АРДАҚТЫ ТУЫСТАР, БАУЫРЛАР! ТАҒДЫРЛАС, ТЫНЫСТАС АҒАЙЫН!
Тұрсынхан Зәкенұлы
Кешелі бергі сұм хабар бәрімәздің қабырғамызды қайыстырып, шарасыз жағдайға қалдырып отыр.
Өте өкінішті, қабылдауға тым ауыр жағдай.
Неге былай болды, не себептен жазықсыздан жазықсыз ақ-алал тірлігімен өмір сүріп, бала-шағасын асырап жүрген азаматтар кісі қолынан мерт болды? Сол қырық қара, қу жемтік үш азаматты жолына мерт қылардай кімнің жыртығын жамайтын еді? Қанышерлер сол қырық қараның сілекейіне бола өз туысын, бауырын қолдары қалт етпей қалай өлімге қия алды?-деген сұрақтар маза берер емес. Бұған дейін де Алматы өңірінде осындай оқиғалар орын алғаны белгілі. Енді міне, айдың күннің аманында тағы үш бірдей азаматты отарлы малымен қоса барымталап, өздерін ауыл арасында өлтіріп, машиналарын өртеп кетіп отыр. Бұл шектен шыққан әрекетке көз жұма қарауға болмайды. Бұл адал кәсіппен айналысатын ағайындардың заңды құқы бұзылып қана қоймай, кез-келген уақытта олардың мал мен басының амандығына ешбір кепілдік жоқтығын, өңірдегі құқық қорғау саласының қызметі сын көтермейтінін көрсетеді. Сондай-ақ, қалыптасқан жағдай біздің қоғамымызда шеттен келген ағайындардың әлі де болса қорғансыз әлеуметтік топ екенін дәлелдеді. Олардың бөтен тіл мен қоғамдағы биюрократиядан, мигрантофобиялық көңіл-күйден көрген қағажуы аз емес еді, ендігі жерде осындай зорлық-зомбылыққа ұшырауы жанға батады. Қазақ өз бауырына келгенде мал мен қонысты «өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» таласпайық деп жан мен ардың садағасы санамаушы ма еді. Бұрын елі үшін жан беретін азаматтар енді мал үшін бауырласының қанын мойнына жүктеп, басын тәуекелге тігетін болғаны ма? Ең қиыны үш азаматтың өмірі қиылумен бірге, үш отбасы асыраушысынан, ал ата-анасы арыстай ұлдарынан айырылды. Елімізде жетім-жесір мен көзі жасты, көңілі күпті ата-ананың қатары көбейді. Ал шеттегі ағайындар болса мәселенің мән-жайын білмей аңтарылып отыр. Сол себептен қоғамда үлкен дүмпу тудырған бұл жағдай Республикалық деңгейде қатаң бақылауға алынып, қылмыскерлер әділ жазаланып, қылмыс болған өңірдегі қатысты лауазымды тұлғалар мен құқық қорғау саласының адамдары заңды жауапкершілікке тартылуын және тергеу ісінің барысы қоғамға ашық жария етілуін талап етеміз. Осы істе жедел, жан-жақтылы әрі әділ тергеу жүргізіліп, Заңның үстемдігі салтанат құрады деп сенеміз. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғысына ортақтасып көңіл айта отырып, туған-туысқандарын, көңілі күпті ағайынды сабырға шақырамыз. Алла тағала халқымызға қайыр-береке, иман және ынсап беріп, сыртқы сұғанақтан, ішкі ірткіден аман сақтап, салауатты, бір-бірімізге бауырмал, қайырымды әрі жарасымды Ел болуға нәсіп еткей деп тілейміз.
Пікір қалдыру