Тұлғалар Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі
ЖАТ ЖЕРДЕ ҚАЛҒАН ҚАЗАҚТАР
Кеңестік жылдары қазақ халқына қарсы жасалған большевиктердің зұлымдық саясатының құрбаны болған талай мыңдаған, миллиондаған қазақтың сүйегі атажұртынан тыс жерлерде, жат жұртта қалды. Әсіресе, большевиктердің қолдан ұйымдастырған 1929-1933 жылдарғы ашаршылық кезінде қазақ жерінен ауып, шетелдерге бас сауғалаған талай қазақ сол жақта өлім құшты. Көбі көмусіз иен далада қалды.
Бірақ біздің айтпақ болып отырғанымыз, «Ұлы Отан соғысы» деп аталатын Германия мен СССР арасындағы 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан талай боздақтың елге қайтпай, жат жұртта қалғаны. «Соғыс тұтқыны» аталған осы қазақтар соғыс біткен соң «елге қайтсақ, сталиндік террордың құрбаны болармыз» деген қауіппен Германияда қалуды жөн санайды. Олардың көбі «Түркістан легионы» құрамында болды. Кезінде Мұстафа Шоқайдың көмегімен неміс концлагерлерінен босанған осы азаматтардың кейбірі қазақ тілінде газет, журналдар шығарып, онда өздерінің атажұртқа деген сағынышқа толы ойлары мен мақалаларын жазып тұрды.
Солардың бірі соғыс жылдарында Берлин қаласында шығып тұрған «Милли әдебиет» (Milli Adebyet) журналының бас редакторы болған Мәжит Айтбай еді. Ол 1914 жылы Қызылорда облысында дүниеге келіп, Алматыда Қазақ педагогикалық институтын бітірген соң, 1937-1939 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы, студенттер даярлау курсының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағынының Қызылорда облысы бойынша бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқарған. 1941 жылы соғыстың алғашқы күндері неміс қолына тұтқынға түседі. М.Шоқайдың көмегімен неміс концлагерінен босанған ол, «Түркістан ұлттық бірлік комитетіне» мүше болып, «Жаңа Түркістан» (Jeni Turkestan), «Милли Түркістан» (Milli Turkestan) газеттерін шығарысқан, 1943 жылы Берлинде «Абылай хан» атты өлеңдер жинағын шығарған. Оған екі дастан, үш баллада, төрт ән, 41 өлеңі енген. Шығармаларын «Қобызшы Қорқыт» деген бүркеншік атпен жазған, Мәжит Айтбай 1945 жылы АҚШ пен Англияның Дрезден қаласына жасаған әуе шабуылы кезінде қаза болды. Марқұмның қабірі қайда екені белгісіз қалды.
Жат жерде қабірінің қайда екені белгісіз қалған тағы бір қазақ Мәулікеш Қайбалды (Асан қайғы) Ленинград университетінің философия факультетін бітірген соң, Алматы университетінде орыс әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенде әскерге шақырылып, соғыс кезінде немістердің қолына тұтқынға түскен. Оны Мұстафа Шоқайдың өзі тұтқыннан босаттырып, Берлинге алдыртқан екен. Соғыста немістер қолына түскен, ортаазиялық және қазақстандық тұтқындар арасында таратылып тұрған «Милли Түркістан» журналында «Асан қайғы» деген бүркеншік атпен Мәулікеш Қайбалды Алашорда қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және Сәкен Сейфуллин мен Бейімбет Майлиннің жазған еңбектерін көпке таныстыруда біршама еңбек еткен. Өз білім жігерін үлкен мақсатқа жұмылдырған М.Қайбалды Берлинде сегіз айлық аудармашылар курсын оқып бітіреді, одан кейін Майндағы Франкфурт университетінің неміс философиясы және ағылшын тілі факультетінде білім алады. Оның неміс журналдарында әдеби мақалалары жарияланып тұрады. Германияда неміс тілінде «Жұмақтан жеткен жансауға үні» атты романы жеке кітап болып, жарық көреді. «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясының алғашқы директоры болып істеген Асан қайғы (Мәулікеш Қайбалды) 1969 жылы белгісіз жағдайда қайтыс болады. Оның өлі денесі Мюнхен қаласы шетіндегі теміржол бойынан табылған. Марқұмның қабірі о баста Мюнхен қаласының шетіндегі мұсылмандар зиратында болса, кейін ол жерден шығарылып тасталған.
Соғыс тұтқыны ретінде елге қайтпай, Германияда қалуды жөн санаған қазақтардың бірі – Қарыс Қанатбай. 1911 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. 1936 жылы Свердловск қаласындағы тау-кен институтын бітірген соң, Қазан қаласында инженер, кейінірек басшы қызметтерін атқарған. Герман – Кеңес соғысына офицер шенінде қатысып, 1941 жылы тұтқынға түсіп, түрмеден Мұстафа Шоқайдың көмегімен босап шығады. 1942 жылы Түркістан ұлттық комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарған. Түркістанның ұлттық тәуелсіздігі үшін қызмет еткен тұлғалардың арасында Қарыс Қанатбай есімі Мұстафа Шоқайдан кейін айтылады. 1951 жылдың қыркүйек айында Мюнхен қаласында «Түркелі – Түркістан Азаттық Комитетінің органы» деген атпен екі тілде: түрікше және орысша «Түркелі» журналын шығарып тұрған. Ол – «Азаттық» радиосының Орта Азия редакцияларының ашылуына тікелей араласқан, өзіндік ықпалы болған күрескер тұлға. Қ.Қанатбай антикеңестік эмигранттардың Висбаден конференциясына делегат ретінде қатысқан. Қ.Қанатбайдың жазған естелігі, жарияланған еңбектері бізге әзірше беймәлім. Неміс әйелге үйленген Қарыс Қанатбайдың артында ұрпақ қалмаған. Дегенмен де оның көптеген тарихи маңызды істерге куә екені белгілі, ол 1982 жылы 71 жасында қайтыс болды. Марқұмның қабірі Мюнхен қаласының шетіндегі мұсылмандар зиратында жатыр.
Екінші дүниежүзілік соғыста немістер қолына тұтқынға түсіп, кейін Германияда қалып қойған тағы бір қазақ – Дәулет Тағыберлі (1919-1987). Дәулет Тағыберлі Арқа жақтағы керей руынан, соғыстан бұрын Қазақстанның оңтүстік бөлігінде тұрыпты. Оның соғыс кезінде қашан, қалай тұтқынға түскені және одан кейін қайда болғаны анық емес. «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясында Асан қайғыдан кейін қызмет істеген – қазақ бөлімінің жеке редакция болып құрылуына белсене атсалысқан қазақтардың бірі. Д.Тағыберлі басқарған кездегі «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясында болған бір айтулы оқиға – қазақ тілінде ғана хабар беретін «Түркістан – 3» деп аталған редакцияның жеке бөлініп шыққандығы. Неміс әйелге үйленіп, өмірінің соңғы жылдарын АҚШ-та өткізген Д.Тағыберлі 1987 жылы қайтыс болып, сүйегі Мюнхен қаласындағы мұсылмандар зиратына жерленген.
Жат жерден топырақ бұйырған тағы бір қазақ – Жәкебай Бапыш (1922-2000). Қызылорданың Қармақшы ауданында дүниеге келіп, сондағы пединституттың екінші курсын бітірген соң 18 жасында әскерге алынып, кіші офицерлер курсын оқып жүргенде соғыс басталады. Майданда қоршауда қалып, тұтқындалған. 1945 жылы неміс түрмесінен қашып шығып, қалжырап, сырқаттанып, талай бейнетті көріп, әрең деп өлім ауызынан қалған соң, елге қайтпай, Германияда қалып қойған қазақ. Қиыншылықтарға қарамастан, Германияның Нюрнберг қаласындағы радио-техника институтына оқуға түсіп, «Азаттық» радиосының көмегі мен қолдауы арқылы сол білім ошағын ойдағыдай бітіреді. Д.Тағыберліден кейін радионың қазақ бөлімшесінің директоры болған Жәкебай Бапыш – радиода 1955 жылдан 1986 жылға дейін 31 жыл, ең көп жұмыс істеген ардагер қызметкер. Өмірінің соңғы жылдары Мюнхенде өмір кешкен, Ж.Бапыш ақсақал 2000 жылы 31 мамырда 78 жасында қайтыс болды. Қазір Мюнхен қаласының шетіндегі мұсылмандар зиратында жатыр.
Германия жерінде топырақ бұйырған тағы бір қазақ – белгілі диссидент Махмет Құлмағамбетов (1930-2009). 1930 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітірген. 1954-1958 жылдар аралығында Түркіменстандағы Чарджоу жоғары оқу орнында және одан кейін Қырғызстанның Фрунзе қаласындағы медицина және политехника институттарында дәріс берген. М.Құлмағамбетов кеңес билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, марксистік-ленинистік бағытты қатаң сынағаны үшін 32 жасында тұтқындалып, 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының үкімімен 7 жылға сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге кесіледі және 3 жылға жер аударылады. Жазасын өтеп шыққаннан кейін М.Құлмағамбетов елге қайтпай, Украинаның Харьков қаласында тұрған. 1970 жылдардың соңында Кеңес Одағынан шетелге эмиграцияға шыққан М.Құлмағамбетов «Азаттық» радиосына саяси шолушы ретінде қызметке тұрып, өмірінің соңына дейін Кеңес елінің шындық жай-күйін, өзі көріп біліп, басынан кешкен ауыр да тауқыметі қиын жағдайларды «Азаттық» радиосының толқыны арқылы талмай баяндайды. Махмет Құлмағамбетов 2009 жылы 78 жасында Мюнхен қаласында қайтыс болды.
«Азаттық» радиосында ұзақ жылдар қызмет еткен Хасен Оралтай 2006 жылы Түркияның Измир қаласында жарық көрген «Елім-айлап өткен өмірден соң» кітабында, Германияның Мюнхен қаласындағы және Берлиндегі мұсылмандар мазарында жатқан қазақтар қабірінің жағдайына алаңдаушылық білдіре отырып, «Берлиндегі мұсылмандар мазарына Мұстафа Шоқай жерленген, ал Мюнхендегі мұсылмандар мазарында ондаған қазақтың қабірі бар болатын-ды. Қазір олардың көбі орнында жоқ, жыл сайын төленуі тиіс ақша төленбегені үшін немістер жағынан қабірлерінен шығарылып тасталған. Қазақстанда зиялы қауымға есімі белгілі Мәулікеш Қайбалды (Асан Қайғы) қабірінен шығарылғандар қатарында» деп дабыл қаққаны есімізде. Жат жұртта қалған қазақтар тағдырын осылайша сөз еткен қоғам қайраткері, жазушы, публицист Хасен Оралтай 2010 жылы 77 жасында Мюнхенде ауыр науқастан қайтыс болды. Марқұмға бауырлас Түркия жерінен топырақ бұйырып, Салихлы қаласының орталық мазарындағы әкесі Қалибек Раймбекұлы Хакімнің қасына жерленді.
Жуырда Орал қаласынан Серік Қанатбай есімді азамат осы мақала авторының жөн сілтеуімен Мюнхен қаласына барып, қала шетіндегі мұсылмандар зиратында жатқан атасы Қарыс Қанатбайдың қабіріне бас иіп, Құран оқытып, елден апарған бір уыс топырақты сеуіп қайтты. Қаншама жылдар бойы атасының қабірінің дәл қайда екенін біле алмай жүріпті. Аталарының қабірінің суретін тауып, интернет арқылы жолдағанымда барлық туыстары жиналып, ұлар-шу болыпты. Кеңес жылдары аталарын іздеуге, сұрау салуға тыйым салынғандықтан, тәуелсіздіктің арқасында ғана ұзақ жылғы сағыныш армандары осылай орындалса да сол маңайдағы қазақтардың қабірлерінің елеусіз күйде, ешбір қоршаусыз, көбін арамшөп басып кеткені жанын ауыртыпты. Неміс заңы бойынша әр қабірдің жеріне марқұмның туыс-туғандары жер салығын, яғни, шамамен жылына 70-80 евро көлемінде төлемақы төлеп тұрулары тиіс екен. Немістер болса, марқұм болған туысқандары үшін жер салығын бірден 10 жыл не 20 жыл уақытпен төлеп тастайды екен. Осы уақытқа дейін Түркиядан Германияға жұмыс істеуге барған «гастарбайтер» қазақтар «соғыс тұтқыны» ретінде елге қайтпай, Германияда қалып қойған осы қазақтардың қабірлерінің басына барып, Құран оқытып, шама-шарқынша жер салықтарын төлеп жүріпті. Қазір ол қазақтар да қартайып, қайсыбірі бұл өмірмен хош айтысса, қайсыбірі Түркияға қайтып кеткен. Естуімізше, егерде жер салығы бірнеше жылдар бойы төленбесе, онда неміс өкіметі қабірді сүріп тастап, жерді басқаға сатуға құқылы көрінеді.
Осы орайда басқа елдердің жат жұртта қалған өз адамдарына деген ықылас, пейілі қалай болатыны туралы мына жайтқа көңіл аударуды жөн көрдік. Туысқан Әзербайжан елінің бұрынғы президенті Әбілфейіз Елшібей ресми сапармен Түркия астанасы – Анкараға барған күні ертеңінде ерте тұрып, қасына молда ертіп, сондағы зиратта жерленген Әзірбайжанның 1918-құрылған Ұлттық үкіметінің бастығы Мехмет Емин Расулзаденің қабіріне барып, Құран оқытыпты. Мұны марқұм Хасен Оралтай ағадан естіген едім.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақ жеріне де соғыс тұтқыны ретінде әкелініп, ауыр жұмыстарға салынған жапон әскерлерінің қайсыбірі қиын, ауыр жағдайға шыдамай о дүниелік болғаны белгілі. Кейін Жапония үкіметі Қазақстандағы сол азаматтарының жатқан қабірлерін тауып, оларға ескерткіштер тұрғызып, сыртына қоршау салдырып, күзет қойдырғаны туралы естіген боларсыз. Ол ол ма, Жапониядан шетелдерге баратын үкіметтік деңгейдегі делегацияның өзі егер сол елде жапон сарбаздарының қабірі бар болса, міндетті түрде соған барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етеді екен. Қазақстаннан шетелдерге баратын үкіметтік делегацияның сол елдерде қандай бір себептермен қалып қойып, жат жерден топырақ бұйырған қазақтарын іздепті деген хабарды естімедік. Неге солай? Хасекеңнің айтуынша, Әзірбайжан президентін таң атпай Анкара зиратына апарған – оның бойындағы бұлқынған рухани күш пен ұлттық сананың жоғары болуы.
Қазақ халқы да – ғасырлар бойы өлгенін құрметтеп, еске алып, жоқтап өскен халық. Сондықтан да «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ халқының алдындағы рухани жаңғыру қажеттілігін алға қойғаны белгілі. Ендеше, жат жұрттан топырақ бұйырған осы қазақтарды үнемі еске алып, олардың қабірлеріне қоршау тұрғызып, ие болу бәріміздің әсіресе, ең әуелі ел үкіметі тарапынан жасалуы тиісті маңызды іс.
Бұл орайда, Берлиндегі түрік зиратына жерленген Мұстафа Шоқайдың қабіріне және Германияның Мюнхен қаласының шетіндегі мұсылман зиратында елеусіз жатқан «соғыс тұтқыны» болған қазақтарға Берлиндегі Қазақстан елшілігі, Мюнхен қаласындағы Қазақстанның бас консулдығы иелік етсе, біздің нағыз ел екенімізді халықаралық деңгейде жақсы жағынан таныта алатын тағы бір оңды іс болған болар еді.
Досан Баймолда «Айқын» газеті
Пікір қалдыру