Дамыған елдерде ауыр науқастар мен мүгедектер еркін өмір сүріп жатыр
Әлі советше ойлайтын, әскери медицина менталитетінен ажырамаған денсаулық сақтау саласының менеджерлері бір жайтты түсінуі тиіс: ерте заманда да, орта ғасырларда да, қазіргі кезде де ауыр науқастар мен мүгедектер саны жалпы халық санына шаққанда бір мөлшердің төңірегінде тұра береді. ДДҰ-ның мәліметінше, бұл мөлшер – 15 пайыз. Мұның себебін ешкім анық түсіндіріп бере алмайды. Кейбір гуманист атеистер “адам баласының бір-біріне деген қамқорлық сезімін күшейту үшін табиғи сұрыпталудың бір шарты” деп қабылдаса, евгеника жақтастары (мысалы, нацистер) “табиғи сұрыпталу кезінде генді тазарту үшін мұндай әлсіздерді қырып тастау керек” деп шатылды. Діндар гуманистер “мүмкіндігі шектеулі жандарды күту – сауап жинау мен Құдайдың рақымына бөлену” деп білсе, ультра-консервативтік діншілдер “ауыр науқас пен мүгедектік – Құдайдың жазасы” деп сенеді. Екі дүниежүзілік соғысты бастан кешіп, өткеннен сабақ алып, “әлеуметтік құқық” ұғымын орнықтырып жатқан өркениетті әлем елдері мұндай 15 пайыз мұқтаж жандарға өлместің жағдайын жасап, негізгі күтім қылу аз, олардың денесі мен ойын сауықтырып, білім беріп, мамандыққа баулып, шама-шарқынша қоғамға һәм қызметке кіріктіру керек, олардың күтушілеріне де жәрдем беру керек деп санайды. Сол себепті мүгедектерін, ауыр науқастары мен қарияларын үйде, я арнайы интернатта қамап ұстайтын елдерде тұратын адамдар Батыс Еуропаға, я Солтүстік Америкаға қыдырып келгенде “Неге көшеде арбаға мінген мүгедек пен кәрі адам көп?” деп таң қалады. Оған таң қалатын ештеңесі жоқ. Дамыған елдерде жоғарыда айтқан 15 пайыз еркін өмір сүріп жатыр. Мекемелер құқықтарын шектемейді, қоғам саусағын шошайтып күлмейді. Адамдардың әртүрлі болатынына, ауру-сырқатқа, мүгедекке жиіркенбей қарау керектігіне, оларға қамқорлық қажеттігіне үйренген. Мысалы, Ұлыбританиядағы балалардың танымал телеарналарының біріндегі (Milkshake) белгілі жүргізуші қыздың бір қолы иығынан жоқ. Жас аудитория кішкентай кезінен денесі кемтар адамға шошынбай, жиіркенбей, тең қарауды үйренеді.
Дамыған елдерде мүгедек баласына, я науқас кәрі әке-шешесіне қарап үйде отырған жандарға мемлекет жалақы төлейді. Жеке қараудағы мұқтаждарға барлық жағдай жасауға тырысады. Егер қараушы азаматтар мүгедек баласынан, я науқас әке-шешесінен бас тартып, арнайы орталықтарға өткізіп тастаса, мемлекет шығынының да еселеп өсетінін біледі. Мұндай әлеуметтік орталыққа өткізілетін мұқтаж жанның ішіп-жемі, гигиеналық күтімі, баспанасы, қауіпсіздігі, жүріп-тұруы мен коммуналдық және басқа қызметтері әлдеқайда қымбатқа түседі.
Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі балалары мен басқа да туыстарына қарап отырған азаматтарға жеке өмірлері мен карьераларын құрбан еткен мұндай ерлігі үшін және адамгершілігі үшін мың да бір алғыс һәм тағзым! Егер Құдайға сенбейтін гуманист болсаңыздар, Жер бетіндегі жалғыз сөйлей алатын саналы тіршілік иелерін хайуаннан ажыратып тұрған қасиетті жетілдіріп жатқан жанкештіліктеріңізге тәнтімін. Діндар адам болсаңыздар, жүректеріңіздегі Құдырет иесінің алдында дәрежесі өсіп жатқан сансыз сауап иелері ретінде құрметтеймін. Билік өкілдері бұл адамдардың тек өз бастарына емес, тұтас қоғамға қызмет қылып отырғандарын, мемлекеттің қомақты қаржысын үнемдеп отырғандарын түйсінулері тиіс. Мұқтажға ай сайын төлейтін аз-маз жәрдемақыны қиып тастамақ түгілі оның қараушысына жалақы төлеу мәселесін қарастырулары керек. Ең бастысы – әлеуметтік мәні бар ауруға ұшыраған сырқаттар мен мүгедектердің қоғамға кірігіп, қызметке араласу мәселесіне назар аударатын деңгейге ұмтылулары қажет. Әйтпесе өркениетті ел болу қиын.
Пікір қалдыру