|  | 

Әдеби әлем

ЕСЕНҚҰЛ ЖАҚЫПБЕКОВ. Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден…

Біздің елдің жігіттері

Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі

Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы

Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден

Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

 

Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі

Біздің елдің жігіттері ұлы мұхит кемесі

Осы елден бақ пен қызыр қашпаса екен деп тілеп

Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі.

 

Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр

Солар жүрген жолдарменен дәтің барса жүріп көр

Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған

Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.

 

Біздің елдің жігіттері жігіттердің сырттаны

Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы

Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған

Өз елінің ұлтаны мен өз елінің сұлтаны.

 

Сұр бөлтірік

(Бауыржан Халиоллаға)
Күн ыстықта шілде айында тымырсық,
Тыныштықта таулар жатыр ыңырсып.
Қалақайдың арасынан қасқырдың,
Апанының шығады иісі күңірсіп.

Астымда атым майда қоңыр желеді,
Ауызымда «Тау ішінде» өлеңі.
Озып кетпей, қалып қоймай артымда,
Бір бөлтірік бүлкіл қағып келеді,
Сүп-сүйкімді сұр бөлтірік әдемі.
Ала түсер ойы да жоқ тақымнан,
Қапталдасып қалмай келед атымнан.
Еш қауіптен, еш қатерден қаперсіз,
Бірге келе жатыр еді жақсы ойлы
Селт етті де секем алып қап қойды,
Иттің дауысы естілгенде жақыннан.

Кеттің бе екен сен де бүгін қатты боп,
Көп бөріге Көксерек боп, басшы боп.
Бір қызығы, маған да осы бұл күнде,
Өз ауылымның иттерінен жақсы жоқ.

Ғашық жүрек  ғазалдары

Жұмақ мұңмен жымиған бір кейпіңде,
Елесіңді ұстап алам кей түнде.
Білем сені, елең ете қалмайсың,
Сұлулардың қыр соңынан қалмайтын,
Сүйем сені, сүйіп өтем дейтінге.

Сатқындық пен сүю, күю, бәрі бар,
Сендік өмір, білем, ұзақ сериал.
Жанарыңда сол жылдардың табы бар.
Сөздер айтып қайтем саған, көп еспе,
Мен онсыз да болып жүрмін емес пе,
Иесіне өлгенше адал жануар.
Еркек бар ма саған көзін сүзбейтін,
Мықты бар ма сенен үміт үзбейтін.
Ендігәрі соқпа деп ең телефон,
Енді неге өзің мені іздейсің?

Неге іздейсің болып тұрып нем кетті,
Неге іздейсің шарлап енді жер-көкті.
Сенен мүлде күдер үзіп жүр едім,
Неге іздедің үзілгенде күдерім.
Тыпыр-тыпыр ете қалды жүрегім,
Тепкілеген сәби құсап жөргекті.
Адам жанын азаптаудың ұстасы,
Екеніңді білем сенің. Қысқасы.
Жүрегіңмен сүймесең де, сүйсең де,
Шарасыздан бір мықтыға тисең де,
Шыр айналып сен қасымнан шықпашы.

Өзің үйде, екі көзің аспанда
Бір фашистің құшағында жатсаң да,
Тірі жесір қасіретін тартсаң да
Бір жерде Әсел, мекен-жайы белгісіз,
Әсем жерде адам айтса сенгісіз,
Бірге адасып жүрген жанға ұқсашы…

***

Жақында емес, алыста емес сен аса,
Жүрсің Әсел, бар да болмай жоқ болмай.
Жүз жылда бір көрінетін комета
Дәл төбемде жанып бара жатқандай,
Тұңғиыққа маңып бара жатқандай.

Жанай өтіп шоққа қарып күйдірдің,
Көзбен көніп, көзбен ғана сүйдірдің.
Кейде сенен безіп кеткім келеді,
Кең дүниені кезіп кеткім келеді
Безсем-дағы құтылмайтын күйдіргім.

Сезіміме сеніп тұрып қорлайсың,
Келіп-келіп, төніп келіп қайтасың.
Басың тікпей барлаушыдай барлайсың,
Зар тілегім бар ғой саған айтатын,
Айтпай болмас,
Айтуға ауыз бармайтын.

***

Амал қайда ақыл-еске қонымды,
Тастай алмай ескі киген тоныңды.
Бастай алмай мүлде басқа өмірді,
Отырсың сен сезім жеңген бір сәтте
Ұсынып кеп, тартып алып қолыңды.

Сенен басқа маған жұрттың бәрі жат,
Барлық жоқты толтырасың өзің-ақ.
Мені де үркек қылып біттің, үркегім,
Ірікпейтін жерде өзімді іркемін.
Сезімімнің болса екен деп жазы ұзақ.

Сен бақытым еместігін сеземін,
Сонда да осы өртенеді өзегім.
Жағасында шашын жуған пері қыз,
Теріс ақсын ендігі өмір-өзенім.

Былқ етпеген ет кессе де етінен
Фашисті де қанжылатып кетіп ең,
Енді менің келген шығар кезегім.

***

Алай-дүлей соқты боран түнімен,
Алай-дүлей мен де ішімнен түңілем.
Саған қарай созған қолым жете алмай,
Бұл дүние өтермісің шынымен,
Өткел бермес өзендерден өте алмай,
Райыңнан қайтарыңды біліп ем.

Басындағы балапанын жылатып,
Бәйтеректі боран кетті сұлатып.
Не істеу керек?
Не істемедім сен үшін,
Көңіліңнің болса екен деп күні ашық.
Қарағайдың қар шалғанда ең ұшын,
Қарағым-ай, қалдым сені ұнатып.

Алай-дүлей соқты боран аңырап,
Бар дүние қала берді қаңырап.
Мейірім күткен тағдыр едің сен өзің,
Менен басқа керек саған не жұмақ.
Таудан асып кетесің де гөзәлім
Маған қайта ораласың маңырап.

Алай-дүлей ақборанның ішінде,
Желге қарсы келе жатсың түсімде.
Келе жатсың төмен қарап, қымсынып,
Мені талай жылатқаның үшін бе?

Қартайғанда қалдым сені шын сүйіп,
Қарағым-ай, түсін мейлі, түсінбе.

Шынайы мақтау естігенде

– Сен жамансың! –
Деген сөзге селт етпейтін жүрегім,
– Сіз жақсысыз… –
Деген сөзге неге ауырып, жүдедің?
– Сіз жақсысыз… –
Деген сөзге ауырасың сен неге?
Біреу тиіп кетті ме екен сенің нәзік пернеңе.
– Құбылаға құлшылық қып Құдайға да ұнарсың,
– Жаратқанға жаққанымен жағу қиын пендеге,
Ей, дүние, бей дүние, сондай болдың сен неге?!

Білінбейтін көрер көзге ағы менен қарасы,
Қандай қиын дүниеде адамдардың арасы.
Әр ауыздан әр түрлі сөз аңқитынын қарашы,
Соған менің жан-жүрегім шаншитынын қарашы.
Неге сонша жасқанамын күдірейген күштіден,
Неге менің жүрегімнің өтеді осы үстімен
Осы ауылда болып жатқан бақ пенен тақ таласы,
Маған оның бәрібір ғой ағы менен қарасы.
Тазаланбай қойды өйткені, мәңгі Авгийдің қорасы,
Ей, дүние, бей дүние, бар ма соның шарасы?!

Сен жамансың деген сөзге жүруші едім қысылмай,
Жаз соңында қалтыраған жапырақтың ұшындай.
Сен жақсысың деген сөзге жүрегім,
Қалтырап тұр, қарашы!

Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Дүние түбі балдай-ау.

Алқынған күндер талпынған,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.

 

Үри-ай, дәурен, үри-ай,

Үмітпен өткен дүние-ай.

Теректей басым теңселіп,

Терең бір ойлар еңсеріп.

Ұйқы да тұйқы сең соғып,

Ұйқысыз өткен түнім-ай.

 

Арманым алда бұлыңғыр,

Орманым ол да сылыңғыр.

Жапырақтарын жанымның,

Білдірмей біреу жұлып жүр.

Өмірдің өгей пендесі-ай,

Өлеңнің шертіп қылын бір,

Өзіңді-өзің жылындыр.

 

Өткені-ай, бәрі өткен-ай,

Өмірдің жаз бен көктемі-ай.

Сары ала қаздар саңқылдап,

Сары ала күздің жеткені-ай.

Біреуге өзім ынтызар,

Біреулер маған өкпелі-ай.

Өткінші мынау өмірде,

Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.

 

«Аға» – деп барсаң ағаңа,

Ағаның көңілі көкте жүр.

«Бауыр» деп барсаң бауырға,

Бауыры оның көк темір.

Туысқанға – туа жат,

Жолдасыңа – жүре жат,

Менен де осы өтті өмір.

 

Қара тас сенен қорықпаймын,

Сенен де кейде от шығар.

Қара жер сенен қорықпаймын,

Саған да жазда шөп шығар.

Айналайын ағайын!

Сендермен жерді бір басқан,

Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан.

Өмірі өлең жыр-дастан,

Менде де арман жоқ шығар.

 

СЫЗ. НӨСЕР. КҮЗ…

Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.

Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қортынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.

Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.

Егілген үнсіз дүние…
Сыз. Нөсер. Күз…
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

 

АУЫРМАШЫ ЖҮРЕГІМ

Қара тізім ішінде аты-жөнім,
Тұрғандай бір сыздады көкірегім.
Мен туралы ештеңе сұрамашы,
Сұрамашы, сұрама өтінемін.

Бағынумен әпенде әмірлерге,
Өтіп бара жатырмын өмірден де.
Қадірлеймін барлығын, бірақ менің,
Өзіміді-өзім құқым жоқ қадірлеуге.

Сырласым да жоқ менің сыйласым да,
Біреулермен мәжбүрмін сыйласуға.
Жүрегімді ауыртып алам ылғи,
Болмаған соң титімдей ми басымда.

Жалп етсе де жапалақ жасқанамын,
Жалпақтаудан қалмады басқа амалым.
Ауырмашы жүрегім, сенен басқа,
Арқа сүйер жоқ менің тас қамалым.

 

Е, БАУЫР…

Е, бауыр,
Біз де талай жынданғанбыз,
Жынданам деп бәрінен құр қалғанбыз.
Кезінде шындықпенен бір болғанбыз,
Қыздарға — арман, ініге – пір болғанбыз.
Алысып шаршай-шаршай «мың мен жалғыз»
Бұл күнде амалсыздан жым болғанбыз.
Ерте иіскеп білетұғын бар бәлені,
Бұл күнде мына біз де сұм болғанбыз.
Тез ысып, тез суитын құм болғанбыз,
Менікі бүгін жұртқа ілесу ғой.
Мен — айтпай-ақ өзің де білесің ғой,
Көңілде екендігін кімдер жалғыз.
«Әруақ азса жын болар» деген бабаң,
Құмырам қолында ойнап нелер жаман.
Құмырамды бір сыйпап қойса болды,
Желпілдеп жетіп келер жын болғанбыз.
Ол сұмдар шыбын екен быжынаған,
Алдымнан солар шықты құжынаған.
Өмірде болмайды екен сұмдар жалғыз.

Отырмын енді міне меңірейіп,
Иленген енді мені терідей үк.
Етегі ерте ашылған сұлу қыздай,
Қараймын әркімдерге бедірейіп.

adyrna.kz

Related Articles

  • Бақытбек Бәмішұлының “Алтын Аралдың Арғымақтары” атты шығармашылық кеші өтеді.

    Биыл Оспан батырдың туғанына 120 жыл толуына байланысты “Ер Жәнібек батыр” атындағы халықаралық қоғамдық қоры жыл басынан бері Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп бірқатар мәдени іс-шаралар өткізіп келеді.  Алдағы күндері қор ұжымы Жазушылар одағымен бірлесіп,  аталмыш шаралардың көшін жалғастырып, өнер сүйер жұртшылықты маусымның 19 күні өтетін белгілі ақын-жазушы, публицис, аудармашы, филрлргия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытбек Бәмішұлының  шығармашылық кешіне шақырады. Өтетін орыны: Алматы Ұлттық кітапханасы. Уақыты: 19 маусым, сағат 16:00 де. Бақытбек Бәмішұлы: Баян-Өлгей аймағының Бұлғын сұмынында Үлкен Теміртінің Норты жайлауында  1958 жылы 25 мамырда дүниеге келген. 1975 жылы Бұлғын сұмындық 8 жылдық, 1977 жылы Ұланбатыр қаласында Хосе Марте атындағы 52- ші он жылдық орта мектепті бітірген.

  • Жәди Шәкенұлының жаңа бес кітабының тұсауы кесілді.

    2019 жылы сәуірдің 11 күні Алматыдағы Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде, Жазушы Жәди Шәкенұлының Бес бірдей кітабының тұсаукесері болып өтті. Ғылыми зерртеу еңбектер мен көркем әдебиетке бірдей қалам тербеп, еңбек етіп жүрген жазушы осы жолы да оқырман қауымға «Бозмұнар» роман-хикаяттар кітабы мен қатар «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс түркістан мәселелері» атты зерттеу еңбектері, «Қытай қазақтарының әдебиеті» атты әдеби сын-зерттеулері, «Бегзат сөз» атты қаламгер шығармашылығы жайында жазылған өзге авторлардың мақалалар жинағы сынды құнды бес жаңа кітабін ұсынып отыр. Бұларға қоса, оқырмандар сұранысы бойынша  А.Байтұрсын үлгісіндегі төте жазуда «Қаралы көш» кітабы қайта басылып шықты. Биылғы Оспан батырдың 120 жылдығына орай «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан Жазушылар одағының қолдауында, «Ел аманаты»  қоғамдық

  • ҮЛКЕН КҮНӘ?!

    Арыстанбек Мұхамедиұлы Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты САНАЛЫ ҰРПАҚ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан- жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп жетілдіру – аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Демек біздер ұрпақ алдындағы борышымызды өтей отырып, олардың болашағын бұлыңғыр емес, жарқын ету үшін, келесі бір қадам – мойындарына ешқандай ҚАРЫЗ қалдырмауға тиістіміз! Осы күні ҚАРЫЗ МӘСЕЛЕСІ еліміздегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Расында, қарыздың қай түрі де оңай емес. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 6 триллион теңге қарыз екен. Сонда жан басына шаққанда әр қазақстандық орта есеппен 900 мың теңгеден аса (!) берешек деген

  • АЛТЫ АЛАШҚА ЖОЛ ТАРТАР АЛТЫ КІТАП

    (ЖӘДИ ШӘКЕНҰЛЫНЫҢ ЖАҢА КІТАПТАРЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ) 11 Сәуір 2019 жылы Алматы қаласы Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы, «Ер Жәнібек Халықаралық қоғамдық қоры», «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі Жәди Шәкенұлының алты шығармашылық еңбегі Алты Алашқа жол тартпақ. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып мырзаның жүргізуімен өтетін айтулы кештің тұсаукесеріне көрнекті әдебиетші ғалымдар мен қаламгерлер: Темірхан Тебегенов, Жанат Ахмади,Серікқазы Қорабай, Дәулетбек Байтұрсын, Жәркен Бөдешұлы, Ғалым Жайлыбай, Мұрат Шаймаран, т.б. сонымен қатар, баспа сөз өкілдері қатысады деп күтілуде. Ж.Шәкенұлы 1967 жылы 5 мамырда Қытай аумағына қарасты Өр Алтайда туған. 1997 жылы Атажұртқа қоныстанған.  Тәуелсіз елге келгенен

  • Қазақтар Шыңжаң өлкесімен не қатысы бар?

    Eldes Orda Бұл 1912-жылы Құлжа қаласында жарық көрген “Іле Уалаяты” атты газет. Газеттің емлесі, тілі Ташкендегі “Түркістан Уалаяты” газеті мен Омбыдағы “Дала Уалаяты” газетімен шамалас. Газеттің Шыңжаң қазақ-ұйғырларының алғашқы баспасөз тариxында алатын тариxи маңызы аса зор-дұр. Газет туралы айтудан ілгері, мынадай тариxи шолу жасамақшымын. Шыңжаң өлкесі (провинцсиясы) 1884-жылы құрылғанымен оның құрамына үш аймақ қарады. Олар: Қашқар аймағы, Ақсу аймағы және Үрімжі Аймағы. Іле-Тарбағатай аймағы яғни Іле Әскери Губерниясы қосымша қарағанымен 30 жыл бойы (1884-1914) Шыңжаң өлкесіне қарсы күрес жүргізіп келді. Әсіресе 1912-жылы Цин империясының қағаны тақтан түскен соң Іле Әскери үкіметі мен Шыңжаң өлкелік үкіметі арасында қанды соғыс бұрқ ете түсті. Екіжақты соғысты уақытша үкіметтің өтпелі президенті Юуань Шикай зорға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: