1917 жыл Ресей тарихындағы түбiрлi бетбұрыс жылы болды. Ел дамудың реформалық және революциялық жолдарының бiреуiн таңдауға тиiстi еді. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс қарсаңында және соғыс кезiнде қалыптасқан жағдайлар елдi революция жолына түсiрдi. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс Ресей экономикасының жағдайын ерекше нашарлатты. Өнеркәсіптің басым бөлігі майдан қажеттіліктерін өтеуге жұмылдырылғандықтан, қалаларды азық-түлікпен және тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету қиындады. Соғыс
шығындары көбейген сайын баға да өстi, алыпсатарлық кең өрiс алды. Ресей қоғамында елдi күйзелiстен шығаруға дәрменсiз болып отырған патша өкiметiне деген наразылық
күшейдi. Наразылық қоғамның барлық әлеуметтiк топтары мен жiктерiн қамтыды. 1915 жылы Мемлекеттiк Думаның құрамындағы алты партияның өкiлдерiнен Прогресшiл одақ құрылды. Патша үкiметiне қарсы күресте барлық саяси партиялардың келiсiмге келуi осылайша басталды. Прогресшiл одаққа меньшевиктер мен еңбек тобы кiрген жоқ, бiрақ
олар да партиялардың ынтымақтастық әрекетiн қолдады.
«Ресейдің Штюрмерде, ал Штюрмердің Ресейде не ақысы бар?»
Патша өкiметi 1916 жылы 20 қаңтарда үкiмет құрамына өзгерiс жасады: премьер-министр болып ерекше қабiлетi байқалмаған, бірақ қызметке тиянақты Б. Штюрмер тағайындалды. Бұл қоғамда абыржушылық тудырды. Граф И.М.Толстой сол күндерде: «Бұл православие сеніміндегі неміс баяғыдан белгілі болатын: …қатал адам, ақылы, әкімшілік тәжірибесі бар және сыпайы адам. Бірақ дәл бүгінгі күні немісті премьер қылып тағайындау Ресейде және әскер арасында қандай әсер туғызады деген сұрақ пайда болады. Содан кейін оның православтық екенін және неміс тілінен гөрі орыс тілінде әлдеқайда жақсы сөйлейтінін дәлелдеп көр», – деп жазады. Ал Сыртқы істер министрлігінің экономикалық департаментінің жетекшісі князь Л.В.Урусовтың күнделігіне: «Штюрмер туралы ешбір жерде ешкімнен жақсы сөз естілмей тұр – бүкіл жұрт оны неге тағайындағанын түсіне алмайды және оны өте төмен бағалайды… Петроградтың тоғышарлары Ресейді неміс басқаратын болды деп ашуланып жатыр, алайда бұл түсінбеушілік. Ресейдің Штюрмерде, ал Штюрмердің Ресейде не ақысы бар?». Үкiметке жақын топтар бұл шешiмдi патша Григорий Распутиннiң ықпалымен қабылдады деген ойда болды (құжаттық деректер бұл мәселедегі императордың шешіміне патша-ханымның ықпалы болғандығын көрсетеді).
1916 жылы 1 қарашада кадеттердiң жетекшiсi П.Милюков Думаның мәжiлiсiнде үкiмет елдi қиыншылықтан шығаруға ешқандай әрекет жасамай отырғанын айта келiп, «бұл не – ақымақтық па әлде сатқындық па?» деген сұрақ қойды. Штюрмер патшаға үнемі Мемлекеттік Думаны жамандаумен болды. Бұл үкімет пен Мемлекеттік Дума арасындағы қатынастарды қатты шиеленістіріп жіберді. Ақыры патша 11 қарашада Штюрмердi орнынан алды. Жалпы, соғыстың үш жылында Ресейде төрт премьер-министр ауысты. Бұл өкiметтiң дағдарысқа ұшырауының көрiнiсi болды. Патшаның революцияның қарсаңында жүргізген саясаты Романовтар әулетінің Еуропадағы билеуші әулеттердің «ағартушылық абсолютизмі» деген атауға ие болған тәжірибесінен сабақ алмағандығын көрсетті. Ресей монархиясы елдің қоғамдық өміріндегі өзгерістеріне бейімделуге ұмтылған жоқ, абсолюттік монархияның күні өтіп бара жатқанын түсіне алмады.
Оппозиция монархиялық тәртiптi жою, елдi демократияландыру мақсатымен мемлекеттiк төңкерiс жасауға дайындалды. Әйтсе де төңкерiс төменнен басталып кеттi. Оңшыл топтар мен ұйымдар соғыста жеңiп шығуды және сол жеңiстi қамтамасыз ететiн патша өкiметiн қолдауды ұран қылып көтердi. Либералдық бағыттағы партиялар (октябристер мен кадеттер) соғыс жағдайында Ресейдiң жеңiске жетуiне кедергi келтiрмеу үшiн уақытша монархиялық тәртiпке қарсы күрестi тоқтата тұру қажет деп тапты. Әйтсе де майдандағы орыс әскерлерiнiң жағдайы нашарлаған кезде кадет партиясының iшiнде әртүрлi пiкiрлер туды. Солшыл кадеттер патша билiгiне қатысты қатаң саясатқа көшудi талап еттi.
«Айналам толған сатқындық…»
23 ақпанда (8 наурызда) Выборгта жұмысшы әйелдер Халықаралық әйелдер күнiн атап өтуге арналған жиындарында бүкiл қала жұмысшыларын қымбатшылық пен жоқшылыққа қарсы наразылық ереуiлдерiн жасауға шақырды. Сол күнi Петроградтың көптеген кәсiпорындарында ереуілдер басталды. 27 ақпанда (12 наурызда) социалистердің ұсынысы бойынша Петроград жұмысшы және жауынгер депутаттарының Кеңесі құрылды. Атқарушы комитеттің төрағасы болып меньшевик Н.С.Чхеидзені тағайындады, ал оның орынбасары эсер А.Ф.Керенский болды. Осы күні Мемлекеттік Думаның мүшелері Уақытша комитет құрып, оны М.В.Родзянко басқарды (1911-1917 жж. Мемлекеттік Думаның төрағасы).
25 ақпанда (10 наурызда) Могилевтағы әскери орталықтағы патша Николай ІІ астанадағы жағдай туралы хабар алып, Петроградқа қарай жолға шықты. Жолдағы әртүрлі кедергілерден өтіп, патша 1(14) наурызда Псковтағы Солтүстік майданның штабына келіп жетті. Патша Мемлекеттік Думаның төрағасы М.В.Родзянкомен телефон арқылы сөйлесіп, егер Дума Петроградтағы жағдайды реттей алатын болса, өз тарапынан барлық талаптарға келісетінін айтты. Родзянко жағдайды реттеу мүмкіндігі мүлде жоқ екендігін ескертті. Өйткені, 28 ақпанда (13 наурызда) үкiмет қызметтен кетіп, министрлердiң бiрқатары тұтқындалған болатын. 1(14) наурыздың кешiнде князь Г.Е.Львов бастаған Уақытша үкiмет құрылды.
Николай II патшаға тақтан бас тарту туралы ұсыныс жасалды. Патша майдандардың қолбасшыларымен, өзіне жақын адамдармен ақылдасты, олар тақтан бас тартудан басқа жол жоқ дегенді айтты. 2 (15) наурызда iнiсi Михаилдың пайдасына тақтан бас тартты. Сол күні Николай ІІ өзінің күнделігіне мындай өкінішті сөздер жазды: «Менің тақтан бас тартуым қажет екен. Ресейді құтқарып қалу үшін және әскерді майданда тыныш ұстап тұру үшін мен осы шешімге бел байлауым қажет. Мен келістім. Ставкадан Манифестің мәтінін жіберді. Кешке қарай Петроградтан Гучков пен Шульгин келді, мен олармен сөйлесіп, Манифестің өзгертілген және қолым қойылған нұсқасын бердім. Түнгі сағат бірде Псковтан шіміркенген ауыр сезіммен аттанып кеттім. Айналам толған сатқындық, қорқақтық және алдау-арбау!». Келесi күнi Михаил таққа отырудан бас тартып, бүкiл билiктi Уақытша үкiметке бердi. Осылайша Ресейде монархия iс жүзiнде жойылды (ресми түрде республика 1917 жылы 1 қыркүйекте жарияланды).
9 (22) наурызда Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания, 11(24) наурызда Франция мен Италия Ресейдің жаңа үкіметін ресми түрде мойындады. Осы күндерде АҚШ әскери-теңіз флотының хатшысы И.Даниелс өзінің күнделігіне президент Вудро Вильсон орыс революциясын «жасампаз әрекет» деп атағаны туралы жазған еді.
«Құдай қаласа, бәрі реттеледі!»
Ақпан революциясының алғашқы күндерінде князь Г.Е.Львов осы сөзді жиі айтатын еді. Бұл сөз еңбекқор, білімді, зиялы, адал, халықтың қуатына сенген адамның сөзі болатын. Николай ІІ патшаға дағдарыстан шығу үшін бұрынғы үкіметті таратып, жаңа үкімет құруды ұсынғандардың барлығы да жаңа үкімет басшысы қызметіне князь Г.Е.Львовты атаған еді. Тақтан бас тарту туралы мәлімдеме жасамай тұрып, патша бұрынғы үкіметті тарату және Г.Е.Львовты жаңа үкіметтің басшысы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Алайда, бұл кезде бұрынғы үкімет биліктен айырылып қалған еді, сондықтан либералдар патшадан басқа құжат – тақтан бас тартуы туралы мәлімдемені талап етті. Бірақ Мемлекеттік Думаның мүшелері үшін патшаның аталған жарлығы айрықша маңызды болды, ол биліктің патша тағайындаған үкіметтің қолынан Дума құрған үкіметтің қолына заңды түрде өткенінің айғағы сияқты еді.
Князь Львов басқарған Уақытша үкімет елді Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін басқаруға тиісті болды. Елді басқару түрі мен конституция жасау сияқты түбiрлi мәселелердi Құрылтай жиналысы шешуге тиiстi едi. Уақытша үкiмет 3 наурызда өзiнiң бiрiншi кезекте iске асыратын шаралары туралы мәлiмдеме жариялады. Бұл құжатта саяси және дiни көзқарасы бойынша тұтқын болғандарды босату, сөз, баспасөз, одақтар, жиналыс және ереуілдер бостандығын беру, сословиелік, діни сенімдік және ұлттық шектеуліліктерді жою, Құрылтай жиналысын жалпыға бірдей, тең, құпия және тікелей дауыс беру негізінде шақыруға дереу дайындық жасау, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайлау жүргiзу, тағы басқа мiндеттер белгiлендi.
Уақытша үкімет 19 наурызда аграрлық мәселе туралы қаулы шығарды. Қаулыда жер мәселесін оны біреулерден тартып алу арқылы шешуге болмайды, «зорлық пен тонау – экономикалық қатынастар саласындағы нағыз жаман да қауіпті әдіс», жер мәселесі заңды жолмен шешілуге тиісті деген мәлімдеме болды. 21 сәуірде жер комитеттері құрылды, олар барлық помещиктердің, шіркеулердің және императордың жер иеліктерін есепке алуға тиісті болды, есепке алынған жерлер болашақта халық иелігіне берілуге тиісті еді.
Соғыс мәселесі Уақытша үкіметтің алдындағы кезек күттірмейтін мәселе қойды. Уақытша үкімет халықаралық қатынастардың сол кездегі қалыптасқан дәстүрлі қағидаларын сақтауға тырысты, соғыстан шығу және сепараттық бітім жасау деген ой мүлде болған жоқ, үкімет Англиямен және Франциямен одақты күшейту қажет деп тапты.
Уақытша үкімет қоғамды демократияландыру бағытында бірқатар қадамдар жасады. Барлық саяси тұтқындар босатылды, цензура жойылды, сөз, баспасөз, жиналыс, одақтар құру бостандығы жарияланды. 3(16) наурызда әділет министрі А.Ф.Керенский Петроградтың бітімшілік соттарына халықтың әртүрлі топтары арасындағы қақтығыстық мәселелерді шешетін уақытша соттар құруға қатысу туралы ұсыныс жасады. 12(25) наурызда өлім жазасын жою туралы қаулы шықты. Бұл сол замандағы адамшылық қағидасын енгізген маңызды құжат болды. Әскер мен флотта әскери-дала сотын құру жүйесі жойылды. Мамыр айында жергілікті өзін-өзі басқару мекемелеріне сайлау жүргізу туралы заң шықты. Сайлауға ауданның барлық азаматтары қатыса алатын болды. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге еркіндік берілді. Елде 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Кәсіпкерлік еркіндігі жарияланды, кооперативтер құруға жол ашылды. Патшалық кезеңнің полициясы таратылып, халықтық милиция құрылды. Қалалық, уездік, аудандық және ауылдық милиция бастықтары мен олардың орынбасарларын жергілікті өзін-өзі басқару мекемелері сайлайтын болды. Осы шаралардың барлығы Уақытша үкіметтің демократиялық сипатын көрсетеді.
6 мамырда Г.Е.Львов басқарған үкімет құрамына Петроград жұмысшы және жауынгер депутаттары Кеңесінің өкілдері кіргізілді. Сол күні құрама (коалициялық) үкіметтің бағдарламасы жарияланды. 7 мамырда «Известия» газеті Петроград Кеңесі өз өкілдерінің Уақытша үкімет құрамына енгізілгенін көпшілік дауыспен мақұлдады деп хабарлады. Бұл іс жүзінде елдегі билік қос өкімет жүйесінен заңды бір өкімет жүйесіне өткендігін көрсетеді. Алайда, большевиктерді елдегі негізгі саяси күштердің осылайша ымыраласуы қанағаттандырмады, олар жеке өздерінің билігін аңсады.
Уақытша үкіметтің мүшелері арасында Украинаға автономия беру туралы үкімет мәлімдемесіне байланысты алауыздық туып, 2 шілдеде кадеттер үкімет құрамынан шығып кетті (жеке ұлттарға автономия беру мәселесін Құрылтай жиналысы шешуге тиісті еді). Уақытша үкіметтің Оңтүстік-Шығыс майданда шабуылды өрістетіп, шиеленіскен жағдайды реттеуге бағытталған әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Майдандағы сәтсіздіктерді пайдаланып, большевиктер Уақытша үкіметке қарсы үгіт-насихатты күшейтті. Шілде айында большевиктер Петроградта жарты миллион адам қатысқан шеру ұйымдастырды. Шеру кезіндегі қақтығыс Уақытша үкіметтің беделіне үлкен нұқсан келтірді. 7 шілдеде Львов премьер-министр қызметінен кетті де, орнына А.Ф. Керенский тағайындалды. Уақытша үкімет пен большевиктердің арасында ашық күрес басталды.
«Кешігу – өліммен тең!»
Ленин большевиктер партиясының алдына қарулы көтеріліске дайындалу міндетін қойды. Л.Б. Каменев, Г.Е. Зиновьев сияқты байсалды большевиктер қарулы көтеріліс бастауға қарсы болып, Құрылтай жиналысын күтуді, өкімет билігін зорлықсыз, заңды жолмен алуды ұсынды. Алайда, 16 қазанда Орталық Комитет қарулы көтеріліс туралы шешім қабылдады (19 дауыс қолдады, 2 адам қарсы болды, 4 адам қалыс қалды). Қарулы көтерілісті дайындауды Әскери-революциялық комитет іске асыруға тиісті болды. Алайда, 24-25 қазанда Петроградта болған оқиғалар ауқымды қарулы көтеріліс деңгейіне жеткен жоқ еді. Ленин «Ресей азаматтарына» деген құжат дайындады. 25 қазанда таңертең жарияланған бұл құжатта Уақытша үкімет құлатылды, билік Петроград Кеңесі мен Әскери-революциялық комитеттің қолына көшті деп хабарланды. Алайда, Уақытша үкімет әлі құлаған жоқ еді. А.Ф. Керенский 25 қазан күні таңертең Уақытша үкіметке адал әскерді Петроградқа алып келу үшін Солтүстік майданға аттанған болатын. Ленин большевиктердің алдына Уақытша үкімет майданнан көмекке әскер шақырып үлгермей тұрып, Қысқы сарайды жылдам басып алу міндетін қойды, Лениннің «кешігу – өліммен тең!» деген сөзі осы тұрғыдан айтылған еді. Керенский үкіметінің Жұмысшы депутаттары кеңесінің алдында беделінен айырылып қалуына, Кеңестерде большевиктердің ықпалының күшеюіне генерал Корниловтың бүлігі де әсерін тигізді. Екі жақтан – оңшылдардың және большевиктердің – қыспағына ұшыраған Уақытша үкімет жеңіліс тапты.
Кеңестік кезеңде А.Ф. Керенский туралы өте бір жағымсыз пікірлер қалыптастырылды, сондай-ақ «Керенский әйел киімін киіп, Петроградтан қашып кетті» деген аңыз таратылған еді. Кеңестік «Баспасөз жаңалықтары агенттігінің» тілшісі Генрих Боровикпен өткен ғасырдың 60-жылдарында кездескен кезде, Керенский әңгімесін «Мен Қысқы сарайдан әйел киімін киіп қашқан жоқпын!» деген сөзбен бастаған.
Керенский 1917 жылдың мамырында Уақытша үкіметтің құрамына жұмысшы депутаттары кеңесінің өкілдерін енгізу туралы идеяны ашық айтып, демократиялық партиялардың ымыраласуына мұрындық болған-ды. Петроград большевиктердің қолына көшкен кезде Керенский майдандағы әскерге жеткен еді, алайда оған бірінші кездескен әскерлер бұрын Корнилов басқарған корпустың 3-ші атты әскер бөлімі болып шықты. Керенскийді қолдауға аз ғана казактар бөлімі келісті де, олар Петроградқа бет алды. 14 қарашада олар Гатчино сарайына орналасқан кезде большевиктердің қарулы тобы келіп, Керенскийді ұстап берсе, казактардың үйлеріне қайтуына рұқсат береміз деп мәлімдеді. Керенский мен көмекшісі большевиктердің қолына түскенше, өлімді артық көріп, дайындала бастаған еді. алайда, оларды эсерлер партиясында болған жас жауынгер құтқарып алып, алыстағы ауылға жеткізді. Кейіннен 5 қаңтарда Құрылтай жиналысының ашылуына кенеттен бармақшы болып ниеттенген Керенскийді партиялас әріптестері тоқтатты, бұл қадам Керенскийдің өмірін сақтап қалды. Одан кейін ағылшын елшілігінен серб офицерінің атына паспорт алып, Керенский Мурманск портынан француз кемесіне отырып, шетелге сапар шекті, содан ұзақ уақыт Лондонда, Берлинде, Парижде тұрды. Францияны немістер басып алғаннан кейін Керенский Америка Құрама Штаттарына кетті. 50-60-жылдарда Керенский америка тарихшысы Р.П.Браудермен бірлесіп, Гувер институтындағы орыс құжатттарын реттеп, аударып, жинақ шығарды. Стэнфорд университетінде орыс революциясының тарихы бойынша семинар жүргізді. 1965 жылы Керенскийдің естелігі басылып шықты. Керенский туралы Ресейде шыққан жарияланымдарда Уақытша үкіметтің соңғы төрағасы туралы әртүрлі, қайшылықты пікірлер айтылып жатады. Дегенмен де, бұл адам Ресей тарихында өзіндік орны бар қайраткер екені даусыз.
«Орыс пролетариаты тек қана азамат соғысын тудырады…»
25 қазанда кешке қарай Жұмысшы және жауынгер депутаттары Кеңестерінің ІІ съезі ашылды. Съезде билік, бітім және жер туралы декреттер қабылданды. Онда Ресей соғыстан шығады, демократиялық бітім жасалынады, шаруаларға жер беріледі деп көрсетілді. Үкімет Халық Комиссарларының Кеңесі (ХКК) деп аталды, төрағасы В.И. Ленин болды. Осылайша Құрылтай жиналысының шақырылуына жеткізбей, большевиктер мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде билік басына келді (мемлекеттік төңкеріс революция емес). Большевиктер заңды жолмен өкімет билігін ала алмайтын еді, өйткені халық арасында жақтаушылар аса көп партия эсерлер (социалист-революционерлер) партиясы болатын. Құрылтай жиналысының 707 депутатының қатарында 410 эсер, 175 большевик болды.
Құрылтай жиналысы 1918 жылы 5 қаңтарда ашылды. Я.М. Свердлов «Еңбекші және езілген халық құқықтарының декларациясын» бекітуге ұсынды. Бұл құжатта Ресей жұмысшы, жауынгер және шаруа депутаттары Кеңестерінің Республикасы деп жарияланған болатын. Құрылтай жиналысы көпшілік дауыспен құжатты қабылдамай қойды. Құрылтай жиналысы Кеңестердің ІІ съезінде қабылданған декреттердің күшін жойды. Өзіне қауіп төнгенін сезген кеңес өкіметі Құрылтай жиналысын тарату туралы шешім қабылдады. Осылайша Ресейде парламенттік демократияға, көппартиялы жүйеге өтудің бір мүмкіндігі жойылды.
Меньшевиктердің солшыл тобының жетекшісі Л. Мартов Кеңестердің съезінде сөйлеген сөзінде большевиктердің өкімет билігін зорлықпен тартып алуы демократиялық күштер арасында алауыздық туғызды, бұл азамат соғысына апаруы мүмкін деп мәлімдеген-ді. Г.В.Плеханов та өзінің Петроград жұмысшыларына 1917 жылдың 27 қазанында жазған хатында тап осындай ескерту жасады: «Сіздердің көпшілігіңіз А.Ф. Керенскийдің құрама үкіметін құлатқан және саяси билікті Жұмысшылар мен әскерлер депутаттарының Петроград Кеңесінің қолына алып берген оқиғаларға қуанышты екеніңізге күмән жоқ. Сіздерге ашық айтайын: мен бұл оқиғаларға қынжыламын. Жұмысшы табының салтанат құруын қаламағандықтан емес, қайта соны бүкіл жаныммен тілегендіктен қынжыламын. …Орыс пролетариаты өкімет билігін кезексіз алып, әлеуметтік революция жасай алмайды, ол тек қана азамат соғысын тудырады, ал бұның өзі оны осы жылдың ақпанында және наурызында қол жеткізген жетістіктерінен де тым артқа қарай шегіндірген болар еді….». Бұл жорамал кейіннен расқа шықты, елде азамат соғысы басталды және онда жеңіп шыққан большевиктер Ресейді тоталитарлық мемлекетке айналдырды. Уақытша үкіметтің кезінде Ресей республикасының демократиялық реформалары мүлде жойылды. Адам құқықтары мен бостандықтары тек қағаз жүзінде қалды.
«Зұлымдықты тек қана махаббат жеңеді…»
Е.Г.Львов Уақытша үкіметтің басшысы ретінде патшаның болашақ тағдырын шешуге тиісті болды. Николай ІІ генерал М.В.Алексеев арқылы патша отбасының Мурманск портына жақын жерге баруына рұқсат беруді өтінді, өйткені бұл портта ағылшын әскери кемелері тұрған еді. Патшаның саяси пана ретінде Англияны таңдауы кездейсоқ емес-ті. Англия Ресейдің соғыстағы одақтасы болуымен қатар Георг V король Николай ІІ патшаның туған бөлесі болатын (замандастарының айтуынша, болашақ монархтардың бір-біріне қатты ұқсайтындығы сондай, осы екі баланы кейбіреулер шатастырып та алатын). 6 (19) наурызда Львов келісімін беріп, генерал Алексеевке жеделхат жіберді. Алайда, Петроград жұмысшы және жауынгер депутаттары кеңесінің төңірегіне біріккен саяси күштер бұл мақсатты іске асыруға жол бермей, патшаны тұтқындауды талап етті де, Уақытша үкімет патша мен патша-ханымды тұтқынға алу туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды. Дегенмен де Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі П.Н.Милюков Ресейдегі ағылшын елшісі Дж.Бьюкененге орыс патшасына Англиядан саяси пана беру туралы өтініш жасады. Милюковтың ресми өтінішіне Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі орыс патшасының отбасы үшін қолайлы тұрақ Дания немесе Швейцария болатын шығар деген жорамал айтты. Десе де, 22 наурызда патша отбасы Ұлыбританиядан пана табатыны туралы келісімге қол жетті, бірақ Дж.Бьюкенен патша отбасы дұрыс өмір сүруі үшін Ресей үкіметі жеткілікті түрде қаржымен қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді деп үміттенетіндіктерін айтты. Алайда, Ресей үкіметі тарапынан қаржы мәселесі туралы шешім берілген жоқ, ал ағылшындар жағы бұл мәселені жылдамдату туралы бастама көтеруге асықпады (осы мәселеге байланысты король сарайы мен британ үкіметі арасында орыс патшасының отбасын құтқарып алмағандары үшін бірін-бірі айыптау орын алды). Кейіннен британ құпия қызметі патшаның отбасын құтқару әрекетін жоспарлады, бірақ большевиктердің күшейіп кетуі және майдандағы жағдайларға байланысты бұл жоспар іске аспай қалды. Дегенмен де ешкім большевиктердің патша мен оның отбасының тағдырын аяусыздықпен шешетінін күткен жоқ.
Патша отбасы әуелі бес ай шамасында үй тұтқынында болды, тамызда оларды Тобольск қаласына алып келді. Большевиктер өкімет басына келгенге дейін патшаның отбасына қатты қауіп төнген жоқ еді. 1918 жылдың сәуір-мамыр айларында патшаның отбасын Екатеринбург қаласына әкеліп, Ипатьев үйіне орналастырды. Николай ІІ отбасының бұл жердегі өмірі аса ауыр болды. Олар өз өміріне қауіп төніп тұрғанын айқын түсінді. Патшаның үлкен қызы Ольга өзінің хатында: «Әкем… ол үшін кек сақтамауды өтінеді, өйткені ол барлығын кешірді және олар үшін құдайға құлшылық қылды, және қазіргі әлемдегі зұлымдық бұдан да күшейе түсетінін, алайда зұлымдықты зұлымдық жеңбейтінін, оны тек махаббат қана жеңетінін есте сақтауды өтінеді», – деп жазған.
Шілденің 16-сынан 17-сіне қараған түнде Ипатьев үйінің төменгі қабатында большевиктер Николай ІІ патшаны, патша-ханым Александраны, олардың балалары Ольга, Татьяна, Мария, Анастасья және Алексейді азаппен өлтірді. Олармен соңғы демі біткенше бірге болған дәрігер Е.Боткин, қызметшілер А.Трамп пен А.Демидова, аспаз И.Харитонов та қаза тапты.
Егер тарихқа көз жіберсек, XVII-XVIII ғасырлардағы алғашқы революцияларда ғана патшаны өлім жазасына кесу орын алғанын көреміз. Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы революцияларда монархтар тақтан түскен соң, шетелдерге кетуіне бөгет жасалмайтын. Патша ханым Александраның туған бөлесі кайзер Вильгельм ІІ Гогенцоллерн 1918 жылы тақтан түскен соң, Голландияға кетіп, 82 жасқа дейін өмір сүрді. 1919 жылы Париж конференциясы кайзерді соғыс қылмыстысы ретінде жауапқа тартпақ болған кезде, Голландия королевасы Вильгельмина оны беруден бас тартты. ХХ ғасырда, әлемде гуманизм, құқықтық мемлекет, еркіндік пен бостандық идеялары жеңіп жатқан кезде, Ресей патшасының өзін ғана емес, бейкүнә балаларын да азаптап өлтіру қажет пе еді?
Гүлжаухар Көкебаева,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
egemen.kz
Пікір қалдыру