Қояндыда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған концерт өтті (ФОТО)
16 мамыр күні Қоянды ауылында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Сарыарқа самалы» атты концерт өтті.
Қазақ хандығы құрылғандығының 550 жылдығы – еліміз тарихындағы елеулі жыл. Елдігіміз бен тәуелсіздігімізді танытатын атаулы мерекені атап өту үшін дәстүрлі әнші Арай Асқаптың ұйымдастыруымен Қоянды ауылында өткен кеште көмейіне бұлбұл ұялаған өнер майталмандарының өнеріне куә болдық. Тағылымды тарихымызды танытатын ұлы мерекені ұлықтауға республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Перизат Тұрарова, Арай Асқап, Әйгерім Нартүйеева, Нұрболат Әбілхан, Бақытнұр Әбілезұлы және композитор, әнші Халық Ризабек, Қайнар Қатбай, сондай-ақ, күйші, сыбызғышылар келіп қатысты.
Дәстүрлі ән өнерін насихаттаушылардың бұл жолы ауылда өнер көрсетуінің мәніне тоқталған ұйымдастырушы Арай Асқап былай дейді:
«Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы бүкіл республика көлемінде ғана емес, шетелдегі қазақтар арасында да өз деңгейінде тойланып жатыр. Елдігіміз бен тамыры терең тарихымызды таныта түсетін осындай атаулы мереке кезінде біз – дәстүрлі әншілер де құр қарап қалмауды жөн көрдік. Барша Алаштың тойын әркім өзінің қолынан келгенінше атап өткені дұрыс деп санаймын. Әсіресе осы ұлы тойдың рухын ауылдағы ағайындарға жеткізу үшін үлкен шаһарларға шабылмай-ақ, Елорда маңындағы ауылдарда өнер көрсетіп жатырмыз. Қоянды ауылынан бастау алған өнер кешін алдағы уақытта жақын маңдағы ауылдардың барлығында өткізсек деген жоспарымыз бар. Елімізде тек қана мереке болсын! Тәуелсіздіктің тұғыры берік болып, Қазақ елі мәңгі жасай берсін!».
Төпеп тұрған нөсерге қарамастан келіп өнер тамашалаған қауымның басым бөлігі қариялар мен мектеп оқушылары екенін байқадық. Таланттылардың таңдайынан төгілген әсем әнге тәнті болған жұрт әр әншіге көпке дейін қол шапалақтап, құрметтерін білдіріп жатты.
Мерекелік кештің өтуіне қолдау көрсеткен Қоянды ауылы орта мектебінің директоры, жазушы Жәди Шәкенұлы ауылды айналып өтпей, ат төбеліндей аз қазақтың алдында үлкен өнер көрсеткен әншілерге рахмет айтып, марапаттау мен қоса естелік сыйлықтарын тарту етті. Кеш соңында ауылдың ақсақалы ақ батасын беріп, ақсамайлы аналар ақжарма шашуын шашты.
Майгүл СҰЛТАН,
Фото – Ғабит МАДАЛИЕВ
baq.kz
Пікір қалдыру