|  |  | 

Тұлғалар Әдеби әлем

Бiржан сал туралы бiрер сөз

Бiржан сал – қазақтың ең атақты, аса көрнектi тұлғаларының бiрi. Ұлттық өнердiң жарық жұлдызы. Оның есiмi қазақ елiнiң өте ардақты адамдарымен қатар ең жоғары деңгейде, барлық энциклопедияларда,тарихи оқулықтарда үлкен құрметпен аталады. Бiржан бабамызды соншалықты биiкке көтерiп, алаш аспанында шарықтат­қан – оның Құдай берген таби­ғи таланты, асқақ әнi, ойлы, сезiмдi өле­ңi, аңызға айналған әншiлiгi. Оның ән­дерi бiр жарым ғасырдан астам уақыт бойы кең-байтақ даламызда үзбей айтылып келедi. Радиода, теледидарда, концерттерде, конкурс, фестиваль­дар­да Бiржан әндерi ұдайы, күн са­йын шырқалып,талай ұрпақтың рухани азығына айналды. Оның мұрасы – тiрi. Ол халықпен бiрге жасай беретiн бай қазына. Кез келген тарихи тұлғаның қадiр-қасиетi – көпiрме мақтау сөз, жарнама-дақпыртпен емес,оның жасаған iсiмен, елiне, адамзатқа сiңiрген еңбегiмен бағаланады. Түптiң түбiнде, таразыға еңбек тартылады. Ал Бiржан салдың еңбегi – оның өнерi, қалтқысыз адал, таза, асқақ, шалқар, терең мазмұнды әндерi мен өлеңдерi. Ол әлi күнге тiрi! Ел аузында! Халық жадында, ұрпақ санасында! Ұлтымыздың рухани әлемiнде! Өйткенi оның жаны бар, қаны бар, жалпы адамдық мазмұн-маңызы бар!

Өз дәуiрiнде Сегiз серi, Нияз серi­лердiң дәстүрiн жалғастырған Бiржан сал Арқада тұтас әншiлiк мектеп қалыптастырып, қазақ музыкасын жаңа биiкке көтердi. Оны ұстаз тұтқан өнердегi шәкiрттерiнiң өзi бiр-бiр тұлға! Халқымыз Ақан серi, Балуан Шо­лақ, Үкiлi Ыбырай, Иманжүсiп, Жаяу Мұса, Естай және басқа да ақын, әншi, композиторлардың есiмiн қашанда үлкен құрметпен атаған. “Бiржан – сал-серi, әншi-композиторлардың бәрiнiң әкесi, ұстазы!”–деп едi жарықтық Ғафекең, Ғафу Қайырбеков.     1994 жылы, Бiржан салдың 160 жылдығына арналған әншiлер фестивалiнде. Атақты академик Ахмет Жұбановтың өткен ғасырдың орта шенiнде айтқан “Бiржан – қазақтың халықтық музыка мәдение­тiнiң алыбы. Өнер қайраткерi, азамат Бiржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазы­лады”, – деген аталы сөзi шындыққа айнал­ғалы не заман!
***
Бiржан сал – сан қырлы талант. Оның қарапайым қалыпқа,жалпақ ұғымға сыя қоймайтын жұмбағын бiз әлi толық танып-бiле қойған жоқпыз. Ертеректе Мәскеуден келген совет ақын-жазушыларына академик ағамыз Мұхамеджан Қаратаев Бiржандай құбылыс­тың құпиясын ары айтып, берi айтып түсiндiрiп бақса керек. Бiрақ қанша айтса да, жоғарыдан келген, жер-жаһандық өлшемдерге үйренген өр кiсi­лер сахара сал-серiсiнiң сырын ұғына алмайды. Сонда Мұхаң: “Вы Пушкина знаете?” – дептi. “Да,конечно!” – деп шу ете түседi олар. “А Чайковского?” “Естественно, да!”. “Надеюсь, Шаляпина тоже знаете?” – дейдi ағамыз бастырмалатып. “А как же его не знать?” – дейдi мәскеулiктер бұрқырап. Сонда Мұхаң: “Так вот, Биржан сал есть Пушкин,Чайковский,Шаляпин в одном лице!” – дептi салмақты сабырмен.
Меймандар ойын-шыны аралас ойлы сөзге тоқтаса керек. Бұның үстiне Бiржан бабамыздың классикалық ақын-импровизаторлығын,айтыс дүлдүлi екендiгiн қосып көрiңiз!
***
Бiржан сал әндерiн қазақтың дарынды, даңқты әншiлерiнiң қаншама буыны асқақтата салды десеңiзшi! Өзiн қазақтың дәстүрлi әншiлiк өнерiнiң заңды өкiлi санайтын өрелi әншiлердiң Бiржанға соқпағаны,өз мүмкiндiктерiн Бiржан әндерiмен сынап көрмегендерi кемде-кем шығар. Абайды оқымаған кiсi нағыз қазақ ақыны бола алмайтыны сияқты, Бiржанды бiлмеген адам да нағыз қазақ әншiсi бола алмайды. Бiржан әндерiн шырқаған әншiлердi ойша бiр шолып өтсек, көңiлiмiз ризашылық сезiмiне толады. Әмiре Қашау­баев, Жүсiпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Қали Байжанов, Кәрiм Iлиясов, Жәнiбек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Еркiн Шүкiманов, Жоламан Құжиманов, Қажыбай Жахин, Саян Мұхамедияров және басқа да көптеген дарынды әншiлер оның әндерiн әрқайсы өзiнше әрлендiрiп, жаңа қырларын ашып, жаңғырта жырлап, жұртшылықтың жанына жақсы әсер берiп, алғысқа бөленгенi бiр бөлек құбылыс. Алтын қордағы асыл дауыстарды жинап, түгендеп, бүгiнгi һәм келешек буындарға тыңдатып, таратып отыру да – маңызды шаруалардың бiрi.
***
Бiржан туралы бiрталай көркем шығармалар жазылған. Бiржан – кейiп­кер, герой ретiнде де ақын-жазушыларды үнемi қызықтырып келедi. Мұхтар Әуезов “Абай жолы” эпопеясында Бiржан салдың Абай елiнде қонақ болып, ұлы ақынмен сырласып, қаншама асқақ әндердi шырқап, аттанып бара жатқанда жаңа ән шығарғанын,оған Абайдың “Қозыкөш” деп ат бергенiн айрықша iлтипатпен сурет­тейдi. Мұқан Төлебаевтың әйгiлi “Бiржан-Сара” операсының өзi неге тұрады! Ал кезiнде жерлесiмiз, атақты “Жас қазақ” әнiнiң авторы Рамазан Елебаев жоғарғы оқу орнына түсерде емтихандық жұмыс ретiнде “Бiржан–Сара” деген музыкалық пьеса жазған екен. Бiржан туралы шығармаларда оның бейнесi әр суреткердiң дүниетанымына орай әр қырынан бедерле­нiп, тiптi кейде қайшылықты, даулы қалыпта көрiнедi.Көркем әдебиетте де,сурет, мүсiн өнерiнде де солай. Ал бұ­ның өзi Бiржан салдың күрделi, кесек, терең тұлға екендiгiн дәлелдей түседi. Сондықтан өзiмiзге ұнамаған дүниенiң бәрiне үрке қарамай,оның бәрiн тарихи Бiржан деп емес, Бiржанның сан қырлы көркем бейнесi деп қабылдап, мұқият жинақтап, танып-бiлiп,түсiнуге тырысқанымыз жөн.
Асқар Сүлейменовтiң “Адасқақ” повесi, Сәкен Иманасовтың “Айтыс”, Кеңшiлiк Мырзабековтiң “Бiржан сал”. Қоянды жәрмеңкесi” поэмалары, Досхан Жолжақсынов пен Таласбек Әсем­құловтың “Бiржан сал” көркем фильмi, Ерiк Асқаровтың “Бiржан сал” драмасы, Ғалихан Ахметовтiң алты томдық романы және т.б.арғы-бергi, iрiлi-уақты көркем шығармалар Бiржан тағдыры, Бiржан образы арқылы аса дарынды өнер адамының күрделi көркем бейнесiн жасауға деген қызығушылықты, iзденiстi аңғартса керек. Ал Бiржанға арналған өлең-жырлар бiр төбе. Қазақтың көрнектi ақындарынан бастап бүгiнгi жастардың жазған жырларының басын құрап, түбiнде бiр кiтап қылып шығарсақ – құба-құп.
Мүсiнге келетiн болсақ, атақты Төлеген Досмағамбетовтiң еңбегi ерекше едi. Ол кiсi Бiржан салдың Көкшетау қаласындағы ескерткiшi мен Степняктағы бейiтiнiң басындағы бейнесiн жасаған. Бұл жерде бiр назар аударатын жағдай бар. Осы күнге дейiн Бiржан салдың суретi деп кiтаптарда, энциклопедияларда жа­рия­ланып жүрген сурет анық Бiржан атамыздың суретi емес. Көзi тiрiсiнде суретке түстi ме, жоқ па – оны қазiр еш­кiм де бiлмейдi. Анығы – бiзге жеткен фотосуретi де, портретi де жоқ. Ал өткен ғасырдың орта кезiнде жоғарыдан Бiржанның суретiн табу керек деген нұсқау келедi. Партия-совет басшылығының тапсырмасы қалайда орындалуға тиiстi. Содан аудан азаматтары жандары қысылып, әрi-берi ойланып, елден сұрастырады. Жоқ суреттi кiм тауып бере қойсын! Сол кезде ауданда идеология, мәдениет жағында қызмет iстеп жүрген Әшкен Аужанов деген азамат өз атасының ұлттық киiммен түскен, ескiрiп, сар­ғайған фотосын әкелiп бередi. Бұл сөздi мен Әшкен Аужановтың өз аузынан естiдiм. Сол фотосурет пе, әлде суретшiлердiң соған қарап, ұқсатып салғаны ма, әйтеуiр Бiржанның суретi болып кең таралып кеткен қыр мұрынды, қырқа сақалды нұсқаның жайы осы.
Ал мүсiншi, нағыз суреткер Төлеген Досмағамбетовтiң мүсiндеуi бұдан мүлде басқаша. Сiрә, қарымды, дарынды мүсiншiнiң iшкi интуициясы сездiрген болар, ол жалған суретке жоламай, Бiржан бейнесiн баласы Темiртастың суретiнен, немересi Мұхаметқали Темiртасұлының келбетiнен iздеп, суреткерлiк қиялымен суарып жасаған. Соны жалғастырған Манарбек Бұрмағанов бауырымыздың жасаған ескерткiшi де құрметке лайық.
Ескерткiш демекшi, Көкшетау қаласындағы, Мәдениет сарайының алдында тұрған, Төлеген Досмағамбетов жасаған бейнеге байланысты даулы, кейiстi пiкiрлер де айтылып жүр. Оның түйiнi   “Бiржан бабамызды неге мұнша жәбiр-жапа шеккiзiп, қол-аяғын байлап, домбырасын сындырып бейнелеген?! Атамызды әсем әбзел-тұрманды сәйгүлiкке мiнгiзiп, құндыз бөрiк, әдемi жiбек шапан кигiзiп, үкiлi домбырасын ұстатып, асқақ қалпында көрсету едi-ге” саяды. Әрине, плакаттық, ұраншыл талғамға сүйенсек, солай да болар едi. Алайда суреткер Досмағамбетов аса көрнектi тарихи тұлға, дара дарын тағдырының трагедиялық сәтiн арқау ете отырып, бұғау­дағы рухтың азаттық аңсауын, байлаудағы өнердiң бостандыққа талпы­нуын көркем бедерлеп, ой толғағанын сезi­не алсақ, бұл ескерткiштiң қаншалықты терең сырлы, құнды дүние екенiн түсiнер едiк.
   Бiржан бейнесiне қатысты тағы бiр қызықты әңгiме бар. Бiржан сал орта бойлы, ақсары кiсi болған екен деген сөздер айтылып та, жазылып та жүр.
Сiрә, ақсары деп, оның руы Ақ­сары Керей болған соң айтылып кеттi ме екен, кiм бiлсiн? Ал үл­кен­дерден естiген аңыз-әңгiме­лер­ге қарағанда, Бiржан сал қарулы, балуан адам болған. Бiр жолы мейманасы тасқан, қайратына мастанған бiр жас жiгiт Қожағұл ауылына келiп, ат ойнатып, “Қане, ер болсаңдар, менiмен күреске шығыңдар!” – деп,өзеуреп қоймапты. Тiптi болмаған соң, Бiржан өзi шығып, әлгi жiгiттi көтерiп алып соққанда, оның құйрығы жер­ге кiрiп кетiптi! Саздау жер болды ма екен, кiм бiлсiн? Қалай болғанда да, атамыз алысқанның артын жерге тығып жiберген деп, айызың қанып айтуға жақсы!
1998 жылы Қызылту ауданының Бiрлестiк ауылына құдалыққа бардық. Сонда Уәли Оразбаев деген шежiре қариямен кездестiк. Руы – Керей, жасы жетпiстердегi ақсақал көрген-баққанын, естiген,түйгенiн жазып жүредi екен. Бiраз әңгiмесiн тыңдадық. Сол кiсiнiң айтуы бойынша, Ресей патшасы Романовтардың таққа отырғанына 300 жыл толуына арналған тойына бiздiң елден баратын атқамi­нерлер Балуан Шолаққа күреске түсiңiз деп қолқа салыпты. Сонда Балуан Шолақ: “Менiң жасым ұлғайып қалды. Оразалы балуанды апарыңдар, бiр жықса сол жығады!”– дептi. Оразалы балуан, руы Бәсентиiн, сол тойға барып, күресiп, жеңiп келiптi.
– Оразалы балуанды мен қартай­ған кезiнде көрдiм,–дедi Уәли ақсақал.– Әңгiмелесе келе балуан: “Бiз–әншi,балуан, ақынның бәрi Бiржанның айналасында болатынбыз. Бiржан бiздiң ағамыз, үлгi берушi ұстазымыз болды!” – дедi. Сөздiң ретi келгенде: “Бiржанның тұлғасы қандай едi?” – деп сұрадым. “ Осы маған тақау болып қалар” – дедi Оразалы балуан.
Уәли ақсақалдың мына сөзiне қы­зыққаным сондай, ендi Оразалы бал­уанның тұлғасын жобалай қойғым кел­дi. Қасымда белгiлi өнер қайратке­рi, режиссер, әртiс Мұратбек Оспанов бар едi. Оның бойы – бiр метр сексен бес сантиметр, салмағы 105 келi тартады.
 – Оразалы балуан мына бiздiң Мұратбекпен салыстырғанда қалай едi? – деп сұрадым.
 – Оразалы балуанның жанында Мұратбегiң бала ғой! – деп күлдi Уәли ақсақал.
Ар жағын өздерiңiз жобалай берi­ңiздер!
Ал атақты әншi, аяулы ақсақал Кә­рiм Iлиясов ағамыздың өз аузынан естiген бiр әңгiме: Кәрекең бала күнiнде, 1930-жылдары Степнякта тұрған екен. Сонда Бiржан салдың баласы Темiртастың тiзесiнде отырып, әнiн тыңдапты, өзi де ән салыпты, Темiртас атамыздың батасын алыпты. “Бiржан салдың баласы Темiртастан алған сол батаны Нұрлан баламызға бердiм!”– деп, бiздiң Нұрланға ақ батасын берiп едi жарықтық ақкөңiл ағамыз Көкшетауда, бiздiң үйге келгенде.
 – Темiртас – ұзын бойлы, iрi денелi, өте күштi кiсi болатын. Атқа мiнгенде, созылып отырса, екi аяғы жерге тиетiн. Қиянатшыл келiмсектермен көп төбелестi. Қалың тобына жалғыз өзi төтеп берiп, жайпап тастайтын. Ақы­ры, сондай өшiккендер ақкөңiл адамды ақша жеп қойды деген жаламен жазықсыз соттатып, итжеккенге жер аударып жiберiп тынды ғой! – деп, өзегi өртене сыр шертетiн Кәрiм ағамыз.
“Ал, дүние” деп, Бiржан атамыздың өзi айтқандай, “Темiртас” әнi қандай қасiреттi болса, Темiртастың тағдыры да сондай қасiреттi болған. Темiртас­тың баласы Мұқаметқали ақсақалмен талай мәрте кездесiп, әңгiмелестiк. Ол кiсiнiң айтуынша, Темiртас сол кеткеннен елге орала алмай, бостандыққа шыққанша қайтыс болып, топырақ сол Сiбiрден бұйырған. Балалары боранды, аязды күндердiң бiрiнде адасып кетiп, содан аман келгенi жалғыз Мұқаметқали. Ол кiсi ұзын бойлы, iрi денелi, қара торы, келбеттi, кесек, қайратты адам едi. Жасы сексеннен асқан шағында да бiлектерi сойылдай берiк, сiңiрлi, сом болатын. Шопыр болып жұмыс iстеген, қоңыр даусымен ептеп өлең де айтатын. Мұқаметқалидың балалары, олардан тараған ұрпақтары бар.
Бұған қоса, тағы бiр сөз: Бiржан салдың домбырасы Алматыда, республикалық тарихи-өлке тану мұражайында сақтаулы тұр. Сол домбыраны мен қолыма ұстап, шертiп көрдiм – созған қолым басына зорға жеттi! Бойы ұзын, құлашы кең, мол жаралған адамның мұрасы екенi көрiнiп тұр. Ал ендi Бүркiттiнiң басынан шырқаған әнi айлы түнде алты қырдан асып, аспан­ға кеткен кiсiнiң кеудесi де бiраз бар шығар-ау!
***
Бiржан шығармалары сонау ақ патша заманында жариялана бастаған. “Бiржан–Сара айтысы” революцияға дейiн сегiз рет жеке кiтап болып басылып шыққан. Ал осы күндерi оның кiтаптарын iздеп табу оңай емес. Ең соңғы рет қашан жарыққа шыққанын да ұмытқан сияқтымыз. Аудандық кiтапханада 1959 жылы шыққан Бiржан әндерi кiтабының жалғыз-ақ данасы қалыпты. Бiржанның ән ноталарын түгендеп алайын деп, iздеп әуре-сарсаң болып жүргенiмде, 2012 жылы Алматыдан шыққан “Сарыарқа әндерi” жинағын әншi Еркiн Шүкiманов, 1983 жылы “Өнер” баспасынан шыққан Бiржан салдың “Ләйлiм шырақ” кiтабын менiң жиенiм, домбырашы-ұстаз Тәстембек Смағұлов тауып бердi-ау, әйтеуiр! Бiраз жылдан берi бабамыздың кiтабын нотасымен, сөзiмен, ұлы композиторларға лайықты классикалық түрде әдемiлеп шығару мәселесiн көтерiп келемiз.Төл шығармаларын жоғалтпай сақтап, жарыққа шығарып, мектептерде оқытып отырсақ–ақын-композиторға деген ең үлкен ескерт­кiш, нағыз құрмет сол! Бұның өзi бiздiң елдiң, бiздiң ауданның беткеұстар мәдени паспорты, меймандарына ұсынар қымбатты сыйлығы десек те артық емес.
Бiржан салдың ескерткiш-кешенi ашылу салтанатында айтқан осы ұсынысымызды ауданның бүгiнгi әкiмi Абай Сәдуақасұлы дұрыс түсiнiп, құлшына қолдап, соның нәтижесiнде осы кiтап жарыққа шығып отырғанын атап көрсетiп, бұл iске ат салысқан барлық азаматтарға үлкен алғысымызды бiлдiремiз!
***
Бiржан әндерi – қазақ музыка әле­мiне ерекше әсер еткен қуатты құбылыс. Оның шығармалары басқа өнер туындыларында да (кино, опера, драма т.б.) кеңiнен қолданылған. Әйгiлi “Бiржан-Сара” операсында Бiржан әуендерi тұнып тұр. Өткен ғасырдың 70-жылдары шыққан “Алые маки Иссыккуля” деген атақты қырғыз киносында “Темiртас әнiнiң” лейтмотив ретiнде алынып,нақышына келтiре орындалуы кезiнде елеулi мәдени оқиға болды (Әндi орындаған-академик Өмiрзақ Айтбаев.). Сол сияқты, “Қазақфильм” туындысы “Бiржан сал” филь­мiн­де де бiраз әндерi шырқалады (Ән­дердi орындаған – әншi Еркiн Шүкiма­нов). Бiздiң “Паң Нұрмағамбет” киностудиясы 2010 жылы Степнякта түсiр­ген “Аран” көркем фильмiнде де бас кейiпкердiң мұңайған кезде “Темiртас” әнiн сүйенiш қылып айтатыны бар (Әндi орындаған Баянғали Әлiмжанов).
***
Бүгiнде Бiржан есiмi құрметсiз емес. Оның атында республикада, облыста оқу орындары, көшелер бар. Тарап кеткен совхоз да болған. Тiптi, осы Еңбекшiлдер ауданына атын беру де көптен сөз болып келедi. Бұл әңгiменiң өзiмiз көрген-бiлген тарихы былай:1990-жылдары Еңбекшiлдер деген (дұрысы – еңбекшiлер) әрi жазылуы қате, әрi кеңестiк саясаттың солақай, мағынасыз атауының (бұл аудан еңбекшiлер ауданы болғанда, басқа аудандар немене, жалқаулар немесе билеушiлер,қанаушылар ауданы ма?!) орнына бұл ауданға Бiржан сал атын беру мәселесi көтерiле бастады. Бұл жөнiнде әртүрлi деңгейде айтылып, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде ел азаматтарының iшiнде мен де бармын мақалалары жариялана бастады. 1995 жылы бiздiң ауданға президент Нұрсұлтан Назарбаев келдi. Ол кiсi Әбсәләм қажының мешi­тiне кiрiп шыққан соң, Бiржан салдың басына барып, Құран оқытты. Зират басында ардақты ел ақсақалдары ауданымызға Бiржан сал атын беру жөнiндегi ұсыныстарын айтты. “Ұсыныңыздар, қолдаймыз!” – дедi елбасы. Содан кейiн қағаздары дайындалып, әйтiп-бүйтiп жүргенде он шақты жыл өтiп кеттi. Ақыры, Еңбекшiлдер ауданына Бiржан сал атын беру жөнiнде Ақмола облыстық мәслихаты шешiм қабылдап, республикалық ономастика комиссиясы қаулы шығарып, ендi үкiметтiң бекiтуiне жiберген кезде, елдi мекендерге жеке тарихи тұлғалардың есiмiн берудi тоқтату туралы концепция шықты да, бұл мәселе тағы шешiлмей қала бердi. Облыстық мәслихат шешiмi ол концепцияға дейiн шыққандықтан, заңды күшiне енуi керек қой деген уәжiмiзге ешкiм де құлақ аспады. Алайда елдiң тiлегiмен, елбасының қолдауымен қабылданған шешiм түбiнде оңынан бiр оралар деп ойлаймыз. Оған қарамастан, халық арасында бiздiң аудан Бiржан елi атанып кеткелi қай заман.
Беу, Бiржан!
Қан тамған қылышынан хан емессiң,
Байлық пен мансап қуған жан емессiң,
Аққу боп қалықтадың көк жүзiнде
Соңынан iлестiң де ән-елестiң,
Әндерiң жұлдыздармен сырласады
Көнбейдi ыңғайына әр өңештiң,
Сенiң орның мәңгiлiк аспанда тұр
Ешкiмнiң қаулысына зар емессiң!
***
Бiржан Сара айтысы туралы дау-дамай талай уақыттан берi үзiлмей жал­ғасып келедi. Негiзiнен, екi пiкiр бар. Бiрi – Бiржан мен Сара айтысқан дейдi, екiншiсi, олар айтыспаған, айтысты Әрiп Тәңiрбергенов жазып шығарған дейдi.Екi жақтың да дәлелi мықты, материалдары мол, ойлары қисынды. Бұл мәселеге әлi нүкте қо­йылған жоқ, қойылатын түрi де жоқ.Қалай болғанда да, бұлжымайтын бiр ақиқат шындық бар. Ол – “Бiржан – Сара айтысы” деп аталатын қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң классикалық ғажайып мұрасы бар екендiгi! Және ол мұраға Бiржан сал бабамыздың автор ретiнде болсын, немесе кейiпкер ретiнде болсын, басты тұлға ретiнде қатысатындығы! Тiптi, айтыстың Әрiп жазған нұсқасы болып, оған кейiпкер болған күнде де, Бiржан сал тұлғасы биiктей түспесе, төмендемек емес. Өйткенi осындай жауһар шы­ғар­маға басқа атақты ақындарды емес, Бiржан салды басты тұлға етiп алуының өзi – оның қаншалықты қадiрлi бол­ғандығын көрсетсе керек. Әлем әдебиетiндегi әйгiлi әдеби кейiпкер­лерге кей бiр елдерде ескерткiш қойылып, әспеттейтiн әдемi жағдайларға ой жүгiртiп көрiңiз. Ал жеке өз басым Бiржан мен Сара кездесiп, айтысқан деген әңгiме шын болса екен деймiн. 1993 жылы Жетiсуда Сара Тастамбек­қызының 115 жылдығы тойланды. Сонда Ешкiөлмес тауында, Баянжүрек деген жерде   Бiржан мен Сара осы жерде айтысқан деп ескерткiш тас қойылды. Бiржан атам барған, Сарамен айтысқан жерге барып, сол тойдағы айтыста Сараның қазiргi замандағы дарынды сiңлiлерi шымкенттiк Әселхан Қалыбекова, талдықорғандық Қаныша Райысовалармен айтысып, Сара атындағы бас жүлденi жеңiп алғаныма шүкiршiлiк қыламын.
***
Бiржанның дертi де жұмбақ. Бiр жерден оқыдық па, естiдiк пе, әйтеуiр бiреулер оның ауруына диагноз қойып, медицина терминiмен атапты. Қазiр неше түрлi ғажаптар шығып жатыр ғой, әйтпесе бiр ғасырдан астам уақыт бұрын өмiрден озған адамға диагноз қою қандай қисынға сыяды? Чезаре Ломброзоның атақты “Гениальность и умопомешательство” деген кiтабында өте талантты адамдардың әпенделiк­терi, ақылға сыя бермейтiн ерекше мiнез-құлықтары мен қылықтары, психикалық ауытқулары туралы айтылады. Оның айрықша талант (гениальность) пен ақыл-естiң ауытқу, шалықтауы бiрге жүредi деген пiкiрiн ақиқат деп қабылдамасақ та, жаны бар сөз екендiгiн жоққа шығара алмаймыз.
Алпыс бiр мүшелiме келгенiмде,
Құдайым бердi науқас ғарiп басқа! – дейдi Бiржан.
Ел кездiм кертөбелмен арықтатып,
Жақсыға сөз сөйледiм анықтатып,
Алпыс бiр мүшелiме келгенiмде
Бiржанды қойғаның ба шалықтатып?! – дейдi тағы да.
 Кейде “алпыс үш мүшелiме келге­нiмде” деп айтылып та, жазылып та жүр. Бұл ақынның алпыс үш жасында қайтыс болғанына дәлдеп айтылса керек. Әйтпесе, қазақта алпыс үш деген мүшел жас жоқ, алпыс бiр мүшел екенi әмбеге аян. Ал ақынның осынау жан сырынан шалықтау дертiне шалдыққаны және оны Құдайдың бергенi деп бойсұнғаны, арман-мұңы айдан анық көрiнiп тұрған жоқ па? Бұрынғы кеңес дәуiрiнде қалыптасқан ұғым бойынша, оны әлеуметтiк әдiлетсiздiктiң құрбаны болды, озбыр үстем тап өкiлдерi таяқпен басына ұрып, ауруға шалдықтырды, солардың зорлығына күйiнгеннен зарлап өттi деп жазды. Тiптi,оның бауырлары Ержан мен Нұржанды Бiржанға сырқат деп жала жауып, байлап-матап, қорлықта ұстаған қатыгез, құбыжық етiп көрсетуге дейiн барды. Кеңестiк идеологияның сол салқынынан әлi де арыла алмай келе жатқанымыз құпия емес. Ал ақын-әншi-композитордың дүниенiң сырын толғаған реквиемi – классикалық “Темiртас” әнiне үңiлiп, түсiнiп көрсе­ңiз, онда ағайынның зорлығынан ауырдым, басымнан ұрды, қорлық көрдiм деген бiр ауыз сөз жоқ. Дерт Құдайдан дейдi. Және шалық дейдi.
Алайда өнер адамдарының, әсiре­се, аса дарынды данышпандардың табиғаты, жаратылысы бөлек болатындығын көпшiлiк бiле бермейдi, бiлсе де жете мән бере бермейдi.Жалпы ұғымға сыйдырып, жалпақ сөзбен сипақтата салатыны да бар. Өнер адамдары мен билiк өкiлдерiнiң, дарынды тұлғалар мен қалың халықтың арасында алшақтық, түсiнiспеушiлiктердiң болуының бiр себебi де осы дүниетанымдағы, рухани әлемдегi, жан-дү­ниедегi өзгешелiктерде жатса керек. Бiржан – ғарыштық құбылыс, гений, оған Құдай аса мол дарын берген. Ол бiр заманға, қоғамға сыймайды. Ол дүниенiң сырын, мәнiн iздейдi, оның рухы жер мен көктiң арасында ұшып жүредi. Қарапайым тiршiлiк ұғымдары, қоғамның шартты заңдылықтары ол үшiн онша маңызды емес. Осы бiр мәңгiлiк мәндi iздеу жолындағы рухани арпалыстары,ән-елестiң соңынан ұшуы,бәлкiм,былайғы жұртқа шалықтау болып көрiнуi де ықтимал. Қалай болғанда да, нағыз таланттың жаны –өнерiнде десек, Бiржан салдың қал­дыр­ған ән-өлеңдерiнiң рухы сау, таза, мағыналы, өмiршең екендiгiнде дау жоқ. Сондықтан оның сырқатын сан-саққа жүгiртiп, саудаға салуды орынсыз деп бiлемiз.
Жалпы, кейiнгi уақытта басқа да та­рихи тұлғалар сияқты, Бiржан салдың да өмiрi жайлы қилы-қилы, алыпқашпа, әрi тарт та, берi тарт қисынсыз әңгiмелер көбейiп, әркiм өзiнше жаңалық ашып жатқанын көрiп те, естiп те жүрмiз.   Негiзiнде, ұлы адамдардың пенде ретiндегi тiрлiктерiн қазбалап,өсек-аяң деңгейiне түсiп, “аннан естiген, мыннан естiген” ұсақ-түйек, өтiрiк сөздердi ойланбастан оңды-солды гулете беру – парасаттылыққа да, адамгершiлiкке де жатпайтын ұят нәрсе. Ондайдан бойды аулақ ұстап, тарихи адамдардың еңбегiн әдiл бағалап, асыл мұрасының рухани мазмұнына бойлап, түсiнуге, рухани нәр алуға ұмтылғанымыз абзал!
Баянғали ӘЛIМЖАНОВ
zhasalash.kz

Related Articles

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

  • Алыстағы ағайынның Атамекенге оралу жолын тұңғыш ашқан қазақтың қаһарман қызы

    Ол кім дейсіз ғой, турасын айтсам ол Сағат Зақанқызы. Тоқсаныншы жылдардағы алғашқы көш Моңғолия қазақтартарынан басталған. Сол көшті алғаш бастаған адам Сағат Зақанқызы. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Жарғақ құлағы жасттыққа тимей, сонау қиын-қыстау заманында алыстағы ағайындардың жолын ашқан осы адамды қазақтың қаһарман қызы атауымыздың өзіндік себебі бар. “Көш басшысымен көрікті”  “Көргені жақсы көш бастар”  дейді атам қазақ.   Осы екі ауыз сөздің астарына үңіліп қарасақ, онда, үлкен мән мағына бар екеніне көз жеткіземіз.       Бұрынғы ауыл көшінің өзінде, көш басшылары төрт түлік малдың өрісінің жағдайына қарай, әр мезгілдегі ауарайының өзгерісіне сай, көшіп қонуда бір басына жетіп артылар  үлкен жауапкершілік  жүктесе, Моңғолияда тұратын қандастарымыздың бір жарым ғасыр ғұмыр кешкен ел жерінен ,

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: