|  |  | 

Тарих Әдеби әлем

ҮРКІН

Сөз басы. Қарттарды аңсау

Көзінің құйрығында әжім күліп,
Сайратқан қызыл тілді бабын біліп.
Жиналып кешкіғұрым төбешікке,
Қариялар қылатын әзілді ілік.
Аса зілсіз… тек қуып, «алалаған»
Болмаса да кінамсыз дара бабаң.
Ебін тауып құрдасын еңбектетсе,
Қыбы қанып сақалын салаған.
Ұрпақ үшін қаракет қам бағары,
Оған уайым жаңбырдың тамбағаны.
Күрең шайды сораптап сөз қозғаса,
Көкірегіңнің көзіне шам жанады.
Азаматты ардақтар арыс атын,
Қариялар – «қара орман», тоғыс ақыл.
Қалт-құлт етіп сүйеніп асасына,
Жиын-тойда шұрқырап табысатын.
Бұрынғының қарттары-ай сырма шапан,
Саңы ауса саяқсып қырға тартар.
Басында тақиясы, тұмағы жоқ
Бүгінгінің шалдары қырма сақал.
Самайынан суыртпақ қылау ұрлап,
Сайқал заман тұманыт, тұмау ұрған.
Керегенің басында «күні өткен»,

Айналып кетпеймін бе, тұмағыңнан?
Отқа қақтап, дәуірдің желі сүрлеп
Түлкі тұмақ әкелер тері сіңген.
Отағадан қалған сол, жалғыз белгі
Куәсіндей жиырма бес сері түндер.
Тұмақты күтіп киді тұмарындай,
Жастықтың басылмаған құмарындай.
Сол тұмақ қайда барса бірге жүрді,
Өмір жолдас, сыралғы сыңарындай.
Шал да қайтқан. Кезі еді «жылы» өткен…
Астанаға ұл кеткен, қызы кеткен.
Кенже ұлының қолында кемпір қалды,
Ажал тілеп алладан күйі кеткен.
Кәрілік алған жанын емін меңдеп,
Кейуана отыр санансын өлім кеулеп.
«Ескіліктің көзі» деп көгереңдеп,
Тұмақты алып лақтырды келін кердең –
Тусыраған ат қысыр, желін кеуде.
Көбік ауыз келіні қоңды мүсін,
Өзіне жөн, өзінше оңды ісі.
Көз кілегей…бас қалтақ.Еңбектейді
Кемпірің жинап алып соңғы күшін.
Тұмақты ап кеудесіне қыса берді,
Нала толып көңілге құса келді.
Аузы аңқиып… жанары шыныланып,

Шыбын жан тәнді тастап ұша берді.
Бейнет сормен жүреді жарысып бақ,
(Құнтсыз құлақ ақылды қалыс ұқпақ).
Тұмақты жібермеді тас қып ұстап,
Тарамыс кәрі саусақ қарысып қап.
Келіні болған істі сезбеген-ді,
(Құмарлықтың әлемін кезбеген кім?)
Сыртта тосып тұр еді ашынасы,
Жер соқтырып кетуді көздеген-ді.
Кеудесі астам ақылы тапшылау-ды,
«Таптым-ау» деп «еркекті жақсылау бір…»
Тоғыз жылда пұшпағы қанамаған,
Кенже келін ойлаған «бақ сынауды».
Қиындықта жарына ақыл қосқан,
Бақ боп та әйел қонады бақыр басқа.
Сор боп та әйел қонады алтын басқа,
Жазылмаған бұл жайлы жатыр дастан.
Жәудір көзге жымысқы сайтан тұнған,
Сұлулық пен Жауыздық жатырласқан.
Болса алғаның қатынның шарқаясы,
Жығылғанда болмайды жар саясы.
Қызыл бетте ұят жоқ, ар таясы
Айтар әнің болды, зар паясы.
Ғамкүн көңіл, пұшайман қапалықта
Қарақшыдай құр босқа қалқаясың.

…Қарамай алды-артына келін кетті,
Өзінің пайымынша теңі текті.
Өліп жатқан кемпірді көрші көріп,
Сөз тасыр өсекшіні емінді етті.
Кесірлікке келеңсіз пері күлген,
Не күтесің, тірі жан өлі ділден?
Жаһанданып ұрпағы, жалпыланып
Доңғалағы дәуірдің кері жүрген.
Түлкі тұмақ
Жас жүрегін жүретін тіліп уайым,
Көрген күнің қиямет, үміт қайым.
Түлкі тұмақ иесі, аты – Тоқтар
Оқырманға айтайық. Жігіт жайын.
«Құдай берсе, көтерсем ұрпақ тағы?..»
Жалбарынып сұрайтын, мұрсат талып.
Сәбиі тоқтамаған ана байғұс,
Бала тілер «мойнына бұршақ тағып».
Тұса дағы уақыттың десі меңдеп,
Берекелі отбасы несібе енген.
Ырымдап қойған аты Тоқтар-тұғын,
Бұл туған соң ұл мен қыз өсіп-өнген.
Соңына ерді, қарындас-інілері
Әке – шаңырақ дарағы, діңі ме еді?
Құлады ерте…ауыртпалық басып езген,
Тағдырына тұмсайы түңіледі.

«Он алтыншы жыл» келген атышулы,
Елің жік-жік, өзара атысулы.
Мылтық емес, соғысқа күрек ұстап
Әкесіне жазыпты қатысуды.
Құжаттар қат-қат болып тігіліпті,
(Ұлықтың бір бармағы бүгіліп тұр?)
Ұрт майлаған парамен Болыс, «песір»
Көз қысысып өзара тілін ұқты.
Жалғандықтан көңілі түңіліп кіл,
Жалғыздығы сол кезде білініпті.
Түбіртекке уақыты кем жазылып,
«Жарамды» деп «спесікке» ілініпті.
Солай Әке көгінен құлапты арман,
Асыл жар, бала-шаға жылап қалған.
Үшінші мүшелінде аттанды елден,
Жарлы зарын тыңдайтын құлақ бар ма?
Ер жоқ болса ықтырар Езің кімді?
Сабыр менен жігітке төзім құнды.
Көкірегіне айықпас дерт жамаған,
Елге келіп Әкесі көзін жұмды.
Кірпік шылап жерледі жамағайын,
Аласапыран шақ туды ала ғайым.
Шаңыраққа бас болды он үшінде,
Жас жанына бейнет пен жамап уайым.
Коммуналдық түйсікті сана егілген,

Жасанды адам тәй басты «жаңа өмірге».
Дүние – ақ пен қызыл, бай мен кедей
-Атты!-деді, -Октябрь таңы өңірге.
Мал-мүліктің кезі еді «ортаға» өткен,
«Қызылсыз» «ақсыз» қалып аңқа кепкен.
«Мойынсерік» құрылып, «батырақ»боп
Кедейің жалғыз малын ортақ еткен.
Төрт түлікті деп санар бақ тізгіні,
Малын бақса қазағың тапты ізгілік.
«Орта шаруаны» омалтты осы тұста,
«Кәмпескеге»бар малын жатқыздырып.
Ленин өліп…соңыра «мұртты» келді,
Әдейі іс, «нәубет»пенен «жұтты» көрдік.
Соңғы дәнін тартып ап ашықтырып,
Құртты елді…бос қалған тұтты жерді.
Үміт сөнген көздерге үрей қонған,
Солдан жырса біреуі ірейді оңнан.
Тап жауы боп бай-кедей жік боп шықты,
Тілексіздің ісіне түлей қонған.
Сылтау етер ісіне ел теңдігін,
(Көтеріле қалыпты-ау еңсең бүгін?)
«Бес ешкіні» малданған «бөрі құрсақ»,
Күні туды «жау тұмақ» белсендінің.
Саясатпен жымысқы жасқап елін
Үкіметтің өкімі астам еді.

Ерте есейген оң-солын ерте танып,
Тоқтарымыз жиырмадан асқан еді.
Күйшілдікпен жүрмеді күлкі бағып,
Орақ тұмсық қияқ мұрт, ілкі бағы.
Томағасын сыпырып «тас түлектің»,
Құс салатын қиқулап түлкі қағып.
Түсірмеген саятшы салтына мін,
«Қолбала» құс, ел-жұртқа даңқы мәлім.
«Шүрегейдей» ұшқырмен көкпар тартар,
Онсыз болар жігіттік жалқы мәнің.
Тәңірі ырыздықтан тыс қақпаған,
Қолына кетпен-күрек ұстатпаған.
Шыжым жіппен сүйретіп «шырға тартып»,
Қолбаладан баулып құс баптаған.
Шығып жүрген адамдық зайыры аты,
Әділ ер-ді, «ақ- қара» айыратын.
Түлекке отырғызып ырғақтатып,
Ширықтап семіртпей «құс қайыратын».
Дос-жаранын сап қойып «салбурынға»,
Түлкі байлау ғадет-ті тал бұрымға.
Иіріп кеп алдына тастағанда,
Иіліп бек жас сұлу алды ырымдап.
Сол жігіттің көзінен шабыт танып,
Бір сәткілік мейріміне анық қанып.
«Қалауыңды таныдым»дегендейін,

Қыз жіберді кірпігін қағып-қағып…
Жігіттіктің сыпайы жолы байып,
«Көңіліңде қалмасын, болып айып.
Осы жерде «шам жанып», «ымырт түсе»
Жаңасында келесі ай жолығайық?»
Кездескен жер қыстаудың шығыс жағы,
Екеуі бір ауамен тыныстады.
Көз қиығын жігіт бір тастады да,
«Шүрегеймен» ақырын жылыстады.
Қанда ойнап пәк сезімнің асыл әні,
Көңілі толқып тасып басылады.
Түлкі тұмақ тіктірсем деген ойын,
Есті бұла ерке қыз жасырмады.
Көнші шал бітеу сойып теріні алды,
Теріні алғаннан соң «керге салды».
-Қай жігітке бұл тұмақ бұйырмақ?-деп
Әншейін әзілменен тергеп алды.
Қысса да қыспағына қандай сын кеп,
Ғашық жан алған беттен танбайсың бек.
Қуақы шал қутыңдап мұрты күлді,
-Иі қанған кезде кеп алғайсың,-деп.
Бастаңғы
Қимылсыз көктегі ай, шара сынған
Уақыт мимырт мазаң ағасың жай.
Жұлдыздар сәби көзі жыпылықтап,

Бірдеңені бүлдірген баласынған.
Әппақ қар. Ақ теңізде дауыл тынған
Ақ кебін киіп алған сауыр-қыр да.
Ес-түссіз есі кеткен дала жатыр,
Түте-түте…айрылған қауырсыннан.
Бар күна қар астында…түз ағарған
Мұз қатқан сақал-мұртын құз қағар жай.
Табаны тиер-тимес…Түлкі жортар,
Тынайы тыныштықты бұза алар ма?
Қаңтар қарып демімен от кернеген,
Қыс қытымыр кеудесін кек кеулеген.
Аязды түн. Аспанға найза шаншып,
Түнгі жарық сүңгісі көкке өрлеген.
Ай жабырқау сазара тұл беттеніп,
(Қысқа деген қабақта құрмет кеміп).
Ішін тартып қысқы түн тына қалған,
Көмейіне қалғандай үн кептеліп.
Ай-келіншек қабағы шатынайды,
(Шатынайды, құр босқа қатын-айбын).
Кеуде қысып шаңытқан аязды ауа,
Жұлдызды түн жымыңсыз бақылайды.
Қақырап тұр қаһарлы қаңтар түні,
Шілде –арман, жүректің аңсар үні.
Сағынышты сезім бе бір дір етті…
Қыз жүректе көмілген жансар үміт.

Оң жақта қыз ойнайды теңдесімен,
(Жігіт қыздың қоймайды-ау көнбесіне).
«Бастаңғыны» кешкілік сылтауратып,
Қыз осында келген-ді жеңгесімен.
Теп-тегіс дала жатыр қыс қырманы
Сезімге шөлдегеннің ұшқыр жаны.
Қара тұлып жамылған қыз бен жеңге,
Естілді «Шүрегейдің» пысқырғаны…
Жан емес-ті кететін бақтан күсіп,
Есендесті екеуімен аттан түсіп.
Қыз қиылып тұмақты ұсынғанда,
Киіп алды кеудеге мақтан пісіп.
Жеңге әзілдер жігітті кіл қыспаққа ап,
-Мына сайды өрлесең бір қыстақ бар,
Жоралғымды өзіме бер,-дегендей…
-Жолсыз жігіт сығыр ау, қыз құшпақ па?
-Жан емессің, ақылы шолақ мүлде
Бала емессің, тай мініп балақ түрген.
«Бастаңғы» жасап жатқан тамға барып,
Жоқ іздеген «құдайы қонақпын» де.
Жеңгенің айтқан сөзін зейінге алды,
«Кет әрі»емес, қызың да бейімге ауды.
Жеңгесіне «орамал»ырым жасап,
Көзге түспей баспалап кейін қалды.

Өн бойын бір қуат жайды кернеп,
Өзектегі ұмытты жайды кермек.
Таразыдай толқыған санасына,
«Қыз біздікі» дегенді қойды зерлеп.
Сөз қуып ой өргізген сана бағып,
Қисық деген ер еді дара бағы.
«Тамақ» пенен қолтықтас қара тауға,
Жұрт қойған ат – «Қисықтың Қаражалы».
«Малтүгелдей», «Мұрында» болған ата
Ер жігіт – ру мен ел қолғананты.
Аты –Салмақ, ал енді Қисық деген
Жеңгелері еркелетіп қойған аты.
«Ел емес пе ек, өрісті тынысты ерен,
Ақтайық!»,-деп «Атымызды Ұлыс деген».
Романов әулетінің тақ тойына,
Үй тіккізді күптелгенкүміспенен.
Шешендігі сүлейі жақ танылған,
Қолтаңбасы да ерекше бап танылған.
Әдейі арнап Берікбайға, ісмер ұста
Ер шаптырды алтынмен апталынған.
Ел боса да ниеті арам, тұзақ керген
Міндет қой деп керуенді ұзатты елден.
Соңғы патша Мекалай ризалықпен,
«Хансың»деп бір қолына құжат берген.

«Қисық хан»да жан еді парасатты,
Құйтырқысын сезген ғой саясаттың.
Мөр басылған патшаның хат қағазын,
«Бір қажетің болар?»деп ала сапты.
Еріп кетпей даңқтың жетегіне,
«Хан Қисықтай»қызмет ет еліңе!
«Қарадан хан болған»деп жерлепті елі,
«Биесимас»тауының етегіне.
Қыстақ бар… «Қаражалды» асып түссең,
Ел де екі ойлы, ертеңсіз жасып күскен.
«Кәмпескенің» екінші толқыны ұрмақ,
«Қызылың» бағындырмақ басып күшпен.
Жігіт те бұл өңірді білер жатқа,
Адал сезім адамға тілер «хақ» та.
Жолаушыға жол сілтеп қала берді,
«Жосалы»қызыл төбе, «мінер жақта».
Қызыл төбе ақ мамық жамылғандай,
Аңғарып аз тынысты аңырғандай.
Аяқ асты…бұрқатты ақ түтегін,
Табиғат та есебінен жаңылғандай.
Лүпілдейді жүрегі… сағым бағы,
Ақ боран ақ бурадай арындады.
«Шүрегейдің»аяңын жеделдетіп,
Сайға кірді «қамшылар жағындағы».
Бой билеген сол қызға сағыныш па?

(Бұрқасыныңды елемес бағын құшқан).
Ақ түтекке ұйтқыған қарамайды,
Қанат біткен жүрегі алып-ұшқан.
Қыз-қырқыннан көрмепті қалыс қалып,
(Құдайына қу жанын табыстады).
Тұмаға жақын тұрған тамға таяп:
«Құдайы қонақпыз!»деп дабыстады.
Сәлем алғаны естілді бозбаланың,
«Өмір өтіп барады аз баяны…»
Оң жақта бұлғақтаған қыз Құлпынай,
Естіледі жүректі қозғар әні.
Ойында елең, көңілде күйттер мұң көп…
Тына қалды арсылдақ иттер жым боп.
Түсіріп алды аттан ізетпенен,
Бозбала өн-бойында титтей мін жоқ.
Сезінгендей осы үйден таң шуағын,
Тапқандай болды бүгін жан сыңарын.
«Ардақтап өтермін-ау қолға қонсаң,
Қалғанша тамырымда тамшы қаным…»
Бозбаланың көзінен жай аңдады,
(Ал, өзіне әзірге аян бағы).
«Шүрегейін» жабулап ыққа байлап,
Қоржын тамға ақырын аяңдады.
Дәрмені ада, баладай құсы қашып
Сыр бермейді ерлер жақ сұсын ашып.

Көз алартпақ мәртсіздер, тілін жұтты
Бай қызының пәрменді мысы басып.
Тоқтар да жан, ешкімге илікпеген
Жөнсізден «ши шығарып»шүйлікпеген.
Ишарамен қыз өзі төрге оздырды,
(Жаман емес екен-ау билік деген?)
Жат жерде жоқ та емес, көңілде елең?..
(Ән бастауды кім екен жеңіл деген?)
Тоғыз перне қу тақтай қолға тиіп,
Қу-қиқу керней әуен, төгілді өлең.
Сырнайлатып қыз салды сағынышын,
(Бұлғақтаған бұла қыз бағымбысың?)
Еркелігін «Бес Байыс» мәшһүр еткен,
Ғашық- торға түсің бе, «тағы» құсым?
Жігіттер жақ қабақтан сесі кетті,
Өндір өнер кеуілге несібе екті.
Еліткендер тартылар асты ұмытып,
Егіліп есті әуенге есі кетті.
«Қонағымыз» «бір жоғын» тапқандай ма?
Арайлап үміт таңы атқандай ма?
Ақ арманын ақтарып ақ маңдайға,
Қыз жүрекке, ғашық-от жаққандай ма?
Жиналғандар көзінде ризалық бар-
Келісінен «қонақтың» тапқандай мән.
…Беретіндей жан емес жатқа жолды,

Осы түн…қыз екеуі бақта болды.
Тонын желең жамылған қыз: «Қош!» деді
Жігіт таң қылаңында атқа қонды.

Жат жұртта
Араз еді екі жақ «жесір даулы»,
Сөз де жүрген арада есір жау-ды.
Қыз әкесі Қаратамақ естіп қойып,
Пәк сезімнің аяғы кесірге ауды.
Бүгінде пәс көңілі құса қамық,
Мына заман қадамын тұсады анық.
Қаратамақ ел қойған лақап аты,
Тамағында қал бар-ды нысаналы.
Қыңыр шал сыбап берер құдайыңды,
Тіл табам десең ортақ сыңайын біл.
«Мұрынның» «Қыдыр» деген атасынан,
Азандап қойған аты Смайыл-ды.
Сана билеп сайтан ой, бойы қызып
Ізгіліктің ізетті жойып ізін.
Өңмеңдеп, өкіреңдеп, епіреді
Сүргек мінез, одары ойы бұзық.
Лат сөзбен уәжін әдіптеді,
(Баяның жоқ, былапыт бәдік пе едің?)
Батпақты сор, тартпа құй, жылымдайын
Сойсыз сорлы сотанақ, кәдік тегің?

Кеше ғана толысып, тасып жүрген-
«Бөрілінің» сайына қыстап шықты,
Мамырбек болысың да қашып жүрген.
Уақыт солай өзгерді, «қызыл»қысқан
Бүгін саған қатының, қызың дұшпан.
Билік құрды «ақ патша» заманында,
Орыс нақыш үй салып қызыл қыштан.
Ел басқарып, татқан жан сиды қанық
Ол кездері ел тыныш, күйлі халық.
«Он жеті болыс Мұрын» дәуірінде,
Болыс болды мал шашып билік алып.
«Бойыңда қалмады»,- деп, «ізет-білік»
Тәртібін тезге салып түзеттіріп.
Жекелеп үй тіктіріп қамап қойды,
Жалшыға есіктегі күзеттіріп.
Бай сараң-ды, көрмеген малын шашып,
Жырығың – осы шалға барымташы.
Үрпіне ши жүгіртсе де үндемеген,
Қыз болар деп жүретін қарымтасы.
Қатыгез, одары күш, аяр қылық
Бойында бір міні бар «қоян жырық».
Жеткізген қыңыр шалға жайды осы,
Сақ құлақ қалт еткенді қояр біліп.
Байлығының жайы жоқ «мұрты сынар»,
«Қара қос» кеспер толы құрт ұсынар.

«Көк бұқаның» сайында «көк алалы»,
Қыңыр шалдың «тығынды»жылқысы бар.
Қыз Құлпынай арман ғой, сағым күлген
(Құлан тағы болса да қағын білген).
Бай қызынан Жырықтың дәмесі бар,
Өйткені ол, сол жылқыны бағып жүрген.
Жүрсе дағы кеудесін күдік керіп?
Ол дағы ару қыздан үмітті еді.
Қыз әкесі қорқау жан көзі тоймас,
«Қызылдаған» сан рет іліп беріп.
Жілік майы кеберік кәрі кемік,
«Көздің құрты – байлық» тұл, нәрі кеміп
Бәкізе белсендіге қызын бермек,
Шал көңілі өзінше, әріде еді.
Кедейлік көтерілді еңсең бүгін
Қадірлі сауатты жұрт кеңсең, білім.
Кедейліктен басқадай бір міні жоқ,
Күні туған Бәкізе белсендінің!
Алды-артын ойлап шалың пішіп алды,
Астыртын белсендіге «кісі салды».
«Бай қызын алу іс қой арты қиын»
Зерек жас уақыт мәнін түсіне алды.
«Бай-кедей»боп заманың тістеседі,
Бәтуа жоқ қалмады істе сенім.
Дәмесіне дәт қойды сараң байдың,

Аңғарлы жас түсініп ішкі есебін.
Құлпынай – сабатты саз тал шыбығы,
Қауыз жарған төгіліп бал шырыны.
Белсендіміз мүжәлсіз халге түсіп,
Сыпайылап жеткізді қарсылығын.
Мәңгілік тұрмас баста ырыс жырғап,
Бәкіземен әуелде ақ қырыс қылған-
Мамырбек бай болыс боп тұрғанында
Үй-ішімен Жармаға ығыстырған.
Елден кетіп орысша хат таныған,
Пана тауып өзіне жат жанынан.
Мамырбекке тіс қайрап жүрген жігіт,
Намыс қайрап жабысты ат жалына.
Жаңа заман кедейге билік берді,
Бәкізе жан, «ұр да жық» килікпелі.
Жұрт алдында текеріс боқтасыпты,
Мамырбек те «тексіз»деп илікпеді.
Күтіп жүрген сәт күнін, санап айын
Қыз жанына қосылды жаңа уайым.
Жырық та құр жатпады, «қыз айттырып»
Туыс салып араға жамағайын.
Шал солай сабақтады тамыр-кекті,
Тоқтарды «Туысы»,-деп «Мамырбектің!»
Дуан жаққа арызды домалатты,
«Ұсталсын!»-деген сосын, әмір жетті.

Іліктіні кез еді ілкімді ілген,
Көзін тапқан пайданың кілтін білген.
Ту бие атап үй басы жолбасшыға,
Қытай асты жігітің үркінді елмен.
Бір қауым ел қалмаған етер ілік,
Не керек жанға жамап бекер үміт?
Үйін жығып, тең артып көшті үдеріп
Бір-ақ түнде аулымен көтеріліп.
Өрледі көктей өтіп «Құлыстайды»,
Ірге бүтін, «құт қонған» ұлыс жайлы.
«Шағантоғай» өзенін өрлей қонған,
Қалың Мәмбет ішінде тыныстайды.
«Қызыл өрттің»кез болған дауылына,
Мұндағы ел құшақ ашты бауырына.
Мәмбеттің бір баласы нағашы жұрт-
Қоныс тепті «Тоғалақ»ауылына.
«Орыс келді!»деген жоқ, пікір жайып
Мыңғырған мал өріс кең, шүкір жайы.
Шалғынбайдың бет-бедел біткен ұлы –
Нұртаза, кейін болды үкірдайы.
Ақылды, парасатты санасы емін,
Шалғынбай – «Тоғалақтың» данасы еді.
Он алты жасынан-ақ атқа мінген,
Нұртаза 1 – дүйім жұрттың панасы еді.
Заман-тұғын бақ құсын білімді ілген,

Ел аузына атыңды іліндірген.
Мектеп сап «Рүштидей», сауабты ісі
Араб, парсы, шағатай тілін білген.
Ел есесін жібермес жатқа жоқтап,
Әділ, шыншыл ер еді, датқа тоқтар.
Құлақ түріп батысқа шығысқа да,
Асан қайғы, Абайды жатқа соққан.
«Қотаншы», «Сары тоғай», «Қаракемер»,
Оқыған жұрт ерлері дана келер.
Отыраққа үйретіп егін еккен,
Ел ертеңін ойлаған, дара кемел!
Шақырды қол астына жайын біліп,
«Жиенсің»деп жеткізді, жайын күліп.
«Қара қосқа жылқышым бол, 2 қарақ!» деп,
Сөзін қорытты Нұртаза, пайымды ілік.
Жігер жанып көрсетсең табандылық,
Жат жерде сыни көзге, бағаң білік.
Сұрады ондағы елдің жай жапсарын,
Сөз етіп әңгімеге заманды ілік.
Көркімен баурап алар қынай белді,
Нұртаза келбетті жан, рай өңді.
Жиренше жіпсік мұрты жарасымды,
Бидайы келген қызыл шырай реңді.
Тапқандай болды Тоқтар жанашырды,
(Береді мұндай сәттің бағасын кім?)

Таң бозынан жылқыға «суыт» кетті,
«Нағашы-жиен» болып жарасымды.
Нұртазадай көрмеген бауырмалды,
(Жалғызілік жотасы жауыр жан-ды).
«Қалыңмалдық» тұяқ жоқ, «ортаға» өткен
Басында бар осындай ауыр хал-ды.
«Тоғалаққа» бұл жігіт жиен еді,
(Қыз Құлпынай түсіне жиі енеді).
Малға өріс, жұртына қоныс алды
Нағашыға әманда ер сүйенеді.
Мамыр туған. Қағады түз қанатын
Таң ызғарлы қолқаңды сыз қабатын.
Оқыранып жануар дыбыс берді,
«Қызайдан келген»дейді, «Қыз қара» атын.
Тәлімді еді Нұртаза сойы биік,
(Уайымы жігіттің қыз, ойы күйік).
«Соқыр»деген жүрісті ат, барымталық
Қабағы сынған екен сойыл тиіп.
Оңашада тартқаны ұдайы зар,
(Жыртық үйдің қашанда құдайы бар).
«Ерулі-қарулы» боп дәм татысып,
Осы жұртқа сіңгендей сыңайы бар.
Көп жүрді жүрегінде жалын бұғып,
Сырлас та жоқ тұратын халын біліп.
Қол қысқа. Заман қыспақ. Жылап қалған

«Қалың» төлей алмайтын қалыңдығы.
Сартап болған сағыныш санасында,
(Ондай жанды іздесең табасың ба?)
Ат шідерлеп кешқұрым ойға батты,
«Шалғынбай» көлінің қап жағасында.
… «Көктемжылап, көңілдің күзі күлген
Ақ балапан айдында жүзіп жүрген.
Айдың әппақ малынып сәулесіне,
Сағындым ғой, әніңді үзілдірген.
Өзің жоқта тыңдаймын дала үнін,
Мұңға оранған жанымда нала күліп.
Санасызға әніңнің керегі не,
Сазына орап сарғайтар саналыны?
Қара барқыт мына түн, тымық қандай?
Сезім сөнді сығырай…үміт жанбай.
Жарық етер түнімді өлең отым,
Жүрсем болды жадыңда ұмыт қалмай.
Тұл тағдырдан сорыма не тіледім?
(Шеті кеткен сәтен бұл сетінеді)
Сырнайыңның сазына еліткенде,
Мені есіңе ала жүр, өтінемін?..»
Сағынышпен осылай күндер көшті,
Ал жігіттің құсадан сүлдері өшті.
«Құлпынайдың әні» деп жетті әуен,
Сағыныш сазы басым үн көмескі.

Көңілінде қозданып сөнгенде үміт,
Күйсіздікке шарасыз сөнген күлік.
Әйгілі Керімбайдан 3 үйреніпті,
Әнді айтқан «орыстан келген» жігіт.
«Орыстан келген»жігіт – Ошман 4 -ды,
Өзі палуан, жылқышы қосы әнді.
«Сәбетке» «контробан» тартады екен,
Бес саусақтай біледі осы маңды.
Тоқтарға сөз сөйледі қатты тергей,
«Жігітім, жүр екенсің бақты көрмей!
Алып қашып келсеңші, қыз ауылы
Күзекке аумады әлі, «Қақтыкөлде».
Ел тірлігін Ошман әңгімелеп,
Білгенінше жеткізді мәнді дерек.
-Кәделеп түсіріп ал, «қалыңсыз»-ақ
Махаббатың орыны мәңгі бөлек.
Жоқ баяғы көңіл жай, емін халық
Ішірткі ішкізді елге сөгіңді алып.
Мамырбек Бәкізені өлтіріпті,
«Мойнақтың асуында» кегін алып.
Текті затты, тататын таңдап соны
Сақ болса да, тұратын аңдап соңын.
Жер аударды Сәбеттің «үштік соты»,
Шақыртып ап, Қытайдан алдап соғып.
Бұл заманға не дерсің кері кеткен?

«Атқа мінген» адамға кегі кеткен?
Жалғыз ұлы, кемпірі ар жақта қап,
Жәкула 5 да атысып бері өткен.
Жеті басты айдаһар күш алыпты,
(Тұл тағдырға Алла ара түсе алып па?)
Тірі айрылып жалғыздан жыл өтпей ақ,
Жәкулаңызкөз жұмды құсалықтан.
Бұл күнде байлық пенен атақ күндік,
Шадыр кеп шу асауға шатақ міндік!
Тойке қажы ұрпағы Ақшайық би,
Шәушекте кешіп жатыр «жатақ»- тірлік.
Болыстық қып би болған жарқын Ер-ді,
Ақшайық тар заманда талқы көрді.
«Биесимастың» шығысын дауда жеңіп,
Кеңейткен-ді іргесін «Малтүгелдің».
Дәм-тұзы таусылмапты татар әлі,
Ақтаңгер биден елі бата алады.
Дауға түсіп мұнда да билік айтар,
Ал сол тау «Ақшайық»деп аталады.
Шешен еді тілі ұшқыр ойға қанық,
Қарымымен қанатын жайғаны анық.
Көршісінен жер алу үрдіс болған,
Ақ патшаның билігін пайдаланып.
Ірге сөгіп етпейді ел бекерге елең,
Тастау қиын сол жұртты мекендеген.

Ақшайықтың сөзі екен Башбайға 6 айтқан:
«Бошалап кеп, боталап кетем!»деген.
Болмапты елге жайлы «қызыл таңы»,
Ән болып хатқа түскен қыз іңкәрі.
Кешкіқұрым…жұпыны қара қоста,
Жан ерітер сазды Ошман сызылтады:
«Өліарада» айы жоқ, түнек күзде
Ғашық жан сағынышпен күн өткізген.
Өкініші өтеусіз қыз наласы,
Жүректің қылын қозғап, дір еткізген…

Қыз Құлпынайдың әні:
«Жағасы «Қақтыкөлдің» жосалы қоқ,
Кіл мықты шыққан тегім, осалы жоқ.
Сал сері серттен таймас саңылағым
Сағынтып қайда кеттің, ошарың жоқ?
Сарғайып Шолпан туар сары таңнан,
Сөйлесем тілім шешен балы тамған.
Бір көрсем сүйгенімді арман бар ма?
Ғашықсыз өткен күннің бәрі жалған.
Ауылым «Қақтыкөлдің жағасында,
Бір күйі домбыраның сағасында.
Тағдырдың байлауымен алыс кеттің,
Сүйгенге титтей кіна тағасың ба?
Тырнасы «Қақтыкөлдің»тыраулаған,

Сені ойлап көздің жасын бұлаулағам.
Басында билік бар ма ұрғашының?
Тағдырым тезге салып бұғаулаған.
Жағасы «Қақтыкөлдің» шақатты бел,
Төкінім «Бес Байыста» атақты жер.
Дұшпанның жаласымен жатта жүрсің,
Өмірім сенсіз жалған лақатты көр.
Астыңа мінген атың «Шүрегей»-ді,
Қойныңа ал дейді әкем бір өгейді.
Тәнімді өзге иіскеген балық жесін,
Көңілім өңге жанды тілемейді.
Қырлары «Қақтыкөлдің»қарағанды,
Қыз бейшара қашанда нала жанды.
Өз әкем көз жасыма қарамады,
Қан толып жас жүрегім жараланды.
Көлемін «Қақтыкөлдің»тау қоршаған,
Ғашыққа шек болмайды жау болса да.
Қалғанша ақтық демім бір соғарсың,
Сүйгенім жау оғынан сау болса аман.
Суда ойнар «Қақтыкөлдің» үйрек-қазы,
Жүрсің ғой тіл-хатыңды сирек жазып.
Қызғыш құс саған ғана мұңымды айтам,
Көңілімнің өзің жоқта күйрек назы».

…Қыздың әнін осылай тыңдап алып,

Көкірегін отырды мұңға малып.
Дәрменсіздік дерт болып қалшылдайды,
Өн бойында қалғандай «жын» қамалып.
Қатынар жолын білген, тек араға
Ошман ғашық жанды неге алалар?
«Алып қашпақ!» Осы ойға бекінді анық,
Қарулы әскер тұрса да шекарада.
Қатын теңдік алған соң жау әкең де,
Шаңыраққа қыз кесір, дау әкелген.
Шолпан туа азанда аттанбақ боп,
Екеуі бел байлады тәуекелге!

Аттаныс

Екі ел ара барыс пен келіс қиын,
Ақыл қосып келісті тоғыс- түйін.
Көзге ұрып тұрмайтындай екеуінің,
Ат әбзелі, кигені «орыс» киім.
Сұм өмір азабың көп саналы ерге,
Кең төсін ұланғайыр дала керген.
«Құлыстайды»қақ жарып «Еміл» – ару,
Ырыс-құтын құяды «Алакөлге».
Алла өзіне бұйырды бір сынағын,
«Еміл»бойы нар қамыс қыр тұрағы.
«Құлыстай» мұңғылша айтсақ, «қамысты» жер
Ат пысқыртар бапанның бұрқырағы.

Қарқарасы қалбағай «Тоқта», «Барлық»
Жауда қалса жетімсіп жоқтаған жұрт.
Төрт түліктің сүмесі сорғалаған,
Қабанбайдай Дарабоз тоқтаған жұрт.
Бір керемет сыпайы сабыр басып,
Қойындасқан тау-жота, адырласып.
Терістігі «Сауыр» мен «Майлы», «Жайыр»
Артта қалды «Ерен» тау «қабырғасы».
Сезім-қобыз құлағын мың бұраған,
Көңілінің жайы бар құлдыраған.
Сағым ойнап сұлбасы мұнарланып,
Түстікте «Бұратола» бұлдыраған.
Пешенелі қу тірлік, іс тірнегі
Өкініші өзекте, іш «кірнелі».
«Тоқта», «Барлық» тауына ұмсынады,
«Тарбағатай»тұмсығы үшкілденіп.
Үзілмейді сар самал сіңісті жел,
«Құлыстайың» құлазыр күністі бел.
Жолбасшысы Ошман, ысқаяқ жас
«Контрабан» тартатын «жүрісті»ер.
Көз ұшында «Жайтөбе»мұнартады,
(Ынтық жүрек жар құшпақ, құмартады).
Шекараға түн жарым суыт жеткен,
Ошман да ер екен шын арқалы!
«Қатынсудың»бастауы қорыс қалың,

(Жалғыз құдай ісіне болысты анық).
Пулеметі от шашқан қызыл әскер,
Еркін билеп алыпты қоныстанып.
Тағдыры ғашығына зарық етті,
Ғұмырын осы қызға тәрік етті.
Аттары тұяғына байпақ киген,
Қамысты сатырлата жарып өтті.
«Қатынсу»өзеніне шаша жуып,
Аттар мазаланады маса буып.
Әскерің де беймарал, бейқам күйде
Жақын қалды «Жақпартас»таса жуық…
Жөн болыпты қойғаны атты баптап,
Өн бойында жүгірер шапқылап қан.
Қорықпайтын жан болмас, деген рас
Шарасында жүрек тұр атқылақтап!..
«Күн белгілеп» келіскен ұдайы өтер,
Ошман да танытты сыңай бекем.
Тұтқынға алса босатар пәрмені бар,
«Қара Рақым»дегенмен сыбай екен.
Жайқалады мініп ап сән күлікке,
«Иіс шалған» күйшілдеу, әңгүдіктеу.
«Шала қазақ» қылаңдау болушы еді,
Қаралығы тартып тұр, «зәңгілікке».
Бас пайдалы мықтылау есеп жағы,
(Мұндайлардың болады кесек бағы).

Орақ мұрын, кемиек ұстыны да,
Қырық шұрық қорасан шешек дағы.
Кәззап еді ол, жүретін құлқынды ойлап,
Пайда үшін жіберер жұртын жайғап.
Өзі келген олжадан ортақтасып,
Нәшәндіктің де отырар «мұртын майлап».
«Жайтөбені» бөктерлей жылыстады,
«Барқытбел» оған жалғас ырыс бағы.
«Ұры шатқа»жеткен соң шәугім асып,
«Отқа қойып» аттарын тыныстады.
…Ат басын бұрды «Үржар» базарына,
(Түспегендей бөгденің назарына).
Жұрт салыңқы қайнаған «қан базар»жоқ,
Бел буған екеуі Алла жазарына!
«Үржар» дуан, «қызылға» қосқан үнін
Қалың тоғай… қарымта тосқан «жырын».
Ойпатына иірсең, жан-жағы жар,
Сиып кетер, Қарабай «тоқсан мыңың!»
«Барқытбелден» мың бұлақ құлдыраған,
Шолпы таққан арудай сылдыраған.
Жалғыз сәтке жәннатқа енгендейсің,
Қайғың қашып қабақтан мұң құлаған.
Сап түзеген әскердей теректері,
«Тау қыраны» мұнда бар, «ерек бөлім».
Жазалаушы комсомол отряды,

Білгің келсе айтайын дерек, тегін.
Табиғатқа келгенмен сүйінгісі,
Келеңсіздік басады күйін кісі.
Көзге ұрып тұр, бекінген Отыншының 7
Өртке ораған шіркеудің үйіндісі.
Саясатты безбенді таразы қып,
Қазақ деген емес қой, саны аз ұлық?
«Думада мандаты жоқ қазақтың?»деп,
Отыншыңыз көрсеткен наразылық.
Азаматқа білетін өз бағасын,
Семей соты қалмаған өзге аласы-
Үржар жаққа бес жылға жер аударды,
Жақпаған соң патшаға көзқарасы.
Адам еді, ғұмыры таласта өткен
Білімімен зиялы ел санасқан тең.
«Құрылтайда» Үкімет мүшесі боп,
«Он бестің» бірі еді, «Алашқа» өткен.
Қантөгіске берілмес жаңыс баға,
Ерлер де көп қатардан қалыспаған.
«Переселен» көп мұнда, «қазақ-орыс»
От қарудың күшімен жаныштаған.
Малын алып қазақты тұлдыр еткен,
Не дерсің болашағы бұлдыр көпке?
Құйрық майды «көр-жерге»айырбастап,
Ошман да шаруасын тындырды ептеп.

Еңбектенсең, қайтармас меселеңді
Тәңір сиы – табысы, еселенді.
«Ондағы ел бір шұлыққа қой береді»,-
Түгенделді Ошманның есебі енді.
«Бар»деп ойлар әсілі бір қараған,
Он қой өріп шықпайды бір қорадан?
Ошманның тапқаны құралмайды,
Аузын ашқан артында «бір қора жан».
Өмір қатал жүргізбес дәйім күліп,
Көкіректе, өлеусір уайымды үміт.
Ол да өзіндей «орыстан ауып келген»,
Бір-бірінің танысқан жайын біліп.
«Шүрегей»де танытты анық бабын,
Туған жерде пәс көңіл шарықтады.
Аңшы ағасы бар еді, жамағайын
«Ақшәуліге» ат басын бағыттады.
Екеуі аңшы үйіне қонып шықты,
Қыз жайын ел жайын да танып, ұқты.
Сыртқа төсек салдыртып жата кетсе,
Таудың саф ауасына қанығыпты.
Екеуі дән риза қос күлікке,
«Борлы» бойлап, аял ғып «Қосжігітке».
«Шүрегейді»мінгізіп Ошманды,
«Қақтыкөлге» жіберіп, тосты үмітпен.
…Айдынында «Қақтыкөл» қаз ойнайды,

Су қайтқанмен қызығы азаймайды.
Қыңыр шалың күзекке көшпепті деп,
Қыз елінің жай-күйін бажайлайды.
Ошман да жігіт қой өзге затты,
(Бір көргеннен түседі көзге жат сұр).
Қыз жеңгесі танып қап «Шүрегейді»,
Сыр аңдып қалжыңменен сөзге тартты.
-Сағы сынып Еркемнен мауық қашты
Елдің де айтар сөзі көп, алыпқаш-ты.
Оқшау тұрған ақ үйдің алынан өт!
Тым құрыса, атын көріп мауық бассын.
Мінезге бай сөзінің дұрыс мәні,
(Жеңгесімен жөн болды ұғысқаны).
-Түн ортасы болғанда шығамыз,-деп
Нұсқады қара тауды шығыстағы.
Бақ пенен сор маңдайда, қыз «қаспағы»
«Қозы күзем»қадамын күз бастады.
Сусын ішті де ат басын өрге салып,
Жүргіншідей суыт бір із тастады.
«Жырық» та жалпақ жұртқа сырын бермей,
Иемденген қызды сырт «ұрынды» ердей.
Жылқыға өзі кетсе жайы оң емес,
Қыңыр шал да құрыққа ілінгендей.
«Жырығың»да жырынды сес қылықты,
Үйір жылқы жоғалып қос былықты.

Қыз берер уағдасын шажағайлап,
Қаратамақ «күйеуді» тостырыпты.
Дүние боқ алдына бас ұрғаның,
Бағлай білмес әсте асыл мәнін.
Бір үйірді бөліп ап кештете айдап,
Мәлім болды Қытайға асырғаны.
«Көздің құрты» кісінеп күлдірлі арман,
Сая таппай сараң шал ділгір қалған.
«Ортаға өтсе» ақымды бере алмас деп,
«Жырығыңның» жайы бар «бүлдіргі» алған.
Жан-жағынан анталай қыспаққа алып,
Шығармайды ешкім де ұшпаққа анық.
«Қыз берем» деп «арғы бетке» кісі салды,
Береке таппас биыл қыстап қалып.
Ниет қылған бай қызына тонды да бар,
Қарын байлық жинаған қаңды да бар.
Тоқалдыққа алудан дәмелі бар,
Болмай-ақ тұр әзірге, оңды хабар.

Қақтыкөл. Қыз қашқан түн
…«Қарашоқы» басында қос оба бар,
Қос обаны қос жігіт тасалаған.
Қараңғы түн қалғыған қыз ауылы,
Алақандай көрінер осы арадан.
Жайы бар Құлпынайдан дерек білген,

Қыз құшпаққа жүрек тұр өрекпіген…
Ерні шыт-шыт..дала ару аңқа кепкен,
Бұлтты қуып озандап жел екпіндер.
Бақсыдайын билеген шалық бойын,
Тәңіріне табынып танытты ойын.
Күтір-күтір шайнайды «май сасырды»,
Қос сәйгүлік құлағын… қағып қойып.
Қызғаныш-кек жүрегін жосалаған,
Есі еркіне бағынбай бошалаған.
Шыбын жанын түйіп ап шүберекке,
Тәуекелге бара ма, осал адам?
«Барқытбел», «Ақшәулідей»сеңгірді асқан,
Жігітіңнің бойынан дегбір қашқан.
Қайын атадай қыз бермес, түнеріңкі
Қарақошқыл тұлданған зеңгірлі аспан.
Ішін тартқан…бойында салқын айбын,
«Қақтыкөлдің» айдыны жарқырайды.
Мезі болған қызды ауыл кемпіріндей,
Қоға ішінде қара үйрек барқырайды.
Дала назды, орындалмады ен тілегі
Бұлт басында тусырап мөңкіп еді…
Сойыл тиген саяқтай басын шайқап,
Түте-түте…шоқпыт бұлт жөңкіледі.
Қыз қабақ пен Табиғат теңеліп тұр,
Үйден қашар бақытқа кенеліп кім?

Шарқая шайпау қатын мінезіндей,
Көлдің суын сапырған желеуіт түн.
Басылғандай тұрған сол үміт күйлеп,
Қапылыста бүркіттей бүріп тиген.
«Жырықтың» қолына түсіп қалмады ма?
Жөнсіз ой тұр санасын күдік билеп?
Өзін іштей қояды жазалы етіп,
Жегідей жеп күтудің азабы өтіп.
Сыбап жатыр уақытты «өреленген»,
Дегбір қашқан қу жаннан маза кетіп.
Жіберетін көңілді ғазал етіп,
Ұлан жаздың кетіпті-ау, базары өтіп?
«Жылқышы құс» ысқырып әлсін әлі,
Балдызымсып қояды мазақ етіп.
Сезімдердің сенімді ақтығынан,
Санамайды сүйіскен бақты күна.
Баз уақытта қос атты көзі шалған,
Жігітіміз айрылды сақтығынан.
Жел тыншыды екпінін баяулата,
(Өтпес уақыт күткенге ой аулатар).
Сатырлата құлатып қорым тасты,
Құлап-тұрып жүгірді, жаяулата.
Қыз Құлынай да атынан құлай берді,
(Ғашықтардың көз жасын құдай көрді).
Көрген азап жанардан жас боп ыршып,

Бір бірінің хал-жайын сұрайды енді.
«Қарашоқы»қабағы ашылмады,
Пәк сезімнің байлықтан асыл мәні.
«Сүт пісірім» өтсе де екеуінің,
Өкінішті өксігі басылмады.
Тағдыр неге екеуіне өктем едің?
Осы ма әлде, өмірдің өткелегі?
Жылап жүріп жеңгесі «төркінсый»деп,
Қос қоржынды екі атқа бөктереді.
-Әкең сықпар, «Қарабай» ұрты майлы
«Алам» десең, сүйегі сырқырайды.
«Көкаладан» тигені «Бозшолақ» деп,
Аттандырды жеңгесі Құлпынайды.
-«Бозшолақты»мінсін деп берді ағасы
«Бес Байыстың» ол дағы бел баласы.
Барған жерге аяулы келін боп сің,
Беретін болсын саған ел бағасын.
-Жастық өтті бейуаз, желкем-желең
Өмірімді өзің ең көркемдеген.
Қысас түнде қыстыққан Жеңге Үні:
-Қош есен бол, еліткен Еркем!-деген.
Жел басылды, өзгертіп түн райын
Ұяламас бір басқа мұң ұдайы.
Түнге сіңіп кеткенде үш салт атты,
«Қарашоқы»сырт беріп қыңырайды.

Қыз Құлпынай емес пе, ердің теңі?
Қыз әніне жігіт те келді сеніп.
Жат жұрттыққа қыз берген анадайын,
Өкініш-назға толы, Көлдің демі.
Жігітті тойда емес, жолда сына
«Бозшолақтың» тайпалды жорғасы да.
«Қақтыкөл», «Қаратамақ» қалдың-ау?- деп
Тырс-тырс тамар қыз жасы ер қасына.
Қыз тапса да өмірде шын сыңарын,
Кетерінде қабақта мұң сынады.
Сыбызғының сазындай баяу ғана,
Түнгі ауаға жайлар сыңсыған үн.
Әйнектей шатынаған сызат-үміт,
Беймәлім болашағы «қыз артының»?
Аласапыран, алакеуім шақ болып тұр,
Арман не, «қолдан кетсе» ұзатылып?
Қыз Құлпынай елінен жылай кетті,
Көз жасымен кірпігін шылай кетті.
Әкенің де кесіксіз келешегі,
Шеше алмайсың кигізген құдай «кепті»?
Еркелетіп отырар: «Шекерім!»деп
Бақұлдаспады анамен кетерінде.
«Мәмбетке» «сіңбе Мұрын» барар жері,
Келеді екі ұдай ой жетегінде.
Жігіті де ез емес, айбаты бар!

Өзінің де сенеді қайратына.
«Қалыңсыз қыз» атану қиын екен,
Дей алмайды: «Қырық тоғыз айдатып ал!»
Әзиз ана бәрінен артық көрген,
Суыртпақтап бірер сыр тартып көрген?..
Жасырған анасынан жалғыз сырын,
Қос қоржынға жеңгесі артып берген.
Тереңіне құмарлық баттың ба шын?
Азабы мен ләззатын таттың ба шын?
«Қозыкөш»ұзаған соң «Қақтыкөлден»,
Шығысқа бұрды үшеуі аттың басын.
«Ортақ қазан», «ортақ мал», санаң да ерсі?
Қан саулайды қазағым, жараң да емсіз?
«Мойынсерік» кәрі-жас «саужой»оқып,
«Құты қашқан» мал қалмай, далаң да елсіз.
Бұрқыратып құйын жел топырағын,
Шаң қауып қыстағында отыр әлі.
«Белсендінің» мінгені ыңыршақ кер,
Сиыр жеккен соқаға «батырағы».
Көкке қарап көкбөрі ұлыған құр…
Кек жайлаған өн бойын, сұры қанды.
Сай жайлаған сағалап «үркін» күтіп,
Кешегі бай, ал бүгін «ұры, банды».
Арқау болды Құлпынай, асыл әнің
Қос ғашық бас қосуға асығады.

Салқам желген шоқырақ…үш көлеңке,
Мүжәлсіз түн құшаққа ап жасырады.
Маңдай басты «қаспақты» құтын алып,
Жігіт маңғаз үлесін ұтып анық.
Селеу сақал селекеу жота жатыр,
Ат тұяғы дүбірін жұтып алып.
Өмір өстіп алады сынақ ұдай,
Болса жүйрік мінгенің пырағыңдай.
Қайырлы дос бір жүрсе қасамдасқан,
Адастырмас түніңде шырағыңдай.
Сойсыздыққа шарасыз құрақ ұрмай,
Сойыл соғып күн кешкен жырақ ұдай.
Сайын дала төсінен сая таппай,
Жетім қалған шырқырап лағыңдай-
Сабат, пәйек, өлеңді от, құрағың бай…
Атамекен қалды артта тұрағың жай.
Жырын жылдар ай-күнді жұтып жатыр,
Желмен көшіп сырғыған құба құмдай.
Аттар да көсіледі ұзақ талмай…
Құланиек құба таң сызаттанбай,
«Көкбұқаның» тұсынан өту ләзім,
«Қыз қашты!»деп бай ауылы құлақтанбай.
Қаза
Қызын ерге балайтын дара санап,
Қыз мұраты – ілік табу дара талап.

«Қара қоста» тал түсте, шәй үстінде
Қыз қашқанын естіді Қаратамақ!
Қарғыс айтып соңынан «дінсіз қардың»,
Янаттап жеткізді зілді ызғарын.
Көзі алая шалқая құлады да,
Құп-қу боп шүперектей… тілсіз қалды.
Жан шықпай жатты тағы «сүт пісірім»,
(Жырықтың сыр бермейді сырт пішіні).
Үміт күдік керіскен, көңіл күпті?…
Бір сәті келгендей ме дітті ісінің?
Жетім болса да ешкімнен кем қалған жоқ,
Қыз кетті!..Көңілде енді сөнді арман көп.
Қол аяғын түзетіп, көзін жауып
Күбірлейді молдамсып, «дем салған» боп.
Байекең тірлігінде мақтан қылды,
Көп жылқысын шаңдатып жатқан қырды.
Қос аттың арасынан сырық тартып,
«Өбекпенен» өлікті аттандырды.
Жын шашқан кәрі бура, шөкті…елірген,
Көралмасы көп еді кек телінген.
Ақиреттік ақ матаны үлеске алып,
Қыңыр мінез шәргез шал да өтті өмірден.
«Жылқы иен…»сылтауы нық, қоста қалды
(Байлық нәсіп екен ғой қоспаған бір?)
Жырығың: «Тәуекел!»деп атқа қонды,

Басына көтере сап тостағанды.
Өзінше ашық кетті айғақ тастап,
Қытайға алды-артын сайлап қашпақ.
«Табан ақы, маңдай тер»деп үйірді
Кетті айдап, жылқышыны байлап тастап.
«Қыз-дәме»шерменді шер, түйір кек пе?
Кешке дейін бір шатқа иірмекке-
Айызы қана табалап жылқыны айдап,
Келе жатса…келді әскер бүйірден кеп.
Жырығың қалды әп-сәтте тұтқындалып,
Қан-сөлсіз кәмәндірің сұстынды анық.
Сайрап берді…жан тәтті, жылқы тегін
Бейшара күйге түсіп ұсқын қамық.
Қыз анасы жанында сызат қалды,
«Жалғыз қызын қолынан ұзатпады?»
Жылқы деген «көз құрты» көшпелі бақ,
Сол күні-ақ, хаттамалап құжатталды.
Білетін жылқы жайын дуандағы,
Кедей боп тек жасырған қуаң бағы.
Сырт ие боп жүруші еді айла таппай,
Билік басында отырған «жуандарың».
Саясат саяласа сана аза ма?
«Заготскотқа» айдалды таң азанда.
Сол жылқыдан қалдырмай бір ту бие,
Мініс аты сойылды жаназаға.

Маңдайдың ашылмаған соры мына,
«Қызылмай» боп «аблыққан» зорығы ма?
Туған жерден топырақ бұйырды әйтеу,
Қыстақтағы қойылды ата қорымына.
«Бес Байысқа» хабарын бермеген бе?
Ата дәстүр, салт-сана көрмегендей?
Аза тұтқан аңырап арттағылар,
Күй кешті ұрлап әкесін жерлегендей.
Бақсыдайын билеген шалық бойын,
Кәмәндір көмейдегі танытты ойын.
Аруақ аттап тінітті ақ орданы,
Мәйітті «оң жаққа» салып қойып.
Тоз-тоз қылды байлығын заман-жырын,
Қаратамақ дәуірің тамам бүгін.
Кондюрин – жауыздықтан аты шыққан,
«Хабарасу» застабының кәмәндірі.
Аштықтан жан сауғалап қашып босқан,
(Бейшараға алла қандай несіп тосқан?)
Қыз-қырқынды тұтқындап жұрт көзінше,
Ақ тәнін ластаған, сасық шошқа.
Бұл әлде, ұлтқа деген жылым-кек пе?
Сайтанның сапалағы зұлым неткен?
Өліктерді сатылап қалап қойып,
Үстіне отырып ап шылым шеккен.
Пұшаймансың, берілсе бағаң жаттан

Тағдырыңа не дерсің, «жамандатқан»?
Көзі отты еркекті оққа байлап,
Тергеу, сотсыз қаулысыз, табанда атқан!
Алтыатары тізе ұрып салақтаған,
(Таз қарынға жабысқан талақ-надан).
Тінтіп үйді, ақтарып астаң-кестең…
Алтын іздеп ақиып алақтаған.
Қару кезеп қорқытып есін алды,
Қыз-қатынның әшекейін шешіп алды.
Ақ қағазға «описьтеп», жазып хаттап,
Ісін қылды бұл жолы, есі бардың.
Боқтықтан тұрады екен сөзі кілең,
(Қоржыны томпайғанның көзі күлер).
«Жұрт көзі» ғып бармақты бастырды анық,
Арғы жағын бір құдай өзі білер?..
«Қойма қайда?!»жандайшабы епіреді,
Кондюринің қорқытып зекіреді.
«Қоймалап, қымбат затын қайда тықты?»
Алдап-арбап, сырбаздап өтінеді.
Арттағы жұрт кешуде маза күйді,
Істес бол деп үркітіп жазаны үйді.
«Қаратамақ алтыны» жұмбақ болып,
Екі күн сұраққа алды «қазалы үйді»?
Ешкімің жоқ, сұрайтын хақы сауға
Қаратамақ кетсе де арты дауда.

«Қырқынан» соң жалғамақ, тергеуді әрі
Ұстайтын болды әзірге бақылауда.

Хабарасу қияметі

Үшеуінің мақсаты – кешті тосу,
Дұшпанға барлау жасау – ескі жосын.
Кондюриндей баскесер кәмәндірі,
«Хабарасу»застабы сесті қосын!
Бойына жинап алға нала-кегін,
Аласапыранда атқа мінген дара ерің.
«Жолбасшылық»қылатын, қылап жігіт
Таныды Нұрпейістің «Қаракөгін».
Әпкесінің емшегін талас емген,
Осы елдің «сіңіп» өскен баласы еді.
«Семіз Найман» түп-тегі, Нұрпейістің
Сыбанның «Әйтен» жұрты, нағашы елі.
Қолға түсті Жырығың жазатайым,
Оған енді жер Сібір, жаза дайын.
«Тамақты» құлатыпты… «бір ауыз сөз»,
Нұрпейіс хабар етті қаза жайын.
Нұрпейіс бүгін дархан, тым көңілді
Қанша киіп жүрмексің мұң-кебінді?
Ойнақ салып алысқан ауыздықпен,
Қаракөк те «таң асқан»тың көрінді.
Тырау тырна хабарлап күз келгенін,

Сағыныш саз жұтады күз кермегін.
«Әскер бүгін Тамақты тәркілеуде,
Жиендік мезіретім, бізге ер!»-деді.
Нағашы үзген жіпті жиен жалғар,
Алла өзі несіп етсе киең жалған.
Жолақысыз ер деп тұр, Жолбасшы да
«Хабарасу»застабы да иен қалған.
Диханның орағындай қиық айы,
Қалды артта, атамекен ұя ғайып.
Қазаны естіртпеді екі жігіт.,
Сын сағатта санаға сияр айып.
…Жолбасшы басқарады ыммен дара,
Түлкі жортақ…із басқан «жыммен»ғана.
Жер табандап жылжиды жылан бауыр,
Көшіп бара жатқандай мұң мен нала.
Тағдыр солай, қазаққа қылды өкімін
Тірі өтпесең адыра құр бекімің?
Кондюрин жемтік іздеп кеткенменен,
Сарбаз қапты күзетте бірді-екілі.
Ісін қылып болғанда топты асырған,
Шымбайына Нұрпейіс шоқ басылған.
Естілді де зіл дауыс: «Стой!»деген,
Пулеметтің аузынан от шашылған!
Ауған халық тарыдай бытырады,
Пулемет те аждаһадай құтырады.

Кісінеген жылқы үні…айғай да аттан!
Нұрпейіс сезбеген-ді тұтыларын.
Қыз құшақта. Тәубалап, дәт басулы,
«Жынын шашқан бұғыдай» қатты ашулы.
Нұрпейіс те танытты мергендігін,
Пулеметтің үні де сап басылды.
Қысталаңда аямас қасың күшін,
Қарулы әкер оқ шашқан басым күшің.
Қаңғырған оқ тиіпті құлақ түптен,
Ошман қалды атының басын құшып.
Үшеуінің өн-бойын кернеген кек.
-Азаматқа өзі олжа өлмеген тек,
Мінгіздім!-деп бай қызы ескі әдетпен,
«Шолағын» тарта берді көлденеңдеп.
Аты өлгеннің қашанда жанары мұң,
Өлген аттың құны артық, бағамы мың.
Ер-тұрманын «Шолаққа» атып алды,
«Жүген ұстап қалмағың»- жаман ырым.
Тоқтардың да есеңгір, үні қамық…
Қызды алдына мінгізді іліп алып.
Жалғыз досын жарының жаяу етпес,
Қыз бойында тұнып тұр білік анық.
Нұрпейіс те иірді «көнікті елді»,
Сай-саладан жинап ап, өліктерді
Есін жиған азамат, ерлер жағы

Дос атады досының қасына тас,
Достың бір кемшілігі «асына қас».
Иесіз бір атты Ошман қызға әкеліп,
Қарымтасын қайырды… «басына бас!»
Үзірлеспен үмелі үндескен тін,
Алмағайып уақытпен тілдескен кім?
Қыз лезде мінді атқа көңілі өсіп,
Ар көріп тұрған еді мінгескенді.
Ішіне сақтар мәлім сырды өрген,
Ошман да ат басын бұрды өрге.
«Ұзынқұлақ» хабарды алып қашты…
«Келін келген!..» дақпыртты қырды кезген.
Ойында көп оқиға еске алатын,
Көкірекке кек қатып, сес қалатын.
«Шалғынбайдың көліне» қос атпенен,
Суыт жүріп жеткен-ді кешке жақын.
«Шағантоғай» жайлаған сағасы жұрт,
Босаға аттар келіннің бағасы құт.
Отыр екен есітіп сақадай сай,
Отау тігіп қарсы алды, нағашы жұрт.
Тоқтардың көңілі орнық ілгенді алды,
Қыз Құлпынай көрмеді күлген жанды.
«Келін аяқ»… жасалса да, ырым-кәде
Бұл елдің қабағында кірбең бар-ды?
Тұла бойы – тәрбие, тінді ашық

Топ-топ адам келеді үйге беттеп,
Қыз Құлпынай тұр еді, түндік ашып?..
Қыл қобыздың құлағы күйге келмей…
Тұрып қалды далада үйге енбей.
Қос тізеден әл кетіп…қалтырайды,
Өне бойын бір үрей билегендей.
… «Мәңгі бақи тұрмайды жанып шырақ,
О дүниеден тауыпты анық тұрақ…»
«Әкең» деген жалғыз сөз құлағында,
Ауа қармап ес кетті…талып құлап.
Кімің болсын міндетті бару хаққа,
(Шекарада әсер тұр қару атқан!)
Қыз түсінді кешегі «кірбең» жайын,
Ол да үлкен құрмет деп, аруаққа.
Батасыз қашқан елден жазасы ма?
Тағдырына тұмсайы назасы бар.
Өкініші сөнгенмен «қозы» қалды,
«Себепшімін!»деп «Әке қазасына».
Ашықтырып малын ап, тұл етілген
Артында қалды елі құл етілген.
«Смайыл»деп тұңғышын ныспылады,
Ардақты әкесінің құрметіне.
Ағасының күн созған, ұтты айласы
Малдан-жаннан айрылып жұтай қашып…
Бере сала «жетісін» үркін болды,

Ауылымен бері өтті, Қытай асып.
Өткізді бақытты өмір қасында ердің,
(Жаратқан Қыз Құлпынай жасын көрді).
Жылдан соң «сауын айтып»әкесіне
Төртуыл, Мәмбет, Керейге «асын» берді.

Кек

Кондюриндей жауызда кегі кеткен.
Арып босып тоз-тоз боп елі кеткен,
Көп еді жан жүретін тісін қайрап,
Осы болды төзімнің шегі жеткен.
Есендеспек боп келсе халін біліп,
Қорланыпты ел көзінше қалыңдығы.
Ант ішіп Кондюриннен кек алмаққа,
Қосшы іздеді жанына алымды ілік.
Бас қосысып үш жігіт пайымдасты,
Зерттеді елден сұрап жайын қастың.
Делдал тапсаң «пара» да алады екен,
Қарастырды амалын айырбастың.
«Самагонды» сапырған сауықты ер-ді.
(Пәтуасыз! Сыбай болу қауіпті еді).
«Алыс-беріс»…сөз тасып, «тамыр болған»
Хабаршыны Нұрпейіс тауып берді.
Баса алмайсың мұндайда қатты айбарға,

Ұрымтал тұс…жасырын ат байларға,
«Қызыл шілік» сайының өріндегі,
Жалғыз келу шарт болды, «Ақ қайнарға».
Ажал тартса бөгет жоқ, тегінде ерге
Олжа-дәме, өзінше «тегін келген».
Сақ келеді…жаужүрек, жіті қарап,
Хабаршымыз болса да сенімге енген.
Самагон сырға тартып бөтелдегі,
(«Атау кересі»-өмірден өтердегі).
«Перуашы» буын алды, шартты белгі
Хабаршының естілді жөтелгені.
Қанша жауыз болса да заты қанды,
Кезең асты, застаба… қапы қалды!
«Қалыңдықтың ары!»-деп, кекті жігіт
Бүйіріне бойлата сапы салды.
Ібіліс боп сақылдап сес күледі,
Тек жаудың ыңырсығаны естіледі.
Құлақ-керең, көз-соқыр, қан басқан ми
Үшеуі қас дұшпанын кескіледі!..
Қазақтың боп тұрғанда тайыз бағы,
Нағылеттің соқпады қай ызғары?
Үш жігіттің кек алған ерлік ісін,
Ел аңыз ғып айтып жүр, айыз қанып.
Бұл істі жоспар құрып «әліп»-теген,
(Сосын ел-жұрт тігістеп, әдіптеген).

Сол күні-ақ кетті ауып, Ұлан Үдеге
Елі –Қыржы, аты- Әбіш, Шәріп тегі.
Сыр білдірмес сырт көзге сыпай есті,
Кекпенен суармасаң жұтайды өскін.
«Кекті жігіт» жоғалды ізім-ғайым,
Хабаршымыз сол күні –ақ, Қытай көшті.
Осылай босқын болды есіл халық
Жетім-зәбір, көш ауған, жесір-қамық.
Нұрпейіс те атыста «мерт» болды, Ер
«Ту сыртынан» тиген оқ төсін жарып.
Көк бөрі қазақ ділі ұлып қалды…
Зерделінің зейіні құлыпталды.
Батыр деп застабаға атын беріп,
Кондюрин мәңгіліке ұлықталды?!.

Түркістан
«Біз өмірден – өлім, өлімнен – өмір іздеп жүрген жандармыз»
Ахметжан Қасми 8

Бодандықта тұсалған, ділгір елің
Жауырлықтан көтені күлдіреді.
Атайды екен «Шыңжаң» деп бұл өңірді ,
«Жаңа өлке» деген сөзді білдіреді.
Саясаткер «су жұқпас» сырдаң жорға,
Үрейменен елді ұстап тұрған қолда.
Шың-Шицай 9 билеп тұрған он бір жылда,
Төрт мыңнан астам адам құрбан болған.
Тәуелсіз ел болсам деп, етер бүлік

Қалың қолға қалмады төтер ілік.
Шың –Шицайың мүсәпір күйге түсті,
Отыз үште дүңгендер көтеріліп.
Көрші орыс қырға қанат жайғаны анық,
Бұндайда отырмас-ты жай қамалып?
8-ші армиясын алып кірді,
Осы сәтті оңтайлы пайдаланып.
Жауыздықпен иілтіп, бұқпас құлын
Ішке бүгіп «аз ұлтқа» түп қастығын.
Таң қалдырар, жауыздықты арқау еткен
Әр елдегі диктатура ұқсастығы?
Ажарын зұлымдықтың сызы өпкен,
Билік жолы басбұзар бұзық еткен.
Қырық төртте Шың-Шицай елден кетті,
Ауысып Бейжіңге үлкен қызметке.
Одан соң, «социалды» заман туды,
Соңы «изм» іліммен санаң жуды.
Ашылып марксистік үйірмелер,
Төрге әкеліп шығарды надан-құлды.
Бір қалыпқа салынды ел үнем еніп,
Жаңа билік түрған соң мінегелі.
«Мақсұтталып 10 »тәркіленген кешегі бай,
Малдан ада, бүгінгі – «зүмегерің 10 ».
Сүт бетінен қаймағын қалқып алып,
Жұрт алдында саяси талқыға алып,
Балақ жыртып көп төбет талап берді,
Білмесе де бұл істің парқын анық.
Бар ма екен шамшырақ жанған ұзақ?
Аз ұлттарға киілді шалма-тұзақ.
Бес ұлыстан бас қосып құрылса да,

«Шарқи Түркістаның 11 » да бармады ұзақ.
Әлихан төре 12 де ерек жаратылған,
Түркілік әлемдегі дара тұлға.
Кеңестің саясаты пайдаланды,
Өз ілімін осы елге таратуға.
Ібіліс ой ілгегін ілдірмеген,
Түлкі бұлаң «жым» ізін білдірмеген.
«Түркістанды тәуелсіз етейік!»деп,
Қол-аяғын мүжәлсіз ділгірлеген.
Орыстың да өзінше тең есебі,
Дубашин айдарынан жел еседі.
Құлжада консул еді сол кездері,
Әлиханмен астыртын кеңеседі.
«Түркінің терезесі тең бір елі
Болады»,-деп төрені сендіреді.
Ел тағына лайық хан тұқымын,
Іс бастауға бірігіп көндіреді.
Жең ішіне жасырып қас қылығын,
Мүләйімсіп, білдірмей лас былығын.
Ел ішінде беделін пайдаланып,
Жұмахарият береді басшылығын.
Көш доғарып, керуенін кері салып,
«Үш аймақ 13 » кете алмады өріс алып.
Бір-ақ күнде төңкеріс тоқтатылды,
Саясаттың өзені теріс ағып.
Саясат қырық тарау, айлаң ба еді?
Көтерілді ел қанатын жайған емін.
«Гоминданды 14 »әлсіретіп алу үшін,
Құйтырқы бір уақытша байлам еді.
Азаттық болмаса да елес тегін,

Өтіп жатты отарлықта, егесте күн.
Генералы – Полинов, Мажаровтай,
Билік жағы бәрібір Кеңесте еді.
Болды ма «Түркістанда» таңдау, ерік?
Жұрт білмеді қалғанын алдауға еріп.
Кеңестік саясат сәт шалт бұрылды,
Коммунистік Маоға 15 қолдау беріп.
Өтіп жатты уақыт зымыраған,
Орыста – «мұрты қалың қыңыр адам»-
Мұңғылды 16 тәуелсіз деп танисың деп,
Маоменен келді өзара ымыраға.
Жан еді, қажы атанған салиқалы
Үлкен молда оқымысты, қари таным.
«Мырза қамаққа» алынып ғұмыр кешті,
Тәшкенге әкетті орыс Әлиханды.
«Бірінші мәміле» деп дәлел тауып,
(Өскінін отағандай келер қауіп).
Бес адам Алматыға шақырылды,
Ішінде бар генерал Дәлелханың 17 .
Батыстағы көршінің сесі күшті,
Алдын ала бекіткен кесіп істі.
Моманов 18 , Ложы 18 , Қасми 18 , Аббасовтар 18
Бесеуі арысы еді бес ұлыстың.
Аждаһадай от жалын бүркіп қалып,
(Ел сенімін осы жай үркітті анық!)
Ұшақтың апат болған жері дейді,
Бегар тау, түстік Сібір, Іркіт маңы.
Бұл ерлер ел ағасы, заты да есті
Бодандықтың қорлығын татып өсті.
Басы кетіп билікті ел бодауында,

OSPAN BATIRОсылай, «Түркістанның»да аты өшті!..
Қас жауынгер жауына төтер ілгі,
(Болжапты уақыт солай өтерін кім?)
Жымысқы жау жасырар секемін кіл-
«Қару жинау» науқанына қарсылық қып,
Осы тұста Абақ Керей көтерілді!
Батыр елдің қайраған алдаспаны,
Халықтың батырымен жалғас жаны.
Ерлігі ақылымен дара шығып,
Оспан батыр 19 он екі жыл қол бастады!
Ер туғанның жүрегін елжіретіп,
«Жәнібектің ақ туын» ел білетін-
Ақ сандықта ұрпағы сақтап келген,
Алып шықты, ұрандап желбіретіп!
Іш сырыңды білмекке ұңғыр дұспан,
Чойболсанмен 20 келісті, мұңғыл қыстап.
Ақ кигізге отырғызып «хан көтертті»,
Кеңес тұрам деді ме, шынжырда ұстап.
Дұшпанының батырға табасы баз,
Бас болғаннан таппады жаласын аз.
Тибет асып елшісі қашып кетті,
Америка қолдауға шамасы аз.
Тұрғандай ел басынан бақ қуылып,
(Белгісі жоқ бойында тақ буының).
Жинауға мақсұт етті ол, бодан елді
Астына Исламның ақ туының!
Езгідегі ел үшін татамыз кек,
«Бір шұңқырда өлсек бір жатамыз! 21 »деп,
«Жәнібектің ақ туы астында алған,
Жаратқаным жебей көр, батамыз бек!»

Опынып, отарлықта зәбір көрген
Оспанды ел бағалады зәрулі ерге.
Кейін Кеңес Оспанға жау боп шықты,
Бастапқыда, қолдаған қару берген.
Сенім күшті, сәті жоқ пәс кеміген,
Салт-саналы қазақи дәстері кең.
Қырыншы жылдан бері соғысады,
Мұңғыл, Кеңес, Қытайдың әскерімен.
Төзім керек күндерді еске алуға-ай…
Доп атары ұшақ пен бес қару сай.
Кеңестіктер – соғысқан «сақа сарбаз»,
Көз ашқаннан қырқысып өскен ұдай.
Соғыс бітті. Сол айдың жаңасында
Оспанды құрықтаудың шарасында-
«Оқ дәрі иіскеген» жауынгер полк,
Жасақталды Аягөз қаласында.
Айла –тәсіл, жер жадын, иін білген
Оспан –қыран, қиядан қиынды ілген!
«Қалқа көл», фин, германды жеңген орыс,
«Түрікстан әскері» ғып киіндірген.
От қарудың күшімен десті басқан,
Қырық амалды, айлалы, сесті қас жан.
Оспан менен арасын жау бөлген соң,
Қалибек ер 22 қозғалды көшті бастап.
Бел шешпеді жалғыз сәт, дамыл тауып
«Бума жылан», «жұқпа дерт» – кәміл қауіп!
Шөлді көктеп жылжыған жұтайы көш,
Асып өтті, Гималай, Тәңір тауын.
Босқа қырмай халықты соғыспады,
Талай тағдыр сырт кетті тоғыспады.

Талай мұңлық жолшыбай «шейіт» болды,
Түркияға жеткені, қоныстанды.
Азаттық күресіне бастау етер,
(Ол ерлердің ерлігін ластау бекер).
Жұрт алдында «қаралап» өлтірілді,
Оспан да «партияның қас жауы екен».
Ел қорланса жатады тоң-теріс кім?
Уақыт істің табады, «оң-терісін».
Халқы оны «Ошаң» деп ұлықтайды,
Биліктегі десе де: «Төңкерісшіл!»
Сабырының шалабын сарқып ішіп,
Мойытпады дұшпанның талқы күші.
Таңда машқарда Алла да «хаққа» жақ қой,
Ер Оспан шейіт кетті, халқы үшін!
…Бар екен шықты «жапон тыңшылары»,
Ұлт басының өшірді мың шырағын.
Көшбасшы саңылақтар өлтірілді,
Ағайынның көзіне мұң шыланып.
Қандалаға жем болып, бүргеменен
Рух үшін жазықсыз түрмелеген.
Азап пенен қорлыққа көндіктіріп,
Небір Асыл, ластанды-ау «кірге» денең?
Адамдықтан аздырған, жоқ санатта
Талай жырын Ақынның отқа жаққан.
«Құл -пенде» деп Қожеке 23 күй шығарған,
Өлтірілді азаппен шоққа қақтап.
Бұл майданда кәрі де жас та кетті,
Таңжарық 24 түрме азабын дастан етті!
Жырма жылға қапасқа қамаса да,
Отты жырмен дұшпанын жасқап өтті!

Биліктің бетін тырнап, жоса қылған
«Бір шартымен Түркістан» босатылған,
Мақсұт деген беріпті дәрі жасап,
Келді ме әлде ажалы, тосатыннан?
Киілмейді әркімге, бақыт тәжі
Билеп алар адамды уақыт сазы.
Жетпіс бір жасқа келіп, түрмеде өлді
Абақ Керей ақыны, Ақыт қажы 25 .
Игерді терең білім негіздерін,
Абайменен сабақтас егіз лебі.
Иман екті қажы боп, жазып кетті
«Ғақлия», «Нақылдық негіздерін».
Көркем мінез әр сөзден мият терген,
Ақыл кені – Абайың сияқты, ерен
Шәкәрімнің арқалап бар мұрасын,
Зайырлы зиялы ұлы – Зият келген.
Шәкәрім де ғұлама асқан дарын,
Әсетпен 26 «тіл табысқан аспандағы үн!»
Кешкіғұрым жиналып мал баққан ел,
Қисса қылып айтатын дастандарын.
Көкірекке байлантып тылсым кекті,
Шәкен 27 ұстаз «жау» болып қыршын кетті.
Үркіншілер 27 жиырма жыл абақты алып,
«Нахақпын!» деп өмірден Тұрсын 28 да өтті.
Түрікстан тарихына енер дара,
Тұрсындай ұстаз тумас кемел сана.
«Алаштың» алдын көрген ақтаңгері,
Киелі топырақтан өнген Дана!
Билік етіп шықпаса да асып төрге,
Саясаттың түймесін басып көрген.

«Қара тақта» ілініп «қызыл жақтан»,
Бас сауғалап Қытайға қашып келген.
Талай серке халқы үшін бақтан күсті,
Қытайды Кеңес қолдар батпан күшті.
Жиынға шақырылған көп жақсымен,
Нұртаза үкірдай да «қапқа түсті».
Бағы қайтқан басынан талай ерен,
Нахақтан қор боп өлді-ау талай берен.
Ас-сусыз, иман-сотсыз, тірідейін
Қапқа салып сатылап қалай берген.
Тірідей тыпырлайсың тозақ көріп,
Ішқұсталы арттағы ел маздап кегі,
Жалғыз оққа байлану – «ақ өлім» ғой,
«Қапқа түсті» дегенің азапты өлім.
Азапты ердің танымал аты көпке,
Көкіректе айтылмай дәті кеткен.
«Ақ бәйібше» сақтады тұмар қылып,
Соңғы аманат – қамақтан хаты жеткен.
Нүсіпбек Нұртазаұлы 29 да азап көрді,
Орнығып алмаса да таза төрді-
«Дубек» деп партиялық ат қойылып,
Боп шықты азаматы азат елдің.
Бес тіл біліп билікке ерте қонды,
Заманында көш бастар серке болды.
Әминадай 30 арумен отау тікті,
Әттең-әттең, ғұмыры келте болды.
Әкенің ел басқарған басты ісін ұл,
Қоғамға, партияға асты ісі мың.
Ескерткіш – қатал тағдыр өтеуіндей,
Шәушекте тұр Дубекті тас мүсіні.

Билік те қабілетін бағалады,
Ішке тартты жабылған «жаланы алып».
Елеусіздеу осы бір ескерткіштен,
Жас ұрпақ бойына үлгі табары анық!

Үркін

…Байланды оққа оқыған зиялы кіл,
Көбігі ұшқан кір суы, қиялы ніл.
Қазағымның қанында қалғып кетті,
Ұзақ жылға байырқап, ұялы діл.
Бұл жақта аталғанмен «орыс елі»,
Қазақстан-ежелгі ата қоныс еді.
Қуғындау, аштық…нелер нәубет өткен,
Күйзелді тірлігіне соғыс еніп.
Саясат та балгердей «тамыр ұстар»,
Зиялының санасын зәбір қысқан.
Жер аударған Мамырбекті НКВД,
Қаза тапты кеніште жарылыстан.
Жүрегінде халықтың сақталады,
Есімі ердің шайқалған бақ-талабы.
Керімбай әншіңіз де «жау» боп өліп,
«Жазықсыз!»деп соңыра ақталады.
Қазаққа өлең-сөздің мәні де ерек,
Әншісі- той-думанның сәні дер ек.
Тұрсынғазы-Ерғазы 31 жазып кетіп,
Сөз қалды, «Керімбайдың әні» деген.

…Билікке сойлы емес бойлы өтетін
Заман жетті қойсызды қойлы ететін.
Үш мүшелдей арада Уақыт өтті,
Құрғақ қиял шала ма ой-бекетін?
Зиялысы атылды жауһарлары,
«Кадр 32 » ленді, бойында қауқар бары.
«Үшке қарсы 32 », «Секіріс 32 », «Ашық сайрау 32 »,
Болып жатты саяси науқандары.
Елу бесте елге көшті біраз халық.
Бір жақсысы салт-дәстүр тілі азбады.
Шәушектегі консулдан төлқұжат ап,
Қайтты болып «Кеңестің гражданы».
Жылап-сықтап киелі қосы қалып,
«Ол жақта да осы ел, осы халық?..»
Елу алтыншы жылы елге қайтты,
Жолбасшы боп тағы да Ошманы.
Жауқызындай шығатын тоңды түртіп…
Дақпырткезді ел ішін, оңды ілкім.
Жаяу-жалпы, арбалы ел ағылды
Ашылды да шекара, соңғы Үркін!..
Өнсең дағы жат жұртта тамыр жайып,
Туған ел – оттан ыстық, Тәңір ғайып.
Жат санаған көп болды ел ішінде,
«Қытайлық» деген тағы жабылды айып.
Ажырықтап мойнына кесір ілген,

Елең етпес естің де есерің де.
Тоңмойын жұрт, сақсынып көп шешілмес
Қарай білді бәріне кешіріммен.
Өтті адам… фәниден, даңқы қалып
(Ел кетіпті бірегей «жалпыланып»).
Тоқтар менен Құлпынай атқа қонды,
Жаз шыға бір марқасын артып алып.
Туған жер қандай тәтті, бал бұлағың?
Сусап келсең шөліңді қандырады.
Сабатты саз, өлеңді шүйгін шалғын
Бал күніңді есіңе алдырады.
Мал тұяғы тоздырмас, тыңайды алап
Иегерсіз иен жұрт, мұңайды алап.
Сан ғасырдың тілі жоқ куәгері,
«Қаратамақ» тұр үнсіз, сынай қарап?
«Елу жылда ел жаңа», тосын бәрі
Өзгергендей жоралғы-жосындары.
Құран оқып ас тартты жігіттерге,
Іргедегі жылқышы қосындағы.
Еске алысып сол бір, шақ аяр күнді
«Қарашоқы» құшағын жаяр мүлгіп…
«Қыз қашқан түн» куәсі – ата жайлау,
«Қақтыкөлге» жүз шайып аял қылды.
Қоға жарып ағады бұлақ тұнық,
Аумағына нәр беріп шұрат қылып.

Келген еді екеуі тілегі оңды,
Ата аманатын бір мұрат қылып.
Тәй-тәй басқан баладай құлап тұрып,
Суыры тың тыңдайды құлақ түріп?
Сарыалақаз кешері саяқ ғұмыр,
Қызғышы наз айтады жылап тұрып.
«Қақтыкөлдің» бүгін жоқ сұсты ажары,
Маусым айы – қызған шақ «құс базары».
Бүлкілдеген қайнары тұмасына,
Түседі екен адамның сырт назары.
Өтер уақыт. Бір күні тынар жалған
Туған жер топырғына аунап құмар қанған.
Бойынан бір ерекше леп естіріп,
Күбатыста – «Ақшайық» мұнарланған.
Уақыт жүйрік «бас асау»…ала қашып,
Қатын болды сары қарын, бала ғашық.
Бес балаға екеуі тілекші боп,
Ағымына кетті өмір араласып.
…Шекара ашқан әділ ең жарғы неткен?
Қазақы діл оянды қалғып кеткен.
Төлқұжаттап Үкімет көмек етті,
Аңсап келген ағайынға «арғы беттен».
Көк байрағың көгіңде желбіресін,
Бейкүна жас бейуақыт төгілмесін.
Үркін қалсын тарихтың беті болып,

Іргең қазақ, ендігі сөгілмесін!..
Сөз соңы
Үр сезімнің аңызы –сәру бағы,
Ғашығына асықты ару жаны.
Көз жасымен суғарып топырағын,
Арттағы ұрпақ «кебіндеп», «арулады».
Сағынантын баянды шақты егіле…
Кемпір де өтті, жаны ұшып бақ көгіне.
Алматыда тұратын жазушы ұлы,
«Тұмақты» іліп қойды, қақ төріне!

Сілтемелер:
1. Нұртаза үкірдай Шалғынбаев(1893-1938) заманының озық ойлы азаматы, «Рүшти» деген
мектеп салдырған, «қапқа түсіп» өлді.
2. «Қарақ!» Нұртаза үкірдайдың сөз мәтелі.
3. КерімбайРайымбеков(1891) 1938ж.3-шілдеде тұтқындалып, 1938 ж. 11- қазандағы
«үштіктің»қаулысы бойынша ату жазасына кесілген. 1957ж.3-қыркүйектеТүркістан әскери
округінің әскери трибуналында қайта қаралып ақталды.
4. Ошман Тынышпаев(1910-2001) «Мамырбек байдың тайын мініп жүр»,- деп көрсетінді
болып Қытайға өтіп кетеді де 1956 жылдан елге келіп жылқышы болған азамат.
5. Жәкула Күшіков(1863-1933), Омбының орталық фельдшерлік мектебінде оқыған(1881-85),
«Өкпетіде» болысболған (1911), кәмпескеленген(1928), Қытайға атысып өтеді(1931).Інісі –
Әбілмәжін Күшіков 1937ж.1-желтоқсанда ату жазасына кесіліп, 18 тамыз 1956ж. ақталған.
6. Башбай Шолақұлы Бафин (1884-1953), ірі мецанат,Тарбағатай аймағының уәлиі болған.Өз
қаражатына Америка-Корей соғысына ұшақ жасатып, Шағантоғай өзеніне көпір салдырған.
7. Отыншы Әлжанов(1878-1919)Лепсі оязына(Үржар өңірі)жер аударылды(1909).1917ж.
Орынборда болған 2-ші Бүкілқазақ Құрылтайында Ә.Бөкейханов бастаған 15 адаммен бірге
«Уақытша Халық Кеңесінің» құрамына сайланған.Шіркеуге бекініп қол пулеметпен атысып
«Таудың қызыл қырандары» бөлімше әскерлері қолынан қаза табады.
8. Ахметжан Қасми, ұлты-ұйғыр, ШТ Ислам Жұмһариятының төрағасы болған.
9. Шың Сыцай(Шың Дубан)1933-44ж.Шыңжаң өлкесінің билеушісі.
10. «Мақсұтталған», «зүмегер»-мал мүлкі тәркіленген кешегі ауқатты адамдар.
11. «Шарқи Түркістан»- (Азат Түркістан) мемлекет атауы.
12. Әлихан төре Сағұни(1868-1940)ғұлама оқымысты, екі рет(1905, 1924) қажылыққа
барғанҮндістан-Моғол билеушісі Бабыр шахтың серіктерінің бірі болған Қылыш Бұрхан
төренің ұрпағы.
13. «Үш аймақ (Алтай, Іле, Тарбағатай) көтерілісі»(1944-47).
14. «Гоминдан»- 1912ж. Қытайда Сун Ят Сен негізін қалаған буржуазиялық партия.
15. Мао Цзе Дун-ҚХР комунистік партиясының төрағасы, мемлекет басшысы
16. Моңғол Халық республикасы.
17. Дәлехан Сүгірбаев, Шығыс Түркістан армиясының генералы ұшақ апатынан(1949) қаза
тапқан.
18. Ложы, Мамонов, Ахметжан Қасми, Әбдікерім Аббасов ұшақ апатынан қайтыс болған
үкімет мүшелері.
19. Оспан Ісләмұлы(1899-1952)Шыңжаңдағы ұлт-азаттық көтерілістің батыры.
20. Чойболсан, МХР әскерінің маршалы
21. «Өлсек бір шұңқырда жатамыз, Жеңсек бір тұғырда тұрамыз!» Оспан батыр бастаған ұлт-
азаттық көтеріліс сарбаздарының ұраны.
22. Қалибек Хакім(1908-83)Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының күрескері.Қытай билігіне
бағынбаған қазақтарды Гималай тауынан асырып Пәкістан жері арқылы Түркияға алып
өткен.Інісі – Тәкіман да көтеріліс серкелерінің бірі. Ұлы-Хасан Оралтай «Елім-айлап өткен
ғұмыр» кітабының авторы, Мюнхендегі «Азаттық» радиосының қызметкері болған, Еуропа
қазақтарының көшбасшысы.
23. Қожеке батыр Назарұлы(1826-1884), күйші Шыңжаңдағы Күре түрмесінде отқа қақтап
өлтірілді.
24. Таңжарық Жолдыұлы(1903-1947)ақын, Гоминданның уақытша үкіметімен келіссөзде
негізгі «он бір талаптың» бірі ШТ азаматтарын түрмеден босату болып, азаттық алғанмен
сол жылы қайтыс болады.
25. Ақыт қажы Үлімжанұлы(1868-1940)ақын, 1939ж. Үрімшіге алдап шақыртылған жүз
адаммен бірге тұтқындалып, түрмеде өлді(1940).

26. Әсет Найманбаев(1867-1923)өзіндік әншілік мектебін қалыптастырған әнші-сазгер.
«Мәдени төңкерістен» соң(1986), басына кесене тұрғызылды
27. Шәкен Елубаев ату жазасына кесілген, Үркінші Садықұлы 25 жылға сотталған Шәушектегі
гимназия мұғалімдері.
28. Тұрсын Мұстафин(Жарқынбаев) Семейдегі семинарияда оқыған, Ташкендегі ОАУ білім
алған, «Алаш»полкінде писарь болған.Лепсі уезінде комсомол, сот, атқару комитеті
төрағасы қызметтерін атқарған.Шыңжаңға ауып барып оқу бөлімінде қызмет етіп,
гимназияда ұстаздық қылған, жұрт көзінше атылды (1952).
29. Нүсіпбек(Дубек)Нұртазаұлы Шалғынбаев(1919-1947)қамаққа алынып(1941-44), Шың
Сицай диктатурасы құлаған соң азат етіліп, «Халық үні» газетінің бас редакторы болады.
30. Әмина Нұғыманова, әнші, Қазақстан Мұсылман әйелдері қоғамының төрайымы болған,
Дубектің жары кейіннен Балқаш Бафинге тұрмысқа шыққан.
31. Ерғазы Рахимов(1928-1993), ақын-жазушы, Аягөз қаласында тұрды.Немере інісі-
Тұрсынғазы Рахимов(1951-2016), әнші-сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет
қайраткері,Семей қаласында өмірден өтті.
32. «Кадр»-қызметкер. «Үшке қарсы», «Секіріс», «Ашық сайрау»- Қытайда болған саяси
науқандар.

МАЗМҰНЫ

1. Сөз басы. Қарттарды аңсау
2. Түлкі тұмақ
3. Бастаңғы
4. Жат жұртта
5. Қыз Құлпынайдың әні
6. Аттаныс
7. Қақтыкөл.Қыз қашқан түн
8. Қаза
9. «Хабарасу» қияметі
10. Кек
11. Түркістан
12. Үркін
13. Сөз соңы

Алдаберген Рахметоллаұлы,
1960ж.т.Семейдің автомеханикалық
техникумын, Қазақтың Мемлекеттік
Экономика университетін бітірген. Өлеңдері
1988 жылдан баспасөз бетінде жарияланып
келеді. 1997 жылы «Тәңірсый», 2013 жылы
«Өліара» атты жыр жинақтары жарық
көрді. 2014 жылы «Алтай айшықтары»
атты ұжымдық жинаққа енді. Ауыл
шаруашылығында, комсомол қызметінде,
мәдениет саласында еңбек етті. ШҚ
облыстық «Дидар» газетінің Аягоз-Үржар
аудандарының меншікті тілшісі қызметін
атқарды. 2001 жылдан Аягоз вагон
депосында-аудармашы.Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.Әуесқой
сазгер, 40 шақты ән мен бір күйдің авторы.

Kerey.kz

Related Articles

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: