Садуақас Шормановты бiлемiз бе?
Садуақас Мұсаұлы Шорманов – қазақтың ХХ ғасырдың басындағы елеулi тұлғаларының бiрi. Қазақ халқының iрi мемлекет және мәдениет қайраткерi, қаламгер, әдебиет сыншысы, Алаштың ардақты азаматы Смағұл Садуақасов (1900–1933) ХХ ғасырдың 20-жылдары жарық көрген өзiнiң “Қазақ әдебиетi. Тарихи талдау очеркi” деген еңбегiнде: “Мағжан Жұмабаевтан кейiн хал-қадерiнше көрiнiп жүрген қазақ ақындары арасынан, мысалы, Садуақас Шормановты атап айтуға болады”, – деп жазғаны оның өз кезiнде ақын ретiнде танымал болғанына толық дәлел бола алады.
С.Шормановтың азан шақырып қойған аты – Сахди ибн Уақас. Садуақас Шорманов – 1854-1868 жылдары Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған, Ресей патшасынан полковник шенiн алған Мұса Шормановтың баласы, Орта жүздiң белгiлi биi Шорманның немересi. Садуақас Шормановтың арғы ата-тектерiн Арғыннан бастап өрбiтсек, былай болып шығады: Арғын – Қотан жырау – Дайырқожа (“Көшпелi өзбек ұлысы” деп аталған мемлекеттiң ханы Әбiлқайырдың биi) – Қарақожа – Мейрам сопы – Қаржас – Құлеке – Телi – Анай – Мырзақұл батыр – Сәти батыр – Күшiк – Шорман би – Мұса – Садуақас.
Садуақас 1847-1853 жылдары әйгiлi ғалым Шоқан Уәлиханов оқыған Омбы кадет корпусының тура қарсысында, Ертiстiң сол жағасында орналасқан “Ауыздағы Қаржас” деп аталған қазақ ауылында дүниеге келедi. Садуақас ойын баласы шағында Ақкелiн (қазiргi Баянауыл ауданындағы Теңдiк ауылы) ауылында молдадан дәрiс алып, Құран Кәрiм сүрелерiн оқып, аяттарын жаттайды. Ал ересек бала кезiнде Омбы қаласындағы гимназияда оқиды. Садуақас гимназияны бiтiрген соң, Томск университетiне оқуға түседi. Алайда сырқаттанып, оқуға бара алмайды. Содан кейiн өздiгiнен орыс және араб тiлдерiндегi кiтаптарды оқып, бiлiмiн көтередi.
Садуақас 18 жасында Шыңғыс Уәлиұлының төрт қызының iшiндегi ең сұлуы, өзiмен жасы шамалас, Шоқанның үшiншi қарындасы Нұридаға (1848-1894) үйленедi.
Садуақас домбырамен ән салып, қыран құстарды қолына ұстап, тазы баптап, аң аулап, серiлiк құрған азамат болған. Парасатты, зиялы, iзгi қасиеттердiң иесi Садуақасты елдегi одан жасы кiшiлердiң бәрi қадiр тұтып, есiмiн толық атамай “Сәкен ағай” деп сыпайы түрде атапты.
Садуақас Шорманов өлең шығаруға таланты жеткенiмен, онымен берiлiп айналыспаған сияқты. Әдетте ол өлеңдi оқта-текте, бiр елеулi жағдайға байланысты ретi келгенде бiрден шығарып тастайды екен. Айтпақшы, оның бойында атбегiлiк және құсбегiлiк таланты басым болған. ХIХ ғасырдың 80-жылдары С.Шорманов Ресейдiң жылқы зауытындағы орыс пен араб жылқыларын өзiнiң иелiгiндегi жылқылармен будандастырады. Осылайша ол жылқының жаңа асыл тұқымын шығару жұмысымен айналысады. Осы мақсатпен ол жергiлiктi биелердi Өзбекстандағы Бұхара қаласы маңайынан әкелiнген жүйрiк айғырмен де будандастырып көредi. Кейiн Садуақас Шорманов бұл iстi тоқтатады. Оның өзiнiң айтуынша, орыс және өзбек айғырларымен будандасқан жергiлiктi биелердiң төлдерi кейiн өсе келе қыстыгүнi даладағы тебiндi жайылымға, яғни шөптердi қар астынан тұяқтарымен қазып жеуге икемделе алмаған.
С.Шорманов – бүркiт, қаршыға, лашын, тұйғын, сұңқар сияқты саят құстарының тiлдерiн жетiк бiлген, сонымен қатар олардың жасы мен тегiне қарай аңға деген алғырлық қасиеттерiн айыра алатын, ұя салатын жерлерiн және оларды қалай ұстап, қолға үйретiп, баулудың әдiстерiн бес саусағындай бiлетiн саятшы, яғни аңдарды мылтық атпай құспен ұстап алатын “мылтықсыз мерген” болған адам. 1907 жылы Қазан қаласында С.Шормановтың екi бөлiмдi “Аушы” атты кiтабы басылып шығады. Осы кiтаптың алғысөзiнде ол: “Өз өмiрiмнiң бiраз уақытын әртүрлi саят құстарымен, аң-құс аулаумен өткiзгендiктен, осы кәсiптiң кейбiр егжей-тегжейлi ерекшелiктерi жайында тәуекел етiп, айтуды жөн көрдiм”, – деп жазады. Бұл кiтап Шамситдин қажы Құсайыновтың қаражатымен басылып шығады.
1881 жылы Батыс-Сiбiр генерал-губернаторы Г.В.Мещеринов отставкадағы полковник Мұса Шормановқа Санкт-Петерборға Ресей императоры III Александрға тәж кигiзу жорасы салтанатына баруға рұқсат етедi. Алайда ол денсаулығына байланысты оған бармайтын болып, өз орнына Садуақасты ұсынады. Осы сапарға Садуақаспен бiрге Баянауыл сыртқы округiне қарасты Ақбеттау болысын басқарушы Құсайын Боштаев пен осы округтегi Қараөткел болысының биi, Бәсентиiн iшiнде Бөрi ұрпағы Нөгербек Қазанғапов шығады. Қартайғанда жол ауыртпалығын көтере алмай Нөгербек ақсақал Қазан қаласына жеткенде қайтыс болады.
Садуақас қазақ жастарын оқу-бiлiмге тарту жолында көп еңбек сiңiрген. Оларға жанашырлық көрсете бiлген. Бұл орайда айтарымыз, ол өзiнiң 1887 жылдың 25 ақпанында Г.Н.Потанинге жазған хатында: “…қазiргi күнi Ресей қаласында 30-ға тарта қазақ балаларының оқып жүргенiн” айта келедi де, “…Санкт-Петербор университетiнде оқитын Б.Сырттановқа жәрдем етуiн” сұраған. Ендi осы хатта айтылған Сырттанов жөнiнде бiрер сөз. Барлыбек Сырттанов (1866–1914) Жетiсудың Қапал уезiнiң Арасан болысындағы Қарашоқы деп аталатын жерде дүниеге келген. Ол Верный қаласының ер балалар гимназиясын “өте жақсы” деген бағалармен бiтiрiп шығады. Содан соң Жетiсу облысының әскери губернаторының арнайы қаражатымен Санкт-Петербор университетiнiң шығыстану факультетiне түсiп, оны 1890 жылы бiрiншi дәрежелi дипломмен үздiк тәмамдайды.
Б.Сырттановтың тiкелей көмегiмен Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аюкеұлы Аманжолов, Ораз Жандосов және өзге де қазақ жастары Верный (қазiргi Алматы) қаласының ерлер гимназиясына қабылданады. Барлыбек Сырттанов – 1910-1913 жылдар аралығында құпия түрде қазақ өлкесiн Ресейдiң iшкi отарынан шығарып, оны тәуелсiз республика мәртебесi бар мемлекет құру жөнiнде Жарғы жазады. Сонымен бiрге, қазақ елiнiң тәуелсiз ел болу хақындағы тұңғыш демократиялық конституциясының жобасын жазған қазақ зиялысы. Осы жұмыстардың негiзгi мақсаты – Қазақстанның саяси бостандық алып, Ресейдiң отары емес, Канада, Жаңа Зеландия сияқты доминионы ретiнде танылуын жақтау. Мұндай пiкiрдi Қазан төңкерiсiне дейiнгi Қазақстанда, жалпы қазақ тарихында ол тұңғыш көтерген азамат. Кезiнде оның есiмi тек қана қазақ жұртшылығына ғана емес, сонымен қатар, бүкiл түркi тiлдес халықтарға мәлiм болған iрi қайраткер. Оның ХХ ғасырдың басында көтерген мәселелерi мен ұстанған идеялары осы күнгi өмiрдiң көкейтестi мәселелерiмен сабақтас екенiне таңданбасқа шара жоқ. Дәл қазiр осы жолдардың авторында Б.Сырттанов туралы жинастырылған бiраз деректер бар. Алайда Садуақас Шормановтың Барлыбектi нендей себепке байланысты танып-бiлгендiгi бiзге әзiрше беймәлiм. Айтпақшы, тағы бiр жайт – Садуақастың студент Барлыбектiң болашақта асқан ақыл-ой, парасаттылығымен зиялы азамат болатынын бiлгендей, Г.Н.Потанинге оған жәрдемдесуге өтiнiш бiлдiрген көрегендiгiне де тәнтi боласың.
С.Шорманов 1891 жылы 15 шiлдеде Ертiстiң сол жағасында, Омбы қаласынан 13 шақырым қашық жерде Ресей императоры III Александрдың мұрагерi Николайды қарсы алу құрметiне арналып тiгiлген 20 киiз үйдегi болған салтанатты рәсiмге қатысады. Сонда ол болашақта Ресейдiң соңғы императоры болатын II Николайға алғы және артқы қастарының ойықтары оюлармен безендiрiлген, бүтiндей күмiспен қапталып, түрлi-түстi тастармен әшекейленiп, өте әдемi жасалған ер-тоқымды сыйға тартады.
1894 жылы наурыздың 13-i күнi С.Шормановтың әйелi Нұрида дүниеден өтедi. Артында жалғыз қызы Напиға қалады. Кейiн оның Напиғадан туған Клара мен Роза деген жиендерiнен туған жиеншарлары: Әнел мен Зәуре (Клараның балалары), Қажымұрат (Розаның баласы). Бұлардан кейiнгi ұрпақтар: Әнуар мен Әдел (Әнелдiң балалары), Данияр мен Жанел (Қажымұраттың балалары).
Нұриданың жылы өткен соң Садуақас Айдабол бидiң бесiншi ұрпағы Айтбақының Дүрмән деген баласының қызы Зейнепке үйленедi. Кейiн оның бедеу екендiгi анықталады. Садуақастың ауылында жылқы бағып, бие сауатын орманшы руының Жылкелдi деген кiсiнiң ақылына көркi сай Мәкен есiмдi қызы болады. Мiне, осы қызға Садуақастың көңiлi ауады. Мәкен де оған сүйiспеншiлiкпен жылы шырай бiлдiредi. Бұлардың көңiлдерi жақын екенiн Зейнеп те сезедi. Садуақас 1896 жылы Қазан қаласына сапар шегiп кеткенде, Зейнеп Жылкелдiге отағасы мен Мәкеннiң арасындағы сүйiспеншiлiктi айтып, есебiн тауып оны Баянауланың күншығыс жағындағы Бестауға көшiрiп жiбередi. Садуақас сапардан оралғанда, Жылкелдiнiң отбасымен жедел көшiп кетуiнiң себебiн түсiнгендей болады. Сонда ол Мәкенге арнап өлең шығарады. Әнге сұранып тұрған осы өлеңге әйгiлi әншi-композитор, Садуақастың жұрағат iнiсi Жарылғапбердi Жұмабайұлы әуен табады. Сөйтiп, Жарылғапбердiнiң жаңа әнi дүниеге келедi. Бұл ән – осы кезде халық әнi деп жүрген «Ардақ» деген ән.
Өлеңдегi Ардақ – Садуақас жүрегiндегi Мәкеннiң құпия есiмi. Осы әннiң мәтiнi мен өрнек сазы, әуен ырғағы тыңдаушы жүрегiн баурап алатын ерекше бiр ғажап, қайталанбас ән екендiгiн түсiне бiлген қазақтың кәсiби музыкасының негiзiн салушылардың бiрi, “Қазақ халқының 1000 әнi” атты жинақтың авторы А.В.Затаевичтiң “Ардақ” әнi – жалпы музыка өнерiнiң табысы” деуi де содан. Садуақас Шормановтың “Ардақ” әнiнiң мәтiнiнен басқа Жарылғапбердi екеуiнiң шығармашылық бiрлестiгiнен туған әндер қатарына бүгiнде халық әнi деп жүрген “Баянаула” (“Баянауыл” емес) және Ақан серiнiң әндерi деп саналатын “Әудем жер” мен “Көкжендет” әндерiн де қосуға болады. Осы пiкiрлер турасында нақтылап айтсақ, “Баянаула” әнiн шығарған Жарылғапбердi, ал оның мәтiнiн жазған Садуақас екендiгiн осы жолдардың авторы ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының басында Баянаула жерiнiң тумасы, суырап салма ақын Жүнiсбек Жолдиновтен (1895–1989) естiген едi.
Ал “Әудем жер” әнi туралы айтсақ, оның бiрiншi шумағындағы: “Әудем жер жүре алмаймын аяғымнан, Ұстаймын екi қолдап таяғымнан” деген өлең жолдарын оқи отырып, 70 жасқа жетпеген Ақан серiнiң дәл осындай мүшкiл халге ұшырамағаны есiңiзге түседi. Осы әннiң екiншi шумағының соңғы екi жолында Ақан серi: “Тиынды бiреу берген олжа көрiп, Жүремiн жас кiсiдей дүние жиып” деп өзiнiң қайыршылық жағдайға түскенiн паш етуi де – иланатын жайт емес.
Ендi “Көкжендет” әнi туралы айтатұғын болсақ, бұл әннiң бiрiншi шумағында:
Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы,
Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы.
Жүз үйрек, алпыс қазды бiр күнде алған,
Құс қайда Көкжендеттей қыран шәулi
деген өлең жолдарын оқығанда, осы әннiң Ақан серiнiкi еместiгiне айтар төмендегiдей дәлелдi пiкiрлерiмiз бар.
Бiрiншiден, лашын сияқты алғыр саят құстарының iшiнде көкжендет деп аталатын түрi болады. Сондықтан “көкжендет” сөзi бас әрiппен жазылатындай лашын құсының аты емес.
Екiншiден, Ақан серi ағаш үйде тұрмаған, ал С.Шормановтың бөренеден салынған ағаш үйi болғаны белгiлi.
Үшiншiден, Ақан серi бүркiт ұстағаны болмаса, басқадай саят құстарын ұстап, ұшқан құстарды аулаумен шұғылданбаған.
“Көкжендет” әнi Жарылғапбердi мен Садуақастың шығармасы екендiгiн баянаулалық шежiрешi Кәрiмтай Өкпеұлы қажы да талай рет айтты. Оның айтуынша, ол әкесi Өкпеге (1864–1954) осы “Көкжендет” әнi мәтiнiн Ақан серiнiкi деп оқып бергенде, әкесi: “Қайран, заман-ай! Еш пендеге жазығы жоқ асыл ағам-ай (Садуақас Шормановты айтып отыр – С.Ж.), мал-мүлкiң таланып едi, ендi жүрегiңдi жарып шыққан әнiңдi де талады-ау!” – деп жылап жiбергенi туралы Павлодарда шығатын “Дауа” деген газетте жазылған едi. Бұл газет осы жолдар авторының қолында бар.
Өкпе Дүйсенбайұлы – қыран құс ұстап, оны баулып, саят құрған, Садуақаспен аталас адам. Кәрiмтай қажының айтуынша, С.Шормановтың қолындағы көкжендетi “Бейсенкөк” деп аталыпты. Осы лашын көп жылдан соң өлгенде Садуақас “Бейсенкөк” деген өлең шығарған. Оған Жарылғапбердi ән шығарады. Осылайша, “Бейсенкөк” қазiрде “Көкжендет” деп аталып, Ақан серiнiң әнi боп саналып жүр.
Қаржас руының бiр бұтағы – Жәдiгердiң жетiншi ұрпағы, қысы-жазы көйлек- дамбалшаң, жалаң аяқ, жалаң бас жүретұғын, дуалы ауыз әулие Бейсенбайұлы Жұматай (лақап есiмi – Әбжәлап) көп жылдар Садуақастың үйiнде тұрады. Мұны ұнатпаған оның кейбiр ағайындары: “Сәкен аға, осы бiр диуананы қасыңызда ұстап қайтесiз, тiптi ұят-ақ”, – демей ме. Сонда оларға Садуақас: “Сендердiң бұл екеуiмiзде жұмыстарың болмасын. Бұл Әбжәлап – менiң бүгiнгi жалғандағы ырысым. Құдай жазса, ақиретте тынысым болады”, – дейдi екен.
Садуақас 1897 жылдың қазан айында әкесi Мұсаның этнографиялық шығармаларының, 3280 жол қазақ ақындарының (оның iшiнде Абай мен өзiнiң де өлеңдерi бар) және 178 қазақ мақалының басын қосып, өз қолымен, араб әрпiмен жазылған 163 беттiк жинақты кiтап қылып бастыруға Санкт-Петербордағы мұсылман баспаханасының иесi Iлияс Борағановқа барады. Бiрақ сырқаттанып, барған мақсатының сәтi түспей, қолжазба жинақты сондағы университеттiң профессоры, қазақ тiлi мен әдебиетiн зерттеушi П.И.Мелиоранскийге тапсырып, өзi жедел елге оралады. Қазiр ол қолжазба Санкт-Петербордың Салтыков-Щедрин атындағы көпшiлiк кiтапханасындағы академик А.Н.Самойловичтың архивiнде сақтаулы екенi белгiлi.
Бiржан салдың ақын Сара қызбен айтысында: “Мұсаның бел баласы Садуақас, құтқарған сан қыранды түскен тордан…” – деуi, сiрә, тектен-текке айтылмаған болар. Оның Қаз дауысты Қазыбек бидiң тiкелей бесiншi ұрпағы, әншi-композитор Мәди Бәпиұлын түрмеден босатып алуға қол ұшын бергенi жөнiнде ел аузында қалған әңгiме бар.
Садуақас қарақан басынан гөрi халқының қамын жеген азамат болған. Осы жайлы таратыңқырап айтсақ, Садуақас Шорманов Омбы қаласында 1888-1893 жылдары шығып тұрған “Акмолинские областные ведомости” газетiнiң қосымшалары саналатын орыс тiлiнде “Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям” және қазақ тiлiнде “Дала уалаятының газетi” деген басылымдардың белсендi тiлшiсi болған. Аталмыш газеттер 1888–1902 жылдары аптасына бiр рет шығып тұрды. Мiне, осы газеттердiң беттерiнде Садуақастың қазақ халқының әлеуметтiк жағдайы, шаруашылығы, ел басқару, оқу-ағарту iсi, мәдени өмiрi, әдет-ғұрпы туралы көкейкестi мәселелерге арналған мақалалары басылды. 1989 жылдың шiлде айында осы жолдардың авторы Омбы облысының мемлекеттiк мұрағатынан Екiбастұздың көмiр өндiрiсi жайында материалдарды iздестiрiп жүргенде, жоғарыда аталған газеттердiң әр жылдардағы тiгiндiлерiнен Садуақастың 12 мақаласын оқыған едi.
Ендi “Дала уалаяты газетiнiң” 1890 жылғы 18-санында жарияланған Садуақас Шормановтың бүркiтi туралы Мәшһүр Жүсiп Көпеевтiң “Ғажайып бiр құс заманымызда” деген мақаласын толық келтiре кетелiк:
“Павлодар оязының Ақкелiн елiнiң Садуақас Мұсаұлы Шормановтың Орал тауынан шыққан жақсы бүркiтi бар едi. Халық iшiнде атанған лақабы “Садуақастың шұбары”. Бұл Садуақас Мұса баласының қолында жиырма жылдай салынып, мұнан бұрын iлгергi песiнде бiрнеше жыл салынған құс екендiгi Көкшетау тарапындағы Уәлихановтардың мағлұмы едi.
Сол жануарды өткен 1889 жылдың iшiнде бiреудiң бiр жаман бүркiтi алып қанатын жаралап, ескермей сол жарасымен салып жүрiп жарақатының зақымынан суықта қанаты үсiп кетiп, мән бәгiд салуға жарамай қалды.
“Жаманның кесапаты тиер һәр жерде, жақсының шарапаты тиер тар жерде” деген мақалдың алдыңғысына тура келiп, жылында жиырма-отыз түлкi алмаған қысы кем едi. Бұ тарапта түлкiнiң аздығынан осыдан көрiнгенiн жiбермей алып жүрген, болмаса түлкiнiң көп жерiнде мұнан да көп алатын өнерлi құстардан едi. Жылына он бестен қойып, орташа есептегенде, жиырма жылда – үш жүз түлкi, екi қасқыр алған екен. Және бүркiтпен алған тау түлкiлерi Қоянды уә Қараөткел жәрмеңкелерiнде сақталатұғын түлкiлерден екi есе оңдылығы әр жерде бүркiт салып, түлкi алғызушылардың мағлұмы едi. Бұған бина бұл жиырма жыл ғұмырының iшiнде қылған қызметiн ақшаға арзан қойғанда үш теңгеден түлкi басын есептесек, тоғыз жүз теңге. Оның бұл пайдасынан бөлек алған қызықтығы мехнәт уә машақатының тақа бiлiне тұрсын, бiздiң қазақ халқы бүркiттi пайда үшiн салмайды, қызығына құмарланып, сол үшiн машық қылып ұстайды. Осы жануарды аман отырғанда Ташкент шаһарында уақиғи болашақ выставкаға апарамын деген үмiт бар едi. Ендi мiне, боқ басында қор болып қалды. Дүние шiркiннiң қызығы таудай болса да ақыры бiр осындай болып қалмақ бар екен”.
Тағы бiр ерекше айта кетер жайт, Мұхаметғали Төлебайұлының “Дала уалаяты газетiнiң” 1890 жылғы 19-санында басылған “Қарқаралыдан хат” атты мақаласында: “Газет оқушыларға Баянауладан екi кiсiнiң сөзi ұнамды тиiп, көңiлденiп оқиды. Бiрi – Садуақас Мұсаұлы Шорманов дегеннiң сөзi. Атасы жақсы болған адам едi, жақсының баласы жұртқа жөнсiз сөздi айтпайды ғой. Жөн сөз айтатұғынның тағы бiрi – Жүсiп Көпеев деген. Сөзi, қара сөзi болса да, өлеңмен болса да дәмдi болып, және осы замандағы адамдардың қылып жүрген iсiне тура келедi” деп өз пiкiрiн бiлдiруi – еш шүбәсiз шындық.
Садуақас ақындығы, құсбегiлiк, қоғамшылдық қасиеттерiне сай табиғат сүйгiш эколог та болғанын оның “Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям” (1888-1893) газетiнiң 1889 жылғы №10 санында жарияланған “О вреде палов” (даладағы өрттiң зияны – С.Ж.) деген мақаласынан аңғаруға болады. Бұл мақаланы осы жолдардың авторы қазақшалап, Ақмола (қазiргi Астана) қаласында шығатын “Сарыарқа” атты әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналдың 1992 жылғы № 6 санында бастырған болатын. Және де осы мақаланы Айтжан Бәделхановтың 2007 жылы Павлодар қаласында басылып шыққан “Садуақас Шорманов” деген кiтабының 161-шi бетiнен де оқуға болады.
ХХ ғасырдың басында Ресей үкiметiнiң әкiмшiлiгi қазақ болыстарында қазыналық мектептер ашуға жарлық шығарып, Павлодар уезiнiң Ақкелiн мен Маралды болыстарында 1903 жылы алғашқы бастауыш орыс-қазақ мектептерi ашылады. Бiр жылдан кейiн нақ сондай бастауыш ұялары Баянауыл, Тереңкөл және Шақшан болыстарында да шаңырақ көтередi.
Өз ауылында тұңғыш ашылған мектепке қамқоршы болған Садуақас iнiсi Бiләлдың баласы Жанмұхаммедтiң екi бөлмелi ағаш үйiн тарту етiп, әмбе осы оқиғаға арнап той да жасайды. Бұл оқу ұясын төңiректегi жұрт шу дегеннен “ағаш үйдегi мектеп” деп атаған-ды. Осы мектептiң мұғалiмi шоқынған татар отбасынан шыққан Қазан қаласының оқытушылар семинариясын үздiк бiтiрген Григорий Василиевич Терентьев едi.
1909 жылы Уфа қаласындағы “Шарх” баспасында жарық көрген дiни ағартушы, публицист Әмiреұлы Зейнелғабиденнiң (1881-1920) “Насихат қазақия” атты трактаттар жинағына Абай Құнанбаев пен Садуақас Шормановтың өлеңдерi де енгiзiлген. Демек, Зейнелғабиден Абай мен Садуақасты түркi әлемiне алғаш таныстырушылардың бiрi болып саналады. Зейнелғабиден қазiргi Омбы облысындағы Саға ауылында өмiрге келiп, Уфадағы әйгiлi “Ғалия” атты медресенi тәмамдап, қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысы, Ақжар ауданыңдағы Сиыршы ауылында усули-жадит үлгiсiндегi мектеп ашады. Мұндағы “усули” – тағлым, “жадит” – жаңаша деген сөздер. “Насихат қазақия” кiтабы 2009 жылы Алматыдағы “Орхан” баспасынан “Зейнелғабиден әл-Жаухари әл-Омскауи” деген атпен басылып шықты.
1914 жылы Садуақастың өлеңдерi Уфа қаласында шығатын “Шора” деген журналдың бетiнде жарық көрдi. Және де осы журналда оның татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың “Мия бике” деген өлеңiне байланысты жазған сын мақаласы да жарияланды (қараңыз: Бейсенбай Кенжебаев. Асау жүрек. Алматы, “Жазушы”, 1968. 20-бет).
Садуақастың ұрпақ санатындағы Напиға есiмдi жалғыз қызы Қаржас руы iшiндегi Сатылған – Қоныс аталарына жататын Шоман қажының шөбересi Рахметолла баласы Сұңғатоллаға тұрмысқа шығады. Сұңғатолла – геология-минерология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР-нiң және КСРО мемлекеттiк сыйлықтарының лауреаты Ғинаят Рахметоллаұлы Бекжановтың (1927-2015) туған ағасы. Садуақастың Напиғадан туған жиендерi Роза мен Кларадан өрбiген жиеншарларының бүгiнде бар екендiгi жоғарыда айтылды.
Осы жерде Напиға Садуақасқызының бүгiнгi ұрпақтарына дейiн жазудағы мақсатымыз – осылардың нағашылары боп саналатын Шорман бидiң ұрпақтарымен жете танысып, екi жақты бiрлесiп, түбiнде Садуақастың әр түрлi басылымдарда жарық көрген еңбектерiн және ел аузында сақталған өлеңдерiн жинастырып, оларды үлкен кiтап қылып бастырып шығарса деген ой. Осы ойдың тұжырымды иiнi келгенде, асыл тектi Садуақастай жерлес ақын азаматты мәңгi есте қалдыру шараларын ұйымдастыру – Павлодар облысының бүгiнгi зиялыларының тарих алдындағы борышы деп айтқан болар едiк.
Сөз соңында, Шорман бидiң баласы Әужанның немересi Аспандиярдың қызы Мағмураның қолында сақталған Шорман әулетiне қатысты қолжазба материалдардан ХХ ғасырдың 60-жылдары осы жолдар авторының көшiрiп жазып алған Садуақастың бес шумақ өлеңiмен оқырмандарды таныстырып, әңгiмемiзге нүкте қойсақ деймiн:
Кiшi деп қол жұмсама кiшкенеге,
Кiшi жоқ бұл дүниеде ештеңе де.
Шаңнан – жер, топырақтан – тау тұрады,
Кiрпiшсiз үлкен орда iстелер ме?
Асығу, ашулану – сайтан iсi,
Бұларға жол бермейдi жақсы кiсi.
Кемге – рахым, қазаға сабыр қылар,
Жеңдiрiп ақылына бiлген кiсi.
Денiң сау, аяқ-қолың аман болса,
Баста ми, көкiректе санаң болса.
Сүйiктi алған жарың жақсы болып,
Өзiңе ықыласты адал болса.
Қонақтан қымтырылып қысылмаңыз,
Кiсiге ас беретiн шамаң болса.
Кiсi түгiл өзiңдi жарытпайды,
Әйелiң өзi мешкей, сараң болса.
Балаңның көп болғанмен пайдасы жоқ,
Ақымақ, ақылы жоқ, надан болса.
Жасыңа жетпей бұрын қартаясың,
Астыңа мiнген атың шабан болса…
Серiк ЖАҚСЫБАЕВ,
Екiбастұз қаласының құрметтi азаматы.
zhasalash.kz
Пікір қалдыру