Ілгеріде “Қаз білім және ғылым” дейтін мекемеге министрлік көз ашқалы әкімдікте істеген шенеунікті бастық қылып жіберді.
Әлгі мекеме өзіне тиесілі жұмысты ғана істеп тып-тыныш жатыр еді.
Жаңа бастық іске қатты кірісті.
– Нарыққа, өркениетке сай болу керек!- деді. Дереу жаңа адамдарды жұмысқа алды.
Бір күні кабинетімізге қылдай қара галстук, қара кәстөм-шалбар киген еңгезердей жас жігіт кіріп келді.
- Пәленше Төленшеевич деген сіз бе? Қандай тамақ ішесіз?
Қолында бес-алты тамақтың тізімі тұр.
Сөйтсек бастықтың “ұжымды түскі аспен қамтамасыз ету жөніндегі көмекшісі” екен. Өзінің айтуынша – менеджер – маркетинг.
Түсте кабинеттерді аралап тапсырыс қабылдайды да, тамақты алдырып береді.
Кез келген тамақты үш қайталап ішсең – шығасың ғой. Біз ондай астан тез шықтық. Екі-үш ай сықиып, сенделіп жүріп әлгі жігіт те жұмыстан шығып кетті.
Түсініксіз жұмысқа кіріп, түсініксіз жұмыс істеп кетіп жатқандар жалғыз ол емес еді.
Штат ашып, штат жауып, шабылып жүрген де бастықтың өзі.
Жаңа бастық бір күні “баспасөзбен жұмыс істеу керек, өз-өзімізді таныту керек, ол үшін танымал ғалымдарды шақырып, ғылыми-практикалық конференция өткізу керек” деген тапсырма берді.
Біздің жұмысқа негізі ондайдың дымға керегі жоқ еді. Ғалымдарды босқа әурелеп ұят болады-ау деп ойладық.
Сөйтсек конференциялар мен дөңгелек үстелдерді шексіз сүйетін қолы бос ғалым көп екен. Отызға жуық ғалым келіп, бастық төрде отырып марқайып қалды.
Конференция тақырыбы “Тәуелсіз Қазақстанның даму стратегиясындағы Абылай хан мен тұңғыш президенттің рөлі” болатын. Шамамен осылай.
Ғалымдар бастыққа, оның артында Назарбаевтың портретіне қарап көп сөйледі. Кейде Абылай ханды қосып қояды сөздеріне.
Абылай хан мен Назарбаев туралы ғылыми конференцияға мемлекеттік телеарналар жақсы келеді екен.
Кейбір журналистер сартылдатып стендап жасайды. Мә, мынау бізді айтып тұр ма деп өзің таңғаласың. “Ғылыми-практикалық конференция!” деп тақ-тақ етеді. “Орталық Азия!”, “ТМД!” деп қояды.
Содан не керек, бұйығы мекемеміздің аты шыға бастады. Бір-екі жыл ішінде қашқанға да, қуғанға да қосыла шабатын әйгілі белсенді мекемеге айналды. Неше түрлі іс-шара, конференция, форум…
Сөйтіп жүріп өзінің сонау кездері тып-тыныш жасап жүрген жұмысын ұмытып қала жаздады.
Мына жұмысыңның сапасы неге бұлай деп министрлік те сұрамайтын. Бастық бәрімен жақсы еді.
Бастықтың өзі де ақкөңіл, жақсы адам болатын.
Пікір қалдыру