|  |  |  |  |  | 

Көз қарас Мәдениет Руханият Саясат Тарих

Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…

605814549_3535077049989190_7669384625266193034_nҚазір әлеуметтік желіде кейбір қазақ зиялыларының қазақ тілін сынаған пікірі тарап жүр. Есіме бір кездері Қытай интеллигенциясының қытай иероглифін сынағаны түсіп кетті. 20- ғасырдың алғашқы ширегінде қытайдың дәстүрлі иероглифтерін сынамаған зиялы кемде кем.
*** *** ***
“Иероглифтерде заманауи идеялар мен теорияларды жеткізетін сөздік қор жоқ, әрі олар зиянды ойлардың ұясына айналады. Оларды жоюда ұят жоқ” деп жазды 1918 жылы Қытай Коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі әрі Жаңа мәдениет қозғалысының жетекші қайраткері Чэнь Дусю (陈独秀).
Қытай иероглифін қатты сынаушылардың қатарында тағы да Қытай коммунистік қозғалыстың жетекшілерінің бірі Цюй Цюбай (瞿秋白) де болған. Ол тіпті 1931 жылы “Қытай иероглифтері шын мәнінде әлемдегі ең лас, ең жексұрын әрі ең жиренішті нәрсе. Тіпті ортағасырлық жағымсыз шұңқырға ұқсайды” деген. Сол онжылдықтың соңында қазіргі қытай әдебиетінің ең көрнекті тұлғаларының бірі Лу Синь (鲁迅) қытай иероглифтерін халық арасына таралған туберкулезге теңеді. Сонымен бірге Лу Синь көне классикалық жазу стилінің орнына ауызекі, жалпыхалықтық қытай тілін (白话) қолдады.
Сынаудың да өзіндік себептері бар еді, ол ғалым Сун Шу (宋恕) айтқандай “Қытайда ер адамдардың шамамен бір пайызы, ал әйелдердің шамамен қырық мыңның бірі ғана иероглифтерді қарыптап оқи алады”.
БІРАҚ Қытай интеллигенциясы қытай иероглифін сынады, қытай тілін емес…
608727083_3535128486650713_8436916606248541719_n
Шағын сараптама
Қытайшада шамамен жалпы саны 80-90 мың иероглиф бар, оның 60 мыңнан астамы белсенді қолданылмайды
Әлқисса
Бірінші, шығыс мәдениетін әсіресе Қытай өркениетін қытай иероглифтерінсіз елестету мүмкін емес. Яғни иероглиф жай ғана жазу жүйесі емес, бірнеше мыңжылдықты қамтыған тарихи жадтың, мәдени кодтың және дүниетанымның көрінісі. Қытай иероглифтері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа білім, билік, философия мен рухани мұра беріліп отырды.
Екінші, бүгінгі таңда қытай жазу жүйесінде белгілі иероглифтердің жалпы саны 80–90 мың шамасында деп есептеледі. Бұл санға көне қола жазуларынан бастап, ортағасырлық классикалық мәтіндер мен сирек кездесетін аймақтық таңбаларға дейін кіреді. 18- ғасырда құрастырылған әйгілі Канси сөздігінде ғана 47 мыңнан астам иероглиф тіркелуі қытай жазуының қаншалықты кең әрі күрделі екенін аңғартады. Ал заманауи цифрлық жүйелерде иероглифтік мұра Unicode арқылы сақталып, ғылыми айналымға қайта енгізіліп отыр.
Үшінші, алайда осы жүз мыңға жуық иероглифтің барлығы бірдей күнделікті өмірде қолданылады деу қателік болар. Қазіргі қытай қоғамында белсенді қолданылатын иероглифтер саны әлдеқайда аз. Күнделікті тұрмысқа, қарапайым қарым-қатынасқа шамамен 2-3 мың иероглиф жеткілікті. Газет оқу, ғылыми немесе көркем әдебиетті түсіну үшін 4-5 мың иероглиф білу жеткілікті саналады.
Төртінші, ҚХР-да тіл саясатын реттеу мақсатында арнайы стандартты тізім қабылданған. Онда 8 мыңнан астам иероглиф ресми түрде бекітілген. Бұл таңбалар мемлекеттік құжаттарда, білім беру жүйесінде, баспасөз бен ресми коммуникацияда қолданылады. Осылайша, қытай жазуы бір жағынан ықшамдалып, екінші жағынан тарихи сабақтастықтан ажырамауға тырысып отыр.
Бесінші, бір қызығы иероглифтердің ең үлкен бөлігі тілдік айналымнан шығып қалған тарихи таңбалардан да құралады. Олардың саны 60 мыңнан асады. Бұл иероглифтер көне жылнамаларда, философиялық трактаттарда, тас жазулар мен мөр мәтіндерінде сақталған. Яғни күнделікті қолданылмаса да, қытайдың тарихи санасын, мемлекеттік дәстүрін және рухани эволюциясын зерттеуде баға жетпес дерек көзі болып отыр.
Алтыншы, Қытай өркениетінің өзегінде тұрған қытай иероглифтері бір қарағанда мызғымас, өзгермейтін құндылық сияқты көрінеді. Алайда 20- ғасырдың басында Қытай қоғамы терең дағдарысқа ұшыраған тұста дәл осы иероглифтерге қарсы пікірлер ашық айтыла бастады. Елдің артта қалуы, жаппай сауатсыздық, Батыс пен Жапониядан болған жеңілістер қытай зиялыларын “кінәні қайдан іздейміз?” деген күрделі сұраққа жетеледі. Сол кезде нысанаға алынған мәселелердің бірі күрделі қытай иероглифі болды.
Жетінші, 1910–1920 жылдары кейбір реформашыл зиялылар иероглифтерді халықты оқытуға қолайсыз, заман талабына сай емес деп есептеді. Олардың ойынша, мыңдаған таңбаны меңгеру қарапайым халық үшін тым ауыр жүк еді. Осы тұста тіпті “егер біз латын графикасына өтсек, сауаттылық бірден артады” деген идея қоғамдық пікір кеңістігінде ашық талқыланды.
Сегізінші, 1920–1930 жылдары Қытайда латын графикасына негізделген нақты жобалар да пайда болды. Бір қызығы, мұндай идеяларды тек маргинал топтар емес, сол дәуірдің ірі ойшылдары мен жазушылары атап айтқанда Лу Сюн (鲁迅), Цюй Цюбай (瞿秋白) да қолдады. Сыни пікірмен қараған зиялылар иероглифтердің “қасиеттілігіне” күмән келтіріп, іргелі реформалауды батыл түрде жақтады.
Тоғызыншы, алайда аттөбеліндей аз зиялының қозғалы кең халықтық қолдауға ие бола алмады. Қытай қоғамы үшін иероглиф тек жазу емес, тарихи сабақтастықтың, ұлттық бірегейліктің символы болатын. Көпшілік үшін иероглифтен бас тарту өткеннен, Конфуцийден, мыңжылдық мәдени жадтан бас тартумен тең көрінді. Осы себепті латындандыру идеясы интеллектуалдық ортада қызу талқыланса да, ұлттық деңгейде түбегейлі шешімге айналған жоқ.
Оныншы, 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін де бұл мәселе күн тәртібінен біржола түскен жоқ. Жаңа билік сауатсыздықты жоюды басты мақсат етті. Бірақ бұл жолы иероглифтерді жою емес, оларды жеңілдету бағыты таңдалды. Нәтижесінде қарапайымдандырылған иероглифтер (简体字) енгізілді. Бұл қадам иероглифтерге қарсы радикалды күрестің емес, оларды сақтай отырып реформалаудың жеңісі болды.
Он бірінші, 1950-жылдары тағы бір маңызды құрал яғни пиньин жүйесі жасалды. Латын графикасына негізделген бұл жүйе қытай тілінің дыбысталуын дәл беруге арналды. Яғни пиньин көмекші құрал, ал негізгі жазу жүйесі иероглиф болып қала береді. Осылайша, латын графикасы Қытайда революциялық емес, қызметтік рөлге ие болды.
Он екінші, бүгінгі Қытайда иероглифке қарсы ұйымдасқан қозғалыс жоқ деуге болады. Керісінше, иероглиф ұлттық мақтаныштың, мәдени егемендіктің белгісі ретінде насихатталады. Кейде жекелеген пікірталастар, академиялық деңгейдегі ұсыныстар айтылғанымен, олар қоғамдық қозғалысқа айналмайды. Қытай қоғамы үшін иероглиф тек өткеннің қалдығы емес, қазіргі заманға бейімделген тірі жүйе.
Он үшінші, Қытайдағы 20-ғасыр басындағы иероглифке қарсы қозғалыс өркениеттік күйзелістен туған жүйелі рефлексия еді. Ел жеңілді, қоғам артта қалды, халықтың басым бөлігі сауатсыз болды. Осы кезде қытайлық интеллигенция “неге біз ұтылдық?” деген сұраққа жауап іздеді. Иероглифке сын сол ізденістің бір тармағы ғана болатын. Яғни мәселе иероглиф “жаман” деген эмоциялық пайым емес, ұлттың тірі қалу стратегиясы тұрғысынан қойылды. Сондықтан қытай зиялылары жазуды сынай отырып, оның орнына нақты балама (латын негізді жазу, пиньин) ұсынды.
Он төртінші, Қытай интеллигенциясы иероглифті сынағанда, тіл мен жазуды бір-бірінен ажырата білді. Яғни қытай тілі өміршең тіл, бірақ оны тасымалдайтын таңбалық жүйе ауыр деп сынады. Сондықтан реформа жазуға бағытталды, тілдің өзіне емес.
Он бесінші, мәселенің тағы бір қыры бар. Қытайда иероглифке қарсы сын жоғарыдан төменге емес, төменнен жоғарыға қарай институционалданды. Ал қазақ тіліндегі сын көбіне медиа кеңістікте декларативті түрде айтылады да, нақты тіл саясатына, терминологияға, білім жүйесіне жүйелі ұсыныс ретінде айнала бермейді.
Он алтыншы, қазақ тілі табиғаты жағынан үндестік заңына бағынатын, дыбыс пен мағынасы үйлескен жүйелі һәм іргелі тіл. Ал кирилл әліпбиіне негізделген қазіргі қазақ жазуы бұл табиғи жүйеге толық сәйкес келмейді. Яғни 20- ғасырда, нақты тарихи-саяси жағдайда, орыс тілінің фонетикасы мен орфографиясына икемделіп жасалды. Сондықтан бүгінгі қиындықтарды тілдің “көнелігінен” емес, жазудың жасанды бейімделуінен іздеу әлде қайда қисынды.
Он жетінші, кирилл негізіндегі қазақ жазуы қазақ тілінің басты тірегі саналатын үндестік заңын жүйелі түрде бұзады. В, ф, х, ц, ч, щ, һ, ю, я, ь, ъ сияқты қазақ фонологиясына тән емес дыбыстар (таңбалар) емле нормасына айналып кетті. Соның салдарынан сөздің айтылуы мен жазылуы арасындағы алшақтық ұлғайды.
Он сегізінші, емле мәселесінде де орыс тіліне икемделу айқын сезіледі. Кірме сөздер қазақ тілінің заңдылығына емес, орыс тіліндегі нұсқасына қарап жазылады. Дәл осы тұста қытай зиялыларының тәжірибесімен ұқсастық анық байқалады. Олар қытай тілін сынаған жоқ, иероглифтік жазудың қоғамды тежейтін тұстарын талқылады. Ақырында тілді сақтай отырып, жазуды жеңілдету жолын таңдады. Қазақ жағдайында да мәселе “қазақ тілі кедей” емес, қазақ тілінің табиғатын толық аша алмай тұрған жазу жүйесінде екенін түсінуіміз керек. Қытай тіліндегі иероглифтердің жалпы саны 80–90 мың шамасында болса, соның тек шамамен 10-15 мыңы ғана қазіргі тілдік қолданыста белсенді қолданылады. Қалған 60 мыңнан астам иероглиф тарихи, сирек және күнделікті коммуникациядан тыс қабатты құрайды. Соған қарамастан, бұл иероглифтер мәдени және мәтіндік мұра ретінде сақталып отыр.
Елдес ОРДА
31.12.2025

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: