|  |  | 

Руханият Әдеби әлем

Майкл Ньютонның «Жан жиһаны» кітабының аудармасынан үзінді

Майкл Ньютонның «Путешествие души

Нұрлан Сәдір

Майкл Ньютонның «Путешествие души»/ «Жан жиһаны» кітабының аудармасынан үзінді ұсынуды жалғастыруды шештім:

2-ші уақиға Американың оңтүстігіндегі жазықта Сэллидің мойынына жақын қашықтықтан жебе келіп қадалған сәттен басталады. Өз басым, өткен өмірде кісі қолынан қасақана болған өлім сценаларына сақтықпен қараймын. Себебі түпсана сол азап әсерді жадында әлі де болса сақтайды. Маған екінші уақиғадағы Субъект тамағының тұсы өмір бойы мазалап келе жатқаны жайлы шағыммен келді. Бұндай жағдайларда арнайы терапия мен өмірлік бағыт-бағдарын қайта құру керек болады. Субъектілеріммен жұмыс жасағанымда, оларды өзін сырттай бақылаушы рөліне қою арқылы, ауруы мен күйзелісін бәсеңдету мүмкіндігін жібермеймін.
2-УАҚИҒА
Д-р Н.: Жебе жаныңызға батып тұр ма?
СУБЪЕКТ: Иә… тамағымды қақыратып жіберді… Мен өліп барамын (Субъект тамағын ұстап, сыбырлап сөйлей бастады). Тұншығып барамын… қан атқылап жатыр… Уил (күйеуім) мені сүйеп тұр… шыдатпай барады… Қалай болғанда да бәрі бітті, мен кеттім.
Зер салыңыз: Азабы батып шыдатпай бара жататын жағдайда, рух адам денесін, оның шын ажалы жеткеннен бір сәт бұрын, тастап кете алады. Кім Бұл үшін оларға кінә тағуы мүмкін? Дегенмен, олар өліп бара жатқан дененің қасында болады. Тыныштандырудың бір амалдарын жасап, рухани естеліктерге ауысу үшін, бұл Субъектіні түпсанадан самғаусана дәрежесіне көтердім.
Д-р Н.: Жақсы, Сэлли, Сіз осы үндістердің қолынан қаза тапқаныңызға көндіктіңіз. Ажал сәтінде не сезгеніңізді айтып бере аласыз ба?
СУБЪЕКТ: Бір күш… мені денемнен итеріп шығарып жатқандай…
Д-р Н.: Итеріп шығарып? Қалай?
СУБЪЕКТ: Мені төбемнен итеріп шығарып жатыр
Д-р Н.: Не итеріп жатқан?
СУБЪЕКТ: Мені… деймін!
Д-р Н.: «Мені» деген нені білдіретінін айтсаңыз. Өзіңіздің, яғни денеңіздің басынан шығып жатқан Сіздің сипатыңызды білсек дейміз.
СУБЪЕКТ: (үнсіздік) …Жарқ-жұрқ еткен жарық ұшқы- ны…
Д-р Н.: Жарық қайдан шығып тұр?
СУБЪЕКТ: Менің… энергиямнан. Аппақ мөлдірмін… менің жаным…
Д-р Н.: Денеңізді тастап шыққаннан кейін де жарық энергиясы осындай болып қалды ма?
СУБЪЕКТ: (үнсіздік) Мен жылжыған кезде… ұлғайып кеткендеймін.
Д-р Н.: Егер нұрыңыз ұлғайып жатқан болса, қазір қандайсыз?
СУБЪЕКТ: Ауада қалықтаған… жіңішке жіп сықылды…
Д-р Н.: Денеңізден шығып жатқанда, не сезесіз?
СУБЪЕКТ: Аршылған банан сықылды, терімді шешіп тастағандаймын… денесіз қалдым, сол ғана!
Д-р Н.: Бұл бір жайсыз сезім бе?
СУБЪЕКТ: Жоқ! Жаныңа ештеңе батпай, бұндай еркін сезіну – сондай керемет! Тек мен… абдырап қалдым… Өлу ойымда жоқ еді… (пациентімнің дауысынан мұң сезілді. Мен оны бірер минут жердегі денесіне не болып жатқанына емес, жанына зер салуын сұрадым).
Д-р Н.: Рух ретінде, жайсыздық сезіп тұрғаныңызды, түсінемін, Сэлли. Бұл – қалыпты жайт. Өйткені өзіңізде бар бірдеңе аяқ астынан үзілді. Мені мұқият тыңдап, сұрақтарыма жауап беріңізші. Бір сөзіңізде қалқып тұрмын дедіңіз. Ажал жеткен соң, қимылдауға қабілеттісіз бе?
СУБЪЕКТ: Ауада қалқып тұрғандаймын… және бұл ауа да емес… шеті мен шегі жоқ… ауырлық күші де, түк сал- мағым да жоқ, сондай біртүрлі түсініксіз күй.
Д-р Н.: Сонда вакуумде тұрғандаймын деп айтқыңыз келеді ме?
СУБЪЕКТ: Иә… айналамда қатты ештеңе жоқ. Түйісіп қалатын кедергі де жоқ… Мені бір жаққа әкетіп барады.
Д-р Н.: Өз қимыл, бағытыңызды реттей аласыз ба?
СУБЪЕКТ: Иә, бірдеңелерді істей аламын… бірақ мені аппақ тұңғиыққа тартып жатқан – сондай жап-жарық!
Д-р Н.: Оның аппақтығы біркелкі ме?
СУБЪЕКТ: Менен алыстағанда жарықтау… және қо- юлау… менің денем жатқан жақ сұрғылт… (жылай баста- ды) о, менің сорлы денем… мен әлі кетуге дайын емеспін (Субъект бірдеңеге қарсыласқандай, креслоның арқалығына жабыса түсті).
Д-р Н.: Бәрі жақсы, Сэлли, мен Сізбен біргемін. Мен Сіздің тынышталып, ажал жеткен кезде, Сізді төбеңізден суырған күш Өзіңізді әлі де бір жаққа алып бара жатыр ма, оны тоқтата аласыз ба, соны айтқаныңызды қалаймын.
СУБЪЕКТ: (үнсіздік) Денемнен арылғанымда, тартылыс кеміп кетті. Енді мені итермелеп, денемнен алыстатып бара жатқанын сеземін… әлі кеткім келмей тұр… бірақ бір күш тезірек кеткенімді қалайды…
Д-р Н.: Түсінемін, Сэлли, бірақ бірдеңелерге билігіңізді жүргізе алатындайсыз. Сізді алыстатып бара жатқанды қалай сипаттар едіңіз?
СУБЪЕКТ: …Бұл бір магнит сықылды… алайда мен… сәл кідіре тұрғым келеді…
Д-р Н.: Сіздің жаныңыз бұл тартылыс күшіне қашанға дейін қарсыласа алады?
СУБЪЕКТ: (Ұзақ үнсіздік. Субъектіде, Сэлли кезіндегі өзімен, ішкі күрес жүріп жатқандай. Субъект жылай баста- ды). Мына жабайылардың денемді не істегенін қараңызшы, қандай масқара! Әдемі көк көйлегім қанға малшынған. Күйеуім Кайова үндістерімен шайқасып жатыр.
Зер салыңыз: Мен бұл Субъектінің айналасында, оның тыныштық табуы үшін үлкен маңызы бар қорғаныс экраны образын күшейттім. Үндістер керуен маңынан от қару арқылы ығыстырылған сәттің сценасын алға шығарғанымнан соң да Сэллидің рухы денесінің маңында әлі қалқып жүрді.
Д-р Н.: Сэлли, шабуыл тойтарылған соң, күйеуіңіз не істеп жатыр?
СУБЪЕКТ: О, бір жақсысы… ол еш жарақат алмаған екен… бірақ… (қапа болып) ол мені үстімнен төніп жылап жатыр… маған еш көмектесе алмайды және бұны әлі түсінбеген де сықылды. Мен салқындап қалдым, бірақ ол бетімді өзіне қаратып… сүйіп жатыр.
Д-р Н.: Өзіңіз қазір не істеудесіз?
СУБЪЕКТ: Уиллдің үстінде қалықтап тұрмын. Оны жұбатқым келеді. Махаббатым ешқайда кетпегенін, ол ұқса деймін… Мені мәңгілікке жоғалтпағанын, бір-бірімізді әлі көретінімізді білгенін қалаймын.
Д-р Н.: Бұл ойыңыз оған жетіп жатыр ма?
СУБЪЕКТ: Ол қанша қайғыға батса да… мені сезеді. Мен бұны білемін. Достарым оны қоршап алып… екеумізді айырып жатыр, олар керуенді ретке келтіріп, шаруаға кіріскісі келеді.
Д-р Н.: Жаныңыздың жай-күйі жайлы айтсаңыз.
СУБЪЕКТ: Өзімді тартқан күшке әлі де қарсылық білдіріп жатырмын. Қалғым келеді.
Д-р Н.: Неге?
СУБЪЕКТ: Өлгенімді білемін… бірақ Уиллді әлі тастап кете алмаймын… олардың мені қалай жерлегенін көргім келеді.
Д-р Н.: Айналыңыздан өзге рухани тұлғаларды сезіп, көріп тұрған жоқсыз ба?
СУБЪЕКТ: (үзіліс) Олар алыс емес… көп ұзамай олар- ды көремін… Мен Уиллдің өзімді сезгенімді қалағанымдай, олардың да махаббатын сезіп тұрмын… Олар менің әзір болғанымды күтуде.
Д-р Н.: Соған шейін, Уиллді жұбатып көргіңіз келе ме?
СУБЪЕКТ: Оның санасына енуге талпынып жатырмын.
Д-р Н.: Қалай, бұл қолыңыздан келіп жатыр ма?
СУБЪЕКТ: (үнсіздік) Аздап… мені сезеді… түсінеді… сүйеді деп ойлаймын…
Д-р Н.: Жақсы, Сэлли, енді уақыт бойынша сәл алға жылжиық. Керуендегі достарыңыз денеңізді қабірге салып жатқанын көріп тұрсыз ба?
СУБЪЕКТ: (сенімдірек дауыспен) Иә, олар мені жерледі. Маған кететін кез келді, артымнан келіп күтіп тұр… Жарығырақ жаққа бет алдым…
Кейбіреулер айтатындай емес, әдетте өлген денесін тастап шыққан жанның сол денесімен алаңы аз болады. Бұнысы – артында қалған жақын-жуығына деген тасжүректігі емес, ажал азабынан құтылғанына қуанып, ғажайып аруақтар әлеміне асыққаны.
Алайда ажал құшқан жерін тастап кетуге асықпай, жер қойнына тапсырғанға дейін бірнеше күн кідіргісі келетіндер де баршылық. Бұның себебі де әртүрлі. Мысалы, жазатайым қаза тапқандардың, аяқ астынан біреудің қолынан өлгендердің жаны қаза орнынан бірден кеткісі келмеуі жиі байқалады. Бұндайлардың жаны кейіп, сасқалақтап қалуы сирек кездеспейді. Қаза тапқан жерін бірден тастап кете алмай, кібіртектеуі – әсіресе, жас кезінде өмірден өткендер үшін тән.
Жан мен тәннің күрт ажырауы, тіпті бұл ұзаққа со- зылған сырқаттан соң орын алса да – қатардағы жан үшін ықылассыз, ауыр қабылданатын соққы. Сондықтан марқұмның «үшін, «жетісін, «қырықын» берудің мәні бар. Жақын- жуығы тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке бақилық болғанның жаны шаттанады.
Жанның, қаза орнынан кеткісі келмеуінің негізгі себебі – аруақтар әлеміне кетер алдында, жақындарымен ойша тілдесіп, көңілін жайландыру. Жаңа ғана өлгеннің жаны, өз қазасы үшін, қайғырмайды. Себебі Жерде қалған жақындарын кейінірек, аруақтар әлемінде, өзге өмірлерінде жолықтыра алатынын біледі. Ал, артында қалғандарға бұны білу бұйырмағандықтан, жақынын мәңгілікке жоғалттық деп қамығады.
Субъектілерім, гипноз кезінде, өз энергиясын дұрыс пайдалана алмай, қайғыдан есінен танған жақынымен ойша тілдесе алмағанына қапа болғанын еске алады. Қайғыдан қан жұтқандардың ішкі дүниесі тұманданатыны соншалық, жаңа өлген жақынының жанын есту қабілеті күрт азаяды. Жерде қалған жақындарын сәл де болса жұбата алғандардың жаны жай тауып, Жер астралын тез тастайды.
Рухани жұбаныштың бұндай уақиғасы өз басымнан да өтті. Анам жүрек талмасынан аяқ астынан қайтыс болды. Әпкем екеуміздің қайғыға батқанымыз сонша, жерлеу жоралғыларын атқару барысында, есіміз кіресілі-шығасылы күйде болдық. Бірнеше сағаттан соң жұбайларымызбен бірге анамыздың қаңырап қалған үйіне келіп, демалып алуды шештік. Сірә, әпкем екеуміз Альфа-күйге – ұйқының сезімталдық, қабылдағыштық күрт артатын сатысына қатар түскен болсақ керек. Екі бөлмеде қатар, ақ түсті елес секілді пайда болған анамыз, түпсаналарымыз арқылы төбемізден жымия күлімсіреп өте шықты. Осылайша, өз ажалын қабылдағанын және жағдайы жақсы екенін білдіріп, жайлап жоқ болып кетті. Бірнеше секундқа ғана созылған бұл сәт – бәріне нүкте қойған акт сықылды болды. Содан соң, әпкем екеуміз Дельта сатысындағы терең ұйқыға кеттік.
Біз дүниеден озған жақындарымыздың, жанымызды тыныштандырарлық әсерін, әсіресе, жерлеу күні не содан кейін бірден, сезе аламыз. Есеңгіреп тұрған адам, бұндай рухани байланысқа түсуі үшін, бір сәтке болса да тынышталып, санасын тазартуы керек. Бұндай сәтте тыл- сымды қабылдауымыз артып, махаббат, кешірім, үміт, қолдау сықылды оңқабақ жолдаулар алуға қабілетті боламыз. Және дүниеден озған жақынымыздың жағдайының жақсы екенінен хабардар бола аламыз.
Шиеттей балаларымен қалған жесір келіншек маған: «қатты қиналғанымда, марқұм күйеуімнің қолдауын сеземін» деген кезде, мен оған сенемін. Пациенттерім, рух ретінде, Жердегілердің санасын аруақтар әлемімен байланыстыруға қабілетті екенін айтады. «Артында қалған жақындарының жадынан шыққанша, рух – тірі» деген даналыққа бас иемін. Келесі тарауларда жанымыздың айнадағы бейнесі сықылды ерекше жадтың және барлық рух үшін – таза энергияның атомдары болып табылатын ұжымдық естеліктердің бар екеніне көз жеткіземіз. Жақсы көретіндеріміздің мәңгі тірі жанымен байланысты ажал үзе алмайды. Бұл жандар, аруақтар әлемінде қанша қарбалас болса да, шақырса келе алады.
Кейде беймаза рух, денесі өлген соң да, Жерді тастағысы келмейді. Бұл – санасына қатты әсер еткен кейбір мәселелердің шешілмей қалып бара жатқандығынан болады. Бұндай ерекше жағдайларда, бейімдеу кезеңінен өтуге көмектесетін жоғары тіршілік иелері қол ұшын соза- ды. Жердегі біз де оны о дүниеге қию арқылы көмектесе аламыз. Бұндай мазасы қашқан рухтар жайлы 4-Тарауда егжей-тегжейлірек тоқталамын. Бірақ тылсым елестер құбылысы кітап-киноларда көрініс тапқанда, артық кетіп қалып жататынын бірден айта кетейін.
Бұл фәнимен қош айтысуға қалай әзірленген дұрыс? Біздің сау не аурудан көз ашпаған ғұмырымыз ұзақ не қысқа болуы мүмкін. Бірақ тәнімізді тастайтын күн ерте ме, кеш пе жетеді. Жазылмайтын дертке душар болсақ та, бастапқы күйзеліс, шошу, баз кешу бәсеңдеген кезде, болмай қоймайтын нәрсеге әзірлену керек. Дәм-тұзымыз таусылған кезде, біз өзіміздің жоғарғы санамызбен қауышу мүмкіндігін иеленеміз. Өлу – жанымыздың мәңгілікпен байланысын ұғып, рухани санамызды қалпына келтіру ең жеңіл жүзеге асатын ыңғайлы сәт.
Өліп бара жатқандардың бәрі бірдей соңғы сәтін оң қабақпен қарсы ала бермейді. Дегенмен, ажал ауызындағыларды бағып-күткендер: «адамдардың бәрі дерлік соңғы демі үзілер алдында бір тыншыған күй табады» дейді. Өз басым бұл адамдардың бет әлпетіндегі бұл жайбарақаттық
– соңғы сәтте Мәңгіліктің сыры ашылып, бәрі жақсы бола- тынын білгеннен екеніне бек сенімдімін.
Өлім кезінде адамдарда, жан мен тәнінің ажырауы орын алатын, трансформация процесі жүреді. Адамдар «өлім – өмір қуатынан айрылу» – деп ойлағанымен, ақиқатында керісінше: біз өлім кезінде денемізден айрылғанымызбен, мәңгілік өмір энергиямыз құдыретпен қауышып, бірігеді.
Шын мәнінде, өлім – түнек емес, нұр. Пациенттерім өткен өлімін еске алғанда, зіл батпан денелерінен құтылғандағы еркіндік сезімін қайта бастан кешіп, тыныштық пен білім әлеміне рухани саяхат жасауға құлшынатынын айтады. Келесі уақиғалардан, өмірден кейінгі өмір не екені жайлы мағлұмат аламыз.
2-Тарау. Аруақтар әлемінің қақпасы
Мыңдаған жылдар бойы Месопотамия тұрғындары көк қақпасы Құс Жолының Аруақтар Өзені деп аталатын бұрылысында орналасқан және ажалы жеткен жандар күн мен түннің күзгі теңелісі кезінде Қауыстың есігінің ашылғанын күтіп тұрады деп сенген. Бұл концепцияға сай, реинкарнация не Жерге оралу күн мен түннің көктемгі теңелісі кезінде түнгі аспандағы Зауза шоқжұлдызы арқылы жүзеге асады.
Субъектілерім, ақиқатында, рухтар миграциясы әлдеқайда қарапайым жүзеге асатынын айтады. Жерді тастап кетіп бара жатқандар бастан кешетін туннель эффектісі – аруақтар әлеміне апаратын жол. Рухтар денесін тез тастағанымен, аруақтар әлеміне кіру – мұқият ойласты- рылған, рет-ретімен асықпай жүзеге асырылатын процеске ұқсайды. Субъектілерімнің айтуына қарағанда, кейінірек, Жерге өзге өмір үшін оралғанымызда, кейінге қайтатын жол әлдеқайда қысқа көрінеді.
Әртүрлі Субъектілер туннельді, оның Жерге қатысты орналасуына қарай, әртүрлі сипаттайды:
Кейбір ажалы жаңа ғана жеткендер туннельдің тап де- несінің үстінде ашық тұрғанын көрсе, келесілері – туннельге Жерден үстіне көтеріліп барып, кіргенін айтады. Алайда барлық жағдайда, Жерді тастаған рухтар үшін, бұл уақыт мезеті – айтарлықтай емес. Төменде бір Субъектімнің ба- сынан кешкені келтіріледі.
3-УАҚИҒА
Д-р Н.: Қазір денеңізді өлген жерінде тастап, Жерден ұзап барасыз. Айналаңызды сипаттап берсеңіз?
СУБЪЕКТ: Ең басында, Жер маңында болғанымда, самаладай жарық еді, қазір туннельге кіргесін, айналам біршама күңгірт тартты.
Д-р Н.: Туннельді сипаттаңызшы.
СУБЪЕКТ: Қараңғы, бос туннельдің түбінен жарық көріп тұрмын.
Д-р Н.: Ары қарай айта беріңіз.
СУБЪЕКТ: Мені бұл туннельдің ішімен өтуге әлдебір күш жайлап тартатындай… Туннель ішімен жүруім керек деп шештім. Бұнда қараңғы дегеннен гөрі, бұлдыр десем дұрыс болатындай. Бұл бір…
Д-р Н.: Айта беріңіз
СУБЪЕКТ: Мені алға тартып тұр…
Д-р Н.: Иә, туннельдің шетіндегі жарық күшейе түскен- дей. Сосын?
СУБЪЕКТ: Жаңағы жарыққа қарай бет алған сайын, ол әбден үлкейді. Бір кезде туннельден шықтым. Сыртта жарық аздап көмескіленген… Жеңіл тұманның ішімен жүріп келемін.
Д-р Н.: Туннельден шыққаныңыздан соң, айналаңыздың бұлдыр екенінен өзге, тағы не сездіңіз?
СУБЪЕКТ (дауысын бәсеңдетіп): Бұнда сондай ты- ныштық… жайбарақаттық. Мен аруақтар әлеміндемін…
Д-р Н.: Тағы не сезудесіз?
СУБЪЕКТ: Ой! Айналамнан ой күшін… сеземін. Мен…
Д-р Н.: Бойыңызды әбден босатып, бәрін маған сол қалпында айта беріңіз.
СУБЪЕКТ: Бұны сөзбен беру қиын. Мен махаббат… бауырмалдық, доспейілділікті… бір сөзбен айтқанда, өзімді күтіп тұрғандар барын сеземін.
Д-р Н.: Бірдеңеден қорқып, қандай да бір қауіп сезіп тұрған жоқсыз ба?
СУБЪЕКТ: Қорқып тұрғаным жоқ. Туннельде болғанымда аздап абдырағаным рас… Айналамнан бір қамқорлық ниет сеземін. Олар менің кім екенімді, мұнда не ғып жүргенімді білетіндей.
Д-р Н.: Осы қамқорлық қандай да бір көзге көрінетін түрде біліне ме?
СУБЪЕКТ: (бәсең дауыспен) Жоқ, бірақ ой, ниет үйлесімін сезіп тұрмын.
Д-р Н.: Туннельден шығысымен, бұлт субстанциясы пайда болғанын айттыңыз. Сіз сонда Жер үстіндегі аспандасыз ба?
СУБЪЕКТ: (үзіліс) Жоқ, олай емес, мен жер үстіндегі бұлтқа ұқсамайтынның арасында жүргендеймін.
Д-р Н.: Сізге, жалпы, Жер көрінеді ме? Ол астыңызда бар ма?
СУБЪЕКТ: Бәлки, бар да шығар. Бірақ мен оны тун- нельге кіргелі көрген жоқпын.
Д-р Н.: Жермен, өзге бір кеңістік арқылы болсын, қандай да бір байланыс сезесіз бе?
СУБЪЕКТ: Мүмкін. Санамда Жер жақын сықылды… Жермен байланысты жоғалтқан жоқпын… алайда басқа кеңістікте екенімді білемін.
Д-р Н.: Қазіргі орныңыз туралы тағы не айта аласыз?
СУБЪЕКТ: Мында бір қарағанда бәрі қимылсыз қатып қалғандай… қара көлеңке… бірақ мен ары қарай жылжып, бұл жерден алыстап барамын.
Бұл нақты Субъект өлім дәмін татып, туннель арқылы өтіп, өзінің денесіз күйіне салыстырмалы түрде алғанда жайбарақат бейімделіп, аруақтар әлеміне өтіп барады. Пациентімнің, әуелгідегі беймәлімділіктен кейінгі әсері ол жақтағы оң күй-жайдан хабар береді. Әдетте, бүкіл Субъектім осындай сезімде болады.
Аруақтар әлеміне жасаған саяхаты барысында, туннельден өткен рухтар қақпаны артта қалдырады. Олардың көбі, енді, өздерінің шын мәнінде өлмегенін, өлген жерлік денесінен құтылғанын түсінеді. Бұны түсіну, қабылдау рухтың өзіне байланысты. Бұндайда: «құтылдым-ау» деген күрсіністен кейінгі: «Керемет! Міне, әйтеуір өз үйіме жеттім!» деу – ең жиі байқалатын реакция.
Денесінен зулап шығып, өз әуелгі рухани үйіне ұшып баратындықтан, жоғарыда баяндалғандардан еміс-еміс қана хабардар жоғары дамыған жандар да бар. Бұлар – бұл тұрғыда мықты «мамандар» және Жерде сирек кездеседі. Әдетте, рух бірден кетпейді, ал кейбіреулері тіпті әрең ке- теді. Өлген денесімен қалай да байланыс үзбеуге жанталасатындар – әдетте бар-жоғы бірнеше ғана ғұмырды бастан кешкен, өлген соң да Жердегі ортасына тартылуын қой- майтын жас рухтар деп санаймын.
Субъектілерімнің көбі туннельден шыққан кезде, айналадағы көп нәрсе біразға дейін түсініксіз болады дейді. Мен бұны, теософтар камалок деп атайтын, Жерді қоршаған астрал жоспардың тығыздығынан деп ойлаймын. Осы салаға қатысты келесі уақиға интеллектісі жоғарырақ паци- ентпен баяндалады. Бұл тұлғаның рухы өз білгенін баяндау барысында форма, түс, вибрация деңгейі сынды мәселелерден білімінің тереңдігін байқатады. Субъектілерім, бұндай егжей-тегжейлі сипаттаманы, әдетте, аруақтар әлеміне тереңдеп еніп, қоршаған ортасына үйренген соң береді.
4-УАҚИҒА
Д-р Н.: Туннельден ұзап бара жатып, айналаңыздан не көріп тұрғаныңызды барынша егжей-тегжейлі сипаттаңызшы.
СУБЪЕКТ: Бір қабат-қабат нәрселерді…
Д-р Н.: Қандай қабат?
СУБЪЕКТ: Пирожный сықылды
Д-р Н.: Сол пирожныйды мысалға алып, анығырақ түсіндіріңізші.
СУБЪЕКТ: Кейбір пирожныйлардың табаны жалпақ, басы үшкір болып келетінін айтқым келеді. Әрине, бұл – туннель ішінен көргенімнен аумайды деп айта алмаймын. Мен… жартылай мөлдір… тарам-тарам жарық қабаттарын көріп тұрмын.
Д-р Н.: Аруақтар әлемінде қолға ұстауға келетін тығыз нәрселер бар ма?
СУБЪЕКТ: Мен соны түсіндіруге талпынып жатырмын. Басында солай көрінгенімен, бұл – ондай тығыз субстанция емес. Олар қабаттардан тұрады – жарық деңгейлері көпқабатты «жіп» сықылды өрілген. Бұлар – симметриялы емес екен деген ой қалыптаспасын. Тек қабаттардың қалыңдығы да, түсі де әртүрлі екенін байқап тұрмын. Бұлар, сондай-ақ, алға-артқа қозғалып, ауысып тұрады. Мен Жерден алыстап бара жатқанымда, ылғи, осыны байқаймын.
Д-р Н.: Неге бұлай екен?
СУБЪЕКТ: Білмеймін.
Д-р Н.: Сіздің сипаттамаңыздан, аруақтар әлемі – төменнен жоғарыға дейін тіліктер қабатынан тұратын тік қатар деп елестетемін.
СУБЪЕКТ: Бұл тіліктер – жұмырлау және олар арқылы өткенімде, маған қарай иіліңкірегендей болады.
Д-р Н.: Өз позицияңыздан көз салып, ол қабаттардың түсі туралы хабардар қылсаңыз.
СУБЪЕКТ: Мен қабаттар түрлі-түсті деп айтпап едім ғой. Олардың бәрі – ақ түстің түрлі реңктерінің вибрациясы. Қазір өтіп бара жатқан тұсым – өтіп кеткеніммен салыстырғанда, ашықтау. Қазір айналам – тұманданған ақ түсті және туннельдегіге қарағанда жарықтау.
Д-р Н.: Осы рухани қабаттармен өткеніңізде, Сіздің жаныңыз жоғарыға қарай жылжиды ма, әлде төменге ме?
СУБЪЕКТ: Екеуі де емес. Мен көлденең көктеп өтемін.
Д-р Н.: Жақсы, онда осылай қозғалып бара жатқаныңызда аруақтар әлемінің қыр, бұрыштарын көре аласыз ба?
СУБЪЕКТ: (үнсіздік) Мен үшін бұл… негізінен түрлі түсті вариацияларда, ашық және күңгірт қабаттарға бөлініп, жайылып жатқан бейматериалды энергия. Мені әлдене… өзім жылжыған деңгей бойымен ішке тартып жатыр және ол жайбарақаттанғанымды қалайды деп ойлаймын…
Д-р Н.: Қалайша?
СУБЪЕКТ: Дыбыстар келіп жатыр.
Д-р Н.: Қандай дыбыстар?
СУБЪЕКТ: Менің қимылдарыммен үндескен… музыканың… жел әуенінің жаңғырығы… Бұл жанды сондай тыныштандырады.
Д-р Н.: Кейбір адамдар бұны діріл сипатты деп, камертонның дыбысына ұқсатады. Бұл сипаттамамен келісесіз бе?
СУБЪЕКТ: (басын изеп) Иә, тап солай. Сондай-ақ… иіс пен дәмі де есімде қалды.
Д-р Н.: Бұл біздің сезім қабілетіміз өлгеннен соң сақталады дегенді білдіреді ме?
СУБЪЕКТ: Иә, олар туралы жад… қоңырау сыңғырындай сондай әсем әуен… сондай жан тыныштығы.
Аруақтар әлеміне саяхаттаған көптеген Субъектілерім бойды босатып, тыныштық сыйлайтын музыкалық вибрациялар туралы айтады. Бір дыбыстар жан тапсырысымен, естіле бастайды. Кейбір Субъектілер денені қалдырысымен, бір гуіл, ызылды естиміз дейді. Бұлар телеграф бағандары- ның қасында тұрғанда құлаққа келетін дыбыстарға ұқсайды. Және, меніңше, Жердің астрал аумағы болып табылатын сферада тұрғанда, олардың қаттылығы өзгереді. Адамдар бұндай дыбысты жалпы наркозда болғанда да еститінін ай- тады. Бұл қатты да қатаң дыбыстар, туннельден шыққан соң, әуенді бола түседі. Жанды тірілтетін болғандықтан, бұл музыканы – ғалам энергиясы деп атайды.
Субъектілердің рухани қабаттар туралы әңгімелеріне келсек, олар, сірә, астрал пландарды көріп тұр деп шамалаймын. Метафизикалық кітаптардан Жер үстіндегі түрлі пландар туралы көп оқыдық. Үнді Ведаларынан бастап, көне жазбаларда, сондай-ақ бұдан кейінгі, шығыс мәтін- дерінде астрал пландар – сезуге болатын физикалық әлемнен жоғары көтерілген, біртіндеп аруақтар әлеміне ауысатын кеңістіктер не өлшемдер қатары ретінде бейнеленеді. Медитация кезінде денеден тыс ментал саяхат жасаған адамдар көрінбейтін бұл сфералармен мың жылдар бойы қауышып жүрді. Осы сипаттамаларда баяндалғандай, Жердің ауыр вибрацияларынан алыстаған сайын, бұл астрал пландардың тығыздығы кеми түседі.
Келесі уақиғаның кейіпкері – 1902 жылы Чикаго қаласында жүрек талмасынан көшеде көз жұмған адам. Кедей лікте күн кешкен бұл кісінің артында сүйікті әйелі мен кішкентай балалары қалды…
5-УАҚИҒА
Д-р Н.: Туннельден шыққаннан кейінгі айналаңызды суреттей аласыз ба?
CУБЪЕКТ: Айналамдағы көбік бұлттармен әлі өтіп келемін.
Д-р Н.: Айта беріңіз
CУБЪЕКТ: (үнсіздік) О, мен шықтым… қандай кең орын! Қандай жарық та таза – хош иісін айтсаңшы! Бір керемет мұз сарайға қарап тұрмын!
Д-р Н.: Толығырақ
CУБЪЕКТ: Бұл – жарқ-жұрқ еткен кристалл сықылды зәулім ғимарат.
Д-р Н.: Сіз кристалл дегенде, көз алдыма таза түс келеді. CУБЪЕКТ: Мұнда негізінен ақ және сұр түстер… Бірақ алға қарай жүзгенімде, жалт-жұлт еткен өзге де түстерді
көремін
Д-р Н.: Бұл мұз сарайдың ішінен көз салыңызшы, қандай да бір шекара көріне ме?
CУБЪЕКТ: Жоқ, бұл сондай ұлы да тып-тыныш кеңістіктің шет-шегі көрінбейді.
Д-р Н.: Қазір не сезіп тұрсыз?
CУБЪЕКТ: Мен… бұдан ары рахаттана алмаймын. Мэгги… (Субъектінің жесірі)
Д-р Н.: Сізді әлі де Чикагодағы өміріңіз мазалайтынға ұқ- сайды. Бұл аруақтар әлеміне өтуіңізге кедергі келтіріп тұр ма?
CУБЪЕКТ: (креслода отырып аспанға секірді) Мәссаған! Алақай! Өзімді түсінетін Жолбасшы Гидім маған қарай келе жатыр!
Д-р Н.: Жолбасшы Гид екеуіңіздің араңызда не болып жатқанын айтыңызшы.
CУБЪЕКТ: Мен оған Мэгги мен балаларымды не күтіп тұрғанын біліп алмай, ары қарай жылжи алмайтынымды айтудамын.
Д-р Н.: Ол не дейді?
CУБЪЕКТ: Ол мені тыныштандырып жатыр. Бірақ мен қатты қапа болып тұрмын.
Д-р Н.: Оған не деп жатырсыз?
CУБЪЕКТ: (дауысы күшейіп) Маған бәрін түсіндіргісі келіп талпынған Жолбасшыма құлақ аспай: «Қалай ғана бұған жол бердіңіз?! Мэгги екеумізді қанша азаптан өткізіп, енді келіп, бір-бірімізден неге айырып алдыңыз?!» – деп кінә тағудамын.
Д-р Н.: Жолбасшы Гидіңіз не дейді?
CУБЪЕКТ: Ол мені тыныштандыруға тырысып бағып жатыр. Жақсы жұмыс жасағанымды, енді бәрі дұрыс жүріп жатқанын көре алатынымды айтуда.
Д-р Н.: Оның айтқанын қабылдап жатырсыз ба?
CУБЪЕКТ: Міне, менің санамда… отбасымның менсіз өмірге көндігіп, тірлік қылып жатқаны; біртіндеп жағдайы түзелгені… түбі біз бір-бірімізбен қауышатынымыз жайлы ақпарат пайда болды.
Д-р Н.: Сонда сіз не сездіңіз?
CУБЪЕКТ: Сөйтіп, мен (күрсінеді) көңілім жайланып, өз- өзіме келгендей болдым. Енді мен алға жылжуға әзірмін».
Субъектінің өз Жолбасшы Гидімен кездесуінің маңызы туралы сөз қылмас бұрын, оның аруақтар әлемін «мұз са- рай» ретінде қабылдауына тоқтағым келеді. Аруақтар дүниесінің ішімен ары қарай жылжыған сайын,
Субъектілерім ғимараттарды көріп тұрғанын не жиһаздарға толы бөлмеде екені туралы айтады. Гипноз күйі өздігінен бұндай образдарды пайда қылмайды. Ақылға салсақ, адамдар бейматериалды әлемдегі бұндай физикалық құрылымдарды есіне түсірмеуі керек еді. Жердегі табиғи ортаның сценалары – өлімнен кейінгі өтпелі сатының рухтарға арналып жеңіл өтуі үшін жасалған деп болжауға ғана болады. Бұл картиналар әр Субъект үшін жеке маңызы бар – олардың бәрі физикалық денесін тастаған соң, жер тәжірибесінің ықпалында болады.
Жанның, аруақтар әлемінде, Жердегі болған не аралаған орындарына қатысы бар образдарды көруінің өз себебі бар. Бір рухани күш – үй, мектеп, бау-бақ, тау не теңіз жағасы сынды естен кетпес бейнелерді жанымызға жақын жер образдарын тамашалау арқылы тынышталуымыз үшін ұсынады. Аруақтар әлемінің образдары санамызда сақталатыны сықылды, планетамыздың бейнелері де жадымызда ертегі, түс сықылды мәңгіге қалады.
Субъектілерімде, аруақтар әлеміне барысымен пайда болатын образдардың сипаттамаларын тыңдау маған қат- ты ұнайды. Олар ұзақ уақыт бойы болмаған сүйікті жеріне келгендей болып – жайқалған гүл алқабын, алыста бой кө- терген қорғандарды, ашық аспандағы кемпірқосақты көре алады. Аруақтар әлеміндегі алғаш жер картиналары – ғұмы- рдан ғұмырға, жекелеген сипаттары болмаса, айтарлықтай өзгермейтінге ұқсайды. Субъект аруақтар әлеміне, рухани өмірдің сан қырын сипаттай отырып, ендеген сайын, оның комментарийлері біркелкі, бір сарынды бола түседі.
Соңғы уақиғада әлі толық қалыптасып болмаған рух
– Жерде қалған өзіне ет жақын рух Мэггимен тығыз бай- ланыста. Аруақтар әлемінің тыныштандырушы әсеріне қарамастан, кейбір жандар өткен өмірінің келеңсіз жайттарын өздерінде өзгелерге қарағанда ұзағырақ ұстайды. Адамдардың көбі – бүкіл жан, өлген соң, бәрін білетін болады деп ойлайды. Бұлай деу қиын, өйткені әртүрлі жан- ның бейімделу кезеңі түрліше болады. Рухтың бейімделу кезеңінің ұзақтығы дүниеден озуының жай-жапсарына, даму деңгейіне орай, жаңа ғана аяқталған өміріне байлану дәрежесіне тәуелді.
Мен өткен ғұмырлары жас кезінде күрт үзілген Субъектілерімнің сөзінен ренішті жиі байқаймын. Бұндай жандар аруақтар дүниесіне оралған соң, сүйген адамдарын аяқ астынан қалдыруға тура келгеніне орай, абдырап жатады. Олар өлімге әзір емес, сондықтан кейбіреулері денесін тастаған соң, қайғыға батып, қапа болады.
Аяқталмаған істері алаңдатқан жанды, өлгеннен соң бірінші болып, оның Гид-жолбасшысы қарсы алады. Бұндай жоғары дамыған рухани ұстаздар өмірден мезгілсіз өткен жандардың ашу-ыза, ренішін қабылдайды. Негізі бұл Гидтер аруақтар әлемінің қақпасынан өткендердің ментал түйткілдерін реттеумен айналыспайды. Бұл үшін, яғни өмір мен өлімнің кармалық сабақтарын егжей-тегжейлі талдауға арналған орын жайлы кейінірек әңгіме болады. 5-Уақиғада Жерде қалған әйел, бала-шағасының болашақ күй-жайы Субъектіге, ол сапарын көтеріңкі көңілмен жалғастыру үшін, жұбату мақсатында визуализацияланады.
Субъектілерімнің ой-санасының түрлілігіне қарамастан, олардың өлімнен кейінгі сәтін сипаттауы – алдарынан ашылған аруақтар әлемінің ғажайыбына таң қалуға толы. Күйкі тірлік және, әсіресе, түрлі азаптан құтылғанына орай, дауыстарынан эйфория да сезіледі. Басқасын былай қойғанда, аруақтар әлемі – рух адам айтқысыз жан тыныштығын сезетін орын. Бір қарағанда, ажалымыз жетісімен, жалғыз қалатын болып көрінгенімізбен, шын мәнінде біз қолдаусыз, оқшау қалмаймыз. Біздің әрқайсымызды энергияның көзге көрінбейтін саналы қуаты бұл қақпадан алып өтеді.
Аруақтар әлеміне келген жанның жан-жағына алақтап, не істерін білмей, не боларын білмей бейхабар жүруге уақыты аз болады. Оны Гид-жолбасшы, жақын-жуық, дос-жарандары қақпа алдында алда бәрі жақсы болатынына сендіріп, жайма-шуақ махаббатпен қарсы алады. Осы доспейілді қауымның қолдауы өлім сәтінен бастап білінеді, жанның жаңа дүниеге бейімделуі де осы дос-жақынның арқасында жүреді.
3-Тарау. Үйге оралу
Ажалымыз жеткен соң, қарсы алатын доспейіл аруақтармен кездесудің маңыздылығына орай, олар бізді қалай таниды деген сұрақ туындайды. Субъектілерімнің бәрі жан – энергия шоғыры бола тұра, оның адами белгі-сипаттары бар екенін айтады. Яғни, бір-біріне қандай да бір өміріндегі келбет-пішінінде көріне алады. Және бұл форма – сыртқы пішіннің сан алуан нұсқасының біреуі ғана. Кейінірек, 6-Тарауда жанды ерекшелендіріп тұратын тағы бір белгі – әр жанның өзіне тән түс аурасы туралы әңгіме қозғаймыз.
Субъектілерімнің көбі аруақтар әлемінде көретін алғашқы тұлға – жеке гид-жолбасшысы екенін айтады. Алайда ғұмыр аяқталғанда бізді етжақын жан да күтіп алуы мүмкін. Гид-жолбасшы мен етжақын жан – бір ұғым емес. Егер дүниеден озғанды алдынан бұрынғы туысы не досы күтіп алса, жанның тұрақты Гиді осы кезде қастарында болмауы да мүмкін. Сірә, ол бұл кезде жақын маңда жүріп, жаңадан келіп жатқанға қатысты мәселелерді сырттан реттеп жүреді. Келесі Уақиғада аруақтар дүниесі қақпасынан жаңа өткен Субъектімді, көптеген өткен ғұмырларында тығыз байланыста болған, тәжірибелі тұлға күтіп алады. Пациентімнің әуелгі Гиді болмаса да, бұл етжақын жан жаңадан келіп жатқанды қамқорлықпен қарсы алды.
6-Уақиға
Д-р Н.: Айналаңыздан не көріп тұрсыз?
СУБЪЕКТ: Тап-таза аппақ құммен жүзіп келе жатқандаймын.
Д-р Н.: Сізді біреу-міреу қарсы алып жатыр ма?
СУБЪЕКТ; (үнсіздік) Мені өзімді жалғызбын деп ойлап тұрғанмын… Бірақ… міне бір жарық маған зымырап жақындап келеді… О, Құдайым-ау!
Д-р Н.: Ол не?
СУБЪЕКТ: (тебірене) Бұл менің Чарли көкем ғой! (Дауыстап) Чарли көке, мен мұндамын!
Д-р Н.: Неге Сізді тап осы жан қарсы алып жатыр?
СУБЪЕКТ: (сұрақты құлағына ілмей) Чарли көке, сізді қаншалықты сағынғанымды білсеңіз ғой!
Д-р Н.: Неге Сізді тап осы жан қарсы алып жатыр?
СУБЪЕКТ: Себебі бүкіл туыстарымның ішінен, оны бәрінен артық жақсы көрдім. Ол менің кішкентай кезімде (Субъектінің бұрынғы өмірінде – Небраскада тұрған кезде) қайтыс болды.
Д-р Н.: Бұл жанның Чарли көкеңіз екенін қалай білдіңіз? Оны қандай да бір белгісінен таныдыңыз ба?
СУБЪЕКТ: (толқығанынан қозғалақтап кетіп) Әрине – ол менің жадымда қалған сол бұрынғы мейірімді, көңілді, сүйкімді қалпында.(сықылықтайды)
Д-р Н.: Сіз неге күлесіз?
СУБЪЕКТ: Чарли көкем дәл бұрынғыша, топ-толық.
Д-р Н.: Ол әрі қарай не істеп жатыр?
СУБЪЕКТ: Ол күлімсіреп, маған қолын созып жатыр…
Д-р Н.: Қолын созса, демек, оның денесі болғаны ма?
СУБЪЕКТ: (күледі) Иә десе де, жоқ десе де болады. Ол қолын, менің ойымда қалқып жүріп, созуда…
Д-р Н.: Ол неліктен сізге қолын материялды түрде созады?
СУБЪЕКТ: (үнсіздік) Маған осылай дем беріп, ары қарай жарыққа жетелегісі келеді.
Д-р Н.: Сіз не істеп жатырсыз?
СУБЪЕКТ: Екеуміз бірге жүріп, фермада шөмеле маңында қалай ойнағанымызды еске алып келеміз.
Д-р Н.: Ол Сізге ойыңыздағы осының бәрін көруге, осылайша, мүмкіндік беру арқылы, өзін танытқысы келеді ме?
СУБЪЕКТ: Иә, мен қорықпас үшін – соңғы өткен өмірімде қандай болсам сол қалпында көрінді… Ол, аяқ астынан болған ажалымнан, әлі есімді толық жиып болмағанымды біледі. (Субъект жол-көлік апатынан қаза тапты)
Д-р Н.: Сонда өткен ғұмырларымызда ажалды қанша рет бастан кешіргенімізге қарамастан, аруақтар әлеміне үйреніп болғанша, өлімімізден соң іле-шала қандай да бір қорқыныш сезе беретін болып тұрмыз ғой, иә?
СУБЪЕКТ: Бұл күйді қорқыныш дегеннен гөрі, алаң деп атаса, дәлірек болады-ау. Мен әр ғұмырымда ажалымды түрлі жағдайда бастан өткердім. Бұл жолы автокөлік апаты тіптен аяқ астынан болды. Ішкі дайындығым болмаған бұл апаттың сұмдығынан, әлі өзіме келе алмай жатырмын.
Д-р Н.: Мақұл, әрі қарай кеттік. Чарли көкеңіз не істеп жатыр?
СУБЪЕКТ: Ол мені… баруға тиіс жаққа бастады…
Д-р Н.: Үш дегенде сол жаққа барамыз. Бір, екі, үш. Онда не боп жатқанын баяндаңыз.
СУБЪЕКТ: (ұзақ үнсіздік) Онда… Жан жағымнан… доспейіл адамдарды көрудемін… Олар менің өздеріне қосылғанын қалайтындай.
Д-р Н.: Осы бағытпен жүруді жалғастырыңыз. Олар Сізді күтіп тұрған сияқты ма?
СУБЪЕКТ: Иә, иә. Мен бұлармен бұрын да бірге болғанмын… (үнсіздік) Жо-жоқ, кетпеші, тастамашы мен!
Д-р Н.: Не болды?
СУБЪЕКТ: (көңілі босап) Чарли көкем кетіп бара жатыр! Ол неге кетеді, а?
Д-р Н.: (мен арнайы әдіспен Субъектімді тыныштандырып алып, диалогты қайта жалғастырдым) Өзіңіз ақылға салып қараңызшы. Чарли көкеңіз неге сізді тастап, кетіп бара жатыр?
СУБЪЕКТ: (бұрынғыдай емес, сабырмен, бірақ өкінішпен) Оның қазіргі мекені басқа… Ол мені қарсы алып, мында ертіп әкелу үшін ғана келді.
Д-р Н.: Сонда Чарли көкеңіздің міндеті – дүниеден озған Сізді бірінші болып қарсы алып, өзіңізге келгенше қасыңызда болу, иә? Қазір өзіңізді үйіңіздегідей жақсы сезінесіз бе?
СУБЪЕКТ: Иә, сондықтан да Чарли көкем мені осы жандардың қасында қалдырып, кетіп қалды.
Аруақтар дүниесінің бір ғажабы – өміріңіздегі қымбат жандарыңыз, өздері жаңа денеде өзге өмірді сүріп жатса да, Сізді қалайда қарсы алып, қолдау көрсете алады. Мен бұны кейінірек 6-Тарауда түсіндіремін. Содан кейін, 10-Тарауда жанның, Жерде бір мезгілде бірнеше денеде болу, қабылетіне де тоқталамын.
Әдетте, жан аруақтар әлеміне келгенде, жердегі тіршіліктің ой мен бойды езген қысымы азаяды. Бұның екі себебі бар. Біріншіден, аруақтар әлемінің тап-тұянақ тәртібі, тастап келген өмірімізге дейін қайда болғанымызды есімізге түсіреді. Екіншіден, жерде дүние салғаннан кейін көреміз деп ойламаған адамдарымызды жолықтыруымыз бізге қатты әсер етеді. Міне, тағы бір Уақиға.
Жалғасы бар

Related Articles

  • АЮДЫ ЖЕҢГЕН БАТЫР БАЛА (3 – әңгіме)

    Байахмет Жұмабйұлының Кішкентай достар, үйлеріңде тентектік істемеңдер, әке-шешелерің «Аюға беремін» десе қорқуларың мүмкін. Бірақ, сол аюдың өң-сиқын көрмей тұрып неге қорқасыңдар? Сендер ол ессіз мақұлықтың адамнан қорқатынын білмейтін шығарсыңдар, «Оқыстан аюдың үстіне түсіп қалу тым қауіпті» деп айтатын үлкендер кеңесін де естіген боларсыңдар. Мұндай қысылтаяң кездерде зейінді, жүректі болсаңдар аюды жеңіп алатындықтарың сөзсіз. Сондықтан аю мен адамның қайсысы батыр екенін білгілерің келсе, Ақыл деген мына баланың әңгімесіне құлақ салыңдар. Изен мен жусаны бұрқырап өсіп, сасырлары саудырата бас жарып келе жатқан жаз күндерінің бірі. Қыс бойы тарыдай шашылып отырған көшпелі ауыл көктеулікке түсіп, төлдету жұмысының себебінен бүйірлесе отыра қалатын бір кезі болады емес пе, осы күндердің бірінде қыс бойы ауру азабымен

  • Қапсәметұлы Өмер Мырза

    Қапсәметұлы Өмер Мырза: 1998 жылдары Нигде университетінің аспаптар кафедрасының оқытушысы болып тағайындалды. Ол осы жерден міндетін тоқтатып, Қазақстанға оралып Алматыда 10 жыл тұрып, 3 жылдай бұрын Ыстамбұлға келгенде дүниеден озды. Жастас болмасақ та құрдас болып кеткеміз. Әрі туысым болады. Суреттегі ұстап отырған домбыра маған Қазақстаннан сыйлыққа тартылған еді. Осы домбыра ілулі тұрған жерден жерге түсіп шағылып қалған да Өмер мырзаға осыны жөндеп беруін өтіндім. Ол маған асықпасаң әйтеуір өзіңе қайтып тапсырып берем деген еді. Сонымен Нигдедегі шеберханасына апарып қойды да 7 жылдан кейін қайта қалпына келтіріп әкеп берді. Сонда мен Өмермен әзілдесіп не деген ахырын адамсың дегенімде ол, “алдымен бір шертіп көрші, мен сенің шағып алған домбыраңның бөлшектерін күнге күйгізіп,

  • Үкімет: Қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді

    Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы”заңға өзгеріс мәселесін қарастырып жатыр. Бұл өзгеріс бойынша, мемлекеттік тілді, мемлекет тарихы мен негізгі заңдарын білмеу – Қазақстан азаматтығын беруден бас тартуға не азаматтығын қалпына келтіруден бас тартуға қосымша негіз бола алады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың депутат сауалына жолдаған жауабына сілтеп, Kursiv.Media жазды. Премьер жауабында бұл талап қос азаматтыққа жол бермеу үшін де енгізіліп отырғанын айтқан. “Қазіргі заң бойынша Қазақстанда заңды негізде кемі бес жыл тұрақты өмір сүрген немесе Қазақстан азаматымен кемі үш жыл некеде тұрған, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұру мақсатында келген және жақын туыстарының бірі Қазақстан азаматы болып саналатын бұрынғы одақтас республика азаматтарына Қазақстан азаматтығы беріледі” дейді премьер-министр. Қазіргі қолданыстағы заңға сай, мына

  • ЧЕХ ЖҰРТЫНЫҢ ЧЕХ ТІЛІН ҚОРҒАУЫ ЖАЙЛЫ

    Ruslan Medelbek  Чех жұрты мына жаһандану заманында, Еуропа халқы арасында шекара жойылғанда бізді чех қылып тұрған чех тілі деп біледі. Елде қызметтің бәрі чех тілінде жүреді, шетелдіктерге арналған полиция бөлімшесінде “мұнда тек чех тілінде қызмет көрсетіледі” деп жазылған тақтайша тұрады. Шетелдіктерге арналған полиция бөлімшесінде Чехияға енді келгенімде осы бөлімшеге чех тілін білетін қазақ танысымды апарған едім. Полицияда сен Чехияға кеше көшіп келгеніңе мән бермейді де. Чехша сөйлейді. Ағылшынша сөйлесең қызмет көрсеткісі келмей, чехша жауап береді. Үш жылдан кейін осы полиция бөлімшесіне барып, Қазақстаннан келетін қонақтарыма визаға шақырту жасатпақ болғанымда сондағы бір полицей үш жыл тұрып жатырсыз, қалай чехша білмейсіз деп қабақ шытқаны әлі есте. Кейін чех танысымның бірінен “неге чех

  • Алтайдан Жездіге дейін (Сапарнама)

    Сарыарқаны сарыала күз көмкерген алтын шуақты сәттің бірінде – Моңғолдың нөмірі бірге санатты ақыны, осызаманғы ғұламасы Гүн сойлы Аюурзана екеуіміз 20-21 қыркүйекте Елордада өткізілген «Қазіргі заман сөз энергиясы» Еуразиялық әдеби форумға шақырылған едік. Бұл реткі шара КСРО тұсында 1973 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған дейді. Арада 45 жыл өткеннен кейінгі халықаралық әдеби басқосуды ҚР Мәдениет спорт министрлігі қолдауымен жуық шамада жаңарған Қазақстан Жазушылар Одағы қайта жаңғыртқан. Межесі – қазақ әдебиетін әлемге ұсыну, ұраны – Рухани жаңғыру. Тәуелсіздік тұғырына қонған елдің бүгінгі дәуренін күллі ғаламға паш ету. Бұған Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғыз, Өзбек, Иран, Әзербайжан, Молдав,Украина өкілдері тобымен жеткен. Дырдудан тыс – рухани сәтті жиын. Еуразия құрлығынан Туркия, Алмания, Қыпшақия, Польша, Болгария

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: