|  |  | 

Көз қарас Саясат

Қазаққа шынайы одақтас кім?

«Біз Ресейдегі ғана емес, көршілердегі түрлі түсті революцияларды да басып-жаншимыз», – деген В.Путин Қазақстанға үшінші жолды қалдырмады. Қалған екі жолда бізді не күтіп тұр?
Бүгінде путиншіл Ресей мен батыс елдері арасындағы текетiрес шыңырау шегiне жетті. Мұндай шиеленіс соңғы 40 жылдан берi байқалмаған. Сирия, Украина, Солтүстік Корея және басқа да түйткілдерде қарсы тараптардың ымыраға келуі енді екіталай. Осы тартыс пен қақтығыстардың артын аңдып, алыстан бақылап келген елдер үшін енді «сенікі де жөн, сіздікі де дұрыс» деп Қожанасырдың кейпіне ену мүмкіндігі саңыраудай шектеліп қалды. Текетірестің не о жағына, не бұ жағына шығу, тарихи таңдау қажеттілігі туындады.
Негiзгi қарама-қайшылық – Кремльдің бұрынғы Совет Одағының өлігін тiрiлтуге талпынған әрекеттерi мен оған кедергі келтіріп тұрған халықаралық заңдар мен ұйымдар. Саясатта бәріне тиімді ортақ тәртiптің орындалуы үшін оны жүзеге асыратын, реттеуші тетiктердің болуы шарт. Бұл мүмкіндік мен міндет АҚШ пен НАТО-ға мүше мемлекеттердің қолында еді. Алайда ортақ тәртіпті қадағалайтын қалқан сыр бермесе, «тiзесiнен тiк тұрушы» путиндік Ресей Қырымды, Днестр аумағын, Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны басып алар ма едi?! Күмәндi.
Күмәнсізі – қазақ тәуелсiздiгiн сақтау жолында, әрине, бірінші кезекте өз күшіне сенгені абзал. Сонымен қатар қазіргідей аумалы-төкпелі заманда кімге арқа сүйеу, ал кiмнен аулақ тұруды таңдау тиіс. Оңай шешім емес. Бiрақ бұл таңдаусыз сындарлы саясат жүргізу неғайбыл шаруа.
Әйгілі британ қайраткері Уинстон Черчилльдiң қанатты сөзi бар: «Бұл дүниеде мәңгiлiк дос болмайды, мәңгiлiк маңызға ие тек мүдделер». Осы сөзді мемлекетаралық саясатта темірқазыққа айналдырсақ, дос, серiк немесе одақ – бұл белгiлi бiр кезеңдегi нақты жағдайдан шыққан саяси және тарихи ықтияр. Олай болса, дәл қазiр Қазақ еліне тиімді дос, серік, одақ қайсы?
Рас, сырт қарағанда көпвекторлы саясаты бар Қазақстанның жақтастары hәм одақтастары жеткiлiктi сияқты. Атап айтқанда, ТМД, Түркi әлемiн, мұсылман елдерін және де басқаларды атап айтуға тұрарлық. Екiншi жағынан қарағанда, нағыз дос қиын-қыстау сәттерде танылары бұрыннан белгілі. Ал оған мән бермеудің соңы өлшеусіз қасіретке әкеледі.
Мысалға жерiнiң бiр бөлiгiнен айырылып, соғыс жағдайында отырған Украинаны алайық. Кезiнде бұл елдiң саясаткерлерi құрғақ уәделер мен келiсiмшарттарға жүгініп, жайбарақат жүрді. Серiктестерi қиын сәтте қол ұшын бередi дегенге иланды. Алайда ел басына күн туғанда қорғайды деген одақтасының бiрi өзіне тарпа бас салды, бiрi байқамағансып сырт айналды, ендi бiрi алған мiндеттемелерiнен айнып, басқыншыны қолдап шықты. Осылайша саясат пен дипломатияда дер кезiнде ойластырылмаған, тiптi атын атаудан тартынған шындық зор апатқа ұласып, украиндықтар бармағын шайнап қалды.
Асылы, бұл текетiресте Украинаның айқын жанашыры ретiнде жалғыз күш табылды: ол – батыс, нақты айтқанда АҚШ пен Еуропа одағы. Бәлкім, олар айтарлықтай украиншыл болмаған да шығар. Маңыздысы – Киевтің тәуелсіздігін сақтау мен демократиялық жүйеге ұмтылысы батыс құндылықтарымен сәйкес келгенi. Сондықтан халықаралық заңдарды өрескел бұзып, озбырлық әрекеттерге басымдық берген Путиннің саясатын батыс «ғаламдық қауiпсiздiкке төнген кауiп» деп бағалады. Iзiнше оның қатерлі мысын басу үшін түрлі санкциялар қолданды.
Осы жағдайға кеңінен қарасақ, Батыс Украина ғана емес, басқа да ТМД мемлекеттерiнің тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығын сақтауда шешуші ықпалға ие. Рас, американдықтар мен еуропалықтардың Ресейден нендей артықшылығы бар деген сұрақ туындауы заңды.
Салыстыра қарасақ, батыстың қазақ жерiнде бiрде-бiр әскері жоқ, ал Ресейдiң бес әскери базасы мен полигоны тұр. Екіншіден, батыстың бiрде-бiр саясаткерi қазақ жерiне дәмесiн бiлдiрген емес. Ресей билігіне кіндіктері байлаулы атқамінерлер болса, уақыт өткен сайын жерiмiзге сұқтана қарап қыр көрсетіп келедi. Үшіншіден, Қазақстандағы АҚШ, Ұлыбритания, Франция елшiлерi Астанаға келе сала, қазақ шаңырағына құрметін көрсетіп, шапан киiп, қазақ тiлiн оқып, ұлттық мерекелерiмiзде халықты мемлекеттік тілімізде құттықтауды дағдыға айналдырғаны көп нәрсені аңғартады. Ресей елшiсiнің осындай сыңай танытуы былай тұрсын, қонақ емес, әлдебiр қожайынша қылық көрсетедi. Кремль өкілінің қазақ рухы мен дүниетанымының шырағына айналған «Аңыз адам» журналын жабу керек» дегенінің өзi неге тұрады!? Бұл қылығын тең ынтымақтастық пен ізгіліктің белгiсi ретінде бағалауға мүлдем келмейді.
Ендеше, пейілінің оң, шынайы әрі әділ, тең дәрежедегі ықпалдастыққа бейіл екенін Ресей билігі құрғақ сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдеуі керек. Ал өз кезегінде ресми Астана Қазақстанның тәуелсіздігі мен тарихына, мәдениеті мен тағдырына құрмет танытуды әріптестік орнатқан кез келген мемлекеттен талап етіп, намысын жібермегені жөн. Бұл уақыт талабы. Мәселен, сәуірдің ортасында Бішкекте өткен Еуразия одағы мүшелерінің басқосуында Путин: «Біз Ресейде ғана емес, түрлі түсті революцияларды көршілерде де басып-жаншимыз», – деп мәлімдеді. Бұл нені білдіреді?
Еуразия одағына мүше елдер Мәскеуге ұнамсыз саясат жүргізсе, күш қолданамыз деген сес көрсету ғой! Кезінде Совет Одағының Еуропа жандармы болғаны еріксіз еске түседi. Сонда дәл осындай желеумен КСРО танктері Чехияда, Мажарстанда, Польшада демократияшыл күштерді, еркін ойлы жастарды, ел патриоттарын қан жосытқан еді. Енді XXI ғасырдың басында Путин сол өктем тәжірибені Еуразия одағында жандандырмақ. Демек, біз үшін басты мәселе дұрыс таңдау жасап, басқыншы әрекеттің қайталануына жол бермеу керек.
Таңдау жолы: не сепаратизм, тоталитаризм, империализм мен басқыншылыққа жол берген Путин, Асад, Ким Чен Ын, хезболлашыл шейх Насролла тобына ену немесе даму мен өркениетті түзу мемлекеттердің қатарына қосылу. Үшінші жол жоқ.

Расул ЖҰМАЛЫ арнайы «Жас Алаш» үшін                                                zhasalash.kz

Related Articles

  • Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ.

    Zhalgas Yertay Қазақ тілінің болашағы енді демографияға тіреліп тұрған жоқ. Ол халықтың ішкі күші мен биліктің саяси еркіне қарайлап тұр Ертеректен бастайық. Баяғыда қазақтың басты проблемасы санында еді, ол рас. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналған-ды. Ал қалада қазақша есту қиын болатын. Мектептерде, университеттерде, мемлекеттік басқаруда, бизнесте қазақ тілі шеттетілді. Сол кезде қазақ тілінің тағдыры демографияға тәуелді еді. Бұл логика ұзақ уақыт дұрыс саналған. Бірақ бүгінгі Қазақстанға қарасақ, жағдай өзгерді. Қазақтар көпшілікке айналды. Қазақ тілін түсінетіндер мен сөйлейтіндер саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақ мектебіне баратын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі күнделікті өмірдің негізгі тіліне айналды. Бірақ неге тіл мәселесі әлі өзекті болып тұр? Мәселе санға емес, санаға

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: