Терроризм қылмыстық индустрияға айналды
Терроризм қылмыстық индустрияға айналды
Ерлан ҚАРИН, қазақстан зерттеулер институтының директоры
Саясаттанушы Ерлан Қарин 2014 жылы жарық көрген «Халифат жауынгерлері: аңыз бен ақиқат» (Солдаты Халифата: мифы и реалность) атты кітабында XXI ғасырдағы терроризм туралы көптеген сауалға жауап беріп, «Халифат жауынгерлері» тобы жөніндегі қоғамға жария материалды жүйелеп қана қоймай, бұрын-соңды ешқайда жарыққа шықпаған мәліметтерді де анықтайды. Ол «Жас қазаққа» берген сұхбатында радикализмнің ұлғаюы, ИШИМ-ның қандай ұйым екені, отандастарымыздың Сирияға қандай жолмен кететіні және олардан қандай қауіптің бары жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Жас қазақ: Ерлан Тынымбайұлы, «террор», «террорист», «радикал», «содыр» деген сөздерді жиі еститін болдық. Әңгімеміздің басында осы ұғымдарға жеке-жеке анықтама берсеңіз? Неліктен бүгінге дейін әлемдік сарапшы, ғалым, зерттеушілер осы ұғымдарға орай жалпыға ортақ бір түсінік қалыптастыра алмай отыр?
Ерлан Қарин: Өйткен себебі, терроризм өте күрделі құбылыс. Ол әртүрлі даму сатысынан өтті. Егер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында бұл белгілі бір азаматтың, тұлғаның үкіметпен қарсылығының формасы болса, жаңа ғасырда бұл тұтастай қылмыстық индустрияға айналды дер едім. Атап айтарлығы, терроризм есірткі бизнесі, қару-жарақ сату, адам саудасы және т.б. түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің барлық бағыттары өзара байланысып жатқан күрделі индустрия болып қалыптасты. Сол себептен біржақты анықтама беру қиын. Террористік іс-қимылға ықпал ететін факторлардың саны да ұлғаюда. Көптеген анықтамалыққа үңілетін болсақ, кейбір зерттеулерде терроризмнің осы уақытқа дейін 100-ге жуық анықтамасы барын көреміз. Террористік ұйымдар арасында айналымда жүрген қазіргі қаржы көлемін бұрынғы террористік ұйымдардың қолында болған ресурспен салыстыруға мүлдем келмейді. Бұрын террористік іс-қимылдың мақсаты – белгілі бір тұлғаның, азғантай топтың ұстанымын, пікірін үкіметке, қоғамға жеткізудің бір жолы болды. Мысалы, террорист бейбіт адамды кепілдікке алатын немесе бір акция ұйымдастыру арқылы белгілі бір топ өзін көрсетуге, не үшін күресіп жүргенін жеткізуге тырысатын. Қазір мұндай мақсат жоқ. Себебі кез келген адамның өз ой-пікірін, ұстанымын қандай жолмен болса да жеткізуге мүмкіндік мол. Сол себептен терроризм құбылысы күрт өзгерді. Ең бастысы, әлемдік геосаяси ахуал өзгерді. Соңғы жылдары терроризм төңірегінде көп айтып, көп еститін болдық. Себебі әлемдегі геосаяси текетірес шиеленісіп, алпауыт елдер жаңа айла-амалға көше бастады. Осы жағдай террористік қауіп-қатердің көлемін ұлғайтты. АҚШ-тағы Мэриленд университеті жанынан құрылған террористік қауіп-қатерді зерттейтін орталықтың (1974 жылы құрылған орталық әртүрлі елдердегі қастандықты тіркеп, дерек базасын құрған) мәліметтер базасына сүйенсек, 2000 жылдардың басы мен ортасында бүкіл әлемде жыл сайын 600-ге жуық теракті орын алса, 2010 жылдың ортасынан бері олардың саны тез өсіп, 1 жылда әлемде 10 мыңға жуық теракті тіркелген. Демек, бұл радикалды топтардың саны көбейіп, жалпы радикализмнің күрт ұлғайғанының көрінісі.
Жас қазақ: Айтыңызшы, сонда сіздің түсінігіңіздегі терроризм деген не? Адамдардың зәре-құтын қашыратын қанқұйлы іс-қимылды жасауға не нәрсе итермелейді? «Террорист» деген сөзді қазақша «лаңкес» деп аударғанымыз дұрыс па?
Ерлан Қарин: Өз басым терроризм мәселесін зерттеу, сараптау барысында бір ғана нәрсеге көз жеткіздім. Терроризм құбылысынан қандай да бір идеологиялық себеп іздеуге болмайды. Менің түсінігімдегі терроризм – бұл белгілі бір іс-әрекеттердің жүйесі. Ол идеологиялық әдіс-тәсіл емес, стратегия мен тактиканың бір құралы, формасы. Мысалы, кез келген теракті екінші бір терактіге үндеу секілді. Яғни бір жерде теракті жасалса, соның төңірегінде қалыптасқан ақпараттық ахуалмен басқа бір жерде (басқа бір тұлға, басқа бір идеологиялық ағымда жүрген кісі) сол іс-қимылды қайталауы мүмкін. Бұның жарқын көрінісі – Норвегиядағы Брейвиктің терактісі. Радикалдық ислам топтарына наразылығы ретінде соларға қарсы теракті жасап, шын мәнісінде, іс-қимылын қайталағандай болды. Мұндай мысалдар көп кездеседі. Сол себептен терроризмнен идеологиялық себеп іздемеген жөн. Терроризм – бұл көлеңкелі саясаттың жалғасы. Егер байқасаңыз, 2000-жылдан бері осы тақырыпқа көп мақала жазып, сұхбат беріп келемін. Басында бір-екі рет «лаңкес» сөзін сұхбатқа пайдаландым. Кейінірек оның террорист деген сөздің мағынасын толық бермейтініне көзім жетті.
Жас қазақ: Соңғы кездері БАҚ-та әуелде өзін «Ислам мемлекеті» деп атаған ИШИМ ұйымы туралы әрқилы ақпарат берілуде. Шын мәнінде, бұл өзі қандай ұйым? Ол қалай және не мақсатпен құрылды? Осы ұйымның артында қандай да бір мемлекет, жасырын қызмет органы тұр ма?
Ерлан Қарин: Алдымен айтарым, бұл топты «Ислам мемлекеті» деп атаудан аулақ болуымыз керек. Тіптен осы атауды қолдануға тыйым салыну керек. Олай атасақ, терроризмді ислам дінімен саналы түрде байланыстыруға ықпал еткен боламыз. Содан соң, бұл топ өзін осылай жариялады екен деп, солай атауға міндетті емеспіз. Олар өзін Ирақ және Шам мемлекеті (ИШИМ) деп жариялап еді. Біз ИШИМ деп атадық. Меніңше, бұл жерде саясаткерлер, сарапшылар және БАҚ өкілдері бір ғана атауды қолдануды келісіп алу керек. Негізінен, көп қолданылатын атау – ДАИШ. Бұл қандай ұйым және не мақсатпен құрылды дегенге келейік. Терроризмнің негізгі қауіп көзі бұрын «Әл Қаида» ұйымы болатын. Қазір ДАИШ алға шықты. Атап айтайын, бұл екеуі екі түрлі ұйым. «Әл Қаида» желілік қағидат түрінде құрылған жүйе болса, ДАИШ белгілі бір аумақта, белгілі бір мақсатпен қарулы жасақ ретінде әрекет етіп жүрген топ. Яғни ДАИШ-тың формасы сәл бөлектеу. Бұл ұйымның құрылуына Ирақтағы Америка әскерінің басқыншылығынан кейін қалыптасқан жағдай себеп болды. Яғни сунниттік радикалды топтардың келіспеушілігі мен «Әл Қаиданың» ықпалды топтарының әсері және бұрынғы Ирақ әскери тұлғаларының қосылуы ДАИШ-тың құрылуына әкелді. Әуелдегі әлсіз топ Сириядағы соғыстың арқасында кенет күш жинады. Меніңше, бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, Ирақтағы тұрақсыздық. Екіншіден, Сирияда азамат соғысы басталғанда батыс елдері Башар Асад билігіне қарсы шыққан топтарды ашықтан-ашық қолдады. Әскери де, қаржылай да көмек көрсетті. Бірақ көбінесе ол «көмек» басқа топтардың қолына түсті. Бұл саналы түрде ме, әлде, кездейсоқ па, бәрібір осындай жағдай орын алды. Түптеп келгенде, ДАИШ-тың кенеттен күшеюіне әкелді. Айта кетейін, кез келген террористік топ ол қашанда геосаяси ойындардың құралы. Демек кез келген террорлық топтың артында қандай да бір мемлекеттің саяси және т.б. мүддесі жатады. Сондықтан ДАИШ-тың артында нақты кім тұрғанын білмейміз. Оны бір арнаулы барлау қызметі құрды ма, жоқ па, ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ қандай да бір елдің арнаулы қызметі бұл топтың қызметін, одан төнетін қауіп-қатердің барын білсе де, көзін жұмып отырды. «Көлеңкелі саясаттың жалғасы» дегенім осы. Демек саясаттың құралы ретінде мұндай топтарды өз мақсатына пайдаланады. Бұл да бір геосаяси ойындардың жобасы ма деген күмәнім бар.
Жас қазақ: Өткен жылы біздің құзырлы органдар «Сирияда соғысып жүрген 300-ге жуық жерлесіміз бар. Соның ішінде 150-і әйел мен балалар» деген ақпар таратты. Бүгінге дейін олардың нақты қаншасы опат болды? Балалар ол жаққа қандай жолмен кетеді, яғни «жиһадшыларды» жинау қалай жүзеге асады? Егер олар елге қайтып оралатын болса, қоғамға қандай қауіп төндіреді?
Ерлан Қарин: Бұл елімізге ғана емес, басқа мемлекеттерге де төніп тұрған қауіп. Бүгінгі таңда Сирияда іс жүзінде әлемнің барлық елдерінен барып, соғысып жүргендер бар. Тіпті олардың арасында ұлты жапон, кәріс азаматтары кездеседі. Ендеше, бәрі тек ислам дінімен, идеологиясымен байланысты деуге болмайды. Ұлты, нәсілі бөлек азаматтарды қызықтыратыны – соғыс, күш, ақша және т.б. Енді сол жаққа кеткен қазақстандықтарға келейік. Айтарлығы, Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау органдары бұл мәселеде ашықтық қағидатын ұстанып, жиі-жиі қоғаммен ашық ақпаратпен бөлісуде. Мысалы, ҰҚК былтыр Сирияда 300-ге жуық адам жүргенін хабарлады. Біз сол жаққа отандастарымыздың кетуіне байланысты зерттеулер жүргізуіміз керек. Көп нәрсені біле бермейміз. Сол себептен өткен жылы тәуелсіз сарапшылардың басын қосып, зерттеу жүргізіп, мониторингті қолға алдық. Ондағы көз жеткізгеніміз мынау: Сирияға кетіп жатқан азаматтарымызды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ – әлеуметтік жағдайдың қатты қиындығынан шетелдерге (Түркия, Еуропа елдеріне) жұмыс іздеп барып, бірақ таба алмай, біреулердің арбауымен Сириядан бірақ шыққандар. Екінші топ – дін жолына түскенде адасып, теріс уағыздың ықпалымен барғандар. Үшінші топ – саналы түрде соғысқа аттанған кәдімгі фанатиктер. Кеткендердің көпшілігі бірінші және екінші санатқа жататындар. Сондықтан дені елге оралуда. Олар ана жақта шынымен жиһад емес, өз-өзіңмен есеп айырысу, біреудің мүддесі үшін соғысу ғана екеніне көзін жеткізіп, райынан қайтқандар. Ендеше, бәрі бірдей қауіпті деуге болмайды. Алданып қалғандары жетерлік. Сондықтан, мүмкіндігінше жағдайын ескеріп, басқаша бір шара қолданған жөн шығар. Бір жағынан құқық қорғау органдары осыны түсінгенге ұқсайды. Себебі елге оралғандардың ісін қарағанда шартты түрде жаза беріледі. Ал қолына қару ұстап, қақтығысқа араласып, қолын қанға былғағандар қатаң жазаланады. Бұл жердегі басты мәселе – басқа азаматтардың баруына жол бермеу. Себебі ғаламтордағы радикалдық бағыттағы ақпараттың емін-еркін таралуынан Сирияға кетіп жатқандар көп. ДАИШ-тың басқа ұйымдармен салыстырғанда ерекше қауіп туғызатыны осында. Ұйым үгіт-насихатқа бұқаралық ақпарат құралдарын (әлеуметтік желідегі аккаунттар, арнайы журналдар) тиімді пайдалануда. Мысалы, былтыр ағылшын тілінде «Табих» атты журнал шығарды. Биыл сол журналдың орыс тіліндегі екі саны шықты. Екі апта бұрын түрік тілінде жеке журнал жарық көрді. Ең қауіптісі – әдейілеп соғысуға аттанып жатқандар. Олардың арасында опат болғандары да көп. Мысалы, соңғы бір деректе 80-ге жуығы көз жұмғаны айтылады. Әрине, Сирияға өз отбасы, балаларын бірге алып кетіп жатқандар бар. Өткенде жұртты соғысқа үгіттеген 6 жасар бала туралы бейнеролик – соның дәлелі.
Терроризмнің басты мақсаты – қоғамдағы үрейді ұлғайту. Сондай мақсатпен: «Мына аймаққа кіреміз. Мемлекет құрамыз» деп әдейі ақпар таратады. Сондықтан әрдайым объективті, салмақты пікір айтып отыруымыз керек. Меніңше, ДАИШ, «Әл Қаида», «Талибан» және т.б. ұйымдардың тарапынан Қазақстанға тікелей төнетін қауіп жоқ! Шекарада әлсін-әлсін әскери қақтығыс болуы мүмкін. Терроризм дегеніміз – соғыстың вирусы. Сол вирусты қоғамды улауға әдейілеп жібереді. Өкініштісі, кейбір сарапшы, саясаткерлер пікір білдіремін деп, сол вирусты қоғамға жаяды. Осыған сақ болғанымыз абзал. Бұл жердегі жауапкершілік қоғамға ортақ. Мысалы, ең алдымен, қажеті отбасындағы жауапкершілік. Егер баласының немен айналысып, не оқып-жазып жүргенін өз әке-шешесі білмесе, оның адасуына ҰҚК-і де, ІІМ-гі де тосқауыл қоя алмайды.
Жас қазақ: «Жуырда ақпарат құралдары ДАИШ құрамында Қазақстаннан барған бір мыңнан астам адам бар» деген мәлімет таратты. Сіз бұған қандай баға бересіз?
Ерлан Қарин: Менің айтарым, мұндай мәліметке сақтық керек. Кей кездері ДАИШ және т.б. ұйымға қатысты пікір айтып, талдау жасаған сарапшылар адам санына көбірек мән береді. Ең алдымен, ресми органның дерегіне жүгінген абзал. «Бір мыңнан астам адам бар» деген ақпараттың анық-қанығын білмек болып, Америкадағы әріптестерімен скайп жүйесі арқылы хабарластым. Олар ешқандай да растаған жоқ. Демек, бұл ақпарат ақиқаттан алыс деген сөз. Бәлкім, бұл ақпараттық жаулаудың бір әрекеті шығар. Ендеше америкалық орталық таратты екен деп, оған имандай сенудің қажеті жоқ.
Астана
Пікір қалдыру