Астана жастары Кенесары сарбаздары және Смағұл Сәдуақасұлының рухына тағзым етті
Бүгін Астанада өз еріктерімен жиналған бір топ жастар, «Қараөткел» көне зиратына жерленген Кенесары ханның Ақмола бекінісін азат ету шайқасында шаһит болған 200 сарбазының және алаштың аяулы ұлы Смағұл Сәдуақасұлының рухына құран бағыштап, игі іс-шараға мұрындық болды.
Бұл игі шараның дәстүрлі түрде жалғасын тапқанына осымен үшінші жыл. Ұлт азаттығы үшін жан берген ерлердің басына зиярат ету, рухына тағзым ету – жастардың тарих алдындағы борышы болса керек. Әрине, аталған іс-шараға жиналған топтың қарасы аз, шоғыры сирек. Десе де, уақыт өте келе бұл игі іс жалпы халықтық түс алады еген үміт басым.
Айта кетейік, «Қараөткел» көне зираты жөнінде көптеген пікірлер мен ғылыми тұрғыдан жүйеленбеген деректер бар. Кейбір зерттеушілер аталған қорымның тарихын 1609–1962 жылдар аралығы деп көрсетеді. Ал енді бір зерттеушілер аталған цифрді дөңгелектеп, «қорым тарихы 17 ғасырдан бастау алады» деп жүр. Бұл қорымда осы уақытқа дейін белгілі болғандай, Кенесары ханның сарбаздары, Балуан шолақтың ғашығы Ғалия Тілеуқызының мүрделері ғана жатқан жоқ. Зерттеушілер анықтағандай, аталған зиратта Тәуке ханның ұлы Сәмеке, аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, Бөгенбай, Қабанбай, Амангелді батырлардың сарбаздары, көпес Баймұхамед Қосшығұлов, Самарқан, Бұхар, Қазан қалаларында туған діни қайраткерлер жерленген деген мәліметтер бар. «Қараөткел» көне зираты тұнған тарих екені көрініп тұр. Оны құлыптасқа бедерленген Араб, парсы, Көне шағатай жазулары айғақтап тұрғандай. Түйсінген жанға ескі тарихтың ізі, бабалар ерлігінің өшпес рухы рухани күш беретіндей.
Сонымен бірге, құлыптастар мен оған жазылған жазулардың ескіргені көңілге өкініш ұялатты. Бұл жөнінде белгілі журналист Амангелді Құрметұлы өз пікірін былай білдірді:
– Жалпы біз, бабалар рухына құрмет көрсетудің сөз жүзіндік жағын қатырамыз. Ал іс жүзінде сол сөзіміздің нәтижесі көрінейді. Өйткені, іс-әрекет жоқ. Мәселен, осы зираттағы Кенесары хан сарбаздарының басына қойылған құлыптастың қатты бүлінгені байқалады. Шын мәнінде аталған құлыптас тарихи маңызы бар ескерткіш ретінде қорғалуы керек емес пе? Біз білетін бұл құлыптастың табылғанына көп бола қоймады. Ары кетсе, екі-үш жылдың көлемі болды. Осы аз уақыттың ішінде салыстырмалы түрде құлыптастың бүлінгені, күн мен желдің жеміре бастағаны айқын көрініп тұр. Сондықтан оның басына қалтқы орнату керек деп ойлаймын.
Өздеріңіз білесіздер, Түріктер сонау Моңғолиядағы Күлтегіннің ескерткішінің үстіне үй салып, түп нұсқасын сол мұзейдің ішіне, ал сыртына көшірмесін қойды. Мақсаты – аталған ескерткіштің бүлінуінің алдын алу. Бұл шын мәнінде Моңғолия үкіметінің назарындағы жұмыс. Бірақ Түркия ата-баба алдындағы парызын терең сезініп, Күлтегін ескерткішінің бүлінуінің алдын алды. Бабаларға деген құрметтің шын үлгісі сол деп білемін. Ал біз азаттық үшін қан кешкен бабаларымыздың зиратының қайда екенін көріп-біліп тұрсақта, басына бір дұрыс құлыптас қоя алмадық. Бұл өкінішті жағдай.
Сондықтан, «Қараөткел» көне зиратына орналасқан Кенасары хан сарбаздарының басына қойылған белгінің түп нұсқасын сақтай отырып, қасына түсіндірме тақтайша орнату керек. Өйткені, мұнда келген адам көне араб, парсы, шағатай тілінде жазылған сөзді оқи алмайды. Сол себепті, крилициямен «Мұнда кімдер жатыр, ескерткіш қалай табылды және қай соғыста, қандай маңызы бар оқиға кезінде қойылған құлыптас еді?» деген сұрақтарға жауап беретін тақтайша болғаны дұрыс. Бұл іске Астана қаласы әкімдігінің назар аударуы керек. Жауапты органдар тез арада назар аудармаса, екі-үш жылдың көлемінде жаңағы құлыптастан ешқандай белгі көре алмайтын сияқтымыз.
Аталған іс-шараның мән-маңызы, жастарға берер рухани көмегі жөнінде ақын Ықылас Ожайұлы өз пікірін ортаға салды:
– Біздің осында келіп құран бағыштап, бабалар рухына тағзым еткенімізге дәстүрлі түрде үш жылға аяқ басты. Бұл басында «Жас азамат» жастар ұйымының ұйымдастыруымен жасалған игі іс еді. Бұдан бәлендей саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Өздеріңіз білесіздер, 9-мамыр, тарихи даталы күн. Бұл күні дүние жүзілік екінші соғысқа қатысқан азаматтарды ұлықтаумен ғана шектеліп қалмай, азаттық үшін күрескен барлық батыр бабаларымыздың рухына тағзым етуіміз керек. Өйткені, азаттық барлығына ортақ дүние, оның масштабы үлкен.
Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, Кенесарының басы кешегі күні (патшалық россия кезінде) ұлыққа керек болды. Сонда тәуелсіз заманда не үшін оның ұрпағына керек болмауы керек. Шығыс халықтарында мынадай бір даналық сөз бар. Айталық: «Адамды топыраққа жерлеу аса қуатты бола қоймайды, адамның тұлғасын топыраққа емес, кеудесіне, қанына жерлеу керек» деген. Кенесары рухы, Смағұл рухы біздің алпыс екі тамырымыздың ағысында тулап жатуы тиіс. Сондықтан, осы бір күн ұлттың рухын серпілтетін керемет күнге айналса деп тілегім бар. Бұл ешқандай саясатқа томпақ келмейді. Керісінше, ұрпақтың бабасына деген ерекше құрметінің көрінісі болар еді.
Аталған шараға қатысушы Ербол Рахметолла алған әсерімен бөліскен еді: – Кеше ғана Астанаға жолым түсті. Мен бұл хабарды Ербол Алшынбайұлының фейзбуктегі парақшасынан көріп, келіп отырмын. Игі іс-шараға мұрындық болып отырған Астана жастарына алғыс. Менің мұнда келген бірінші мақсатым – тәуелсіздік үшін жандарын құрбан еткен Кенасары хан сарбаздарының рухына құран бағыштау, екінші, алаштың ер тұлғалы, ұлтшыл азаматы Смағұл Сәдуақасұылының рухына тағзым ету. Бұл елім деген әр адамның бабалар алдындағы абыройлы борышы деп есептер едім. Мұндай шараға қатысқаныма өте ризамын. Сондай-ақ бұл шара жалпы халықтың және билік тарапынан қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Шараға қатысушы Рахат Икібаев «қараөткел» ескі қорымын қорғаудың, оны келесі ұрпаққа аман-есен жеткізудің жалғыз жолы – аталған қорым туралы заң қабылдау екенін тілге тиек етті:
– Қазақтың дүние танымында әруақтардың орны ерекше. Оларға құрмет көрсету ежелден бар. Сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда руханияттың орны бөлек. Ол руханияят – біздің мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихи мұраларымыз. «Қараөткел» ескі қорымы тұнып тұрған тарихи мұра. Мұраны өткен ұрпақтан алып, байыып, дамытып, кеңейтіп, келесі ұрпаққа тастап кету – біздің ата-баба алдындағы борышымыз. Сондықтан осы зираттың болашғын ойлайтын болсақ, онда ескі қорымдар туралы заң қабылдауымыз керек. Ол заң ата-бабаларымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне негізделуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар, аталған зираттың халықпен арақатынасы, зиярат ету мүмкіндіктері заңда қарастырылуы керек.
“Қараөткел” ескі зираты – тарихтың көзі. Өткен күннен қалған белгі. Сонымен бірге, бұл алаштың ардақты ұлы С. Сәдуақасұлының сүйек күлі жатқан мекен. Айтпақшы, Смағұл Сәдуақасұлының сүйек күлі жатқан зиратқа құран бағыштап болып, аз-кем әңгімеден соң, қабір маңайында бүрлеген жусанды көзім шалды. Жусан – ұлттық рухтың, отанға, елге деген сағыныштың символы. Бір ғасырға жуық жат жердің топырағын жамылған Алаштың дегдар ұлы Смағұл рухы туған жердің топырағына жамбасы тиіп, мауқы басылғандай. Топырағы торқа болғандай. Тек, ұрпағының басына келіп, құран бағыштағанын күтетіндей. Азат саналы жастарды іздейтіндей. Ал алаш баласы, асыл ұлдарыңды жалғызсыратпа, рухыңды ізде…!!!
Құрманғазы Жұмағұл
jusan.kz








Пікір қалдыру