|  |  |  |  | 

Тарих Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі

Қаржаубай Сартқожаұлы, түрколог, профессор. Шыңғыс ханды жерлеу рәсімі (суреттерімен)

 (Бурхан-Халдунда болған әңгіме)

 

Соңғы жылдары әлем оқырмандарының Шыңғыс ханға деген қызығушылықтары арта түсті. Оның өлімі, жерленген орыны, туған жері туралы көп айтыла бастады. Басқаларды айтпағанда өзіміздің қазақ оқырмандары Шыңғыс ханды қазақ етіп жасауға ат салысып жатыр.

Енді бір делетанттар: «Моңғолияда Бурхан-халдун, Турген деп аталатын жер-су жоқ. Ондай атау Қазақстанның Нарынқол ауданында» – деп сәуегейлік танытуда.

Бұл жалған ақпараттар қазақ оқырмандарының таным түйсігін адастырып отыр. Осы біржақты қателікті түзетіп, оқырманға дұрыс түсінік беру мақсатында аталмыш мақаланы ұсынып отырмыз.

 ***

Моңғолияда экспедицияларда болғанымда   Бурхан-Халдун тауының етегіне дейін екі-үш рет барып қайтқаным болмаса таудың басына дейін шығып көрмеген едім. Биылғы жылы (2015 жылдың 1-қыркүйек) сол таудың басына дейін шығып  Шыңғыс ханның мүрдесі жерленген деп  айтылып жүрген таудың үстіндегі тақтадағы «Тәңір обасы» деп аталатын кешенді көруге бел байлап барып келдім.

Біздің топтың құрамында Баян-Өлгейде  «Пеш Мұрат» деген лақап атпен аты шыққан белгілі бизнесмен Мұрат Ноғай Дәкейұлы, Бауыржан Баярұлы, Жан-Тегін Қаржаубайұлы (археолог) және Д. Нарангэрэл, Бат-очир деген азаматтар болды (сурет №1).

Бурхан-Халдунға баратын екі жол бар екен. Бірі, Кентай аймағы арқылы баратын  500 км-лік жол. Екіншісі, Мөнгөн-Морьт (Күміс күлік) сұмын арқылы баратын 250 км-лік төте жол. Біз төте жолды таңдадық. Уланбатырдан Багануур  көмір шахтасынан өтіп, солтүстікті бетке алып Мөнгөн-Морьт сұмынын басып, Үш-бүркі (байырғы түрік Моюн-чор ұстынында Үш-Бүркү деп жазылған) деп аталған шағын үш өзеннен өттік. Бұл шағын үш өзен Керулен дариясының бастау басының сала өзендері. Одан соң «Тәңір босағасы» деп аталатын биік тауды асып, Онон дариясының бастау басының бірі  Түрген өзенінен өттік. Бұл өзен Бурхан-Халдун тауының оңтүстік бетінен бас алады екен. Түрген өзенінен кейін 20 км жүріп Бурхан-Халдун тауының етегіне барып тірелдік. Күн қызарып батып барады. Жан-жақтағы таулардан құстардың сайраған дауысы естіледі. Мұнартқан тауларды қара орман бүркеп алған. Ит тұмсығы өтпейтін орман. Бурхан –Халдун тауы Шыңғыс ханның дәл өзіндей түксиіп төбемізден қарайды. Дәл осы кезде біз тоқтаған жердегі дәу ағаштың бұтағы сыбдыр ете түсті. Көз тоқтатып қарасақ бірнеше тиындар біріне-бірін қуып дәу ағаштың бұтақтарының үстінде ойнап жүр екен. Тиындар бізге тесіле қарайды. Бейкүнә, мөлт-мөлт еткен күнәдән пәк сәби жанары сезімді дір еткізеді. Тазалық, мөлдірлік, пәктік дегенді қолмен ұстап, көзбен көріп, жүрекпен сезінесіз. Табиғат-ана қандай ғажап еді! Егер Сіз табиғылықпен шөлдеп жүрген болсаңыз дәл осы сәтті кішкентай тиынның мөлдір көзінен жүрегіңізге сіңіріп алып, мәңгілік аялап өткен болар едіңіз.  Ой, шіркін-ай, десеңізші! Біз шатырларымызды тұрғызып ұйқыға кеттік. Тәңертең ертелеп тұрып, жалғыз аяқ жым жолмен тауды бетке алдық. Таудың етегіне ұзын сырғауыл ағаштардың басын біріктіріп қос іспетті етіп биіктігі 5-6 метрге жуық ағаштан оба тұрғызыпты. Сырғауыл ағаштан жасалған обаға ақтық ретінде жүздеген аспан түстес қадақ (шарып) ілінген. Бурхан-Халдун тауына тәуете келген әрбір пенде мінәжат етіп, сиынып, осы ағаш Обаға қадақтарын іліп обаны күннің айналым бағытымен 9 мәрте айналып, іштей дұға оқып, тілек тілейді екен. Бурхан-Халдунды қасиетті тау деп көретін моңғолдар Шыңғыс хан дәуірінен бүгінге дейін тауға тәуетіп, сиыну дәстүр-салтын құдайсыз өткен социализм заманында да бір сәт тоқтатпаған.

Таудың қорғаушысы эколог-милиция Баярсайханның  айтуынша бұл тауға жат ұлттың адамдары, одан соң әйелдер шығуға тиым салынған. Қазақтарды моңғол текті халық деп есептейтіндіктен бізге қарсылық білдірмеді.

Таудың етегінен басына дейін 6 км екен. Эколог-милиция Баярсайхан  маған, – Сіз басына дейін бара алмайтын шығарсыз. Мүмкін болса орта обаға дейін барып қайтасыз! – деп жанашырлық білдірді. Таудың жолы күдір. Көкке шыншыла тік орналасқан. Тау төрт тақтадан тұрады. Орта оба бірінші тақтада. Одан соң екінші, үшінші, төртінші тақталары бар. Екінші тақтадан соң орман болмайды. Таудың өргі жағы жалаңаштанып кетеді. Орманда ішінде қарағай, самырсын, қайың, ұшқат, тал, жасыл шырша аралас өсіпті. Жалғыз аяқ жым жолдан шығып кетсеңіз ағаш арасынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Самырсын ағашына «Самыр» шекелдеуік деп аталатын дәнді дақыл өседі. Тиындар соның дәнімен қоректенеді. Оның сыртында сиыр бүлдірген, қой бүлдірген, мойыл қызыл қарақат, қара қарақат, шие, жемістері мөлдіреп жерге төгіліп жатыр.

Біз бірінші тақтадағы орта обаға да жеттік. Оның алаңын жақсылап жасап ұстын орнатып, айналасына адамдар демалып отыратын орындықтар қойыпты. Ескерткіштің артқы жағына қарағай сырғауылдан биіктігі 5-6м ағаш оба орнатқан екен. Моңғол дәстүрі бойынша тағыда  ақтық ретінде ондаған аспан түстес көк шарыптар (қадақ) ілінген. Дәл осы Орта оба  қақында Рашид-ад-дин Құбылай ханның немересі Қамал туралы жазбасында: «…Бурхан-Халдун алқабы көнеден келе жатқан ұлы жұрт, ата-баба кіндік кескен қасиетті жер. Ол жер Қамалдың қорғауына берілген. Осындай қорғайтын орын тоғыз. Төрт ұлы жұрт – жері, және бес орын бар. Ол жерлерге ешкім аяқ баспайды. Қорғауға алынған бұл жер – Ұлы орынға (өмірден өткен ұлы бабаларының) бейнесі (мүсінін) жасап орнатып, аңқыма иісті арша тұтатып тазалап отыратын болған. Қамал (Гамал) сол жерге барық (тәуететін орын) орнатқан» (Пэрлээ.Х.1963 тал.72) Мұндағы «ұлы жұрт» деп отырғаны  Шыңғыс хан, Төле, Мөңке, Күйік, ал қалған бес орын деп отырғаны Арықбөкі  және хандардың қатындары болуы мүмкін.

Бұл қасиетті орынға барық (тәуететін орын) тұрғызу 1294 жылы Құбылай өлгеннен кейін болған оқиға ретінде Рашид-ад-динде көрсеткен. Демек оған дейін де бұл жерге оба тұрғызып тәуетіп келген салт қалыптасқан еді.

«Барық» Тәңірлік діннің тәуететін орны. Моңғол үстіртінде өмір сүрген байырғы түріктер Ислам дінін қабылдағанға дейін Тәңір дінін ұстанған. Олар Мұхан қаған заманынан (552-572 жж) бастап хандар мен ұлы адамдарына арнап тәуететін орын (барық) тұрғызып сол жерге барып мінажат ететін салт қалыптасқан. Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқық, Ышбара тархан ескерткіш ұстындарын тұрғызған кешендер осындай тәуететін орындар. Бұл орындарда ұлылардың мүрдесі болмайды, олардың мүрдесін адам аяғы жете қоймайтын, қасиетті деп аталатын таулардың үстіне көміп, оның үстіне үлкенді, кішілі обалар тұрғызатын болған. Сондай бір оба Күлтегін, Білге қаған кешендерінің шығыс  жағында 10 км қашықтықта орналасқан. Шівэті Хайрхан  тауында  Көк түрік дәуірінің дәл осындай ұлылылардың мүрдесін жерлеген орындар ондап саналады.

Біздің топ сөз өткен  Орта обадан өрлей, ілби басып, көтеріліп, үшінші тақтаға шықтық. Дәл осы жерге келгенде  төмендегі жыныс  ормандар пышақпен кескендей аяқталады. Бұдан өрге қарай сылдырама қиыршық тас, құм араласқан тазғыр тау жынысы жалғасады.

Үш пен төртінші тақта арасына он мәрте тоқтап, демалып отырып жүріп өттік. Төртінші тақтаның үсті теп-тегіс. Дәл осы тақтаның ортасына алып Кешен-оба тұрғызылған. Тұрғын халық бұл кешенді «Тәңір обасы» деп атайды екен (сурет №2).

Төртінші тақтаға шығып келген соң, Тәңір обасына таяп барып біраз демалып көкмайса шөптің үстіне шалқалап жата қалдық. Аспан шайдай ашық. Үп еткен жел жоқ. Жанға жайлы алтын күздің маужыраған майда күні. Аспандағы күннің нұры анаңның аялаған көз-қарасындай аялы. Ғажап!  Бір ерекше жағымды иіс аңқиды. Бойды балқытып жан-жүрегіңді тыныштандырғандай ма қалай?! Бұрын соңды талай тауға шығып жүргенде мұндай сезімде болмаған едім. Іштей жанға жайлы, ғажайып иіске таңқалып жаттым. Бір кезде Бауыржан

-Бұл не қылған ғажайып иіс! Сіз сезіндіңіз бе? деді.

- Иә өзім де таңқалып жатырмын! – дедім. Жігіттердің барлығы  да таң-тамаша болысты. Шөпті сипалап, әр талын ұстап иіскеп көріп жатырмыз. Ұзындығы 8-10 см шамасында өскен. Өзен бойындағы жұмсақ өлең шөп емес. Қылтанақ әрбір талының діңі қаттылау, әрі тығыз ұйыса өскен. Аңқыма иіс осы шөптен болар деп түйдік. Осындай ғажайып сезімде отырғанымызда қасымызға эколог-милиция Баярсайхан келді. Малдасын құрып, мол пішілген моңғол дэлінің (шапанының) қойынынан, әдейілеп отырып әшекейлеп оюлаған сырма қалта шығарып келді. Аузын қайыра ашып ішінен, алқызыл маржан (коралл) тығыны бар қызыл күрең лағыл шақшасын алып шығып, етігінің қонышына бір-екі мәрте ұрып, сонан соң алқызыл маржан тығынын босатып суырды. Қызыл маржан тығынындағы  күміс кіндікті жіңішке қалақшасыман лағыл шақша ішіндегі жұмсақ насыбайын іліп алып, қос танауға қосарлата тартты. Одан соң лағыл жақшаның маржан тығынын шала жауып маған ұсынды. Бұл сыйластықтың ишарасы. Моңғол салты бойынша қонағына шақшаның тығынын босатып шала жауып ұсынады. Егер тығынды басбармақпен басып толық жауып ұсынатын болса «сенен алатын кегім бар»  деген ишараны білдіреді. Мен шақшадан насыбайын алып иіскеп, моңғол салтымен өзіне қайтардым.

Баярсайхан отырған адамдардың бәріне лағыл шақшасының тығынын босатып ұсынып шықты. Ең соңында Д. Мұрат пен Қ. Жан-тегінге берді:

Олар насыбайды иіскеген ишара ғана білдіріп шақшасын қайтарды. Оны көріп отырған Баярсайхан көңілі толмады:

- Қор болған қайран мұрын!-деп бір қойды сонансоң:

-Шіркін, ана мол жаратылған мұрынды Құдай маған берген болса, насыбайды  алақанға салып тұрып атар едім, – деді.  Біз күлкіден құлап түстік. Ол күлгенде жоқ. Керісінше :

- Қазақтар танаулы келеді ә?!- деп таңдана сұрақ қойды.

Сол кезде « Пеш Мұрат»:

- Ат ерінді, ер мұрынды келеді,- деп  жауап берді. Ол бұл сөзді көңіліне жақын алған жоқ.

Әңгімені ары қарай жалғастырып:

- Хан-баба сіздерге бүгін иіп тұрғой – деді.

- Ол не дегеніңіз? Түсінбедім ғой-дедім

- Мен осы таудың қарауылы ретінде мұнда тәуетіп келетін адамдарды ерітіп, жылында 10-15 мәрте келемін. Көбінде таудың етегінен немесе  Орта обаға дейін еріп келемін де, қалып қоямын. Бүгін күн жақсы болған соң Тәңір обаға дейін келіп айналып шықтым. Таудың басында күн бүгінгідей үнемі жайлы бола бермейді. Осыншама жайма шуақ маужырған күн аз болады. Жазда таудың үсті бұлттап, жаңбырдан, желден айықпайды. Ал қыста үнемі қарлы боран соғып тұрады. Бүгін керісінше жайлы боп тұр. Сіздерге таңқалып отырмын, кімсіздер өзі?!-деп барып бір тоқтады.

-Мен тарихшы-ғалыммын. Көшпелілердің көне тарихын зерттеуші маманмын! – дедім.

-Ниетіңіз дұрыс екен. Сондықтан болар күн тым жайлы болуы. Хан-баба сіздерді аруағымен қалап-жөлеп қабылдады. Жолдарыңыз болып істеріңіз сәтті аяқталады екен –деп ризашылығын білдірді. Одан соң біраз үнсіз отырды да:

-Тарихшы ғалым екенсіз Тәңір бабаның (Шыңғыс ханның) мүрдесі сақталған осы қасиетті орынға кейбіреулер күдікпен қарайды. Ақпараттық құралдардан кейде Хан-бабаның мүрдесі сақталған кешен бұл емес-деген сөз де естіп қаламыз. Осы туралы не білесіз әңгемелей отырыңыз-деді.

Мен оған: – Сіз осы жердің тумасысыз ба? –деп сұрақ қойдым.

- Мен осыдан 100 км-дей қашықтықта туған адаммын. Ал өмірімнің 30 жылы осы жерде өтіп барады.

-Осы аумақты жақсы білесіз ғой?

-Әрине, жақсы білемін. Аң қуалап сай-сайдың бәрін ақтардық-қой. Оның сыртында осы жерді қорғаушы-эколог-милициясымын-ғой,-деді;

-Онда ең әуелі сіз маған мына сұрақтарға жауап беріңізші. Осы Бурхан-Халдун тауын Үш  дарияның бастау басы деп атайды. Сондықтанда мұндағы халықтарды ежелден «Үш өзен моңғолдары»-деп атап келеді. Бурхан-Халдуннан бас алған Үш дарияның бастау басы болған өзендерді көрсетіп атап беріңізші-дедім. Ол шақшасын әдемі дорбасына салып, қойныны тығып алып әңгімесін бастап кетті.

-Өзіміз отырған Бурхан-Халдунның батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік жағындағы дүңкиіп жатқан мына адыр тауларды жалпылама  Кентай жотасы деп атайтынын өзіңіз жақсы білесіз-деді. Қолымен сілтей көрсетіп: Анау шоқы таудың арғы солтүстік шығыс  жағынан  атақты Онон дариясының бір саласы  бас алады. Енді бір саласы  кеше өзіңіз өтіп келген ағыны күшті анау өзенді Түргэн дейді (Тургэн – жылдам-шыпшаң деген мағынада). Ал, мына Бурхан-Халдунның алдынғы жағынан өтіп бара жатқан өзенді бүгінгі күні біз Боғда деп атаймыз. Анау, оңтүстік жақтағы адыр таудың баурайынан Хурах өзені басталады. Осы аталмыш  Боғда, Түрген, Хурах өзендері Онон дариясына құяды да, шығысқа қарай беталады.

Батыс жағымыздағы мына өзен үлкен Бүркі, оның ар жағында орта және кіші Бүркі өзендері атақты Керулен дариясының бастау басы. Керулен тура оңтүстікке беталып барып кілт бұрылып шығысқа қарай барып Көлөн көліне құяды. Осы Кентей жотасының батыс бетінен  Қара, Боро өзендері  басталып Тул дариясына құяды. Солтүстік жағынан Хиргут, Чіке өзендері Моңғол шекарасын асып Ресей жеріне барған соң Селеңгі дариясына құяды – деп жіліктей айтып барып бөгелді. Мен оған:

-Кентей жотасынан, соның ішінде Бурхан-Халдун тауынан бас алатын атақты үш үлкен Онон, Керулен, Тул дариясының, оған құятын шағын сала өзендері туралы көрсетіп отырып жақсы таныстырып бердіңіз. Енді мен сізді осы өзендердің орналасуын 1295-1307 жылдар аралығында жазылған түпнұсқада қалай сақталғаннан хабардар етейін,-дедім.

Моңғолдың құпия шежіресі (МҚШ) Рашид-ад-диннің «Әлем тарихы», Лувсанданзанның  «Алтын тобшасында» Шыңғыс ханды Бурхан-Халдун тауының үстіне жерлегенін айта отырып, үлкенді, кішілі дариялар мен өзендердің атын атап, түсін түстеп көрсеткен. Рашид-ад-динде: «Бурхан-Халдун тауының оң жақ бетіндегі сайдан Келурен (Керулен), шығыс жақ бетінен Онон, шығыс түстігінен Қырқачу (бүгінгі Хурах өзені) оның сәл солтүстік жағынан Чікү, батыс солтүстік жағынан Қалақу (Хилго), батыс оңтүстік жағынан Қара (бүгінде Қара), Бұрачиту, оның дәл батыс оңтүстігінен Тула өзені басталады» (Рашид-ад-дин І, ІІ-том. 234-бет) деп жазып қалдырған. Көріп отырсыз, Рашид-ад-динде жазылған өзендердің атаулары бүгінгі күнге дейін өзгермей жақсы сақталған. Мына Кентей жотасын байырғы түріктер (VІІ-VІІІ.ғғ) «kejre taγ» (кейре тауы) деп атаған. Кентей жотасының Бурхан-Халдун тауынан бас алған бір үлкен дариясын «Кейре үгізі » (Кейре өзені) деп атаған. Ол бүгінгі Керулен өзені. Осы Кентей жотасының батыс оңтүстігінен  бас  алған үш өзенді «Үш бүркү» деп тас ұстынға жазып қалдырған. Бұл үш шағын өзен бүгінге дейін байырғы атауларын жоғалтпай бізге жетіпті.

Бүгінгі жергілікті моңғолдар «Үш-бүркі» өзенін алдыңғы, орта, кіші Бүркі деп атайтынын жоғарыда сіз айтып кеттіңіз.

Бурхан-Халдунның шығыс жақ бетінен бастау алған. Онон өзенінің бастау басы, әне, жайқалып ағып барады. Бурхан-Халдунның барлық суы Онон құяды ма?  Арнасы кең, ағыны қатты. әрі күшті екен. Бетінің әрбір жері толқындатып ақ көбік шашып барады ғой. Жаңағы сіз сөз еткен Хурах өзені Рашид-ад-динде «qyrγaγ» деген сөз. Мағнасы «қайырма». Кентей жотасының оңтүстік қайырмасынан бастау алатындықтан солай аталған болар. Ал Чіке өзені көне шекті тайпасының атымен аталыпты. Жер-су атауы таза тұнған тарих қой. Мың жыл бұрыңғы оқиғаны  еске салып сайрап тұрғанын байқайсыз ба? Батыс оңтүстік жағынан басталған жаңағы сіз көрсеткен анау Қара өзені Рашид-ад-динде «Қара», VIII ғасырда жазылып сақталған, байырғы түрік мәтінде Қара (Теркин III.19) деп жазылған. Біздің жыл санауымыздың (б.ж.с) VIII ғасырындағы атау бүгінге дейін (XXI. ғ) ұмытылмай былайша сақталғанына не айтар едіңіз?

Ол сәл ойланып ойға батып кетті. Мен осы сәтті пайдаланып:

- Сонау VIII ғасырда осы жерде өмір сүрген түріктердің біразы осында қалған. Солар жердің атын сақтап бүгінгі мына сіздерге жеткізген. Кейін олар  моңғолданып  Сіздерге сіңісіп кеткен. Сол  дәуірдегі адамдардың ұрпақтары әлі де сіздердің орталарыңызда жүруі ықтимал.

Жаңағы сіздің «Боро» деп атаған  Бурхан-Халдунның батыс оңтүстігіндегі мына сайдан басталған өзеніңізді Рашид-ад-динде «Бұрачиту»    деп атаған. Бүгінгі күні оның атауы көп өзгеріске түспей сақталыпты. Қара, Боро екеуі екі сайдан басталып Тул дариясына құяды екен.

Жаңағы сөз еткен мына Боро (Бурачиту) –ның батыс жағындағы өзіңіз көрсеткен анау қарағайлы сайдан басталған Тул дариясының басы, VIII ғасырда жазылған Күлтегін, Білге, Ел-етміш Білге, Теркін ескеркіштерінің мәтінінде «toγaly (тоғалы)» (Тұй.25;Терк.17.) деп жазып қалдырған. Мағынасы «доғалану».  Осы Тул дариясы Моңғол үстіртінің солтүстік шығысы  Кентей жотасының Бурхан-Халдун тауынан басталып, Ұланбатыр қаласын басып өтіп, одан оңтүстік батысқа қарай көлбей өтіп Керейдің-Оң-ханның (Тұғрул) ордасын жанай  өтіп барып Орхон, Селенгі өзендеріне қосылып Байқалға құяды. Көріп отырғанымыздай солтүстік Моңғолиядан, орталық Моңғолияға дейін барып, одаң соң қайта солтүстікке бұрылып Байқалға барып тыныстаған. Содан болып «Доғалы» дария аталған. Ол менің сөзіме қанағаттанғандай болды. Содан кейін сәл толқып тұрып:

- Сізді ренжітіп алсам кешіріңіз! Соңғы кезде біздің моңғолдың ақпарат құралдарында қазақтар Шыңғыс ханды қазақ етіп жасап жатыр,-деген қауесет тарап кетті. Осыған қалай қарайсыз?

- Қазақстанның сары газетерінде, интернет сайттарында ондай пікірлер қаптап жүр. «Оны кім айтады?» дейсіз ғой.  Делетанттар, сенсация жасаушылар. Олар ғылыми сараптама жасамай-ақ, тисе түйеге, тимесе бұтаққа деп ойына не келсе соны жаза береді. Бала кезімде біздің ауылда Жекей деген ақсақал болған.  Шешен, шежіре, ел естімеген ойламаған дүниелерді ойдан шығарып жүретін судыр адам еді. Сол кісі: «Иосиф Висаранович Сталин деп жүргеніміз қазақ екен ғой, Ол: «Жүсіп Бессарыұлы Болат» деген кісі екен. Орыстар оның атын аударып алып орыс жасап жіберіпті» дегені әлі есімде.

Ал Қазақстанның ғылыммен шұғылданатын маман тарихшыларының бірде біреуі ондай желөкпелікке бармайды, жазбайды. Шыңғыс ханның шежіресін қаузасаңыз сонау Бөрте-чинодан бері таза моңғол. Ол ту баста меңгү тайпасының басын қосып ел етуді армандады. Арманына 1196 жетті. 1196-1206 жыл аралығында Шыңғыс хан керей, найман, шүршіт, кидан, ұйғурларды қол астына қаратып алғаннан кейін елін «Мәңгі ел (соңында моңғол болып  өзгерді)» деп атап бұл бүкіл киіз туырлықтылардың (көшпелілердің) империясы деп жариялады. Көріп отырсыз, текқана бүгінгі моңғол атаңған халықтардың ғана емес түркі, моңғол, мәнжү түнгүс, шығыс Түркістандағы Арслан ұйғурлардың ортақ империясы деп жариялап отыр. Біз Шыңғыс ханның дәл осы жарлығын ұстап алып «Мәңгі ел» (моңғол) империясы түркілерге де тән деп көруіміз керек. Өйткені, бұл империяның мемлекеттік құрылымы (ел, төр (власть), қаған, хан, бұйрұқ, тұрғақ (түнгі күзет), кешіктін ( хан орданың тұрақты  армиясы)  ондық жүйесі, шерік, күрень, ұлы жаса, сойырқыл, татвар (салық) т.т.с.с) Көк түріктерден жалғасқан. Көк түріктердің мемлекет құрған дайын үлгісін сол қалпымен қайталап, дамытып қолданған. Шыңғыс ханның мемхатшысы Чыңғай Чінсан деген керей адам еді. Ал, Шыңғыс ханның  тегіне келетін болсақ, оның арғы тегі қият. Хунну (Ғұн) империясы құлағаннан кейін  қияттар екіге айрылды. Бір бөлігі түрік қият атанса (бізде Қорқыт-Ата т.т.), енді бір бөлігі моңғол қият атанды. Шыңғыс хан осы моңғол қияттардың кейінгі ұрпақтарының бірі боржығын ( «бөрі-тегін» деген мағына береді) тайпасының әулетінен. Қазақ (түркі) пен моңғолдың арғы тегі осындай кіндіктес. Мұны әлемнің барлық түрколог ғалымдары дәлілдеген. Сондықтан болар бүгінгі қазақ, моңғол  тіл қорындағы түбір сөздің 40%, жалғаулықтың 60% бірдей деген тұжырымды атақты алтайтанушы түрколог ағамыз Б. Базылхан дәлелдеп берген еді. 1224 жыл Жошы-Қыпшақ империясы құрылғаннан кейінгі, және  1455-1846 жыл аралығындағы қазақ хандығының хандары мен төрелері (чиновник) Шыңғыс ұрпағынан. Бауырлас қандас  осы екі ұлт  Шыңғыс хан менікі, сенікі деп таласпай бірін бірі ағалап-жағалап ішке тартып жүрсе, тарихи тағылымымызға да, мәдени мұрамызға да, рухани байлығымызға да олжа салар еді. Ол менің әңгемеме разы болғаны сонша:

- Осы  Бурхан–Халдун тауының мына «Тәңір обасының» астында Хан бабаның мүрдесі сақталғаны туралы қандай тарихи ақпараттар бар? – деп желпіне сұрақ қойды.

- Сіз Моңғолдың құпия шежіресін жақсы оқыған боларсыз, сондағы оқиғалар есіңіздеме?-деп сұрадым.

- Құпия шежірені жатқа білем десем өтірік айтқан болармын.  Бірақта ондағы айтылған бүкіл оқиға түгелімен есімде, -деді.

Онда тыңдаңыз деп мен тағы  сөз бастадым.

Шыңғыс ханның ұлы бабасы-Бөрте-Чоно, оның ханумы Құба-Марал (Моңғолша Гуа-Марал- С.Қ) Теңіздермен көлдерді кешіп өтіп, таудан тау асып осы жерге келіп Батачи  атты торсық шекелі ұлды болғаннан бастап біз отырған осы Кентей-жотасы Моңғолдардың тұрақты тұрғылықты мекеніне айналғаны есіңізде болар. Батачи (Баташы-баталы) кейін хан болды. Сондықтан да мұндағы моңғолдар «Үш өзен Моңғолдары» деп аталды. Шыңғыс хан Кентай-жотасының  шығыс етегінде туып, мына Бурхан-Халдун маңында жастық шағы өткенін Құпия шежіремен  Рашид-ад-динде  жазып қалдырған. Бұл тау Шыңғыстың ұлы бабасынан бермен қарай қыстау, күзеуі болғанын көне жедігерлерде  жазып қалдырған. Сондықтан оның о дүниелік болғандағы мәңгілік мекені осы Бурхан-Халдун. Ол туралы ең көне дерек Рашид-ад-диннің басшылығымен жазылған «Jami at Тabariкh»  (Әлем тарихы) атты көне түпнұсқада: «624-жылы рамадан айында (1227-жылдың тамыз, қыркүйек  айы)  доңыз жылының күз айының ортасында он бесі күні пәни дүниеден өтіп, хан тағын, Қағанат ұлысын алтын ұрпақтарына тастап кетті  (Рашид-ад-дин  М.1952, т.І. кн.ІІ-237-бет.) (Сурет №3) деп жазса, Қытайдың орта ғасырдағы деректерінде: «Әлемді жаулаушы  ұлы адам 1277 жылы  25-тамыз күні 66 жасында Лео Пань Шань тауының маңындағы Цин Шуй Сяний  Си Цзянь қаласында  ауыр науқастан  қайтыс болды»-деп жазып қалдырған.

Жоғарыдағы Рашид-ад-диннің «Әлем Тарихы» еңбегіне «Бұл сырқаттан айыға алмай көз жұматынын білген Шыңғыс хан нояндарына    жарлық етіп: «Менің өлгенімді ешкім білмейтін болсын. Жылап-сықтап, бақырушы болмаңдар. Жау не болғанын білмесін. Танғуттар қала бекінісінен белгіленген күні шыққан  кезде барлығын жойыңдар!» деді.

«…Нояндар оның жарлығы бойынша танғуттар қала бекінісіне шығып келгенше болған оқиғаны жауып, сыбыс білдірмей құпия ұстады. Олар шығып келгенде барлығын жойды. Сөйтіп, оның мүрдесін алып қайтқан.        Кез болған жан-жануардың бәрін қырып Ордасқа жетті. Барлық хан ұлдары-ханзадалар, бірге жүрген нояндар жылап-сықтап жоқтады» (Рашид-ад-дин  М.1952, Т.І кн.ІІ .с.234)

Шыңғыс ханның мүрдесі аялдаған осы жерді Моңғолдар «Қасиетті жер» деп танып  «Эзэн хороо» (Ежен қара-хан ие орны) деп атап тәуететін орынға айналдырған. 1227-жылдан бастап бүгінге дейін бұл жерге Моңғол текті халықтар, ұлттық жора жосынын жасап, тәуетіп келді. Кейінгі кезде Қытай өкіметі бұл жерге үлкен орда тұрғызып әлем туристерін тартатын орынға айналдырып тастаған.

Ордастағы осы жерге бір неше күн аялдағаннан кейін Шыңғыс ханның тұрғылықты мекені Кентей жотасына жол тартқан. Ордостан Кентей жотасына дейін 1200-ден астан километр қашықтықта. Осы қашықтықты ат арбамен қанша күн жүріп өткенін есептей беріңіз. Күндіз түні ат арбамен   тоқтамай жүргенде бір жарым ай, немесе екі ай жүрген болуы мүмкін. Осы уақыт бойы мүрдені қандай жол мен сақтап апарды деген сұрақ туады. Ол туралы арнайы тоқталамыз.

Кентей жотасындағы Бурхан-Халдун тауының маңындағы Хүрлэх атты өзен бойындағы Шыңғыс ханның кіші ордасына жеткеннен кейін Ұлы Қағанның мүрдесін қайда жерлеу тұралы сөз болады (сурет №4). Ол тұралы Рашид-ад-динде; «Күндердің біркүні Шыңғыс хан  Бурхан-Халдун тауында аң аулап жүріп, бір қасиетті ағашқа (жекен ағаш –көп салалы , ерекше бітімді ағаш), көзі түседі. Ағаштың бітімі ханға ерекше көрінді. Ол сонда біраз демалып отырады. Ханның көңілі толқып; мына жер мені соңғы рет құшағына алатын жер екен, естеріңе сақтаңдар» депті.

Осы хабарды естіген жоқтау айтып отырған адамдар үнемі қайталай беріпті. Хан ұрпақтары және әмірлер оның (Шыңғыстың) жарлығы бойынша сонда жерлепті» (Рашид-ад-дин. М.1952. І.І кк-ІІ с. 234) (сурет №5).

Көшпелілер дәстүрі бойынша атақ-абыройына, өмірде иеленген орын-тағына сай қайтыс болған адамның мүрдесін қоятын жерді таңдайды. Қарапайым адам болса жазық жерге, шен-шекпенді беделді адам болған болса, таудың бөктеріне ұлы қағандар мен хандарды таудың үстіне жерлейтін болған. Сол салт-дәстүр бойынша Шыңғыс ханның мүрдесі таудың үстіне жерленген. Сөйтіп бұл тауды «Қасиетті тау» деп атап 800 жыл бойы адамдар тәуетіп келген. Таудың үстіне жатжұрттықтар мен әйелдер шығуына рұқсат етілмейді; Сол Рашид-ад-дин еңбегінің Кентей жотасындағы иық тауларға Шыңғыс хан ұрпағынан  Төле, Мөңке, Құбылай, Арықбектер жерленгені туралы сөз жазылған (тағы сонда. 234-бет).

Рашид-ад-динің ақпаратын растап бекемдетіп Лувсанданзанның «Алтын тобша», «Көк судыр», «Болор толь», «Эрдэнийн эрх» сияқты моңғол тарихишыларының 1400-1800  жылдар аралығында жазып қалдырған ондаған еңбектер бар. Бұл тарихи деректерде Шыңғыс ханды Бурхан–Халдун тауына жерлегенін жазып қалдырған. Солардың бірлі жарым ақпаратымен танысалық. «Көк судыр» (Көк шежіре) атты еңбектің авторы Д. Инжиннаш Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы. Қытай, Мәнжү тілін жақсы меңгерген оқымысты адам болған. Ол өзіне дейін көптеген түпнұсқаларды ақтара отырып осы еңбегін жазып қалдырған. Сонда: «……..ханның алтын табытының сыртын күмістелген қаппен тыстап, оны темір кебежеге құндақтаған. (Көк судар У.б 2005 -378- бет) Ал халық аузында жүрген аңызда «…. осы мүрдені айналдырып  тұратын механизмге орналастырған. Мүрде 60-жылда (алпыс жыл шығыс халықтарында  бір ғасыр деп есептелінеді) өз өсін өзі бір рет айналады. Сонда басы шығысқа қараған кезде ашса еш қандай қауіп болмайды. Ал,  мүрденің басы басқа жаққа қараған кезде ашса емі табылмайтын індет тарайды, немесе алапат соғыс өрті шығады» (Сампил Дэндэв. 1992-57- бет)

Ағылшын Корольдігі Географиялық Қоғам журналының 1903 жылғы қараша айындағы  нөміріне К. У. Кэмпэлл деген диппломаттың «Моңғолияға саяхат» атты жолбелгілеуі жарық көріпті. К.У.Кэмпэлл Қытайдағы ағылшын елшілігінің дипломаты болған адам. Ол  Бейжіннен 1902 жылы Моңғолияға келеді. Моңғолияға келіп ескі танысы Фон Гротпен кездесіп Бурхан-халдун тауына барған. Фон Грот 1900-жылы  келіп «Моңғол жерінде алтын барлау концесс» деген ұжым құрып жұмыс жасап жүрген. Ол жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс жасап, Моңғолия туралы көптеген ақпараттарды жинаған үлкен  интелигент  адам  екен. Фон Грот бұған дейін де  Бурхан-Халдун тауына бір неше мәрте барып кеткен. К.У. Кэмпэлл досы Фон Гротпен бірге, жанына бір моңғол  лама (тақуа), бір қытай солдатын ертіп, Кентай жотасындағы Бурхан-Халдун тауына 1902-жылы 21-қыркүйек күні шыққан. Таудың үстіндегі тастан үйіп жасаған алып обаның үстіне Қытайдың Мәнжү Чин патшалығының Моңғолиядағы губернаторы келіп тәуететін ритуалдық орынды көреді. Онда қарағай стол орнатып, жіп тартып әртүрлі түсті матадан жасалған ту, ақтық байлаған. Керамика ыдыстар, тамақ қалдығы және қытай иероглифі таңбаланған мыс шырағдан болған. Шырағдандағы жазу «Чин-Лунның 12-жылы (1748ж)» деп жазылған екен. Ал, қорғанның  (tumulus) ұзындығы 228,6м, ені  188,8м екенін өлшеп анықтаған. (Кэмпэлл 1903-513 бет) Бурхан-Халдундағы осы тас обаны К.У.Кэмпэлл Шыңғыс ханның жерленген орны деген тұжырым жасаған. (Кэмпэлл К.У. 1903-514 бет)

К.У.Кэмпэллдің жолжазбасындағы ақпараттан біз бұл жерге текқана моңғолдар ғана емес, Қытай патшалығының Моңғолиядағы тұрақты губернаторларына дейін келіп тәуететініне куә боп отырмыз.

1920-жылдары Моңғолия автономия алғаннан кейін Моңғолдың үкіметтік билігі мен діни басшылығын қатар ұстаған Боғда ханның «Әлемде жан-жануар пайда болып, билік орнауы» атты жазбасында: «Тәңір текті ұлы Шыңғыс хан 22 жыл хан тағында отырып өмірден өткен. Оның асыл алтын мүрдесі Кентей хан тауына қойылған. Бүгінге дейін бұл қасиетті тауға ұлы Боғдаларды да шығуға рұқсат етілмеген деген ақпарат сақталған. Әрине Боғда ханның қолында көне тарихи ақпараттар болғандықтан осылайша жазып қалдырған болар. Өйкені дін адамы беталды дерек-дәйексіз сөз айтпайды.

1921- жылы Тарихи жазбалар ғылыми зерттеу институтының директоры О.Жамьян, Моңғолияның сол кездегі аса беделді Л.Дэндэв, Бат-Очир сияқты тарихшылар құрамында болған. «Шыңғыс ханның туған жылы мен жерленген орнын анықтау мемлекеттік комиссия» құрылып жұмыс жасаған. Осы комиссияның 1926 жылғы алдын ала жасаған болжамдары бойынша Шыңғыс ханның мүрдесі Бурхан-Халдун тауына жерленген деген қорытындыға жүгінген (сурет №3).

Орта ғасырда өмір сүрген Орталық және орта Азия көшпелі хандықтарының тарихын зерттеген әлемге әйгілі ғалымдар В.Бартольд (1966ж),  Д.Оссон (1956), Б.Я.Владимирцев, Қытай тарихшылары  Р.Сайшаал (1991), Ринчин (1987), Моңғол тарихшылары Амар (1940) , Х.Пэрлээ (1963), Ш.Нацагдорж (1991) ,С.Бадамхатан (1997) З. Батсайхан (2008) сияқты ғалымдар Шыңғыс хан  мүрдесі Кентей жотасының Бурхан-Халдун тауына жерленген деген тұжырым жасаған. (З. Батсайхан Н. Даваа ,Ж. Бор .2008 МУААЕ.vol.4 №1(312) ss37-52) .

Осы жоғарыда біз айтқан тарихи ақпараттарды екшеп, сараптап, зерттеп зерттеп зерделеумен соңғы 1989 жылдан бері банкир Н.Даваа, археолог З.Батсайхан тарихшы Ж. Бор  деген азаматтар айналысты. Мына біз отырған Бурхан-Халдун тауындағы, Тәңір обасы аталған кешенде Шыңғыс ханның мүрдесі жатқанын ғылымдағы жетілген техника-технологияны пайдалана отырып анықтағанын өзіңіз жақсы білесіз (Батсайхан 3.2008-99 бет).

Олар Жапонның  геологиялық барлау жұмысына пайдаланып жүрген жерастындағы рудалар мен минаралдарды анықтайтын технологиясының  гиофизикалық  құралы  арқылы Тәңір обасының 108 нүктесіне магниттік және радиометрлік зерттеулер жүргізілген.  Нәтижесінде жерастында 20-30м тереңдікте адам мүрдесі көмілген табыт бар екенін анықтаған. Бұл зерттеудің нәтижесі осыдан тоғыз жыл бұрын интернетпен жарияланды. Осыған байланысты Моңғолияның сол кездегі президенті Х.Энхбаяр Бурхан-Халдундағы Шыңғыс хан мүрдесі көмілген Тәңір обасын қазуға болмайды деген жарлық қабылдаған. Бұл тауды мемлекеттік зиярат өткізетін қасиетті орын деп белгілегенін өзіңіз жақсы біліп отырсыз.

Бурхан-Халдун теңіз деңгейінен 2340м биіктікте, мұз дәуірінде пайда болған тау. Ауыр ойдың үстінде отырған эколог қорғаушы сәл күрсініп:

- Менің бір таңғалатыным анау алыстағы Гималай тауынан Ордосқа дейін 700-800км болар, Ордостан Кентей жотасына дейін бері айтқанда 1500км. Сонда осы аралықты орта есеппен 2500км жолда мүрдені қалай сақтап алып келіп мына Бурхан-халдунға жеткізген?

- Өте орынды сұрақ. Осы сұрақты қашан қояр екен деп отыр едім. Шыңғыс хан тиветтердің Лю Пань Шань тауының етегіндегі елді мекенде  қайтыс болған соң оның мүрдесін Кентей жотасының алдынғы жағындағы Қалутай атты сарайына әкелгенге дейін үш ай уақыт өткенін тарихи деректерде жазып қалдырған.

Жаздың соңы, күздің басы. Лю Пань Шань тауын артқа тастап Сиянға  дейін одан Мон тауын басып Ордосқа дейінгі аймақтың климаты жылы болатын мезгіл. Мүрдені алып жүру әрине ауыр. Олар Тиветтен асығыс қозғалып Ордосқа келіп аялдады.(Тиветке бара жатқан жолда қамшысы түсіп кетіп аялдаған жер). Неге Ордосқа аялдады. Неге ол жерге Шыңғыс ханға арнап сарай тұрғызып, зиярат ететін   қасиетті орын болдырды? Бәрі де белгісіз. Көп сұрақ.

«Эрдэнан-эрх» деген моңғолдың тарихи шежіресіне зерттеу жүргізген Ш.Шмидт деген еуропалық зерттеуші «Шыңғыс ханның мүрдесі толығымен Моңғолияға жетпеген. Оның денесін бір кішкентай бөлшегін әкеп жерлеген» деген тұжырым жасаған (Рачневский.2006.с.99-100). Осы сияқты әңгіме көп.

Орталық және Орта Азияда өмір сүрген ежелгі сақтар (скифтер) кидандықтар мумия жасап келген. Көшпелілер мумиялау әдісін тым оңай жасаған. Қытайдың «Бес патшалық тарихы» атты еңбекте «Қиданның Дэгуан ханы Луаньчэн қаласында қайтыс болған соң оның мүрдесін Кидандардың аталарын жерлеген Муешань тауына жеткізу керек болды. Сонда олар Дэгуанның ішкі ағзасын алып тастап, орнын тұзбен толтырып мумия жасап ұлы Корымға жеткізгені туралы жазып қалдырған ( Таскин  1984. С,205,508). Кидандар моңғол текті халық. Осы әдісті моңғолдар да жақсы меңгерген болуы бек мүмкін. Дәл осылайша Шыңғыс ханның мүрдесін Ордосқа жеткізген  соң ішкі ағзасын алып сол жерге көмген. Ішкі ағза көмілген жерге сарай орнатып бүгінгі туризм орталығы болған «Эзэн хороо (Хан ие орны)» тұрғызылған болуы  мүмкін. Өйтпеген жағдайда жай бір бос жерге Шыңғыс ханның аңырын (мүсінін) орнатып, оның мүсініне  сиынбас еді. Тәуетпес еді.

Осы әңгімені тыңдаған кезде эколог-корғаушының екі көзі шырадай жанып кетті:

- Бабаларымыз тұзды қасиетті жеті тағамның біріне бекер қоспаған екен-ғой!-деп таң болды. Одан соң: -Біздің моңғолдың ауыз әдебиетінде Шыңғыс ханның мүрдесі Хан Алтайдың артқы беліне, Хан тауының кеуде тұсына жерленген деген екі ұшты әңгімелер айтылады. Бұл не деген сөз?-деп сұрады.

- Шыңғыс хан іспетті ұлы адамның мүрдесін,ол жатқан қасиетті орынды тым құпия ұстаған. Оның жауы да дұшпаны да досы да көп болды. Аруақтың мүрдесін қорлатпау үшін аса құпия ұстап, жалған ақпараттар таратқан. Соның біреуін ғана айтайын. 1232 жылы Моңғол жеріне саяхат жасаған Қытайдың Сүн патшалығының елшісі Пэн Да-я деген адамның «Қара татарлар туралы жолжазба» атты еңбегі бізге жеткен. Сонда: моңғолдарда адам жерлеген мола үйген топырақ жоқ. Олар мүрде көмілген жерді топырақпен жауып үстінен жылқы табынын өткізіп, табиғи жер сияқты етіп тастайды» деп жазған. Осы әңгіме кейін Шыңғыс ханды жерлеген жердің үстінен жылқы табынын жүргізіп, белгісіз етіп тастаған деген ақпарат болып таралған.

Шыңғыс ханды жерлеген жерді қандай құпия ұстағанын бір ғана «Көк судыр (Көк шежіре)» атты тарихи еңбектегі ақпаратта жақсы жазып қалдырған. Онда «Ханның алтын құндағының сыртын күміс қаппен қаптап, оны  темір табытқа  орнатып, дәл осындай төрт табыт дайындаған …. үшінші табытты хан Алтай тауының артына, Хан  тауының төбесіне, жартасты ағашты таудың үстіне сөйтіп мың жылдық ор қазып соған жерлеген. Бетін топырақпен жауып, тегістеп, оның үстіне тас үйіп орнатып белгі қойылды. Төртінші белгі Бурхан-Халдунның қойнауына, Онон дариясы жағына, тағы да мыңжылдық орда жасап, жерлеп оның бетін тегістеп үстіне  тастан үй тұрғызып (оба) аруаққа зиярат ететін орын жасаған» (Көк судар 2005.-378 бет) деген ақпарат қалдырған.

Міне осылайша, Моңғолияның төрт алып жотасының тауларына төрт данасы бірдей табыт жасап көміп, тас оба орнатып із жасырған. Сол дәуірде.

Эколог-қарауыл Баярсайхан таңғалып біраз ойланып отырып қалды. Содан соң:

- Шыңғыс ханнан соң, әрі одан  бұрын таудың үстіне  ұлыларды жерлеу дәстүрі болғаны туралы  дерек бар ма?-деді.

- Өте мол. Ертеорта ғасырдағы көк түріктердің ұлыларының мүрдесі таудың үстіне жерленген. Күлтегін, Білге қағанның мүрдесі Күлтегін кешенінің алдыңғы жағындағы Шивэті тауына, Ел-етміш Білге Тұрайын қаған  Шібеті –Қызыл (Шивээт Улаан) тауына жерленгені анықталып отыр.

Өгедей ханды Алтайдың Мұзтауына (Рашид-ад-дин.том.ІІ.) Сорхағтын қатынның мүрдесі, Сэлэнгі дариясының бойындағы Бүрі-биігіне (Рашид-ад-дин.І ІІ с.228) Өгедейдің ұлы Қайду ханды қазақ жеріндегі Іле өзені мен Шудың аралығындағы Сұңқарлы тауына (Рашид-ад-дин.І ІІ.с.12) жерлеген.

Қытайдың Тан патшасын орнатушы Гоа Цзу, оның ұлы Тай Цзун, қатын хан Уцзе-Тянь, киданның Абозцзи, Шулюйпин хандарының мүрделері тауға жерленген.  Шыңғыс ханның ұлдары Мөңке, Төле, Өгедейдің ұлы Күйіктердің мүрдесі Кентай жотасының Бурхан-Халдун маңындағы иық тауларға жерленгенін жоғарыда айттық, – деп әңгімемді  аяқтадым.

***

Біз аздап демалғаннан кейін алып Кешеннің оңтүстік жағынан бастап, көшпелілерге тән салт бойынша күннің айналасының бағыты мен қозғалдық. 10-15м қашықтықта Кешеннің сыртын айналдыра тастан қоралап қоршау (корт) тұрғызған.

Қоршаудың сыртындағы тақтада ондаған шұңқырлар бар екен. Осы шұңқырлардың ернеуінен сәл төмен түскен ойықта тас кесектері сақталыпты. Тас кесектерін алып қарағанымызда тас дәуірінің қыналарына тап болдық. Осыдан кейін біз Кешен-обаның үстіне үйген тастарды қарастыра бастадық. Міне қызық! Жаңағы тақта үстіндегі шұңқырдағы қыналы тастар Кешен үстінен табылды.

Иә, Кешен-обаны тұрғызушылыр таудың үстіндегі тақтадағы бос тастарды да пайдаланғаны осылайша анықталды.

Кешенді айналып жүріп отырып, солтүстік шығыс жағына бардық. Маңайына страграфиялық бақылау жүргіздік.

Төменде тау тұмсығының тастары қирап бұзылғандығы көзге түсті. Жүгіре түсіп сонда бардық. Тұмсықтағы тастардың табиғи жаратылысы бұзылған. Арнайы қопарып, тас кесектерін дайындаған.

Тауға шығып, алып Кешенді көрген кезде осыншама мол тастарды қайдан әкелген екен деп іштей таңқалысып едік. Міне соның жауабы осы жерден табылғандай болды.

Кешен обаны орнатушылар Бурхан-Халдун тауының солтүстік шығыс жағындағы таудың тұмсығынан тас дайындап, ұзындығы 290м, ені 180м, биіктігі 22м  тас оба тұрғызған деген қортындыға келдік.

Осы екі үлкен деректің өзі «Тәңір обасы» аталған алып Кешен адамдардың қолымен тұрғызылған қасиетті оңғын екенін дәлелдейді.

Тау қопарып, тас оба тұрғызу ол дәуірде моңғолдарға ауырлық етпеген сияқты. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін әулеттің кенжесі Төле (Тулуй) 1227-1229 жылдар аралығында Моңғол империясының  Қаған (император) тағына отырып, жаңа Қаған сайланғанға дейін билік тізгінін ұстаған. Оның өз қарамағында 101 000 адам болған. Ал Орда қарамағында 129 000 тұрғақ,кешіктен әскері болған. (Груссе Р. 2004-51 бет). Бұлар аз күш емес. Бір емес, бір неше тауларды қопарып тастайтын күш.

***

Шыңғыс ханның мүрдесі көмілген Тәңір-обадан бір неше кішкентай тастарды теріп алып қалтама сала беріп едім, эколог қарауыл Баярсайхан:

-Біздің моңғолдарда мынандай бір сөз бар, «бірден орнынан қозғалған тас екеш таста орнын таппай мың жыл қиналады». Ұлы аруақтың жамылып жатқан топырағын жырымдап қайтесіз. Оның орнына мен сізге мына «анда ағашын» (достық ағашын) берейін ,- деп көлемі екі қарыстай, қабығы  алтындай алтын сары түсті ғажайып ағашты көрсетті. Сонан соң ол ағашты тізесіне салып екі бөлді де, әр қайсысына қос сызық таңбаны пышағымен кертіп салып, бірін маған ұстатты. Екіншісін өз қойнына тығып алды.

- Егер пәленпәй жыл өткен соң мені іздеп келсеңіз қолыңыздағы керткен ағашты шығарып келіп, мендегі ағашқа сыңғап басын түйістіріңіз.  Өзіңіз келе алмасаңыз балаларыңызға беріп жіберіп менімен, немесе ұрпағыммен жолықтырарсыз-деді.

Мен «анда ағашын» алып қалтама салдымда, қолымдағы таяғымды ұсындым. Ол алмады. Керісінше:

-Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан-деген мақалды білесіз бе?-деді.

-Иә білгенде қандай! Ондай мақал қазақта да бар-дедім. Ол:

-Таяғыңыз осы Бурхан-Халдун тауының қасиетті ағашы-ғой. Бұл таяқ Сізді Бурхан-Халдунға шыққанда сүйеу болды. Енді түскенде де сүйеу болмақ. Өзіңізге естелікке сақтағаныңыз жөн болар. Бұл таяқты тастамаңыз Ойлаған ісіңіз сәтті аяқталып, жолыңыз болады,-деді. Тәңертең тауға шығар алдында ұлым Жан-тегін сом талдан кесіп, екі ұшын тұжырып жасап берген таяқ еді. Бас изеп құптап, таяғымды қолға алып екі сағат жүріп таудан етекке түстік.

Біз асықпай шайланып  алып, аттанған кезде Бурхан-Халдун тауының басына қара бұлт үйіріліп, жел күшейіп, жаңбыр жауа бастады. Артымызда қасиетті Бурхан-Халдун тауы қалып барады. Алдымызда «Тәңір босаға» атанған бел жатты.

Ұланбатырға келген соң, Тарих-археология ғылыми зерттеу институтына бардық. Буған дейін үш-төрт жыл бойы, Моңғол жерінде Хунну (Ғұн) молаларына археологиялық қазба жасаған шетелдік ғалымдардың ғылыми есебін қанша  сұрасақта бермей келген-тін.

Бурхан-Халдуннан келген соң тағы бір мәрте сөз тартып көріп едік, институт директоры бірден рұқсаттап,  жұмыс жасаумызға қолайлы кабинет шығарып берді. Оның сыртында  Сүхбатыр аймағының жерінен жаңадан табылған  көк Түрік мәтінімен жұмыс жасаумызға рұқсат етті.

Осылайша біздің биылғы жазғы экспедициямыз аяқталды.

Табиғаттағы тылсым күштердің құпиясына кім бойлапты. Мүмкін, Бурхан-Халдун тауындағы «Тәңір обасы» астында жатқан ұлы адамның аруағы бізді қолдаған болар.

Иә солай! Қалтамызда достықтың белгісі болған «анда ағашы», алдымызда бабалар мұрасына деген ұлы махаббат бізді алға жетелеп барады. Бурхан-Халдунды артқа тастап алыстан барамыз. Шыңғыс хан-иеміздің көз жұмар алдындағы мына бір өсиеті ғасырлар тереңінен күңірене еміс-еміс естіледі:

Қайран жаным қажыса, қажысын,

Қайырымды Төрім (билік) уыстан кетпесін,

Тұмса жүрек шалдықса, шалдықсын,

Тұтас ұлысым шашылып кетпесін!

ҚОСЫМША СУРЕТТЕР

Сурет №1. Бурхан-халдундағы «Тәңір обасына» барған Қазақстандық топ

Сурет №2. Бурхан-халдун тауындағы «Тәңір обасы» атанған Шыңғыс хан кешені

Сурет №3. Шыңғыс ханды аза тұту.  Тебриз (Иран) Көлемі 19,6х26,5см. Су бояумен сызылған. Берлиндегі мемлекеттік кітапхананың Сан-Пруссдегі Мәдени мұра қоры. Шығыс елдер бөлімі. Регистрация номері Diez A fol. E1. 55-бет.

Бұл суретте Хан тағының үстіне Шыңғыс ханның мүрдесін қойып, жібек матамен орап жапқан. Хан тағының үстіндегі мүрдені  айнала аһ ұрып, жүрегі жарыла қайғырған еркектер мен әйелдер тікесінен тік тұр. Олардың барлығы қайғының қара киімін киген. Еркектердің кейбіреуі кеудесін ашып ұрғыласа, кейбірі басын ұстап еңірейді. Кейбіреуі қолын сермеп аһ ұрса, енді бірі үнсіз тығыла жылаған. Көшпелілер дәстүрі бойынша еркек, әйел демей барлығы шашын жайып, қан жұтып қайғырған. Әйелдері жүрегі күшті Тәңірге желбарына зарлап өкініш білдірсе, енді біреуі бет орамалымен бетін басып еңіреп тұрған бейнеде сызылған.

Сурет №4.  Шыңғыс ханды табытқа салу рәсімі. Ташкент Ұлттық мұражайында және Рашид-ад-дин кітабінің 117-бетінде сақталған. (Францияның Париж кітапханасы)

Фонда: Таудың  үсті, арғы жағында бір ғана (қылтанды) әлем ағаш. Ханның төрт бұрыш табыт жәшігін алтындаған әшекейлі жапсырмалармен әрлеген. Табыт жәшіктің бас жағында еркектер, аяқ жағында  әйелдер. Аза тұтушы еркектердің ішкі қайғысын көрсету үшін сырт киімінің алқымын айыра, айқыра ашып, екі қолымен жағасынан ұстатып бейнелеген. Дәстүр бойынша барлығы да  қайғының қара шапанын киген. Бір жарым көк түсті киім киген. Еркектер көз жасын көрсетпей тығылып жыласа, әйелдер ішкі қайғысын бұғаулай алмай қос қолын көтеріп еңіреп тұрған бейнеде бейнеленген.  Табыт жәшіктің бас жағындағы  еркек  адам табыт ішіндегі мүрдеге оң қолын жіберіп әлде бір нәрсені жөнге келтіріп жатқандай суреттеген.

Сурет №5.  Шыңғыс ханның мүрдесін мәңгілікке апара жатқан сәт. Тебриз (Иран).1330 жыл. Көлемі 22х29см. «Шах наме». Жозеф Пулитцердің қоры Нью-Йорк, Метрполитан.

Рашид-ад-диннің ұлы Гьяас-ад-дин 1330-жылдары сызып, «Шах-наме» дастанын көркемдеген суреттердің ішіне енгізген. Меңсіз, шымқай қара түсті  ат мінген ер адам нөпір халықтың легін бастап барады.  Қара арғымақтың кекілі мен құйрығын  шорт кескен. Мүрдені кілем жапқан зембілге орнатып төрт құлағын, атты төрт ер адам ұстап кетіп барады. Зембілдің үстіне Хунну (Ғұн) дәуірінен жалғасқан бүктемелі «есір» деп аталатын  хан тағын қойып, үстіне мүрде, мүрденің үстіне үкілі бөрік орналастырған. Қара нөпір халық еркек, әйел демей барлығы шашын жайып зарлап еріп, жаяу-жалпы жүгіріп барады.

Суретте адамдардың қайғысын соншама шебер бейнелеген. Қара нөпір халқының біреуі, екі қолын көтеріп зарласа, енді біреулері кеудесін басып қайғырса, басқа біреулері қайғыдан болып талып құлап бара жатқанын, оны екіншіс біреуі суйеп қалғанын суреттеген. «Хан иенің шыбын жаны мәңгілікке кетті» дегенді меңзеп, суреттің жоғарғы жағына ұшып бара жатқан үш қазды бейнелеген.

“Шын ақпарат”

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: