Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Сарыарқа самалы» атты концерт өтеді
Қытайдан келген дәстүрлі әнші Арай Асқаптыңұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Сарыарқа самалы» атты концерт өтеді деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған дәстүрлі ән орындаудың шебері Арай Асқап Алматыдан Астанаға қоныс аударуына байланысты Сарыарқа төсінде өтетін өнер кештеріне дайындық көруде. Ең алдымен Астана маңындағы ауыл халқына кеш ұйымдастыруды жоспарлаған әнші 16 мамырда Қоянды ауылында «Сарыарқа самалы» деген атпен көлемді концерт өткізбек. Қазақ хндығының 550 жылдығына арналатын бұл кеште Арай Асқапқызынан бөлек белгілі дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Перизат Тұрарова, Әйгерім Нартуева, Нұрболат Әбілхан және композитор Халық Ризабек, күйші Мерей Мәжіт қатарлы өнерпаздар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Қытайдан келген айтыскер ақын Жақсылық Орынбасар мен Айсәуле Бейсенхан айтысады деп күтілуде.
Әншінің айтуынша, «Сарыарқа самалы» деген атпен алдағы уақытта аталған өнерпаздар Астана маңындағы барлық ауылдарда өнер көрсетеді екен.
«Бұл концертті ауылды жерлерден бастауымыздағы мақсат, қала шетінде орналасқан халықты дәстүрлі әннен сусындату болса, екіншіден, осы арқылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы рухын оларға жеткізу болмақ»,-дейді А.Асқап.
Осылайша дәстүрлі әнші Арай Астана ауылдарын түгелдей қамтумен қатар 30-31 мамыр күндері Түркиядағы қазақтар қоныстанған Алтай ауылында өтетін «Алтай көй» фестивалі аясында жеке өнер кешін өткізбек екен.


Пікір қалдыру