ТҮРКІ САММИТІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЛАВРОВ МАҚАЛАСЫ
EurasiaReview Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанға қатысты жақында жарық көрген мақаласын “ақпарат құралдары мен ресми Мәскеуге жақын саяси топтар қоздырып отырған ақпараттық науқанның жалғасы” деп бағалайды. Автор Ақас Тәжуітовтың айтуынша, осы мақала арқылы “жоғары шенді Ресей дипломаты екі ел арасындағы шиеленіс түйінін босатуға тырысқан”, дегенмен “Қазақстанның орыстілді азаматтарына қарсы ұлтшылдық әрекеттері туралы мантраны қайталамай өте алмаған”.
“Российская газета” басылымында жариялаған мақаласында Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын саралай келе “Өкінішке қарай, кейінгі кезде Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге қатысты бірқатар резонансты ксенофобия көрінісіне куә болдық” деген пікір айтқан. Ресей министрінің бұл мәлімдемесі Қазақстан қоғамының наразылығын туғызған.
Автордың айтуынша, ксенофобия мен нәсілшілдік – “Ресейде анағұрлым кең тараған мәселе”, бірақ мұны “оларға (Ресей саясаткерлеріне) айтудың мәні жоқ, себебі олар өздерін әділдіктің үлгісі санайды”.
Сарапшы Лавров мақаласы Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің Стамбұлда өтетін саммиті қарсаңында жариялануы кездейсоқтық емес деп санайды: “Мәскеу жоғарыда аталған БАҚ-тағы науқанды Түркия бастаған түркі одағын құруға Қазақстанның атсалысуына кедергі келтіру үшін Нұр-Сұлтанға қысым жасау мақсатында пайдалануы мүмкін деген болжам бар”.
Автордың айтуынша, түркітілдер елдердің интеграциясына ең алдымен Анкара мүдделі және Түркияның ақпарат құралдары түркітілдес елдердің одағы құрылатыны туралы жиі жазып, қоғамдық пікірді дайындай бастаған.
Видео: Лавров мәлімдемесіне Ақорда жауап бере ме? (9 қараша 2021 жыл).
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылған Еуразия одағын еске салған автор бұл екі жоба “кімнің геосаяси мүддесіне қызмет етеді?” деген сауал тастайды. “Бұл жобалардың шынайы және болжалды бенефициарлары – Мәскеу мен Анкара, бұл пікірге қарсы дау айтатын адам болмас” дейді Тәжуітов.
“Нәтижесінде ирониялық жағдай қалыптасты: Қазақстан бір-бірімен бәсекелес екі халықаралық ұйымның басында тұр. Анкара Үлкен ойында Мәскеуге қарсы тұру үшін Кремльдің саяси схемасын пайдаланатын сияқты” деп жазады EurasiaReview.
ДЕМОКРАТИЯ ТУРАЛЫ АЙТПАҒАН “АВТОКРАТИЯЛЫҚ РЕЖИМ” ӨКІЛДЕРІ
Жақында Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Еуроодақ-Орталық Азия экономикалық форумына тоқталған америкалық Diplomat басылымы бұл талқыға аймақ елдерінде қалыптасқан саяси жүйе ерекше әсер еткенін айтады. Әр елдің премьер-министрі қатысқан бұл форумда жасыл экономика, цифрландыру және іскерлік климатты жақсарту мәселелері қаралған.
“Тіпті экономикалық форум контексінде бәлкім Қырғызстанды қоспағанда Орталық Азияның барлық елі авторитарлық режим екені айқын байқалды. Реформаларды талқылау барысында Еуроодақ басшылары “жемқорлықпен күрес” және “демократия” сөздерін емес, “ашықтық”, “инклюзивтік” сияқты жұмсақ сөздерді қолданды” деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, жиында демократия және жемқорлықпен күрес жөнінде тек Қырғызстан мен Өзбекстан үкімет басшылары әңгіме қозғаған. “Қырғызстан президенті [Садыр] Жапаров барлық қатысушылар еркіндікті құндылық деп біледі деп құйтырқы мәлімдеме жасады. Өзбекстан премьер министрі Арипов Өзбекстан демократиялық өзгерістерді бастан кешіп жатыр деп бұдан бұрын елде демократия болмағанын мойындағандай әсер қалдырды. Орталық Азияның басқа елдерінен айырмашылығы – қырғыз және өзбек ресми тұлғалары жемқорлықпен күреске ден қойғандарын ерекше атап өтті” деп жазады басылым.
“РЕПРЕССИЯНЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ”
Әлемдегі қоғамдық қозғалыстар туралы журналистік мақалалар мен зерттеулер жариялайтын Waging Nonviolence басылымы Қазақстанда көп шу болған бала құқықтарын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізетін заң жобасын, оның елдегі сөз бостандығына ықпалын талдайды.
15 қыркүйекте Қазақстан парламентінің төменгі палатасы “Бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжатта Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілер мен месенджерлердің жұмысын шектеуге қатысты нормалар бар. Сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері осы заң арқылы билік әлеуметтік желіге бақылау орнатуды көздейді деп дабыл қаққан.
“Солтүстік Кореяға айналдырмақшы ма?” Әлеуметтік желіні шектеу жайлы бастама және оған қарсылық
“Билігі бұрыннан цензура әдісін қолданатын автократиялық Қазақстанда бала құқықтарын қорғау дегеннің астарына да үңілген жөн” деген авторлар Қазақстанда әлеуметтік желіні қолданатындардың өте көп екеніне тоқталады.
“Үкіметшіл контенттен басқаның бәріне оттегі жетпейтін медиа кеңістігінде YouTube, Telegram және Instagram сияқты платформалар тәуелсіз журналистердің ақпарат шығарып, қоғамдық пікірталас ұйымдастыруына мүмкіндік береді” деп жазады басылым.
Мақала авторларының жазуынша, Қазақстанның “болашақ диктаторы Нұрсұлтан Назарбаев елдің медиа нарығын реформалау туралы жариялаған” 1997 жылдан бері тәуелсіз баспасөздің тынысы тарылып барады.
“1997 жылдан бері Қазақстанның әкімшілік кодексіне БАҚ-тың жұмысын реттейтін 40 бап енгізілді. Үкімет өз жақтастарының көп ақпарат құралын қолына шоғырландыруына мүмкіндік берді, ақпарат құралдарын тіркеудің қатаң жүйесін енгізді, салық және құқық қорғау органдарының кез келген БАҚ-ты лайықты ескертусіз тексеруіне рұқсат берді. Осы құқықтық және әкімшілік реформалар кесірінен Қазақстан “Шекарасыз репортерлар” ұйымының баспасөз бостандығы индексінде 2002 жылғы 116-орыннан 2021 жылы 155-орынға дейін сырғыды” деп жазады мақала авторлары.
2010 жылдан Интернет жылдам тарай бастады. 2007 жылы халықтың 4 пайызы ғана Интернетпен қамтылған болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 31 пайызға жетіп, ұлғая берді. Facebook, YouTube, Instagram және Telegram сияқты жаңа платформалардың шығуы әлеуметтік медиаға негізделген журналистиканың дамуына мүмкіндік берді. Журналистік зерттеу, елдегі жағдайды талқылап, саралау, үкіметті қолдайтын медианың назарына ілінбеген саяси наразылықтардан хабар тарату және ресми көзқарасқа қарсылық – барлығы сандық платформаға ауысты” деп жазады басылым.
Сондықтан елдегі журналистік қауымдастық балалар құқығын қорғау деген желеумен дайындалып жатқан заң жобасынан “қатты секем алады” әрі оның қабылдануына қарсы күресіп жатыр деп жазады авторлар.
“Алайда олардың жеңістен үміті аз, себебі автократиялық режимдердің интернетте де, одан тысқарыда да бөтен пікірді басып тастауға билігі де, қауқары да жетеді. Үкіметтер репрессияның жаңа әдістерін бір-бірінен үйреніп жатыр” деп қорытады Waging Nonviolence басылымы.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру