|  | 

Қазақ шежіресі

Моңғолияда қазақ этникалық тобының қалыптасуы жайында

 Qazaqtar .Kereyler

    Алтай тауының теріскей беті – Қобда өңіріне 1751 жылдардан қоныс теуіп [1, 1860 жылдардан қомақты көзге түсіп, онан әкімшілік-аудандық бірлікке де-факт және де-юре  негізінде қазақтардың ұлттық дербес аймақ құру мақсаты оңай емес әлде неше дәуір, ұрпақтың ақыл-ой, күш–қуатының арқасында іске асқаны белгілі.  Бруннерт И.С және Гагальстром В.В-лердің көрсетуінше 1910 жылы Қобда өлкесінің құрылымы төмендегідей болыпты [2. Онда Қобда әкімшілігі немесе Қобда хэбэй-әмбісінің басқаруында жеке қазақ жері кіргені  толық айтылғаны осы күнгі Баян-Өлгий, Қобда аймағының қазақтары мекен етіп отырған өңірлер еді. Бұл өлкенің қазақтары 1905-1911 жылдары Қобда хэбэй-әмбісінің басқаруында, ал, 1911 жылы Сыртқы Моңғолия тәуелсіздігін жариялағанда, қазақтар да жаңа мемлекеттің шаңырағын бірге көтерісіп, оның құрамдас бөлігіне айналды [3.

Алтай тауының терісей бетіндегі кеңістікте табан тіреген қазақтар этнобио, этномәдени, қоғамдық дамуда кеңістік пен уақыт белгілерінің табиғи бірлігінде – қазақ этникалық тобы келбетінде тарих саханасына  шығуы XIX ғасырдың бел ортасы деуге болады.

Монголиядағы  қазақтарының ру-тайпалық құрылымы

1.1 Жантекей-бұл өлкеде Шүйіншәлі, Cүйінбай, Cүйіндіктен тараған аталар ұрпағы мекендеп, өсіп өрбіген ең кең тараған ру. Өз ішінен 17 буынға  бөліне аталған ағайындарға ұласты.

1.2. Шеруші-құрман, шаппас, ожық /арзығұл, оразғұл, есен, доржы, төл, тұғыл/, бақат /арыққұл, көбеген, оңбай/, абылсапақ, жайықбай, байгелді, жангелді, сүйіндік, төлек, ұзынмылтық қатарлы 18 буын қалыптасқаны байқалады.

1.3. Молқы-машан, құл, қайып, қошақ деген төрт ата ұрпағы бар.

1.4.Ителі-ақбақты, ақмерген, күйік, бесшал, тінібек, дәулет деген бөліктерге жіктеле қалыптасқан,

1.5.Шұбарайғыр – шотпан, мұрат, тоғызақ, қабыл, балта, жүзік буындарына;

1.6.Жәдік – ­итемген, мұңал, жанат, мәлік делініп үлкен ру атымен де кенен, байғара, құланбай, баян т.б. аталар атымен де аталады.

1.7.Қарақас-байым, қосым, назардан тараған ұрпақтары;

1.8.Сарыбас- өз ішінен атаға бөлінгенмен жалпылай  аталады,

1.9.Меркіт-құлсарыдан әулеттер аз санды тараған.

1.10.Жастабан- қожакелді атасының ұрпақтары аз санды бар.

1.11.Шимойын руынан аз ауыл бар.

1.12.Көнсадақ  Моңғолияда жоқ.

1.13.Құлтайболаттар өз атымен аталады. Саны аз тараған.

ІІ.Уақ – Моңғолияда тараған қазақ руының бірі. Уақтың шоға, өтен, шақай, самай, сарысынан тараған ұрпақтары;

ІІІ.Арғыннан Моңғолияда аз ауыл бар.

ІV.Найманның қаракерей, сарымырза, жүркменбай, жарболды, төртуіл, аталарының ұрпақтары жалпы саны 400-дей от басы;

V.Төре- негізінен Сәмен ұрпақтары. Бұл өлкеде қожамжар [Әжеке]- бастаған төрелер келіп, олардың ұрпағынан өсіп өнген.

VІ.Қожа-қазаққа дін таратуға келген араб /Сарықожа/-тан тараған.

VІІ.Ноғай-татар, өзбектен керейге дін таратуға келген ұрпағы;

VІІІ.Өзбек- дін таратуға келген адамдар ұрпақтарынан;

ІX.Ұйғыр-ХХ-ғасырда кәсіпкерлікпен келгендердің ұрпағы;

X.Дүнген-Сарысүмбеден келген екі от басынан өрбіген.

Монғолиядағы қазақтар антропологиясы. Монғолиядағы қазақтар антропологиялық cипаттамаcы жағынанда ана жұрттағы ағайындарымен бірдей болуы олардың бір тектілігінің бұлжымаc дәлелі екені айқын. 1993 жылдың мамырында танымал антрополог О.Смағұлұлының жетекшілігімен Баян-Өлгий  қазақтары араcында жүргізген антропологиялық зерттеу үш түрлі бағытта-cоматология, одонтология, дерматология бойынша олардың антропологиялық ерекшелік сипаттарына алғаш ғылыми негізде анықтады. Зерттеу нәтижелері «Моңғол Алтай аймағында өмір сүріп жатқан қандастарымыз өздерінің жалпы морфологиялық фенобейнесі жағынан атамекендегі қазақтармен антропологиялық тұтастығын сақтап қалғаны сондай, бұларды тек аралас тураноид расаның қазақстандық вариантының біртұтас өкілі деп санай аламыз  [4.

6.Монғолиядағы қазақтардың демографиясы. 1905 жылы бұл өлкедегі қазақтардың адам саны 1370 түтін болды. Қазақтардың адам саны туралы кейбір деректерде қазақ ауданның шаңырақ саны 3834, адам саны 18699 бұдан ерлер 7690, әйелдер 9733, молда 1276 делінген. Қобда аймағына қарасты болған 1938 жылдары  бұл  аймақтың, барлық адам санының 33%  немесе  21000  қазақ адам,  4300 түтін 3 аудан, 9 сұмын /үшінші дәрежелі әкімшілік бірлік/, 74 бақ /төртінші дәрежелі әкімшілік бірлігі/-қа бөлінді.1939 жылы қазақтың барлық саны 24956 адам болғаны байқалады.

Баян-Өлгий аймағы құрылған 1940 жылы аймақтық әкімшілік бірлігі 10 сұмын, 71 бақ, 8000 шаңырақ  33300 адамнан құралған еді. Бұл кезде аймақтың барлық адам санының 78% немесе 22788-і қазақ адам болған. Адам санағының 1963 жылғы мәлімдеметіне қарағанда  47,7 мың  қазақ /ерлер ­ 24,1 мың әйелдер­23,6 мың/, елдегі  адам санының 4,7%-і қазақтар иеленген. Моңғолияда 1965 жылы жүргізілген халық санағы бойынша ел көлемінде 36700, немесе, барлық жан санының 4,3% қазақтар екендігі белгіленді. 1969 жылға дейін қазақтар қарқынмен өсіп елдегі адам санының 5,2%-ін иеленеді, саны 62,8 мың /ерлер 31,8 мың, әйелдер 31 мың/ қазақ болған еді. /100/ 1979 жылғы адам санағы бойынша қазақтар 84,3 мың /ерлер 42,8 мың, әйелдер 41,5 мың/  болса, 10 жылдан кейін 1989 жылы қазақтар саны 120506 жетіп (ерлер 61144, әйелдер 59362)  Моңғолияның барлық адам санының  5,9%-ін иеленді . Олардың 82750-ы Баян-Өлгий аймағында болса, басқа 17 аймақ 3 қалада 37756 қазақ (қазақтардың 31,3%-і) тұрды. Кейінгі кездерде қазақ тұрғындарының өсімі кеми түскен. Қазақтардың негізгі бөлігі мекендейтін Баян-Өлгий аймағының тұрғындарының демографиялық жағдайына сараптама жасау олардың жаңаша қалыптасуы мен демографиялық көптеген мәселелеріне жауап береді.

1989-2013  жылдар аралығында Моңғолиядағы қазақтардың демографиялық көрсеткіштері өте көп өзгерістерге душар болды. Моңғолияның 2012 жылғы халық санағы мәліметтері бойынша, елдегі барлық қазақтардың саны 101526 (3,86%) адам болды. Олар Монғолияның 21 аймақ 3 қаласында 140-сұмында соның ішінде 90-нен арта пайыздан астамы Батыс Моңғолияда, ал Баян-Өлгий аймағының 90 пайызын иеленеді.

Алтай тауының теріскей бетін мекендеген қазақтардың тарихы

1771-1921 жылдар. Қазақтардың бір бөлігі XVІІІ ғасырдың бас шенінен бастап Алтай тауының теріскей бетіне қоныстанады. Қазақтар ішінде рулық-әкімшілік жүйе сақталып, жантекей, шеруші, қарақас ру бөлімдері өз рубасылары ­ үкірдай, амбылар билік етіп, қазақтардың біртұтас әкімшілік жүйесін құрады. 1905 жылы Алтай аймағы құрылған соң Алтай тауының күнгей, теріскей бетіндегі қазақтарды оған бағынатын болған. Қобда бетіндегі қазақтар сол жылдарда біршама уақыт берекелі өмір сүрді. Сол дәуірді Ү. Ақыт қажы «алшаңдап азғантай жыл кеңдік көрген”, “бір-бір үй ­ бір-бір ауыл болып”, «толықсып бақ дәулетке толды” , – деп   сипаттап, бұдан кейін халықтың бейбіт өмірі бұзылғанын айтады.  Алтай, Қобда өңіріндегі халықаралық шиінелісті жағдай біршама саябырлаған шақта Қобда қазақтары “Жалама айдаған” деген ауыр оқиғаға душар болады. 1913 жылы шілдеде Қобда қазақтарының өкілдері Жавзандамба ­ Боғда ханға хат жолдап, Сыртқы Моңғолия құрамына кіруге дайын екенін білдірді . Оған Сыртқы Моңғолия Ресей ықпалында  болуы әсер  етті. Сонымен қатар, 1914  жылғы қыркүйектің 8-інен 1915 жылғы маусымның 7-сіне дейінгі Ресей, Қытай мемлекеті, Сыртқы Моңғолия арасындағы келіссөзде, моңғолдар тарапынан кіргізген жобада «…қазақ… қатарлы жерлер Моңғолия шекарасына сиысады”  -  дегенді белгілеп кіргізеді. Сөйтіп, 1911-1921 жылдар аралығында Қобда бетіндегі қазақтар бейтарап қалып, іс жүзінде өзін-өзі биледі. Аса аумалы төкпелі  осы дәуірде  қазақ атқа мінерлері әрбір оқиғаға көзтігіп өзінше қорытынды жасап, ұлттық, рулық биліктен айырылмауға тырысты.

2.1921-1940 жылдар. Қазақтар Қобда бетіне өтіп қоныстанғаннан кейінгі 100-ге тарта жыл өтіп, бұл өлкеге бекем табан тіреген мезгілде қызыл төңкеріс аласапыраны келіп жетті.1921 жылы Моңғолияның батысына ақтар әскері келсе, соңынан қызылдар қуа келіп қақтығыстар басталды. Қобда қазақтары бұл оқиғаға басынан аяғына дейін бел ортасында жүріп қатысты. Бұл оқиғаға қазақтар белсенді қатысу нәтижесінде өздері мекендеп отырған жерлерде ірі әскери қақтығыстың тез аяқталып, ел тыныштық алып, бейбіт өмір орналуына өзіндік үлесінқосты.

1921 жылы Сыртқы Моңғолияда жаңа өкімет құрылып, ақтар мен гоминдан әскерінен тазартылды. Осы кезде Қобда қазақтары шеруші, ботағара, қошақ деген үш хошуыннан  құрылып,  қазақ тникалық тобының арқауы болды.1924 жылы Моңолияның тұңғыш ата заңын қабылдап, барлық азаматтар ұлтына, дініне, жынысына қарамай барлығы сөз сөйлеуге, баспасөзге хабарлауға, оқып білім алуға, одақ құруға, жиылыс жасауға, 18 жасқа толған, еңбегімен күн көруші сайлауға, сайлануға толық құқықты деп көрсетті. 1928 жылы Ақбалшықта қазақ мектебі ашылуы ілгерілеушілік шара болды. Халықты екі жікке бөліп, қанаушы делінгендердің құқығың шектеп, қаналған дегендерге теңдік берілді деп олардың арасында жасанды шинелісті өрістетті.1928 жылдан бастап қазақтар арасынан адамдар ұстала бастады да, бұл үрдіс 1949 жылға дейін жалғасты. Оған ру басы, бай, молла, би, зиялылар, өкімет белсенділері т. б. қамтылып, қазаққа тым қатал тиіскенін соңғы кезде зерттеу жасаған моңғол ғалымдары да мойындап отыр.

1930 жылы МХР-дың территориялық жаңа әкімшілік бөлісі туралы  заң бекітілді. Қазақтың Шеруші, Ботағара, Шұбарайғыр, Қошақ, Байқадам хошуынын 3-ке бөліп, Шеруші хошуынын Бақат, Құрман, Саңырау; Шұбарайғыр хошуынын­ Ботағара, Шұбарайғыр, Қошақ сұмыны құрылып, Байқадам хошуыны сұмынсыз хорин болды. МХРП ОК-і басқармалары қазақ ұлттық мәселесін 1938 жылы екі қайта саралады. Онда жергілікті әкімшілік орнату, өндіріс, сауда орнын құру, халықтың тұрмысы мен мәдениетін арттыруға арналған шаралар белгілгенімен нақты нәтижеге жетпеді. 1938 жылдан қазақтың әкімшілігін ру атымен емес жер-су атымен атауға шешім шықты. Қазақтар Хужирт, Цагаангол, Дэлүүн, Толбо, Улаанхус, Цагааннуур, Баяннуур, Сагсай т. б. жер-су атымен аталған әкімшілік бірліктерге бөлінді. Бұл қазақтың қандастық-рулық бірлігін ыдыратып, ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық мінезіне кері әсер етіп, мәңгүрттер көбейіп, сорақы жат көріністер бой көрсетудің басы болды.

Қазақ ұлттық аймағының құрылуы. Қандай бір мемлекеттің құрамындағы ұлт, этнос, этностық топтың ұлттық құқығы, мүддесін қастерлеу, сақтауы сол мемлекеттің қоғамдық-шаруашылық дамысы, демократиялық деңгейі, адам құқығы, пікір алуандығы жағдайына көп жағынан қатысты болып келеді. Қазіргі заманда өркениетті елде жеке адам, азаматтың азаттығын, еркіндігін, бас бостандығын қастерлеу жай бір қалыпты дәстүрге айналған. Ұлттардың ерекшелігі, өмір кешу дәстүрі, тілі, мәдениетін сақтап, қажетіне асыруды қамтамасыз етуде сол мемлекет халықаралық деңгейде қабылданған құқықтық-заңдық негізде нақты дұрыс саясат жүргізу қажеттігін тудырады. Мемлекеттерде ұлт мәселесін шешудің  шағын санды басқа ұлт өкілдерінің ұлттық бостандығын заң аумағында шешіп, шаруашылық, мәдениет, шетел қатынасы, көші-қон мәселесінде есте ұстау қажет болады. Оны заңдық және саяси жағынан іске асыру үшін әрбір ел өзіне сәйкес бағыт таңдап алуға тура келеді.

Моңғолияның батыс өлкесіндегі қазақтардың қоғамдық өмірінің дамысын қамтамасыз ету, экономикалық, материалдық негізін қалау үшін олар шоғырланған өлкеде қазақтың ұлттық, әкімшілік-территориялық бірлігін құру мәселесі өмірден туындады.  Сөйтіп, МХР-сының VІІІ құрылтайынан  елдегі қазақтардың талап тілегін орынды қабылдап, олардың саяси, экономикалық жағдайы толықтанғанын назарға ала отырып, қазақтың автономиялы жеке дара аймағын құру туралы тарихи маңызды шешім қабылдады. 1940 жылы маусымның 25-інде МХР-сының кіші құрылтайының Басқармаларының Қазақ аймағын құру туралы жарлығы қабылданып, бұл елдің ерекшелігіне сай қазақтардың өзін-өзі билеу құқығын ұлттық әкімшілік-территориялық бірлік ретінде мақұлдап, қазақтардың талап-тілегін орындап іске асырды. Баян-Өлгий қазақ ұлттық дербес аймағы құрылуы Моңғолияның ұлт саясатындағы игі қадамы болып есептелумен бірге қазақтардың шаруашылығы мен мәдениеті ілгерілеп, рухани дамуында шешуші рөл атқарды.

1940-1950 жылдары қазақ аймағы дара шаңырақ көтеріп, әкімшілік-территориялық және басқару жүйесі қалыптасты. Бұл он жылдықта халықты сауаттандыру, денсаулық сақтау, мектеп пен мәдениет ошақтарын құру салаларында игі қадамдар жасалынды. Ұлттық клуб құрылып, барлық сұмындарда бастауыш мектеп, Өлгий қалсында 7 жылдық мектеп ашылды. Қазақ тіліндегі “Жаңа өмір” газеті басылып шыға бастауы рухани өмірдегі игі қадам болды. Кәсіптің басты көзі мал шаруашылығы болып қала берді. Егіншілікке жаңа қадам жасалып, жүн жуу мекемелері істеді.Қазақтар 2-ші дүниежүзлік соғыстың ауыртпалығын көре отырып, Кеңес Одағына ел халқы мен бірге  көп көмек көрсетті.

1950-1960 жылдары қазақ аймағында білім беру жүйесі толық қалыптасып, алғашқы онжылдық түлектері мектеп бітірді. Ұлттық жоғары маманды зиялылар  университеттер бітіріп, почта, телофон қатынасы жүйеге келіп, электр станциясы салынды. Қазақ музыкалы драма театры құрылып, әдеби “Жаңа талап” журналы шығуы рухани өмірдегі ең ірі табыс болды. Ауыл шаруашылығы бірлестіктендірілді /коллективизация/. Өлгий қалшыққа айналып, өсе түсті. Аурухана, клуб, мектептер салынды. Ұлттық мамандар барлық сал бойынша дайындалып, қазақ жастары шет елдерге оқуға аттанды.

1960-1970 жылдары қазақ аймағында мал шаруашылығын дамыту мен құрылыс, жол салу, сауда, байланыс жүйесі біршама ілгерледі. Өлгий қаласында ірі құрылыстар салынды. Қазақ өнерімен мәдениетінің он күндігі астанада өтіп, қазақ халқының мәдениеті, жетістіктерін тамашалатты. 1970-1980 жылдары қазақ аймағында экономика, білім беру, денсаулық, мәдениет, өнер, әдебиет сияқты барлық салаларда барынша қарқынды дамыды.

    1970-1980 жылдары қазақ аймағында экономика, білім беру, мәдениет, өнер, әдебиет сияқты барлық салаларда барынша қарқынды дамыды. МХРП-ның Баян-Өлгий аймақтық XV конференциясы 1976 жылғы 5-ші айда болып партия комитетінің бірінші хатшысына Л. Хүрлээ деген моңғол адам сайланады. Ол қазақтың салт-дәстүрі  байырғы қалпында екен деп қазақ киіз үйінің ою-сызуын құрту, қазақтарға моңғол киімін кигізу, Қазақстан баспасын тапсырып оқуды  азайту, қазақ тілі, мәдениетін жоюға бағытталған істер жасап, “ескі салт дәстүрді жойып”, өлкеде театр, мектеп моңғол тілінде болу, ересектерге моңғол тілін үйірететін курс ашу, Баян- Өлгий аймағының ұлттық ерекшелігі дегенді еске алмаңдар деген мәселелер  шығарады. МХРП ОК-і Баян-Өлгий аймағында “интернационалистік тәрбиеге мән берілмеген баспа, радио, концерт, музей сияқтыларды моңғолша ойнау, жазу ісі аз екен, Баян-Өлгийліктер орталық /моңғол/ баспаларды нашар пайдаланып, орталық радионы аз тыңдайды екен. М. Д. Театр тек 12 пьеса / қазақ тілінде/ ойнапты” т.б. мін тағады. МХРП ОК-нің саяси бюросының “интернационалдық пәрмендендіру” туралы 149-шы қаулысы осы елдегі қазақтарды  “ұлт ретінде жоюға бағытталған аса қауіпті саясат еді” деп жазады, тарихшы, әрі сол кездегі аймақ әкімі А.Сарай [5.

1980-1990 жылдары қазақ аймағында экономика, білім мен мәдениет  ілгерлеп, Өлгий қаласы жаңа құрылыс үйлерімен  толығып, көршілес елдердің шекаралас өлкелерімен қарым-қатынас жасалына бастады.

1990-2012 жылдары қазақ аймағында көп партиялық құрылым орнап, демократияға көшті. 1990 жылдардан Моңғолиядағы қазақтар елдің саяси, экономика, мәдени өміріндегі демократиялық өзгерістерге атсалысты. Әсіресе, 1991 жылғы қарашадан 1992 жылғы ақпан айы арасында қаралған Моңғолияның жаңа ата заңын талқылау кезінде қазақ өкілдері қазақтың ұлттық құқығы мәселесіне ата заңда лайықты  маңыз берілмегенін  сынап, сондай бап кіргізуді талап етсе де, қазақтардың өзін-өзі басқару құқығы туралы демократиялық принциптер көрініс таппай қала берді. Ауыл шаруашылығы жекешендіріліп, өндірістер сатылып нарықтық қатынасқа түсті. Білім беру, мәдениет, өнер мен әдебиет барысы тұйыққа тірелді. Бірақ, қазақтың тіршілікке, сән-салтанатты өмірге деген құлшынысы, қайраты толастамай, күдікті үміт жеңіп, болашаққа сенімі арта түсуде. Моңғолияда әлі де аз емес қазақтар байырғы мекенінде барлық ұлт өкілдерімен бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай, бейбіт тыныш өмір кешіп, саналық пен парасаттылық көрсетуде. Олар туған елінің игілігіне кызмет етумен қатар, ұлттық тіл мен мәдениетті түлетуге, Қазақстан мен рухани-мәдени байланыстарды онан ары жақсартуға атсалысуда.

Моңғолия мемлекеті, үкіметі тарапынан елдің тәуелсіздігі, қоғамдық-экономикалық, мәдени құрылысына  мұндағы қазақтар үлкен үлес қосқанын біледі, әрі жоғары бағалап келгенін де, айтып өту керек. Мемлекет, үкімет, партияның басшы органдарында да қазақтар қызмет атқарып, еңбек етіп, білім мен күш қайратын жұмсады. Мемлекет пен өкімет тарапынан республиканың тәуелсіздігі мен халық шаруашылығын құрудағы қазақ ұлт өкілдерінің еңбегін жоғары бағалады [7.

Қазірде Монғолиядағы қазақтар саяси беделді халық ретінде  Моңғолия мемлекеті өмірінің барлық саласына  бар күш-қуатын арнап, аянбай еңбек етіп жатыр. Монғол Халық Ұлы Хуралының мүшелері А.Бакей, А.Тілейхан, вице-министр Х.Ержан мемлекет пен үкіметтегі қазақ өкілдері болып саналады. Монғолия қазақтарының ішінен  туып шыққан көрнекті діни қайраткер, Ислам әлеміне Моңғолияны танытқан, дарынды дипломат, 1990 жылдан Халық Ұлы Хуралының депутаты, Мемлекеттік Кіші құрылтай мүшесі мен МҰҚ мүшесіне сайланып, 1992 жылы Монғолияның Демократиялық алғашқы Ата  заңын қабылдауға, қазақ этникалық тобының мүддесін қорғауға тікелей атсалысқан саясаткер, Моңғолия Мұсылмандар Одағының төрағасы Сайран қажы Қадырұлы және Монғолия қазақтары арасынан Моңғолдың тұрақты Парламенті, Мемлекеттік Ұлы Құрылтайға екі мәрте сайланған мемлекет, қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, аудармашы, дипломат, белгілі ғалым, Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Моңғолия жазушылар одағының сыйлығы мен шет елдік орден иегері Сұлтан Тәукейұлы сынды  азаматтар осы елдегі  қазақтардың бет бейнесі , келбетін байқатады.

Қазақ халқы ежелден рухани байлыққа кенде емес, ғылыми ой санамен де әлемге мәшһүр.Сол қазақтың ат төбеліндей Моңғолиядағы тобы да туған халқының ғылыми ой сана жетістігіне ие болып, өздері де шама шарқына сәйкес үлесін қосып келді деуге негіз бар. Моңғолиядағы қазақтар оқу ағарту, мәдениет, әдебиет, театр, музыка, бейнелеу өнері қатарлы салаларда қазақ рухани қорына өзіндік айшығы бар үлгілерін берді. Сонымен бірге олардың арасынан ғылым, ғылыми ой сана даму саласында да өзіндік ерекшеліктері бар туындылар берген ғылыми еңбектерімен танымал болған ғаламдар туып шықты.Қазақ ғалымдары қатарынан мол ғылыми еңбектер жазып, ғылымға сүбелі үлес қосып жүргендері де баршылық.

Қазіргі дәуірде Моңғолияның халық мұғалімі, Моңғолия Ғылым Акедемиясының акедемигі, физика математика ғылымдарының докторы,   профессор Мекей Әбішұлы, Моңғолия ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, академик, т.ғ.д, проф Ислам Қабышұлы, Моңғолияның Еңбек ері, халық дәрігері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, м.ғ.д, проф, атақты нейрохирург Хайрулла Жалелұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, м.ғ.д. проф, даңқты нейрохирург Ануарұлы Нота, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, техника ғылымдарының докторы, проф Саған Қинаятұлы, мемлекет қайраткері, бригада генералы, доктор, проф Жекей Халидолдаұлы, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, м.ғ.д, проф, атақты әскерихирург Анаргүл Қаусылғазықызы, Монғолияның еңбек сіңірген қайраткері, м.ғ.к, проф, белгілі онколог Асай Рәмішұлы, Монғолияның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымның докторы, проф Зүлькафиль Маулетұлы және биология ғылымның докторы, проф Бекет Ұлықпанұлы, экономика ғылымның докторы Ықанбай Қыжабаұлы, белгілі кибернетик ғалым, доктор, проф Төлеу Оспанұлы, физика -математика ғылымның докторы, белгілі ядролық физика ғалымы Цоохүү Қинаятұлы, проф М.Әлей, проф Х.Ақсолтан, проф А.Бакей, проф Ш.Гүлнар, проф Х.Жекей, проф А.Мұратхан, проф Т.Нығымет, проф А.Хауымдас қатарлы дарынды ғалымдарды атауға болады.

Бұлармен қатар олардың соңынан ере шығып, ғылымның сан алуан саласынан кандидаттық еңбек қорғаған қазақтармен толықты. Олар: Қауланбек Ақмәдиұлы, Кани Кәбди, Намхай Қабдылұлы, Күлжамиш Тотилақызы, Озила Мусаханқызы, Сайполда Тоқтарбайұлы, Алтангүл Болатқызы, Айбек Қамқашұлы, Бақытгүл Бекболатқызы, Бұлбұл Аумаханқызы, Алаубек Абдилұлы, Еділхан Қонысбайұлы, Еркін Магадұлы, Өнерхан Есболдыұлы, Жеңісгүл Қабдылғазқызы, Зүльфикар Сарқытұлы, Қиналған Жылқыайдарқызы, Бітімхан Саматұлы, Д.Саулегүл, К.Хабылболат қатарлы  бергенінен берері мол қазақ ғаламдары ғылыми жұмыстармен шұғылдануда.

  Моңғолия еліне еңбек сіңірген ұшқыш, Таштуан,  ақын жазушылар Қ.Тойлыбай. Т.Сұлтан, Р.Шынай, М.Зүлькафиль, Р.Сұраған, Б.Монголхүү, Қ.Байыт Монғолияның Еңбек сіңірген әртістері  Қ.Чапай, Қ.Өсерхан қатарлы өнер бұлбұлдары, әлемдегі қазақ ұлтының арасынан тұңғыш рет Олимпиадаға қатысқан әйел Алданыш Рамазанқызы, атақты күш иесі О.Бақыт қатарлы қазақтың атын әлемге әйгі еткен спортшылар бар.

Монғолия қазақтары және көші-қон жайы.1921 жылдан соң Қазақстан мен арадағы қатынас кеңейе түсті. Моңғолиядағы қазақтар соңғы 90-нан астам жыл Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста болуы олар үшін құнды тарихи үлкен мүмкіндік болды. Төрткүл дүниеге аты әйгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Моңғолияға  жасаған ресми сапарлары бауырластары үшін аса маңызды тарихи оқиға болды.

Көші-қон, немесе миграция, жалпы адамзатқа тән құбылыс. Қазіргі белгілі бір ұлттар мен ұлыстардың сол өлкелерде қалыптасуының құбылыстық нәтижесі. Қай бір ұлт болмасын миграциясыз өмір кеше алмайды. Миграциялық қозғалыс кейде үлкен толқын ретінде көзге түссе, кейде белгі бермейді. Адамзат  нәсіл,  ұлт,  тайпа,  ру  т.б. бөлінуі өмір тірлік заңдылығынан туындаған құбылыс болып саналады.  Әрбір ұлттың өз ғұмырында өзіндік дамудың ішкі заңдылықтары оны алға сүйретеді. Ал, миграция болса сондай ішкі зағдылықтың сыртқа көрініс беретін бір түрі, даму заңдылығының басым көбі тылсым күйінде, тұңғиық сырды іште сақтап қала береді. Шетелдерден, соның ішінде Моңғолиядағы қазақтар Қазақстанға көшіп келуі ұлт өмірінің ішкі даму заңдылығының нәтижесі болмақ. Қазақтар алыс, жақын шетелдерде, тіршілік етіп, саяси, қоғамдық ортасы басқа болғанына қарамастан ұлтымыз біртұтас организм ретінде өмір кешіп келе жатқандығының айқын белгісі болды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен дереккөздер

 

1 Хурметхан М.  Монғолиядағы қазақтардың Алтай тауының теріскей бетіне қоныстану   тарих /1751-1911 –ші .

2 Бруннерт И.С ,Гагальстром В.В.Современные политическая организация Китая. Пекин,1910. /ағылшынша/ р.450, l

3 Потанин Г.Н.      Очерки Северо-Западной Монголии    т. ІІ, Спб.,1881. Грумм-Гржимайло Г.Е.       Западная  Монголия  и Урианхайский  край   т. ІІІ. Л.-М, 1930. Бурдуков А.В.  В старой и новой Монголии  М.,1969; Сапожников В.В. По Алтаю. Дневные путешествие 1895 г. Томск, 1897. –127с; Казнаков А.Н. Монголия и Кам. СПб.,1907; Позднеев А.М. В Монголии. Москва, 1938. МАХН-ын Төв архив    Ф-4/ХН- 23, 37, 34, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 47, 83, 86, 111-650 Мініс С., Сарай А.  МХР Баян-Өлгий аймағы қазақ халқының тарихынан    Өлгий, 1960.  Сарай А.  Баян-өлгий қазақтарының тарихының кейбір мәселелері   Өлгий, 1988 ,    Револиюция бұрыңғы  халқы   Өлгий, 1991. Ислам Х .   Керейлер керуені  Өлгий, 1979,   Моңғолия қазақтарының тарихы   Өлгий, 1988.  Зардыхан Қ.   Жылаған жылдар шежіресі  А., 1995. Монголиядағы қазақтар. т.1. А.,2001.т. 2., А.,2007. Хурметхан М. Монголиядағы қазақ субэтносының қалыптасуы мен дамуы. А-У.,1997. Хурметхан Мұхамәдиұлы. Моңғолиядағы қазақ этникалық тобының қалыптасуы мен дамуы: т. ғ. д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған дисс. автореф.: 07.010.00 – Алматы, 2000. – 61 б.; Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері. Т.,3. А.,2006. Үзбен Қ, Шынай Р. Монғолиядағы қазақ халқы. У.,2007Тойчиев Абдувахид Халбекович «Социально-экономическое развитие Баян-Ульгийского национального казахского аймака МНР».  М.,1973. Finke, Peter. 1993. Nomadismus der Kasachen in der Westmongolei: Ein Vergleich von nomadischer Viehwirtschaft der Kasachen im 19. und frühen 20. Jahrhundert und der Kasachen in der Mongolischen Volksrepublik. Unveröffentlichte Magisterarbeit, FU Berlin Finke, Peter. 1999. The Kazaks of Western Mongolia. In: Ingvar Svanberg (Hrsg.), Contemporary Kazaks. Cultural and Social Perspectives. London: 103-139 Finke, Peter. 2000. Changing Property Rights Systems in Western Mongolia: Private Herd Ownership and Communal Land Tenure in Bargaining Perspective. Max Planck Institute for Social Anthropology. Working Papers No. 3 Alexfnder C.Diener One homland or two- The Nationalization and Transnationalization of  Mongolias Kazakhs. Standford, California .2009 жылдар/”Шұғыла”., 2010, 1/164. б-12-17

4 О.Смағұлұлы. Баян-Өлгий қазақтарының этникалық антропологиясы. б.49

5 Баабар  XX-ғасырдағы-Моңғолия:көші-қон, шығын мен олжа.  УБ., 1996.,б 459.

6 Cарай А. Жарғақ құлағым жастыққа тимеген жылдар.,1996,35-63.

7 Моңғолия қазақтарының ортасынан Мемлекет қаһарманы 1, Еңбек ері 21, Мемлекеттік сыйлықтың иегері 4, Халық артистері 4, Халық жазушысы 1, Халық дәрігері 1, қоғамның әр саласына Еңбек сіңірген қайраткерлер 73, Монғолияның Ғылым Академиясының толық мүшесі – Академик 2, Ғылым докторлары 21, Профессор 25, Ғылым кандидаттары 100 астам, Төтенше және Өкілетті елші 2, Дипломат 5, Мемлекеттік атақ алған әйгілі палуандар 4, Халық аралық дәрежедегі спорт шебері, альпинисті 7, Шет елдік атақ даңқ, орден иегерлері 18, Генерал-майор, бригада генералы 2 адам туып шыққан екен. Аз қазағымыз арасынан қоғамның әр саласына адал еңбегімен танылған, даңқы көкке өрлеген 300-ге жуық қазақтың қайсар ұл қыздары  зор мақтанышымыз болмақ.

 

Мухамадиұлы Хурметхан,

 тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Моңғолия Ғылым Академиясы Халықаралық ғылыми зерттеулер

Институтының жетекші ғылыми қызметкері (Моңғолия, Уланбатыр қ.)

qazaq-alemi.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Нұралы батырдың кесенесі  жөнінде

    Кейінгі кезде Нұралы батырдың кесенесі жөнінде әртүрлі әңгімелер шығып жүрген көрінеді. Оның бірі Моңғолиядан келген бір туысқанымыз басқа бір белгілі жерлесіміздің Нұралы батырдың зираты деп кигіз үй сияқты саман кірпіштен қаланған  әдемі зираттың жанына барып құран оқығанына куә болғанын келтіріпті. Ол жігіттің  көргені де, айтып отырғаны да шыңдық. Өйткені 1982 жылға дейін елдің көпшілігі, оның ішінде  мен де солай  ойладым. Әңгіме түсінікті болу үшін мен сол кездегі оқиғадан бастап баяндайын. Мен 1961 жылы Семейдің  мал дәрігерлік институтын бітіріп келдім. Мені  сол кездегі  С.М. Киров атындағы  колхозға мал дәрігері етіп жіберді. 1962 жылы бұл колхоз «Горный» совхозына айналды. Біз бала кезімізден: «Нұралы атамыздың зираты С.М Киров атындағы колхоздың жерінде орналасқан,   Бабамыз батыр болған кісі, ал оның жанындағы қабырдың  ұзындығы жеті кез, біздің  бабамыздан  да  асқан

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: