|  | 

Әдеби әлем

Оралхан Бөкейдің біз білмейтін бауыры кім?

Оралхан Бөкейдің біз білмейтін бауыры кім?

Былтыр жазда Катонқарағайға жол түскен. Сол сапарда Шыңғыстай ауылында болып, Оралхан Бөкейдің мұражайын аралаған едік. Бізді әдеттегідей мұражаймен жазушының кішкентайдан бірге өскен жақын досы Аманжан Нұқсарин ағамыз таныстырды. Мұражайды аралап болып, сыртқа шыққан кезде Аманжан аға мені оңашалап алып: «Ұлым, өзіңе айтар бір сырым бар еді. Мұны көп адам білмейді. Жасымыз да біразға келіп қалды. Жасырып жүре бергеніміз жарамас. Мен айтпасам да, түбі басқа біреулер айтады ғой. Оралхан Бөкейдің Қабашок деген інісі бар. Жерлестері, ауылдастары оны осылай атайды, шын аты – Қабылбек. Фамилиясы – Төлебаев. Бұрын осы ауылда тұрған. Кейіннен Белқарағайға көшті. Қазір Өскеменнің іргесіндегі Ушанов деген ауылда тұрады. Әдірісін білмеймін. Өскемен жаққа көшерінде әйелі екеуі мұражайға арнайы соғып, құран оқытып кетіп еді. Мұны ағасын іздегені деп түсіндім. Іштегі сырын айтқысы келетін секілді. Не десек те, бұл да бір тағдыр ғой. Егер жазам десең, сол ауылдан тауып аларсың» деген-ді. «Оралхан Бөкейдің інісі» деген сөз елең еткізгенімен, әлгі ауылға бірден желкілдеп жетіп баруға жүрек дауаламады. Оның сәті тек желтоқсан айында түсті.

«Бүкіл балалар «екеуің егізсіңдер» деп бізді мазақтайтын»

Оралхан Бөкейдің біз білмейтін бауыры кім?

Үш мыңнан астам тұрғыны бар ауылда тұратын Қабылбек Төлебаевтың үйін табу оңайға түспеді. «Сұрай-сұрай Меккеге де барарсың» деп кездескен жұрттан сұрап жүріп, үйін тапқанбыз, әйтеуір. Сырты қызыл кірпіштен қаланған жер үйде тұрады екен. Жұбайы Бағижамал Дүзбенбекова қарсы алды. Ағамыз ұлы Сырыммен бірге сыртта жұмыс істеп жүр екен. Үйге келгенше жеңгемізден сыр тарттық.
- Туғаннан басы ашық, бүкіл ауыл білетін жағдай ғой, – деп бастады әңгімесін Бағижамал апамыз. Тамағын кенеп, жиі-жиі жөткірініп, ауыр мұңға бата, толқи отырып сөйледі. – О замандағы психологияны білесің, балам. Қиындықтар көп болды. Мұндай жағдайлар көптеген отбасының басында болды ғой. Қазір де болып жатыр. Ол кездерде мәжбүрлікпен болған. Оның бәрін Оралхан ағаң өзінің шығармаларында жазған. Анамыз Нұрыш (Қабылбектің анасы – А.Қ.) отызға да жетпей екі балалы болған екен, содан кейін күйеуі соғысқа аттанып, қан майданнан оралмаған. Ол кісінің есімі – Мұқан Төлебаев, атақты қазақ композиторымен аттас болатын.
Оралхан Бөкей туралы айтып жату артық болар. Елдің бәрі біледі ғой. Оралханның әкесі Бөкей трудармиядан оралғаннан кейін колхозда әртүрлі қызметтер атқарған екен. Анамыздың жас кезі, қолында екі баласы, үлкен шешесі бар. Соларды асырау үшін колхоздың әртүрлі жұмыстарына жегіліп, бір ауылда жұмыс істейді ғой. Араларында қандай байланыс болғанын кім біліпті, 1948 жылы Қабылбек дүниеге келген екен.
Аядай ғана ауыл арасында әңгіме жата ма? Бірінен-бірі естіп, бұл жайт ауылдағы жұрттың бәріне жария болса керек. Ауылдағы адамдардың, туған-туыстардың, ол кісінің көзін көрген замандастарының айтуынша, Нұрыш анамыз аузына келгенді тосылмай айтып тастайтын, ашық мінезді адам болған. Өзім де көрдім ғой. Он жылдан астам уақыт бірге тұрдық. Арқа сүйер, пана тұтар отағасы Отан қорғауға аттанған, қолда – шиеттей екі бала. Қайбір оңай болды дейсің. Еркек құсап атқа мініп, қой жайып, шөп шапты. Күн, түн демей еңбек етті. Ауылдың қиын тіршілігінің бәрі сол кісілердің мойнында болды ғой.
1980 жылы Шыңғыстайға келін боп түстім. Осындағы мектепке жұмысқа орналастым. Оралхан Бөкейдің туған қарындасы Мәншүкпен бірге жұмыс істедім. Жалындап тұрған, ашық мінезді, талантты, сөйлесе, сөздің түбін түсіретін, сондай батыл, іштегісін жасырмай айтып тастайтын қайсар мінезді қыз болатын. Бұрыннан да сырттай білетінмін. Мен Топқайыңда, ол Катонда тұрсақ та, аралас-құралас боп жүретінбіз. Келін боп түскеннен кейін бір ай өтті ме, екі ай өтті ме, бірде Мәншүк екеуіміз мектептен қатар шықтық. «Мына мектептегілердің барлығы «Қабылбек сенің туысың, сенің туысың» деп болмайды. Ол рас. Оны бәрің біліп тұрсыңдар. Одан қашып тұрғанымыз да жоқ. Бәріміз жиналып, кәртішкеге түссек те болар еді. Түбі ашыққа шығарам мұны. Қабашок – біздің бала» деді мектептен сәл ұзаған соң. Менің ойымда түк жоқ. Бірінші рет естуім. Аңырып тұрып қалыппын. Қапелімде не дерімді білмей, сасқанымнан: «Солай ма?» деппін. «Солай. Елдің бәрі біледі. Бала кезден білеміз. Бүкіл балалар «екеуің егізсіңдер» деп бізді мазақтайтын» деді сөзін одан әрі жалғап. Сөйтсем, Мәншүк 22 сәуірде, Қабылбек 29 сәуірде туған екен. Бір жылы. Аралары бір-ақ жұма. Кейінірек ауылдағы бірнеше кісіден естігеннен кейін, Мәншүктің айтқанының шын екендігіне көзім жеткендей болды. Екеуіміздің басымыз қосылған сайын Мәншүк осы туралы айтатын. «Жасырын болғанша, ашыққа шығарса, жөн болар еді» деп бірер мәрте Мәншүкке айтып қалғаным да бар. Бірақ ол не істей алады? Қазіргідей емес, ол кезде заман бөлек. Соғыстан кейінгі елдің еңсесі езілген қиын уақыт. Мұндай тақырыптар мүлде жабық болды ғой. Біліп жүрсе де, ешкім ештеңе істей алмайды. Қолдан келер қайран болмады. Бәрі білген ғой. Білген, бірақ ештеңе істей алмаған.
Мәншүк 1984 жылы қайтыс болды. Әкесі Бөкей де сол жылы дүниеден өтті. Бұл отбасында үлкен трагедия болды. Бірінен кейін бірі дүниеден озып, қара жамылып, қайғыға батты. Сен, мен дейтіндей мүмкіндік те болған жоқ. Шынымды айтсам, Мәншүк қайтыс болғанда қатты қиналдым. Қанша дегенмен, балаларымның туысы ғой. Бұл – бір жағы. Екіншіден, бірге еңбек еттік, сырлас, сыйлас болдық.
Бірде ұлым Сырым сырқаттанып, емханаға түстім. Сол емханада Ермек деген баласымен Мәншүк те жатыр екен. Бір күні асханаға барып келсем, дәлізде Мәншүк Сырымды көтеріп жүр екен. «Қатты жылап жатыр екен, уатайын деп қолыма алдым» деді. «Мен бағанадан бері олай да, былай да қарадым. Бізге ұқсап тұр. Қан жағынан маған балам Ермектен де жақын ғой» деді сәлден кейін. Сөйтіп, екеуіміз балаларға айналып сөзіміз үзілді, ол палатасына кетті. Ертеңінде таңертең дәлізге шықсам, Мәншүк жылап тұр. Жаңаүлгіден жездесі келіпті. Сөйтсем, Ермек түнде ыстығы көтеріліп, қатты ауырып қалыпты. Содан баласын алып қалаға кетті. Одан ары қарай Алматы, Шымкентке дейін апарды-ау деймін. Әйтеуір қатты ауырды. Жазда бір-ақ келді.

Оралхан Бөкейдің біз білмейтін бауыры кім?

Әңгіме барысында ұзақ жылдар тарих пәнінен дәріс берген Бағижамал Дүзбенбекованың тарихтан ғана емес, руханият саласынан да мол хабары бар екенін, әсіресе, Оралхан Бөкей шығармашылығына ерекше құрметпен қарайтынын аңғарғандай болдым.
-Оралханды ауылда көріп жүрдік қой. Бірақ тікелей, бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын сөйлескен емеспіз. Жаз сайын ауылға кеп тұратын. Бүкіл шығармаларын жата-жастана оқыдық қой. Өз басым ол кісінің шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Шыңғыстайға келін боп түспей тұрған уақытқа дейін де білетінбіз, жазғандарын ерекше сүйіп оқитынбыз. Жолдасымның туыстық жағынан жақындығын білгеннен кейін, құрметім арта түспесе, кеміген емес.
Оралхан Бөкей қайтыс болғаннан кейін, Белқарағайдағы мектепке аты берілді. Жазушының шығармашылығын, өмірін насихаттауға арналған шараларды өткізуге өзге мұғалімдермен бірге мен де атсалыстым. Қабылбек те Оралхан Бөкейге арналған шаралардың барлығына болмаса да, кейбіріне қатысып, барып жүретін. Бірақ ол не айта алады, не істей алады? Әрине, іштей қуанып отырады. Мен қолымнан келгенше Оралханның шығармаларын оқушыларыма насихаттауға тырыстым. Балаларымыз аман жүрсе, Оралхан Бөкей мұраларын насихаттауға, есімін қастерлеуге үлесін қосатын шығар деп ойлаймын. Оған бірақ әлі жете алмай жатырмыз.
Жаңа өзің Аманжан ағаңның «Оралхан Бөкей бауырымен кездескісі келді, бірақ кездесе алмады-ау деймін» дегенін айтып жатырсың ғой. Расында да, кездесе алмады-ау деймін. Кейбір әңгімелерінде шетқақтатып жазды ғой. Негізі, Оралхан Бөкей бауырымен кездескісі, сырласқысы, ішіндегісін айтқысы келген секілді. «Қайдасың, қасқа құлынымды» оқығанда мен осыны аңғарғандай болдым.

Қылмыс жасап қойған кісідей қысылып өмір сүрдім

Оралхан Бөкейдің біз білмейтін бауыры кім?

Әңгімеміз осы тұсқа келгенде, сырттан ұзын бойлы, кең маңдайлы, ашаң жүзді, келбеті бір қарағанда Оралхан Бөкейдің бет-әлпетін еске салатын кісі кірді үйге. Іздеген адамымыз осы кісі екен. Қабылбек Төлебаевпен әуелі балалық, жастық дәурені, атқарған қызметі, бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде қысқаша әңгімелестік. Бұл ауылға 2012 жылы көшіп келген екен. Көшіп келгенде, үйді бала-шағаларымен бірлесіп өздері салып алған көрінеді. Оған дейін Катонқарағай ауданының Белқарағай ауылында, одан бұрынырақ Шыңғыстайда тұрыпты. Бүгінде ұлы Сырыммен, келінімен және немересі Заурмен бірге осында тұрып жатқан жайы бар. Қызы Гүлсім Риддер қаласында тұрады екен.
-Мектепті толық аяқтағам жоқ. Екі үлкен шешем болды. Шешейдің бірі сырқаттанып, қарайтын кісі болмай ертерек үйленуге тура келді. Қалибек, Тұрысбек дейтін екі ағам болды. Яғни, бір шешеден туған. Өкінішке қарай, қос ағам да жастай кетті. Екеуі де небары 25-ақ жыл өмір сүрді. Өзім негізінен ауылда әртүрлі жұмыстар істедім. Ауылда қандай жұмыстар болса, соның бәрін қолымнан келгенше адал атқаруға тырыстым, – деп бастады әңгімесін.
«Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» демекші, аз-маз пікірлескеннен кейін, әңгіме ауанын Бөкей әулетіне, Оралхан Бөкейге қатысты тақырыпқа қарай ойыстырдым. Қабылбек ағамыз көп ешкімге сырын ашпайтын, біртоға, тұйық мінезді адам екен. Ашылып сөйлемеді, сауалдарыма сараң жауап беріп, қысқа қайырып отырды.
-Солай болған деп айтады. Мұны осы уақытқа дейін ешкімге айтып көргем жоқ. Ауыл арасында сөз жата ма? Бала кезден құлағыма түрпідей тиіп жүрді ғой. «Солай да солай, сен ананың баласысың, сен мынаның баласысың» деген сөздерді үнемі болмаса да, ара-тұра естіп жүрдім ғой. Мұндай нәрсе адамға кері әсер етеді екен. Осы уаққа дейін Бөкей әулетінің бірде-біреуіне «мен сенің бауырың едім, ағаң едім» деп алдарына барған емеспін. Бірдеңе дәметіп, өзін көрсеткісі келіп, жақсыларды жағалап жүргендей көрінгім келмеді. Бәлкім, ол жақтан біреулер бауырына тартып, ықылас танытса, мүмкін жақындар ма едім. Өз бетіңмен жақындау ыңғайсыз ғой. Әрине, ауыл жұртының бәрі білді ғой. Айтылып жүретін. Бірақ мен не істеймін? Кімнің аузына қақпақ боласың? Мән бермеген болып жүре бердім ғой. Кейде «Сүйегің кім?» деп, ата-тегіңді, қайдан шыққаныңды сұрап жатады. Ең қиналатын жерім осы болатын. Тығырыққа тіреліп, ешқандай жауап айта алмай, отырып қалатынмын. Өзімнен өзім қуыстанып, былайша айтқанда, қылмыс жасаған кісі секілді болып жүрдім ғой. «Болар іс болды. Шындықты айту қажет» деп айтқан кісілер де болды. Алайда, оған өзім қарсы болдым. Бірақ соңғы кездері бала-шағаларым: «Біреулер «Ата-тегің кім?» Қайдан шықтың?» деп сұраса, не деп жауап береміз, не айтамыз?» деп жиі айтатын болып жүр. Таяқтың бір ұшы маған келіп тиеді. Маған әкеп тірейді. Маған да қиын.
Осы сөздерді айтқанда, Оралхан Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» повесіндегі Қаршыға дейтін кейіпкердің «Неге екенін білмеймін, соңынан қалмай «әкелеп» жүгіре бергім келді, балалардың «тірі жетім, шата» деген сөзінен құтқара көр деп тізгініне оралып, жалбарынғым келді, не істеуім керек, өмірімді қалай бастап, қалай аяқтауым керек деп ақыл сұрағым келді, бірақ айтып-айтпай не, әлі сол сыртынан ғана сырласып, сыртынан ғана мұңдасып келемін. Мен шешемді кінәлай алмаймын, «Бөкеш сенің әкең» деп әлі бір рет айтқан жоқ, өзің де сезетін шығарсың дегендей, мойындай, жасқана, кінәлана күрсінетін, ылғи күрсінетін, күрсінген сайын бір жылға қартаятын. Қателік кімнің басынан кетпеген…» деген сөздері ойыма орала берді. Көз алдымнан Қабылбек ағаның бүкіл ғұмыры, іштей тынған, қиналған, жабыққан, қамыққан, күрсінген, күйінген бейнесі кино лентасындай тізіліп өткендей болды.

- Бұған өзіңізді емес, сол заманды, сұм соғысты кінәлау керек шығар…

–Шынында, бұл жайт маған керісінше әсер етті. Қылмыс жасап қойған кісідей қысылып өмір сүрдім. Бала кезде мені мұқатып, намысыма тиетіндер көп болды. Шаршы топтың, жиылған жұрттың алдында өтірік қалжыңдаған боп, осы тақырыпты қозғап кеп жіберетін. Кішкене кезімнен қатты әсер етті. Шемендей боп қалып қояды екен жүректе. Осы тақырып жөнінде бірдеңе айтыла қалса, қозғала қалса, сол жерден ақырын, білдірмей кетіп қалғанды жақсы көретінмін. Бұл тақырыпта мүлде сөз қозғағым келмейтін. Осы уақытқа дейін ешкімге айтқызбай келдім. «Ұрпақтарымызға не айтамыз?» деп, тек соңғы кездері кемпіріме айтып жүрген жайым бар. Ал Оралханға келсек, оның атағы бертінде шықты ғой.

Оралхан Бөкейдің біз білмейтін бауыры кім?

-Оралхан Бөкей демекші, әйгілі жазушымен осы тақырыпта сөйлескен кездеріңіз болды ма? Бауырым деп бауырына тартқан жоқ па?

-Бір жайт есімде. Шамасы, Оралханның Большенарымда аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезі болуы керек. Күтпеген жерден Катонқарағайда аялдамада кездесіп қалдық. Мен мотоциклмен ауылға қайтқалы тұрғам. Шыңғыстайға. Қателеспесем, Катонда шопырдың оқуын оқып жүрген кезім. Оралхан автобус күтіп тұр екен. Автобус келмегеннен кейін, оны үйіне дейін апарып салғаным есімде. Басқалай аралас-құраластығымыз болған емес. Жол үстінде де көп сөйлескеніміз жоқ. Жақын кездескенім сол-ау деймін. Бір ауылда өстік қой. Бірақ ауылда кездесіп қалған кездерде, жай амандасып қана жүретінбіз.

-Емен-жарқын сөйлескен кездеріңіз болды ма?

- Жоқ. Бірақ, әрине, іштей жақын тарту сезімдері болды ғой.

-Ағам ғой, кездессем ғой деп ойлаушы ма едіңіз?

-Жоқ, ондай ойлар болған жоқ.

- Аманжан Нұқсарин ағамыз «Оралхан «бір бауырым бар еді. Сонымен бір кездесуім, сөйлесуім керек еді» деп айтып еді. Бірақ кездесе алмады-ау деймін» деп еді.

- Оралхан бұл сөзді айтса, өмірінің соңғы кездерінде айтқан болуы керек. Алматыда жүрген кездерінде айтты ма екен?!. Барлық шындығын бір айтса, Аманжанға ғана айтатын. Мүмкін кездескісі келген шығар, бірдеңе айтқысы келген шығар. Кім біледі?!

Әңгімеміз аяқталып, дастарқаннан дәм татқаннан кейін аялдамаға дейін Қабылбек ағаның өзі шығарып салды. Көлікте келе жатырмыз. Өзіме тиісті аялдамаға жеткенше қарап отырмай, сыр суыртпақтай отырайын, бір жағы Оралхан Бөкей туралы тағы да бір дүниелердің шетін шығарар ма екен деген дәмелі оймен: «Сонда өмір бойы ауылда қарапайым жұмыстар істедіңіз ғой. Қиын болған жоқ па?» деп сауал тастадым.
-Өзім де қарапайым, атқарған жұмыстарым да қарапайым болды. Қарапайым өмір сүргенге не жетеді?! Ешкімнің ала жібін аттаған емеспін. Ешкімге зиянымды тигізген жоқпын. Өзіммен өзім болдым, – деп қысқа қайырды.
Шынында да, қарапайым ғана өмір сүрген Қабылбек ағаның бар ғұмыры осы бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Қарапайым деген сөз тек Қабылбек ағаға ғана жарасатындай. Қарапайымдылық емей немене, бұл кісінің орнында басқа біреу болғанда баяғыда-ақ «Мен Оралхан Бөкейдің бауырымын» деп жаһанға жар салар ма еді.

P.S.Мақаламды Оралхан Бөкейдің «Өмір деген тіпті де ғажап емес, Алтайдың қысы секілді қатыгез, кімдерге суық, кімдерге ыстық. Дегенмен өмірді лағынеттеп, өкінуге де болмайды-ау» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр. Бәрі де осы сөзге сыйып тұрған секілді.

Азамат Қасым

Дидар” Шығыс Қазақстан облыстық гезеті.

Related Articles

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: