«МЕН ӨЗІМДІ ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА АДАМ РЕТІНДЕ СЕЗІНЕМІН»
Күнде күнделік жазбасақ та анда-санда, көңілдің бір көтеріңкі не бұлыңғыр сәттеріндегі көкейге келген ойды қойын дәптерге түртіп қоятын бір дағды бар ғой. Бұл, меніңше, қолына қалам ұстағандардың көбін иектеп жүретін машық. Сондай бір кездерде қайдан қаңғып келгенін кім білсін, біз де қойын дәптерге «Көпеннің ойы – күлдіру, Бельгердің ойы – бүлдіру» деп жазып қойыппыз. Әрине, жақсы мағынасындағы «күлдіру» мен «бүлдіру» туралы айтамыз.
Әңгіме – Герольд Бельгердің сәл бұрынырақта «Тоғанай-Т» баспасынан жарық көрген «Өтеді өмір осылай…» атты күнделіктерден тұратын кітабы туралы.
Күнделік не үшін керек, не үшін жазылады? Әрине, алдымызға осындай мүйізі қарағайдай сауал қойғанымызбен, оған жауап беру – бір жағы оңай, бір жағы қиын болуы да мүмкін. Ал, оңай тұрғысынан келіп айтсақ, бұл қаламгер үшін де, бұл салаға мүлдем қатысы жоқ адам үшін де көңіл-күй айнасының, айқайлап айта бермейтін ой-пікір, көзқарастарының көрінісі болар деп ойлаймыз. Керек болса, тарихта осы күнделіктермен де қалған белгілі адамдар аз ұшыраспайды. Бір ғана Тургеневтің шығармашылық ғұмырының жартысы күнделіктерден тұратынын Гера көкеміз бізден гөрі жақсы білген болар. Ал, енді осы ойды кейіпкерімізге қарата айтсақ, қазақ үшін, жалпыәлемдік руханиятқа қосқан үлесі тұрғысынан келіп қарайтын болсақ, Г.Бельгердің бүгінге дейін әр тақырыптағы кітаптарын былай қойғанда, ол күнделіктерінің өзімен-ақ тарихта қалған болар еді. Себебі, оның күнделіктері дерек-дәйекке өте бай, тағылымды, оқылымды.
Күнделіктің жатқан-тұрғаны, не ішіп, не жегені туралы емес, танымдық тұрғыдан тәнті ететін тұстары көп. Мәселен, кейбір күнделіктерді оқып отырғанда кәсіби дағдыңызға салып түзеп, күзеп, мұртын басып, не болмаса ойнатып, оқылымды етіп жібергің келеді ғой, ал Бельгердің күнделіктері сізді керісінше ойландырып, толғандырып, күрсіндіріп, қуандырып, тіпті, кейбір мәселелерде өзіңіздің көзқарасыңызды өзгертуге де септігі тиіп, тереңге батырып жібереді. Белгілі бір тұлғалар туралы түрлі топшылаулар, көзқарастар қайшылығы жетіп-артылады, өз мінін, кемшілігін де жасырмайды.
Күнделікте айтылатынындай, оқып отырсаңыз, көкеміздің бір минут бос уақыты жоқ. «Жалпы алғанда, қаншама ыңқыл-сыңқылға қарамай, күн сайын төрт сағат жазып, бес-алты сағат оқимын» (14.05.2008) дейді Гераға. Өз басым талай жанкешті, еңбекқор, бейнетқор адамды білуші едім, ал енді мынау сұмдық. Бірер күнде қаншама авторларды оқуды жоспарлау, жыл сайын бірнеше кітаптар шығару, күн сайын күнделік жазу, кездесулерге бару, оның арасында телефонмен тілдесу, кісі қабылдау, оқыған дүниелеріне сол заматында пікір білдіріп отыру – бір кісінің тақиясы түгіл, бірнеше адамның басына тар келетін шаруа ғой. Тіпті, қанша Цицерон болсаң-дағы мүмкін еместей. Бірақ, қайтесіз, тағдырдың жазушының маңдайына жазған өмірі осы болса.
Егер әріге бармай-ақ, қазақтың Тәуелсіздік алғаннан бергі қарайғы тарихын жазатын болсаңыз, Бельгерді міндетті түрде оқу керек. Бұл күнделікті оқымай, сіздің жазған тарихыңыз жартыкеш болып шығарына кәмілміз. Бельгерге Қазақстанды айтпағанда, жер жүзінің танымал адамдары тоқтаусыз хабарласып жатады. Бұл кісі соның бәріне жауап беруге уақыт табады. Тіпті, бұл кісімен бір кездесу өмірбақи арманына айналған кейбір адамдардың өзі қоңырау шалып, шаруасын айтады, ой-пікір бөліседі. Мұның сыртында жаныңызды тәнті ететін ой, идея, соны көзқарастар, небір тақырыптар, небір деректер, дәйектер, ғажайып диалогтар, суреттемелер, талай-талай тағдырлар, портреттер, өзіңіз сыртынан «тәңірдей» табынып жүретін кейбір суреткерлер туралы тосын, батыл пікірлер дейсіз бе, күнделікте тұнып тұр.
«Мәдениет дегеніміз – ұлтты өліп-өшіп сүю» деген сөз бар еді Аймауытовта. Өз ұлтын былай қойғанда, қазақты Бельгердей сүйетін адам қазақтың өз ішінде жетіп-артылар-ау, ал, өзге ұлттан табуға келгенде кейде қиналасың. Мәселе қалай сүюде? Бельгер сол өзі ауасын жұтып, суын ішіп, отын оттап отырған Қазақстанды сынаса да шын жүрегімен сүйіп отырып сынайды. Кемшілігін де айтады, бірақ, ішінде титімдей кемі-кегі жоқ, бәріне келісесің. Бельгер қазақтың «Жақсыда кек болмайды, жаманда тек болмайды» деген сөзін жүрегіне құйып алып, сол қағидамен өмір сүрген тәрізді. Тәрізді емес-ау, дұрысы солай. «Алматы ақшамында» қазақтың тұлғалы азаматтары, олардың кешегі, бүгінгі қоғамға көзқарастары турасында аз айтылмайды. Соның ішінде өзге ұлт өкілдері туралы «Қазаққа адал болғандар» атты рубрикамен де ауық-ауық қалам тербеп отырамыз. Ал, Герағаны өзге ұлт өкілі деп айтуға кейде аузың бармайды. Әйгілі Шыңғыс Айтматовтың өзі «Ғаламат қазақ Герольд Бельгерге» деп «Тавро Кассандры» деген кітабына қолтаңба берген Гераға бұл пікірді күнделігінің әр тұсында дәлелдеп кеткен.
Мәселен, былай дейді. «Германиядан хабар келді. Леонид Вайман қаза бопты. Ол бұрын Қазақстанда тұрған. Бір кезде ол мені де Германияға көшейік деп үгіттеген.
Бірақ, мен өзімді Қазақстанда ғана адам ретінде сезінемін» (20.01.08.). «Өзіме де обал жоқ. Нағыз қазаққа айналып біткенмін. Шын неміс екі-үш ай бұрын ауруханаға жатып, мұндайға жол бермей, инфарктқа жеткізбес еді. Ал мен өмірім қыл үстінде тұрса да қазақылыққа салындым» (05.11.07.). «… Басқа-басқа, ол қазақтар маған алакөз болғандай ілік жоғы құдайға да, өзіме де аян» (23.03.08.). «Маған қазақтың ішкі мәселелеріне тым сұғына беруге болмайды. Әдеп керек. Әрдайым он ойланып, жүз толғанып, не айтсам да орнымды біліп, сақтана сөйлеуім қажет» (09.09.02.). «Өз басым жер бетінде қазақтай қонақжай халық барына шексіз ризамын» (17.11.08.). «Мен үшін Германияға кету өлім жазасымен бірдей» (30.05.10.). «Менің ұлтым неміс болғанмен, болмысым қазақ» (20.08.10.).
Біреудің пікірімен өмір сүретіндер бар. Міне, біздің Герағаң диванда жатып алып-ақ (өзін әл-дивани Бельгер деп те атайды күнделіктің бәзбір тұсында) қазақ мәселесін, қазақтың қамын осылай ойлайды. Ал, емен есікті кабинеттерде отырған кей қазақтың аузынан осы сөз қашан шығады? Әсіресе, қазақ басылымдары туралы, орыс тіліндегі басылымдардың қазақ мәселесіне келгенде жақ ашпайтынын айтқанда, еңкілдеп жылағың келеді. Енді бұдан артық қалай айту керек, өл дейсіз бе?
«В конце концов умереть тоже неплохо» деген сөзді қанша еске алсақ та, Бельгер туралы ойлағанда, өлімнің өзін ауызға алу қорқынышты. Өйткені, қазақтың мәселесін күлдіріп те, жылатып та айтатын Герағаның әлі де ұзақ жасауына шын пейілміз. Өзіңіз күнделігіңізде «ретін тауып мен де бір күні өлемін ғой» деп Қалтай көкемнің сөзін келтіргеніңіздей, «ретін тауып» бір күні өлмеңізші, өтінеміз. Өз ауруын өзі аша бермейтін қазаққа сіздің сөзіңіз өтіп тұр».
Бірде Герағаң жөнінде осылай деппіз. Әрине, ол шын мәнінде өлген жоқ. Ол бізге енді керек болады.
Күнделіктің бір құндылығы сонда, тек қана деректер сөйлейді. Қазіргі күні кешегі естіген деректі бүгін ұмытып қаласың ғой. Әлде өмірдің мәні кетті ме, қызықсыз ба? Сексеннің сеңгіріне қадам басқан ақсақалдың зердесіне, жадына тәнті боласың. Немістік дәлдік. Кейде бір нәрселердің салмағын, маңызын білу үшін де көп сүзіліп оқымай-ақ, ойланбай-ақ, осындай салыстыруларды, деректерді қарап шықсаңыз да жеткілікті. Бұл ретте Герағаның баяғыда Әуезов пен Шекспирдің сөздік қорын салыстырғанын айтсақ та жетіп жатыр ғой.
«Онымен бірге сейіл құру рахат. Көп оқиды, көп біледі. Өмір көрген адам. Тар соқпақпен келе жатқанда зипалықпен шетке ығысып, мені алға салып, өбек қағады» (Сағадат Нұрмағамбетов туралы (09.12.01.), «… сарыауыз сұңқарлар», «…неткен әскеттік десейші!», «…лапылдаған асфальт үстіндегі жылан құрттар тәрізді ары да, бері де жанталаса аунақшиды» (коррупционерлер туралы), «Бәрі тіршіліктің қамы. Тіршілік дейміз, бірақ, сол тіршіліктің азабы өлімнен де ауыр ма деймін», «Олардың тілі – доллар. Тілді сақтаймыз деушілер түгелімен жалаңаяқ жарлылар» (бай мен жарлы туралы), «Өзінде асқар-сүлейменовтік бірдеңе бар» (Аманхан туралы), «…оның үстіне сақал-мұртым қауғадай боп өсіп кеткен, көк төбеттен аумаймын», «Қазақы ашытқыдан жаралмағаны көрініп тұр» (А.Жұмаділдаев туралы), «еркелеуден есем түгел», «қиюы қашқан денсаулықтың қия бастырар түрі жоқ», «дағдарыс неғұрлым күшейген сайын, награда соғұрлым көбейеді», «шерлі мұңақып» (некролог), «ойгер – философ», «қайтейін, енді менен, тіпті, жақсы түстер де іргесін аулақ салатын болды», «ал мен диванға таңылған бейбақ қайдан барайын. Герольд әл-Дивани емеспін бе? Өкінішті», «мені көруге жапондық архитектор («күйеу бала») мен жапондық дизайнер де ділгер», «Темірханның тегеуріні темірдей. Өлеңдерін жүрегің дірілдеп отырып оқисың», «неткен томырық ойлар», «әділетсіз деу аз, барып тұрған әбілеттік», «қақатұяқ қыздай қолға тимей барамын», «егер қанадан тайып, сабадан аспау қолынан келсе, бұл жігіт әлі-ақ дара шапқалы тұр» (Е.Тұрсынов туралы), «…талғам-түсінігі атты кісідей», «бүйрегінде бүрме жоқ дос үшін неге қуанбасқа?!» (Қ.Мырза Әли туралы), «…абайтанушылар емес, ойбайтанушылар десе, қатып кеткендей», «…тіпті, бұрышта отырып тіс қайрауға құлықсызбын», «…билік дәлізінде тентіреп шабыт іздегені ұнамайды-ақ», «…өкпе-назын жүгері дәніндей тізіп жазған ұзын-сонар шұбалаңқы хат».
Күнделіктің тілі осындай. Кейбір бейнелі сөздерді, ұшқыр, ұтқыр ойлардың біршамасын ерінбей теріп шықтым. Шебердің аты – шебер, күнделігінің өзі көп нәрсеге көзіңді ашып, көп нәрсеге тұшындырады. Жай, қазақы, қоңыр әңгіменің лебі бар. «Қазақтар үлкен балконда, немістер кіші балконда…» деп кітапханасына берген бағасының өзімен-ақ жол-жөнекей қазаққа деген ілтипатын білдіріп кетеді. Әрине, Толстойды жақсы көретіні, оның күнделігінің 47 бетін көшіріп алатыны рас, бірақ, жер бетіндегі қазақты ең көп оқыған неміс екені даусыз шындық.
Әлі есімізде. Студент кезімізде опера театрының маңайындағы, қазір дегдар адамдардың жадында «Кәукен-кафе» деп аталатын шағын мейрамхананың алдындағы бақта қазақтың қасиетті қара шалдары әңгіме-дүкен құрып отырар еді. Бұл күнделік те сол көркем күндерді еске салғандай. Мұқаңның мұражай үйінде өтетін халық университетінің сабағына қатысып, талай-талай дүлдүлдердің әңгімесін тыңдаушы едік. Шыны керек, қазір солай алқақотан отырып, әңгіме-дүкен құратын жер де қалмай бара жатқан тәрізді. Ана бір жылдары Ғалымдар үйінің шағын залы сондай рухани мәслихаттың орталығы еді. Ол да қазір көзден бұл-бұл ұшты. Сондай орта, сондай жер, ондағы тағылымды кештер арқылы талай бұлақтың көзі ашылушы еді. Арыны бөлек рухани ағыстар мен әрқайсысы бір-бір биік арыстар-ай, десеңші?! Күнара Шоқан ескерткішінің алдында сейіл құрып, тіпті, сол маңды кездесулер алаңына айналдырып жіберген Герольд көкеміз сол күндерді еріксіз еске түсіреді.
Кезінде немістер театрға Гетені көру үшін барса, күні кешегі жұрт Шоқан ескерткішінің алдына Бельгерді көру үшін баратын еді. Герағаның өзі де қазір ескерткішке айналды.
Уақыт неткен зымыран. Қайтесіз, қазақты шексіз сүйген сол суреткерді өзгелерге өнеге ете алатынымызға да тәубе дейміз.
Қали Сәрсенбай
Алматы-ақшамы газеті
Пікір қалдыру