|  | 

Әдеби әлем

ҚЫРАН ТАҒДЫРЫ

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

  OSPAN BATIR

(М.Мақатаевтың «Ару – ана» поэмасының ізімен, Оспан батырдың рухына арналған)

 

 

Атам заманғы ескі молалардың жел мүжіп жауын шайған, қара қоңыр топырағы өлі шөптердің ірі талшықтармен шырмалып, селеу өскен ермен, жусан, ала ботаның құрап сыйдиған сабақтары қобыз үніндей мұңлы тербеліп, бебеулей тіл қатады. Бөрік кигендей ошағанның қызыл шашақты көкшіл басы салмағынан ауырлай мұңая ырғалады. Оқтын-оқтын түртініп, топыраққа ұрылған тынымсыз дала желі, суық тұмсығымен ебелектерді аудара итереді.

Күзгі дала кешінің қызғылтым шапағы қан реңімен бояған шарбы бұлттардың нәзік торғынын тіле айырып Алтайдың ақ иық қыраны ұшып келеді.

Әр жерінде ақ жолақ құс саңғырығы бар ескі моланың құлағына таяй қоңырқай желпуіш қанаттарын шалқая жайып, Ертістің ұйыл терегіндей бүжыр-бүжыр божбан шыбар салалы болат тұяқтарын барбита еппен қонды. Жыланның басындай   етсіз, епті басын оң-солына толғай тез бұрып, айналасын шолып, имек тұмсығын еңкейе, тұяғына жаныды. Онан құранды ердің желтоқымындай алдына итеріле біткен шудалы, тораңқы жапырақты, қалың жүнді сом топшысын ырғай, қоңырқай жылтыр тұмсығымен тотыққан сабаудай қауырсындарын тарай бастады. Сонан кегежесінен кекжите шалқайып, айналасы қап-қара мойылдай дөңгеленген, ұшқын атқан шегір көздерін түпсіз көк аспанның зеңгіріне қадап, қалғығандай бір ауық қыбырсыз отырды. Кенет аспан тұңғыйығынан әлде бір жоғын тапқандай мелшиген қалпынан селк етіп дүр-дүр сілкінді. Онан тегеуірінін серпе мола құлағынан ошарыла көтерілді. Садақ доғасындай иілген қанаттары ескі қорымдықта жаяу борасын ойнатып, тербеле сылдыраған қурайдар мола топырағына болмашы бас ұрады. Әуеде кешкі шапақпен қып-қызыл өртенген түске бояалған құс патшасы еркін көктің көгілжім ауасын ысқыра тілгілеп шарықтап бара жатады. Сұрғылт аспанның суық желі қайықтың төсіне ұрылған майда толқындай бөтеге бауыр мамықтарын қайыра жатқызып әуелете көтереді.

- Ызғарлы да суық күз желі сені қайда апарар екен, ей қасиетті дала сетері, көк еркесі – қыраным?! Алтын Алтайдың жон тауларына ма, салқын Сауырдың кең қойнауына ма, әлде Еренқабырға – Боғдаға ма, не болмаса Шыңғыс, Көкше, Алатауға ма …? – деп күбірледі осының бәрін манадан алыстан көріп, үркітіп алмайын деп тізерлеген Қорамсақ сазарған күйі. Қамшысын ұстаған домбал саусақты сол қолымен қара жерді нығарлай тіреп, тастан қашалған алып мәр-мәр мүсіндей денесін ырғай, қан дақтарынан сауыс болған киімдерін қаудырлата орыннан тұрған ол атының шылбырынан жетектей тартып молаға жақындады. Қаншырдай қатқан ақ боз ат йесіне ықтиярлы ұмсына ерді. Көз ұясын көмкере жапқан қалың қасын көтере, ұсақ әжім жиі жиектей бастаған сарғыш қой көзін моланың қаңырси жарылған ескі топырағына қадады. Көз алды бірте-бірте буалдырлана қоңырқай топырақ көкшіл теңізге айналып көлки жөнелді. Жанарын сығымдай басын көтерген оның кемпір қосақтай құлпырған жас тамшыларының арасынан ызғарлана күреңітіп жым-жырт құлазып жатқан байтақ жәзира, көкжиектің кемеріндегі қорғасындай сұрғылт аспан, қызгылт сары жалындар өрттей лаулаған, мұжылған молалардың құлағы, онан ары зеңгір көкте шарықтаған түймедей қара ноқат – қыран бүркіт көрінді.

Ол бір кезде төбесінен жасын түскендей шөгеріле сылық ете түсті де моланың алдына тізерлей жақындап, басын бозғыл жусанның үшкіл бастарына тақап, күбірлей күңіренді:

- Кешір бабатайым, кешір, ер емес ез туған ұлыңды кешіре гөр, кешіре гөр қан мен тарихыңды жазған қасиетті далаңды қорғай алмаған мына мендей пақыр міскініңды!!!

Тырс-тырс тамған қорғасын тамшылар моланың көң топырағында түйіртпектеле домаданып жатты. Оның үстінен оңтүстікке жебенің тұмсығындай бағытты бұрыш жасаған тырналар шоғыры тыраулап өтіп жатты. Қоңыр қаз, сарала қаздардың да мұңлы қикуы талықси жетеді.

*         *        *

- Қорамсақ-ау, Қорамсақ неткен тас бауыр едің, сен мені ат сауырына салып мұнда әкелмесеңде, мен сенің бесікте атастырған аяулы қалыңдығың едім ғой, – Шолпанның нәзік дауысы торға түскен торғайдай шырылдап, үңгір аузынан алыстарға жаңғырып тұрды. – Бұл қайткенің, елден қашып қай күнің бұл, иен тауды паналап!?

Еліктікіндей құсырылған танауын тарта өксіп, көздерінің асты көлки іскен Шолпанның бетін басқан сүйрік саусақтарының арасынан жылтырай аққан мөлдір тамшылар бірін-бірі қуалай домалап жатты .

- Оу, Шолпан, зарламашы, зарламашы, қазір мен қашқынмын, елге барғанмен маған бәрі бір күн жоқ. Жиырманың бесіне енді ғана шықтым. Мен ширк ғасырымды мырышқа жем қылар жайым жоқ, – білегін сыбанып арқардың терісін сыпырып жатқан Қорамсақ жебе мұрттарын ызалана жыбырлатып, тістерін сықырлата қайрады. – Әттең, әттең! – оның шашы жауып жетпеген майлы шүйдесі күреңітіп, кең маңдайындағы тамырлары көгере білеуленіп кеткенін Шолпан көріп тұрды.

- Әттең, Шолпан, менен ұрпақ қалу керек , ұрпақ, ұқтың ба, ұрпақ !!!

Арыстанның ақырғанындай күркірей жаңғырыққан «ұрпақ, ұрпақ …» деген үнді тау жоталар бір-біріне жеткізіп, жаңғырыға қайталанып жатты.

-Ұрпақ, ұрпақ, ұрпақ…

Сайда бұлақ өкси күбірлейді, алыстан үкінің әупілдегені міңгірлей жетеді. Бірде әумесірленген жел таудың қойны-қонышына аждаһа тұмсығын тығып, қарағай, самырсындардың басы уілдей шулайды. Қырау қауырсынды дәу мақұлық тау шоқыларында туырлық қанатынан тентек борасын ойнатады.

Қорамсақ үңгір төбесіне мелшиулі, Шолпан қыстыға күрсініп аң терісіне орана түседі. Ақ боз ат далада жер тарпи осқырынады. Жылан тіліндей ілмиген жіңішке оты қалтырай бұлғақтаған майшам сәулесі үңгір аузынан аспай үңгірдің бұжыр-бұжыр төбесінде үрей көлеңкесі биге басады. Қарауытқан үңгір ішінде білтенің болмашы сырылы да ап-анық естіледі.

Ал, енді бірде қыс!

Бүкіл даланы қыстың ақ тоны қымтай түседі. Атырап аққудың майда мамығындай ұлпа қар жамылған. Қардың бетін суық қанатымен желпи ұшып бұлт өтеді. Күміс ұнтағындай қар тозаңы көз аштырмайды. Аппақ даланы қара бурадай түн көлеңкесі шөге басып, ен даланың соны қарында аш бөрілер жортуыл салады. Қаншық қасқырдың ұлыған ащы үні байғұз үнін басып түсіп, түн ұйқысын үреймен үзеді. Шашыраған шоқтай жұлдыздар әлемін қақ жарып, ақ сүңгіленген өзенді өлкенің орманындай белдеуленген құс жолы құлазып жатыр. Мұңая күбірлескен тау орманының үстінен, найза шоқыларды жанай күміс қанат ару ай баяу қалқып бара жатады.

Құлақтанып батқан күн тағы да құлақтанып шығады. Аюдың ініндей боз қырау шалған үңгір аузынан қызыл сәуле имене сығалайды.

Қорамсақ күрсінеді. Шолпан қаймыға өксиді. Ақ боз ат жер теуіп кісінейді. Күндер осылайша өтіп жатты, өтіп жатты …

Енді бірде үңгір аузынан тырс-тырс тамған тамшының үні жиі естіле бастады. Қоңырқай лепті дымқыл жел жібек қанат көктем тұманын шүлендікпен үлестіре салатынды шығарды. Бозғыл тұман сай тағанынан өрлесімен-ақ күн нұрымен шырайланып самғай ұшатын болды. Беті кілегейленген даланың сүрі қары астыннан кеміктеліп әуелгідей тышқан аңдыған түлкіні көтерерлік қауқардан айырылды. Хрусталдана құлайды. Жақпар-жақпар жартастар шаранадан аршылып тұмсығын қарайтып шыға бастады. Бұлақ сулары қошқылдана лайланып, бұйра толқындар бұрқылдай шапшып езуінен көбік шашатын болды. Жауқазындар да ептеп құлақтарын қалқайта бастады. Бірен-саран боз торғайларда пайда болды.

Көктем!

Қорамсақ бірер уақ атқа мініп қара күнгейлерден аң аулай бастады. Ақ боз аттың  да қолтығы жазылып, тұяқ қышуы басылды.

Шолпан ше?

Шолпан бұл дүниенің барлық қызығынан торықты. Деседе, әлде нені жегісі келеді. Аң еті ме, бұлақ суы ма – бір құмарлық бар. Күндер өтіп жатты.

Бір кезде оның өліп алғысы да келді.

Бірақ, тағы да бірақ не? – алқызыл күн сексеуілдің шоғындай жайнай шығып, шың басынан төккен сарғыш сәулесі оның бойына жылылық бағыштады. Жалама жартас бетінен балапандардың шулап жамырасқаны естіледі. Ағаштан-ағашқа секірген тиын бұған көзін салып еркелей құйрық бұлғайды. Бұлбұл қасақана оның қасына ұшып келіп, таңдай жырта әнге басады. Етекте бұлақтар сыңғырай, күміс маржандарын лақтырады. Оның құрсағында тың тіршілік иесі бұлқынып, анасын әлсіз тепкілей бастады. Осы кезде тау әуелгісіндей:

–Ұрпақ, ұрпақ, ұрпақ … – деп жаңғырығып қоя береді.

Шолпан даланың ауасын құшырлана жұтып үңгірге оралды. Жарының бетіндегі ноқталы қоңырқай даққа сарғыш көздерінен отты күлкі ойнай қараған. Қорамсақтың қарылғаштың қанатындай жебе мұрттары түріліп кетті. Шолпанның ақша жүзіне ұйыған тұнжыр мұңды көріп былай деді:

–  Е, е, Шолпан, несіне аһ ұрасың, әлі-ақ, біз ұрпақты боламыз, елгеде барамыз, онан соң мейлі, банды десе де артымда ұрпақ қалады, атсада, шапсада мейлі!

–       Ұрпақ …

***

Түнімен ақ жаңбыр сіберлей жауып тұрды. Даланың жұпар лебі танауды қытықтайды.

– Шіркін өмір, шіркін жаз, неткен көркем едің!

Көкірегін толтыра тыныстаған Қорамсақтың табанының астында қара Ертісті бойлай көкшіл шүйкедей боз тұман шұбалып жатыр. Тұман жыртығынан қарсы беттің жап-жасыл қарағайы арудың ақ жаулығының астынан талдана құлаған шашындай әсемдік аңғартады. Тынысты, салқын жұпар ауа көшіп жүр. Сайда өзен гүрілі, бұлақтардың мөп-мөлдір, әсем маржанды, құлын жалды бұла толқындары еңіске қарай құлдыраңдай шабады. Құлынын көрген мама биедей мекіреніп қарт қара Ертіс жатыр. Жағалаудың жалпы тасы өз піріне құлшылық қылған сопылардай, басын жерден алмастан тоңқаңдап тәжім жасайды. Әлде бір құпияны тереңіне үйірген толқындар сүйкімді қыздың мыйығындағы болмашы шұңқырындай дөңгелене ойыс жасайды.

Дала серісі, тұз тағысы да Алтайдың осындай киелі жүрегін таңдайды. Осы маңдағы бір биік құзда бүркіт ұясы болушы еді. Қорамсақ әлгі ұяға бір топ адамның келіп жүргенін байқады.

Әлгілер арқасына кергіш байлап жартас төбесінен құс ұясына адам түсірді. Кенет, қыранның ащы шаңқылы естіліп, зақпының тасындай аққан қыран әлгі адамды жанай қанатымен ұрды. Оны тыңдаған ешкім болмады, балапанды алып жайларына кетті. Оларға шүйіле найзағайдай сүйкей өткен қыран түк өнбесін біліп ақыры шырқау көкке бірақ шығандады.

Түгімен елегізіп жақсы ұйықтай алмаған Қорамсақ ертесі азаннан тұрып әлгі жартастың түбіне келді. Жақпар-жақпарлы кереге көз жартас бетіне шашылған қан мен қауырсындарға ғажаптана қараған оның көзіне дал-дұл болып жерде жатқан қыранның өлексесі көрінді. Әр жерде аттан құлаған батырдың атылмай қалған жебесіндей ірі қауырсындар бейберекет жатыр. Сөнбеген жанары шегірлене қатып қалыпты.

Бұл кезде өздері бүркіттің балапанын алған маңнан түтін көргенін хабарлаған құсбегілердің жол бастауымен тау қойнауына қалың жасақ сұғынып келе жатыр еді. Ақ боз ат әлде неге елеңдей қос құлағын қайшылап жер тарпыды. Алыстан ағаш бұтағының сынған сытыры естілді. Қорамсақ дереу атына мініп, сайдың балағынан қайқая жосылта жөнеліп еді, кенет артынан айғай шықты:

– Тоқта, Қорамсақ қайда қашып құтылмақсың?! Бүгін сен өзің төккен қанға жауап беретін боласың!!

Із-түзсіз жоғалған жауының тауда бекініп жатқанын білген жасақ бастығы етек жақтан осылай деп айғайлады.

«Мен үңгірден алыстауым керек, Шолпан шошымасын, ауыр аяқ Шолпан шошыса әлде қалай…» деп тістене күбірлеген Қорамсақ артына бұрылмастан қалың қарағай арасына сіңіп кетті. Оның ақ боз атының бұлаң еткен құйрығы мен жалпақ жауырынын ғана көріп қалған топ  ізіне түсе тауға өрмеледі.

Өрлей келе мүк басқан қарағай шірінділері сиреп, тау алқымы қорымдалып, атын етекке тастаған Қорамсақ мылтығын қолына алып аюдай зор денесін тиынша жеңіл қозғап тастарды далдалай өрмелеп бара жатты.

Енді оның тірі ұстатпасына көзі жеткен әмірші тобына:

– Атыңдар! – деп бұйрық берді. Зулай ұшқан көк мырыштар қынасын жона тастарға соғылып «шың-шың» ұшып жатты. Таудың тұнық аспанында ажал оқтарының ысқырғаны мен дәрінің күлімсі исі бұрқ етті. Қорамсақ қостай бір тасты далдалай артына мылтығының ұшын кезегені сол еді, кешегі қыранның балапанын алған, бүгінгі жол бастаушы болған өз қандасы алдымен тырамай асты. Жасақ бастығы да оң білегінен жараланып, шәбелене ойбайлады:

- Өлтіріңдер жауызды, қайтсеңдер де құртыңдар, кім  атып өлтірсе соған мол силық беремін!

Атыс үдей түсті. Қарағай, самырсын бүрлері оқтан қырқылып түсіп, табиғат ананың тұнығына жуылып келген тарғыл тастардың бетіне қызыл күрең қан шашылды. Тау тағылары бейбіт тірлігінің беймаза бүлінгенінен үрке алыстады.

Қорамсақтың ашулы жанарынан от шашырап мылтығын артына бұрса-ақ бір жасақ домалап жатты.

«Әттең!»

Бір мезет ол оқ қапшығының бос қалғанын сезді, «иә, менде оқ болмамағанымен оларда бар емес пе» деп ойлаған ол әлгінде ғана атып түсірген жасақтың оғы мен қаруын алмақа қайта қайырылды. Қорым тастардың арасынан құлдилап, алдындағы өліктің қаруына шылбыр тастам ғана қалып еді, кенет оң иығы солық етті де бүкіл денесі ұйып, көзі қарауытып кетті. Көз алдында тау дала, орман шыр айнала мұнартып бара жатты.

Оған жаралы жасақтың оғы тиген еді.

Әлгінде тарыс бітіп қалған Қорамсақтың құлағы шуылдай ашылды. Жер ғаламды зіл-залаға келтірген бір үн оның жүрегін шымырлата құлағына ап-айқын естіліп тұрды:

– Іңә іңә!

Тау самалы қан ұйыған кекілін сипап одан сүйінші сұрап жатты: «сен әке болдың, балаң дүниеге келді, тұр, Қорамсақ батыр, Сүйінші, сүйінші…!»

«Мен ұрпақты болдым» деген сөзді өзі сезбеген қалпында күбірлеген Қорамсақ одан арғысын сезе алмады.

Ал оның алдына бірнеше жасағымен тәлтіректей келген жауы Қорамсақтың езіуінен көпіршіген қанмен бірге төгіліп, сөнуге айналған, жапырақтың жүлгесінен сырғи домалаған шық тамшысындай мөлдір жымиысқа, кек пен мейір егіз ұялаған, тау басындағы қызғылтым тұман алауы сағымдай шоқтай жайнай қатып қалған жанарына жауыққан үреймен қарап тұрды.

Жасақ бастығының құлағына сонау аспан шалғайынан шыққан бала қыранның ащы шаңқылы әзірейіл үні боп тиіп жатты.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

 

СӘБИЛЕР МАЗАРЫ

 

(ҚХР-дағы жоспарлы   туу   салдарынан   шетінеген   сәбилер   рухына бағыштаймын)

 

Етегіне емхананың артқы дуалы келіп тірелетін Қаратаудың шағын төбешігі бүйректей бұлтиған ұсақ төмпешікке толы еді. Жұрт оны «сәбилер мазары» деп атайтын. Тіпті біреулердің:

- «Сәбилер мазарынан» шырқырап жылаған баланың дауысы шығады – дегенін естігенмін бар.  Сонан ба, сәбилер мазарының сырлы тылсыматы аңсарымды аудара берді.

Ызғарлы желі сүйектен өтетін күз күнінің бірі болатын. Қас қарая Қаратаудың бөктеріне келдім. Қаратау десе дегендей алып қара жартас төбеден төне қарап, қоюласа бастаған түн бояуын баттастыра қалғиды. Жартасқа ұрылған дала желі тынымсыз гуілдеп, беймаза уыл-шуыл шығарады. Құлағымның түбінен жанай өткен жарқанат қанатының сусылынан түршіге қалып, аз тұрдым да айналама қарадым. Жер сұлбасынан «Сәбилер мазарына» жақындағанымды біліп, үлкен бір тастың суық бетін сипалай барып отырдым. Жел барған сайын күшейе түсті. Манағы тау қойнауының беймаза уыл-шуылы енді шыт жаңа басқа күйге ауысқандай, жылаған, шырқыраған сәбилер үні тұс-тұсымнан шулап қоя берді:

Уу, уу, іңгә, іңгә, іңгә, ә, іңгә, уу…

Тасты қолыммен дірілдей тірене жалтақтап маңымды барладым. Кеуде тұсымды «тарс-тарс» ұрған жүрегімді меңгере алмай, мең-зең күймен бірталай отырып қалдым. «Жоқ, жоқ, бұл баланың дауысы емес, желдің шуылы» деп қалтыраған аяғымды қадай басып, орнымнан тұрдым. Сол-ақ екен, емхананың артқы дуалынан суырыла шыққан екі қара көлеңке қатарласа ілби басып «Сәбилер мазарына» таяды. Таяды да, жерге сіңіп бара жатқандай шөгеріле аласарып, бүгіле солқылдады. «Жын ба, адам ба?» Үрейлене аңтарылған   мен    орнымнан    қозғалуға    батына    алмай, қайтадан баяу басыла отырдым.

Түн жер бетіне қара тұмылдырығын кигізіп болдым-ау деген шақта шығыс жиек шырайлана ағарып сонау жотадан айдың шекесі қылтия қалды. Көлеңке біткен ық жағына жалдай қисайып аласара берді де, айнала анық көріне бастады. Сәбилер мазарының шетіне бүгілген екеуді де ай сәулесі арқаларынан сипап, алдарындағы ұсақ төмпешіктерге уыз нұрын ұсына берді.

Бұлар жын емес, бір ер, бір әйел., екі адам екен. Доғадай иілген жоталарының солқылдауынан-ақ жылап отырғаны білінеді. Танауларын тартып, өксулері де еміс-еміс естіледі. Бір мезетте еркек орнынан сүйретіле тұрып, қарлығыңқы үнмен:

- Болды, тағдырдың бұйрығы солай шығар, тұр, Күләш, орныңнан, – деп әйелді демеді. Әйел онан арман бүгіліп алдындағы топырақты кеудесімен басардай егілді. Еркек әлгіндей емес, шираңқырай тіл қатты:

- Болды, тұр деймін, тағдырдың бізге берген бір қыз баласы да жетеді, ұл көрсек деп армандаушы едік, енді міне, оны да күні толғанда шырқыратып түсіріп, зорлықпен түсік қылып, берген құдайдың өзіне қайтарып, қара жерге тапсырдық! Тәубе қылайық, тұр орныңнан!

Жігіттің қатқыл үні қарлығыңқы шықса да, әйелдің буынын бекітті ме, қолтығынан сүйемелдей көтерген қарымды қолдың ығына қарай көтеріліп, артына бұрылды. Сонда да солқ-солқ етіп егіліп жылап бара жатқаны байқалады. Екі көлеңке дуал далдасына сіңіп кеткенде барып байқаппын, бағанағы қорқыныштың орнын елжіреу алған жүрегім көзіме жас моншағын іркіп тұрыпты, шықтай мөлдір тамшылар төгіліп кетті. Көз алдым буалдырланып, дала желі тағы да ысқыра шуылдады:

– Іңгә, ің…о-у, іңгә, іңгә, іңгә, уу…у, іңгә, ің… у, іңгә… ә…

Құлағымда көрші қарттың әңгімесі күңірене шертілді: «Е, қарағым, біздің мына шағын қалашық қаншалаған адамның қанымен суарылмады. Басқасын айтпайық, Ма бу Фаңның әскері халықты қырғанда алпыс сәбиді найзаның ұшына іліп өлтіріп, анау – Қаратаудың бөктеріне бесігімен қойғанбыз, бесігімен, – әжімді жүзін айғыздай келіп, сақалынан    тамшылаған    жасты    түрпілене    жарылған алақанымен дірілдей сүртіп, сөзін жалғай берген: «Қарағым, басқасын айтпайық, зор секіру деген пәлесі шығып сәбилерді түгел бала бақшаға алып, сонда мына менің екі кенжем ішінде қырық бала бір орында іш аурудан, аштықтан қырылып оны да сол, сол – анау оңбағыр Қаратаудың түбіне бетін әзер жасырғанбыз», – деп солқылдаған қартым сексен сегіз жас ие алмаған белін бүктей егілген.

- Іңгә, ің…о-у, іңгә, іңгә, іңгә, уу…у, іңгә, ің… у, іңгә… ә…

Менің көз алдыма асық атып, доп қуған топ бала келді. Бірде тай-құлынға мінгесіп шапқылап бара жатса, бірде алты бақан әлпеншегінде әнмен тербеледі, бірде айсыз түнде ақсүйек қуалап жүгіреді. Көз алдыма елі үшін ұрандап бөрілі байрағын ұстаған, «егеулі найза қолға алған, ереуіл атқа ер салған» сарбаздар қосыны елестеді.

Бірақ, көз алдымдағы сурет ай сәулесінің ақ уызын мүлги емген ұсақ-ұсақ сыз топырақты төмпешіктер. Сәбилер періштесін ұялатқан Қаратаудың қара жартасы  төменге суық қарап, түнере мелшиулі.

Мен осыдан кейін сәбилер мазарынан шығатын дыбысқа шүбәланбай сенетін болдым.

Әне, әне… тағы да шықты:

- Іңгә, ің…о-у, іңгә, іңгә, іңгә, уу…у, іңгә, ің… у, іңгә… ә…

 

1994 жыл, Алтай.

 

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

 

ОҚУ СОҚҚАН

 

– Мағау келе жатыр. Мағау келе жатыр – деп шуласа қашатын бүкіл ауыл балалары. Ол менің бес жастағы кезім.

Дөңгелек жүзді толықша келген орта бойлыдан биіктеу алба-жұлба киімді қара кісі келе жататын. Кіндігінің біраз жері жалаңаш. Бұл кез «Мәдениет төңкерісі» аталатын зобалаң бүкіл шығыс Түркістан даласын өрттей жалмап тұрған ала құйынды жылдар еді.

Үлкендер:

– Оқу соққан! Әкесі Башақ үш мың қой біткен қайырымды бай болған. Малдың парызынан құтылам деп қажыға дайындалып жатқанда, отыз алты жасында аурудан қайтыс болған. Өсиеті бойынша қажылық жиғандарына мешіт салдырып, бала оқытқан. Қамажан имамнан оқыған Мағау көп білім игерген. Мына зобалаң заман осы күйге түсірген, – деп көкірегін айыра күрсінетін. Араға жылдар салып Мағау да өтті өмірден.

– Жақия келе жатыр. Жақия келе жатыр, – деп шуласа қашып үйге келетін кішкентай інілерім. Ол менің жиырмадағы кезім. Бөлек отауға шыққанбыз. Ауылда қыдырып шай ішіп, ән салып жүретін Жақия деген мүгедек шал бар еді. Біздің отауға келеді. Кішкентай үкі көздері жапақ-жапақ етіп еті жұқа еріндерінен түкірігін шаша сөйлейді. Екі ұрты ішіне кірген оның алдына ас қойсаңыз «нанның қыры» деп сөз бастайды. Тілі мүкіс, бір сөзі ұғылады, бір сөзі ұғылмайды:

– Би, би, бидің үйі, – дейтін. Ол менің ұлы әкем Мұқай биді айтқаны еді. Көзі көрген көне шаңырақтың орнында от тұтатып отырған бізге ескі әңгімені айтқысы келеді. Амал нешік тілі жетпейді. Қарындасым Нұргүлді көрсетіп:

– Мазақ, Мазақ, – деп ежіктейді. Ол қарындасымның әжеміз Мазаққа ұқсайтындығын айтқаны еді.

Үлкендер:

- Оқу соққан әкелері Алтайдағы төрт қасиетті орынның бел ортасы болған Көкен бидің ауылынан тарайды. Өз кезінде оқымысты, әнші, сал сері жігіт, е, дүние-ай, – деп көздеріне жас алатын.

Араға жылдар салып Жақия да өтті өмірден.

 

***

 

– Адығай келе жатыр. Адығай келе жатыр, – деп үрке қашатын балаларым. Ол менің жиырма бестегі кезім. Сарсүмбе қаласына кереге жайғанмын.

Үстіне май-май киім киген, басында милықтаған шәпкісі бар, дөңгелек қызыл шырайлы алпамсадай кісіні көп көремін. Кейде сонау жіңішке Қыранның басынан қарақат, тошала, бүлдірген теріп әкеліп сатып жүрсе, кейде отын иә жарақсыз бірдемелерді арқалап өз жұмысы өзінде, өзіне-өзі сөйлеп бара жатады. Адығай десе бұл қалада оны танымайтын адам жоқ. Оның азан шақырылған аты солай ма, жоқ лақамы ма оны білмеймін.

Үлкендер:

– Оқу соққан! Асса алты алашқа, қалса бүкіл Алтайға аты шыққан Әбдікәрім болыстың немерелерінің бірі. Арғы беттің Қаратайы. Есінен адасқанымен текті тұқымнан қалған жалғыз тұяқ. Көп оқыған ақын, әнші азамат екен. Амал не, опасыз жалған-ай,  – деп тереңнен тыныс алатын.

Араға жылдар салып Адығай да өтті өмірден.

***

Жылдар тұрмады. Орда бұзар отызымда Алтайдан Алатауға кеттім. Қай-қайдағы есіме түсіп Алматы көшесінде көрші кемпірдің:

–   Дүние бірқисық жол бұраңдаған,

Бақ қайтса басқа дәулет құралмаған, – деген мұңлы әнін күбірлеп келе жатсам әлдебіреулердің мені меңзеп:

– Оқу соққан! – деген күбірін естіп қалдым.

Мен қайта ойландым: Мағау, Жақия, Адығайлар расында оқу соққан ба? Бірақ, кеш ойладым. Өйткені қазір оларда, оны айтқан үлкендер де жоқ еді.

Дүние бір қисық жол…

 

Ж.Шәкенұлының «Жүрек неге жылайды» кітабынан

 

Related Articles

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

  • МӘҢГІ ҚАЗАҚ(ертегі фэнтези) 

    ҚАЗАҚТАРҒА ЖАСАлып жатқан  ҚИЯНАТ КӨП БОЛҒАСЫН, « Мәңгі қазақ» атты әңгіме жазсам деп жүретін едім. Осыдан бір күн бұрын сол әңгіменің сюжетіне келетін түс көржім. Кешеден бері жазуға кіріссем бе деп жүр едім, сәті бұгін түскен сияқты. ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ Өте ертеде емес, бүгінде емес, ғылым докторлары Санжар мен Балжан институтта қызмет ететін.Өздерінің лауазымдарына қарай қарапайым екі қатарлы жақсы салынған коттеджде тұрды.Интеллигент адамдар өмірдің қиындықтарына көп мін бере қоймайды ғой, Өмірлері мәнді, жайлы өтіп жатты. Жақсылықта көп күттірген жоқ, Санжар мен Балжан ұлды болып, коттеджде шағын той өтті. Неге екенін қайдам, әке шешелері ақылдасып, ұлдарыныі есімін Аңсар деп атаған. Аңсар ертедегідей тез де өскен жоқ, кеш те өскен жоқ. Тәрбиелі жігіт болып

  • СУ ІШКЕНДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗЫУШЫНЫ ҰМЫТПА

    (23 – әңгіме) БАЙАХМЕТ ЖҰМАБАЙҰЛЫ — Біздің заманда сендерше киімнен-киім таңдайтын жағдай қайда, жамап-жасқап, тон, шалбар кисек те жететін. Сөйтіп жүріп аянбай еңбек еттік. Бүгінгі күн басатын жолды ол кезде айлап жүрдік, тіпті бүгінгідей дүниенің төрт бұрышынан хабар тауып отыратын жағдай қайда? — деген қария немересінің жұмыстың қырын білмей, тік қасық болып өсіп келе жатқанына наразы бейнесін аңғартып, өз өмір кешірмесінен кеңестер қозғаған. Немересі: — Ата, сол дәуірде туған өздеріңіздің сорлы болған тәлейлеріңізден көрмейсіз бе? Оларыңызды бізге айтпаңыз, —демей ме. Ашудан жарыларман болған қария: — Е, ондай болғанда «Ұрпақ үшін бақыт-байлық жаратсам» деп тер төгіп, жан қиып, азып-тозған ата-бабаларың сендерге айыпты болғаны ғой. «Теңдік үшін» деп әкем оққа ұшты. Ал

  • Мұхтар Мағауин: ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ…

    яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүдәмалда қалмасын деп. Алдымен, айқайлы сұхбатты оқымаған бүгінгі жұртшылық үшін, ең бастысы – Д.Исабеков бауырымыздың мүбәрак есімін кейінгі заманға ұмыттырмай жеткеру

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: