Қызыл мен көк
Тақсыр тарих
Түсінер болсаң, мұңымды іш,
Арымды менің
итаяқ етті қызыл күш.
Шаңырағымның күлдіреуішіне қан жұқты
Кермектің дәмі,
Жендеттің исі
Қызыл түс.
Дәуірлер туса,
Дүмше бір ойлар көнеріп
кететін еді,
Кетпей-ақ қойды не делік?
Таңертең тұрсам…
Осы бір бояу о, тоба,
О, тоба-ай деші
Құбылды кенет көгеріп.
«Аттандап» ақты
Қызылдар қуды басында,
Өңдегі кермек
Өзгермей жетті ғасырға.
Орақ пен балға
Бүркіт пен күнге ауысты,
Ауысқан екен,
Азаттық деген осы ма?!
Есі сау адам
Еркіндік дей ма мынаны,
Көзіңе қайғы
Көл болып сонда тұнады.
Азатпын дейсің ауаны жұтып
Ал сонда…
Ауадан неғып абақты исі шығады.
***
Сыбызғы сұңқылы
Кеудемнен күй өріп.
Сол үннің исіне
Жаным тұр сүйеніп.
***
Қыркүйек құстарды
Әкетсе көтеріп…
Түнімен шығады
Жапырақ жөтеліп.
***
Өзіңді жарығым
Көрген де кезігіп,
МЕН түгіл көлеңкем
Кетеді езіліп.
***
«Әйелден ер артық…»
Сөз бе осы аталы?
Болғанда қайтер ек
Әйелдің сақалы.
***
Түн суық, батыстан
Соғып тұр үскірік
Күн ертең теректер
Қалады-ау түшкіріп.
Ықылас Ожайұлы
Пікір қалдыру