат-көлік, қару-жарақтың, азық-түлік, киім-кешектің, жорықта тігер жапа қостың есебін алды. Бәрі ойдағыдай екен. Бұған қабағат қуанған ол осының бәрін алдын ала қапысыз дайындатып үлгерген Үнбеге дән ризашылығын білдірді.
—Мен емес, жұрттың өзі де осыған дайындалып отыр ғой, деп Үнбе Низектің арқасынан қақты.
—Сөз бар ма! Енді жұрттың осы ынтасын жерде қоймай, жұдырықтай жұмылып, Табғаш қағанды тәубасына келтірейік,- деді Низек.
Ата-бабаларынан қалған үлкен ақ ордаға тайпа ақсақалдары мен ағамандарын, әскер басыларын жинады. Үлкен ақ боз айғырды құрбанға шалып, аруақтарды еске алып, қанға қолдарын малып отырып анттасты. Ақсақалдар түгел түріктің бас сардары етіп Ашына Низектің өзін сайлады. Одан соң әр ру-тайпаны негіз етіп түмендік, мыңдық, жүздік басшыларын тағайындады. Әр түмендіктің, мыңдықтың жау-жаламда ұстайтын тулары сараптан өтті.
—”МӘҢГІТАС” романынан үзінді


Пікір қалдыру