|  |  | 

Тұлғалар Әдеби әлем

АЛАТАУДЫҢ АҚИЫҒЫ

СҮЙІНБАЙ – 200

Биыл арқалы ақын Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толып отыр. Ұлттың ұраншысы болған алаш ардақтысының бұл мерейлі белесі Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуімен де маңызды. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы 9 маусым күні Астанада халықаралық рухани-танымдық кеш өткізеді. Алқалы жиынның қарсаңында академия басшысы Д.Қыдырәлінің мақаласын беруді жөн көрдік.



Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Халықаралық Түркі академиясының президенті,
тарих ғылымдарының докторы
Биыл құрылғанына 550 жыл болған қа­зақ хандығының жарқын сәттері мен же­ңісті жолдары жайында сөз қозғаған­да, Алаш тарихының ақтаңдақтары туралы да айтуды ұмытпаған абзал. Бұл орайда, тол­қ­ымалы терең тарихында та­лай ал­ма­ғайып замандарды, қилы қанды қыр­ғын­дар­ды көрген қазақ халқының ең тақ­сі­ретті кезеңі ХІХ ғасырда бас­тал­ғаны бел­гілі. Орта жүзде Уәли хан 1819 жылы қай­тыс болған соң, І Александрдың жар­лығымен 1822 жылы бекітілген «Сібір қыр­ғыздары (қазақтары) туралы жарғы» кү­шіне еніп, хандық билік ресми түрде жойыл­ды. Аттың жалында туып, арғы­мақ­тың тұяғы жеткен жерге иелік еткен баһадүр бабалар елдігінен айырылып, отарлық қамытын киді. Кіші жүзде Исатай бастап, Махамбет қостап шыққан ірі кө­теріліс елдің рухын оятқанымен, 1838 жы­лы аяусыз жанышталды. Жетісу жерін па­налап келіп, халықты қайта біріктіруді көз­деген көкжал Кенесары 1847 жылы шәйіт болғаннан кейін, мыңдаған жылдар бойы үзіліссіз жалғасып келген мем­ле­кеттілік дәстүрі үзілді, ел тарихында бұ­рын-соңды болмаған қасіретті күндер бас­талды.
Міне, осындай заманалар мен қоғам­дық жүйе алмасып, тайталасып-тартысып жатқан қайшылықты да аса күрделі ке­зеңде өмір сүрген «кәтепті қара нар­лар» аласапыран дәуір жүктеген зілмауыр жүкті қайыспай арқалады.
Зымыраған заманға бағынбайтын заңғар тұлғалар болады. Тектоникалық өз­герістер кезінде ұлттық иммунитетті сақ­тап, жаңғыртатын мұндай пассионар тұл­ғалар үзілген үмітті қайта жалғап, өш­кен шоқты қоламта арасынан үрлеп маз­дата алады. Бұл орайда, сөз ұстаған саң­лақтар ұлы құдіреттің дара да бұла құ­былысы іспетті. Біз тақырыбымызға ар­қау етіп отырған Сүйінбай Аронұлы да ұлт­тың ұраншысы болған осындай біре-гей тұлға деп есептейміз.
Алаш елін бір қиырдан құрсаулаған пат­шалық әкімшіл өктем жүйе, оған қыз­мет ете бастаған мансапқор болыстар мен төрелер, елді екінші бүйірден қыс­пақ­қа алған Қоқан датқаларының құқайы ақын­ның жырында өткір сыналады. Со­ны­мен бірге, ол ел іргесін бүлдірген шап­қыншылыққа қарсы күреске дабыл қа­ғып, Сұраншы, Саурық батырлармен бір­ге атқа мінген жорықшы ақын болды. Сон­дықтан батырларға:
«Ей, Сұраншы, Саурық,
Қоқанның қолы көп болды,
Жетісуда жатқалы.
Бар жақсыны талап жеп,
Сүбеңе қолы батқалы!», –
деп ұран тастап, сарбаздарға Қарасай батырды үлгі етеді:
«Сол Қарасай бабамыз,
Еменнен найза алатын.
Қырық мың дұшпан келсе де,
Тайсалмай қарсы баратын!».
Сүйінбай Аронұлының бұл рухты сөз­дері мен екпінді жолдары замандастары Махамбет, Шернияз ақындармен үндес бол­ғандықтан, олардың жырларында қаһар­мандық рухтың ортақ іздері айқын байқалады.
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сиыпсың…
Қадырың жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың!
Сүйінбайдың Тезек төреге, Махам­бет­тің хан Жәңгірге, Шернияздың Байма­ғам­бет сұлтанға қарата айтқан жырлары не­гізінен сарындас, cабақтас, бұл – тар за­манның таңба-бедері. Үш ақын да қа­зақ­тың мемлекеттілік құрылысы жойылып, енді оның орнына орыстың ығына жы­ғылған қуыршақ хандардың, дәрменсіз би­леушілердің, сатымсақ сұлтандардың отыр­ғанына наразы да назалы. Сондық­тан олардың отты жырларынан хан-төре­лерге наразылықты ғана емес, ел қамын же­ген бұрынғы айбарлы хандарды аң­сауды да анық аңғарамыз.
Сүйінбай – әлеуметтік ақын! Оның «Қар­ғамен айтысында» отаршылдар ен­гіз­ген, елді ру-руға бөліп, болысқа талас­тырып қырқыстырған, «бөліп ал да билей бер!» жүйесі ащы мысқылмен сыналады:
Біздің де ішімізден жуан шықты,
Бөлінген рубасы уаң шықты.
Шәу қарға, қара қарға, құзғын қарға,
Деп атап таңба басты Дуан мықты.
Қан ақты үшеу ара соғысқан соң,
Ай мен Күн аспандағы тоғысқан соң.
Береке, бірлік деген бізден кетті,
Ағайынды үш мықты қағысқан соң.
Сүйінбай Аронұлы қолдан біржолата су­сып шығып кеткен қазақ хандығын аң­сап, «зар заман ақындарының» ізіне түс­пей, өнернамалық өзгеше соқпақ, бас­қа­ша жол таңдағанға ұқсайды. Оның жауа­бын өзі жоғарыдағы айтысында бы­лай деп жалғайды:
Күн көру осы күні оңай емес,
Теңдік-ау, біз пақырға болар елес.
Қазанның, қайда барсаң, төрт құлағы,
Егін сап, бірлік құр деп берем кеңес.
Бауырым, содан басқа лажың жоқ,
Болады тым құрыса тамағың тоқ.
Арманшыл Асан қайғы данаға да,
Атылған екен дейді бір тажал оқ…
Қарғажан, мен айтайын сөздің шартын,
Ән айтып, күй тыңдайды менің халқым.
Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ,
Шындықты айт, өлсең, сақтап беттің арын.
Осылайша өнер жолындағы тұғырна­ма­сын әлеуметке хабардар етіп, жұртын жаңа заманға сай бейімделіп, егіншілік­пен айналысуға шақырған, бірлік пен берекеге үндеген, сөз өнерін бәрінен де артық санаған парасатты ақын патша билігі ор­наған соң ауылына би болып сайланып, жиырма үш жылдай қара қылды қақ жарып, халқына қызмет етеді, телі мен тен­текке тыйым салады. Бұл орайда данышпан Абайдың да би болға­нын ұмытпаған аб­зал. Қоғамдағы қайрат­керлік қары­мы­на байланысты болса керек, Сүйінбайдың тілі тура бидей қиып, түйіп айтатын түй­декті, әлеуметтің мұң-зарын тереңнен қоз­ғайтын ақиқаттың ақ семсеріндей өт­кір де шешен тіл. Адуынды Сүйінбай Қо­қанның қоқаңдаған датқасы, қыр­ғыз­дың қыңыр манабы, қазақтың тепсінген төресін де тегеурінді жырымен жасқаған, өз тілімен айтқанда, «зорларды тілмен торлаған», халыққа қара сөзін қамал еткен ақын. Мысалы, мына бір өлеңде елден барымта алған Қасым деген ұрыға «бір тоғыз» үкім кескен Сүйінбайдың әзиз би бейнесі сомдалады:
Түн қатып алдың жылқы барымталап,
Перісі ұрылардың қандыбалақ…
Жеті тайдан жал-құйрық қалса-дағы,
Бір тоғызбен алдыма салғын, шырақ!
Сүйінбай ақын жырында зер салып қа­рағанда сол кездегі халықтың жанды тарихы тұнып тұрғанын аңғару аса қиын емес. Ол Жабай, Қарасай, Сұраншы, Сау­рық, Қазыбек, Қастек секілді қазақ батырларын жырына арқау етеді, көптеген көрші халықтардағы тұлғаларды, замандастарын, өмірдің бел ортасындағы жан­дардың бейнесін өлеңмен өреді. Нені айт­са да, нақтылы дерекпен арнау жанрында әрбір оқиғаға өзі куәгер болып жырлайды. Сол себептен де Сүйінбай жыр­лаған кейіпкерлердің тарихтағы орнын саралау, арнайы тарихи мәлімет ретінде пайдалану төл тарихымызға деген көзқарас көкжиегін кеңіте түсер еді. Тек қана Сүйінбай емес, жалпы қазақ фольклоры, халық ақындарының телегей мұрасы тарихи зерттеулердің арнасын да, аясын да кеңітетін мәліметтік, деректік қорға бай болғандықтан, тарихшылардың тарапынан ұтымды пайдаланылса, небір шындықтардың беті ашылары анық.
Сүйінбай Аронұлын тілге тиек еткенде, айтыс туралы айтпай кету әсте мүмкін емес. Жалпы, бүгінде айтыстың аламанын қазақ қыздырып отырғанымен, түр­кі халықтарының көбінде айтыс өнері­нің бар екені белгілі. Айтысты қырғыз – айтыш, әзербайжан – дейішме, мейхана, тү­рікте – атышма деп атайды, бәрі де ақын­дардың жыр жекпе-жегі есебінде қол­данған. Әйткенмен осынау елдерде Сүйін­бай мен Қатағандай екі елдің атынан сөз додасына түскен ақын тағы да бел­гісіз. Сондықтан «Сүйінбай мен Қата­ғанның айтысы» – түркі халықтары арасында болған ежелгі замандағы еларалық айтыстың хатқа түсіп жеткен жалғыз үлгісі деуге болар. Семсер тілмен сермес­кен екі ақынның тілі өткір, танымы тап­қыр, жеңіске деген құлшыныстары да жі­герлі, айтыстың сөзі де, желісі де шымыр, тастүйін жинақы, тау суындай қар­қынды, екпінді. Бірақ бұл айтыста Қатаған жүйелі сөз қисынынан жаңылғандықтан аталы сөзге тоқталып, уәжге жығылғаны, жеңіліс тапқаны байқалады.
Әйгілі айтыс туралы қазақ поэзиясы­ның құлагері Ілияс Жансүгіров былай деп жазады: «Сүйінбайды Жетісудың қазақ, қыр­ғызы біледі. Әсіресе, оның Қатағанмен ай­тысы – жалпақ елге тым көп тараған өлең. Мұны әр ақын әр түрлі қылып айтады. Қазақ ақыны айтса, Сүйінбайға жең­ді­реді, қырғыз ыршысы айтса Арыс­тан­бай­ға (Қатағанға) жеңдіреді». Ака­­де­мик-жазушы, данышпан Мұхтар Әуезов те «Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі» деген ба­ға­сын осыған байланысты айтса керек.
Бұл айтысты алты Алаштың тұтас кел­бетінен, шежірелік түгел тамырынан хабар беретін поэма деуге болады. «Көппін деп айттың, Қатаған, сөзіңнен осы ұста­йын» деген ақын Қатағанның аузынан қа­пыда шыққан жаңсақ сөзін өзіне қар­сы қару етіп жұмсайды, осылайша оны тырп еткізбей жеңеді. Қазақ ұлыстары мен руларын сипаттарымен бірге түгел са­намалаған шежіре-ақын қалың елін «бү­тін дүниежүзіне, шөгіп жатқан мұнар­мын» деп арқалана жырға қосады. Дү­ние жүзіндегі мемлекеттер арасында жер ау­мағы бойынша тоғызыншы орнын иеле­ніп жатқан байтақ алашты қазір де осылай дәріптесек жарасымды емес пе?!
Қазақтың үш арысын өрелі жырмен өр­нектеп түгендеген ақын: «Орал тауға бір қонып, төмендеп қанат серпейін» деп ақиықша саңқылдайды. Алшынның Бақ­сиық, Сұлтансиық, Қыдырсиық бірлестігін тіл­ге тиек етіп «Қара бір тұман үш сиық, бүркіттей түгі түксиіп… Бәрі батыр баласы, қаннан кеуіп көрген жоқ, найзасының сағасы» деп әуелетіп әкетеді. Сөзін «Жүре алмассың жалғанда, күнің қандай болады, ноғайлыға барғанда» деп түгел түркі­нің бауырластығын тағы да арқау ете аяқ­­­тайды.
Сүйінбай – арқалы ақын ғана емес, ер­­­жүрек батыр да. Оның көзсіз ерлігін осы айтыстан айқын аңғаруға болады. Әлі Ке­несары оқиғасының ізі суымай, екі жақ­тың ентігі басылмай тұрған кезде өт­кен аламан айтыста қарсыласының қа­ғытпа сөзіне адуынды ақын тосылмай:
…Әуелінде ер Дәуіт,
Ұстаған екен көрікті.
Заты жаман Қатаған,
Мұнша неге желікті.
Жетпіс екі кісімен,
Кербаланың шөлінде,
Шәйіт болған Құсайын,
Өлімге солар көніпті.
Шәйіт болған кісіні,
Тәңірім артық көріпті! –
деп жауап бе­реді.
Сөз – құдірет! Наполеонның қарумен ба­ғындыра алмаған жерін Бальзак қа­ламымен табындырды, Шыңғыс ханның тұл­парының тұяғы жетпеген жерге шоң Шыңғыстың қаламының сиясы жетті. Сол сияқты, жүздеген жылдар бойы еншісі бөлінбей келіп, «бөліп ал да, билей бер» деген отарлық қитұрқы саясаттың салдарынан арасы ажырап, енді сетіней бас­таған ағайынды алаштың арасын Сүйін­бай және онымен тұрғылас қазақ-қырғыз ақындары өлең-жырды дәнекер етіп жіберді. Сондықтан арынды Сүйінбай Ала­таудың екі бөктерін ен жайлаған, еншісі бөлінбеген қазақ пен қырғызға ор­тақ ақын болды. Осыған байланысты бо­л­са керек, қырғыздың әйгілі ақыны То­ғалақ Молда:
Екейден шыққан Сүйінбай,
Ақындар бұған жетпеген.
Қадір тауып қарығанша,
Басынан бақ-құс кетпеген, –
деп жыр­­лап, ардақты ақынды пір тұтты. Ол «Жам­былға» деген өлеңінде:
«Жамбылым жаннан асқан ақын екен,
Айтқаны Сүйінбайға жақын екен», – деп жылы шырай білдіреді. Міне, бұл қа­зақ пен қырғыз ақындары арасындағы дәстүр сабақтастығын көрсетеді.
Сүйінбай ақын «Манас», «Көроғлы», «Шахнама», «Тотының тоқсан тарауы» сияқ­­ты жыр-эпостарды кейінгі ұрпаққа жыр­лап таратушы көненің көзі болды. Ол Қаз­туған, Доспамбет, Шалкиіз секілді қобызбен жыр толғаған жорықшы жы­раулардың дәстүрін қайта жаңғыртып,
ХІХ ғасырға домбырамен әкелген, оны шы­ғыс әдебиетінің үздік үлгілерімен жал­ғастырған дәнекер тұлға қызметін атқара білді. Сондықтан оны байырғы жырау­лар­дың соңғы тұяғы һәм арқалы ақындардың басы болған тұлғалардың бірі ретінде қа­рас­тырған жөн сияқты.
Оның поэзиясынан көбе киген жырау­лардың дүбірі естіледі, көне түркі дәуірінің әуен, лебі сезіледі. Ақын жырлаған «Жабай батыр» дастаны сонау Алтын Орда за­ма­нынан «Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде» оқиғасынан сарқыт ұсынады:
Ноғайдан шыққан Жабайды,
Жабайды келіп бес мың кісі қамайды.
Жабай алды найзаны,
Істеді талай айланы…
Суырды сонда қылышты,
Дұспан қайта жылысты.
Шықырлап найза шаншылды,
Қан болып адам жаншылды…
Қаласын шауып қаратты,
Мал мен мүлкін талатты.
Енді ноғай қара деп,
Жұртына салды санатты!
Бұл дастан туралы Сәкен Сейфуллин былай деп жазады: «Міне, бұл – бір жыр­дың үзігі, бұл да Орманбет би өлгенде бол­ған қырғын шабыншылықтарға мең­зейтіні көрініп тұр… Бұл да қазақ рула­рының ноғайлы болып жүрген кезінде, Қазанды өзімсініп жүрген кезіндегі за­манға меңзейді».
Сүйінбай есте жоқ ескі заманнан ұлт­тың кодында, түпкі тұңғиық жадында сақ­талған көк түркінің бөрілі байрағын, ай­барлы ұранын қайта жаңғыртып, отар­лық бұғаудағы санасы қалғи бастаған хал­қына қалқан етті:
Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрі басы ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсем,
Қозып кетер қайдағым!
Күллі түркіге ұран болған бұл киелі рә­міз туралы кезінде академик Әлкей Марғұлан «Қасқыр бейнеленген петроглифтер. Шапырашты тайпасының тотемі» деген зерттеуінде былай деп жаза­ды: «Қас­қыр бейнелерінің мол таралуы – ежел­гі тайпалардың қайсарлықты үлгі етіп, қасқырды тотем еткендігінің айғағы. Бөріні тотем ету рәсімі қазақта ғұндардың кейбір салтын бүгінгі күнге ұластырған ұлы жүздегі шапырашты тайпасының жо­расынан байқалады. Этникалық тұрғыдан шапырашты Жетісудағы ежелгі ғұндардың тұқым-тұяғы, анығырақ айтқанда, бұл сүйек ғұндардың икей (икюй) деген тай­пасының жұрнағы. Әйгілі ақындар Сүйін­бай мен Жамбыл осы рудан шыққан…Қас­қырға тәу ету ғұрпы мыңдаған жылдар бойы шапырашты ұрпағы арасында жал­ғасып келгендіктен осы салттың кей­бір сілемдері бүгіндері де ел арасында бар. Мысалы, аяғы ауыр аналар жерігін басу үшін қасқырдың бауыры мен жүрегін жейтін болған, бесікке тұмар етіп бөрінің құла­ғы мен тырнағын ілу жорасы да бар. Кей­бір әулетте найзаға байланған бөрі бей­нелі жалау сақталған. Жамбылдың айтуын­ша, Сұраншы мен Бұғыбай ба­тыр­лардың найзасында бөрібасы тағыл­ған».
Бұл – бөрі туралы есте жоқ ерте за­ман­дардағы көне аңыздардың халық жадында жатталып, ақын-жыраулар ар­қылы бүгінге жеткенін әйгілейді. Мәселен, көне үйсін дәуіріндегі ерлік жырға арқау болған әйгілі әңгімеде жаулары үйсіннің биі мен әйелін өлтіретіні баяндалады. Аңыз бойынша, әулеттен бір нәресте ұл аман қалыпты. Осы кезде әкесінің туысы Бөже батыр көмекке келіп, шайқас үс­тінде баланы қалың шөптің арасына жа­сырып кетіпті. Соғыс бітіп, жаудың бетін қайырғаннан кейін, ол баланы қасқырдың емізіп тұрғанын және бір құстың әуеде айналып ұшып жүргенін байқайды. Сөйтіп, баланың тегін емес екенін түсініп, оны ғұн­дардың көсеміне апарып береді. Қа­ған баланың атын Күнби деп қойып, тәр­биелейді. Бала ержетіп, «көк бөрі» атын алғанда, қаған оны қолбасы етіп тағайын­дайды. Ол жауларын жеңіп, туған жерін қайтарып, үйсін елін билеген көрінеді.
Ендеше, күн астында күркірей жорт­қан түріктердің, ғұндар мен үйсіндердің қасиетті ұранын уақыт пен кеңістіктің жой­қын кедергісіне қарамай, қайта жаңғыртқан, алаш рухы мен бекзаттық жа­дының шырақшысы болған абыз Сүйін­бай Аронұлының осынау өлеңі түркі ру­хани әлемі үшін сирек кездесетін құ­діретті құбылыс болып табылады.
Көптеген түркі халықтарының көне танымы бойынша жыр ақынға Жаратқан тарапынан берілетін ғажайып сыйға баланады. Ақын, бақшы, ашуг, жомоқшы-ма­насшылар өлеңді Тәңір тарапынан «сәуе­гей түс көру» арқылы адамға жұға­тын ар­тық­ша қасиет деп ұққан. Бұл көне түр­кілік ұғым Сүйінбайдың басынан да өтеді, сол себептен де ақын ешкімнен тайсалмай, тек қана ақиқатты айтып, халықтың мұң-мұқтажын сөйлеп өтуге, тағдырдың қа­лауы бойынша берілген «аманатқа қия­нат» етпеуге тиіс болады. Осы қасиетті қыз­метті Сүйінбай ақын абыз­дықпен ат­қарған деуге болады. Оның Тезек төреге ай­тысында арқасы қозып:
«Хан Тезек, байлығыңа бас ұрмай­мын…
Шын дертім ұстап кетсе айнымалы,
Басымнан ұшқан құсты асырмаймын!», – деуі де ақындық жолдың киелі құбылыс екенін халқына тағылым еткені, табыс ет­кені болар. Өзіне ақындықтың қалай қонғандығы туралы ол былай деген:
Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келдің маған.
Білмеймін «өлең» деді, «көген» еді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған.
Аузына Қызыр-Ілияс түкіріп, көк бөрі­нің киесі жебеген шайыр ақындықтың сер­тіне адал болды, сөйтіп, шәкірті Жам­был­дың жолын ашқан батагөй абызға ай­налды. Сондықтан болса керек, «пірі Сүйінбайға сиынбай сөз сөйлемеген» жыр алыбы Жамбыл:
«Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан,
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай», – дейді аруақтанып.
Сүйінбай ақын бір жырында өзін «Айдары алтын барыспын» деген екен. Осы алтын айдарлы барыс Жамбылда қызыл жолбарыс бейнесінде ұласады. Тәуел­сіз­дік таңы атқанда сонау сақтан бері үзіл­мей жалғасқан алтын барыс қуатты қазақ елінің бедерлі белгісіне, айбарлы ұранына айналды.
Бұл орайда биыл туғанына екі ғасыр то­лып отырған ақын:
«Сүйінбай – Алатаудай атым дардай,
Жатқанымда болдым ғой шөккен нардай», – деп, тұлғасын туған өлкесі алып Ала­тау­ға теңеуі – өзінің шын бағасын білген­дігі, болашақ ұрпаққа кәміл сенгендігі еді. Расында, әдебиет әлемінде ақын Сүйін­бай бұлтпен тілдескен Тәңіртаудың ас­қаралы жотасы секілді заңғар құбы­лыс­қа айналды.
Алты Алаштың арқалы ақыны ғана емес, ұлан-ғайыр аймаққа тұлпарының дү­бірі жеткен көк түріктен тамыр тартқан көшелі жұрттың жалаулы жырауы, семсер сөздің сайыпқыраны болған Ала­тау­дың ақиығы күн өткен сайын биіктеп, көк байрақтағы күн астында қалықтай ұшқан ал­тын қырандай асқақтай берері анық.

“Қазақ әдебиеті” газеті

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    КӨКБАЙ АТА ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨРКЕНИЕТТІК ӨРЕСІНІҢ АЙҒАҒЫ

    Адамның бәрі бірдей емес. Ақыл-ойы еркін, мәнді, құнды дүниелер туғыза алатын, жасампаздық қуаты зор адамдар болады. Сол сияқты өркениеттік әлеуеті (потенциалы) зор халықтар болады. Ондай қасиет өзіндік құндылықтар жүйетін жасай алатын, ешкімге ұқсамайтын, терең тамырлы руханияты бар халықтарда болады. Қазақтың бүкіл тарихы мен мәдениеті біздің сондай халықтар санатына жататынымыздың айғағы. Сондай айғақ Абайдың ақындық мектебінің көрнекті өкілі Көкбай Жанатайұлы шығармашылығында молынан табылады… Кеше Семей қаласындағы Абайдың қорық- музейінде Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған “Абайдан сабақ алдым бала жастан” атты әдеби кеш өтті. Зал белгілі абайтанушы, профессор Жандос Әубәкірдің тағылымы мол, әсерлі баяндамасын ерекше ынтамен тыңдады. Спикерді тыңдап отырып: “Біз Көкбайды тіпті білмейміз деуге болғандай екен ғой… Кейде тіпті жеңіл, үстірт

  • ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    ҒАЛЫМ БОҚАШ. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады!»

    Екі мыңыншы жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше басылымдар болды. Атап айтсақ, Атырау шәрінде шыққан «Алтын Орда» газеті болса, одан кейінгісі Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ», сондай-ақ «Шетел Әдебиеті» сынды газеттер еді. «Алтын Орда» газетіне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал қалған екеуіне Талғат Ешен мен Ардақ Нұрғазы іспетті қазақтың интеллектуал азаматтары бас редактор болған еді. Бәрі  де есімдері елге мәлім, ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқашан жарытып газет шығара алмайды», – деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды.  «Әдебиет порталы» «УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК…» айдарымен  тек аталған осы басылымдар ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық

  • Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Ел қорғаны – Алмат Сардар

    Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.  «Аржағы да атақты ер…» Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: