|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Орыстарды Ресейге шақыру және олардың реакциясы


«Россия» әуе компаниясы ұшағы жанынан өтіп бара жатқан автобустағы жолаушылар. Көрнекі сурет.

«Россия» әуе компаниясы ұшағы жанынан өтіп бара жатқан автобустағы жолаушылар. Көрнекі сурет.

Қазанның соңында Ресей президенті Владимир Путин 2019-2025 жылдарға арналған миграциялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын бекітіп, шетелде тұратын орыстарды «Орыс әлемін» нығайтуға шақырды, «көшіп келсе жағдайларын жақсартамыз» деп уәде берді. Бұл туралы Қазақстанда тұратын орыстар мен сарапшылар не ойлайды?

Жаңа тұжырымдама туралы Путин қазанның 31-і күні Мәскеуде өткен Отандастардың 6-дүниежүзілік конгресінде мәлімдеді.

Путиннің айтуынша, бұл тұжырымдама «жүйедегі бюрократияны жоюға» арналған, қоныс аудару бағдарламасы бойынша қолайлы жағдай жасаудың, елге келу, жұмысқа орналасу және Ресей азаматтығын алудың нақты ережелерін ұсынады.

Путиннің айтуынша, өзге елдерде (мысал ретінде Украина мен Балтық елдерін келтірді) орыстарға қатысты «русофобия, ұлтшылдық, ескерткіштермен және орыс тілімен күрес, сепаратизм бойынша айыптау мен құқығын белден басу» белгілері байқалады.

Ресей президенті Мәскеудің бүкіл әлемдегі «отандастарының» құқығы мен мүддесін «шешімтал түрде қорғауға» дайын екенін атап өтті.

«…Сіздер – ресейліктер деген алып қауымның өкілісіздер. Біртұтас, үлкен орыс әлемінің өкілісіздер. Бұл әлем ұлты мен дініне қарап пайда бола салған жоқ. Орыс әлемі Ресеймен рухани бірге адамдарды, орыс тілін, мәдениетін, тарихын қорғаушыларды әрі қолданушыларды біріктірді» деді Путин.

Ресей президенті Владимир Путин шетелде тұратын отандастардың әлемдік конгрессінде сөз сөйлеп тұр. Мәскеу, 31 қазан 2018 жыл

Ресей президенті Владимир Путин шетелде тұратын отандастардың әлемдік конгрессінде сөз сөйлеп тұр. Мәскеу, 31 қазан 2018 жыл

Бұл тұжырымдама бұрын, 2012 жылы қабылданған, 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын тұжырымдама аяқталмай жатып қабылданып отыр. Жаңа тұжырымдаманың “Ресейге ерікті түрде келетіндердің (бұл кетіп, қайта келемін дегендерге де қатысты) жағымды әлеуметтік байланысқа қосылып, Ресей қоғамының толыққанды мүшесі болуына қолайлы режим жасауға” бағытталатыны айтылған.

«БҰЛ – БІЗДІҢ ОТАНЫМЫЗ»

Қазақстанда орыстар саны жағынан екінші орын алады. Статистика бойынша, 2018 жылдың басында орыстар елдегі тұрғындардың 20 пайызын (3,6 миллион) құраған.

СССР тараған соң елден кеткен орыстардың саны 1,2 миллионды шамалайды. Оның дені Ресейге кетті.

Солардың арасында 1999 жылға дейін Батыс Қазақстан облысының Ақтау атты шағын ауылында (Оралдан 100 км қашықтықта) тұрған Курбановтар отбасы бар. Кетер кезде Курбановтар ауылдағы жалғыз орыс отбасы еді.

Ресейге кетуге он бірінші сыныпта оқитын ұлдары Романы ұрылардың атып өлтіргені себеп болады, жасөспірім оларды сиыр ұрлап жатқан жерінен ұстайды. Отбасы Ресейдің Орлов облысына көшеді, бірақ ол жақта ұзақ тұрмайды. Бір-екі айдан соң Курбановтар қайтадан Қазақстанға оралады.

- Ол жақта жұмақ орнаған деуге келмейді. Жергілікті тұрғындармен сөзге келмедік, бірақ жұмыс табылмады. Азаматтық алуда көп мәселе туындады. Жаңа жүйеге бейімделе алмаған шығармыз. Қысқасы, олардың тұрмыс-салтын қабылдай алмай, кері қайттық. Қазақстанға үйреніп қалыппыз. Біздің менталитет басқа, – дейді отағасы Валерий Курбанов.

Қазір олар Оралда тұрады. Валерий экскаваторшы болып істейді, Қазақстанда «өздеріне ешкімнің қысым жасамайтынын», қазір егде тартқан жасында «ешқайда кетуді ойламайтынын» айтады.

- Бұл – біздің отанымыз. Қарттарды осында жерледік. Өзім, әйелім және қызым қазақша сөйлей аламыз. Алпысқа келген жасымда басқа кімге керекпін?, – дейді ол.

ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚСТАН!

1990 жылдары басталған орыстардың Қазақстаннан кету процесі әлі де жалғасып келеді.

34 жастағы Юрий Зуев 2008 жылы Ресейге кетті. Ол ата-анасымен бірге туып-өскен жері Оралдан көрші Орынбор облысына көшіп кетті.

Юрий Зуев

Юрий Зуев

- Кеткенім үшін өкінбеймін. Оралда қалып қойсам, ішімдікке салынып кетер едім. Ондай қалада басқа істейтін ештеңе жоқ болатын, – дейді ол.

Юрий Қазақстанда ұлтшылдық белгілерін көргенін айтады.

- Тұрмыстық деңгейдегі ұлтшылдық әркез болатын шығар. Бірақ кейде шектен шығып кетеді. Мәселенің тамырына үңілу керек, ал мынау – әлеуметтік мәселе, – дейді ол.

Путиннің «Орыс әлемі» туралы миграциялық саясатын Зуев Ресей президентінің «рейтингті көтеру» әрекеті деп санайды.

- Зейнетақы жасын өсіру, қосымша құн салығы мен бағаның өсуіне қарай оның рейтингі төмендеді. Қарапайым халықтың жағдайы жақсы емес. Соған қарамай Сирияны қалпына келтірмек. Ал ауылдарда фельдшерлік бөлімшелерді жауып жатыр. Бұл өте жаман, – дейді Зуев.

«Лад» республикалық славян қозғалысы төрағасының орынбасары Петр Кузьменко Қазақстандағы орыстардың жағдайын «алаңдатарлық» деп санайды.

- Қазақстанның тек қазақтар үшін моноэтникалық мемлекет жасап жатқанын сеземіз. Ол алдымен тіл саясатынан байқалады. Біраз уақыт өткен соң орыс тілі түкке жарамай қалады. Мемлекеттік мекемеге тек қазақ тілін білетіндерді алады, – дейді ол.

Кузьменконың айтуынша, олардың ұйымының қоғамдық қабылдауына Ресейге көшу мәселесін сұрап «өте көп адам» келеді. Олардың кету себебі көбіне биліктің тіл және кадр саясатымен байланысты екен.

Кузьменконың пікірінше, орыс тілді тұрғындар тіпті жергілікті билік деңгейінде елдің саяси өмірінен тыс қалған. Оның дерегі бойынша, соңғы екі-үш жылда жыл сайын Қазақстаннан Ресейге шамамен 10 мыңға жуық адам қоныс аударады.

Алайда Кузьменко Путиннің сөзі «Орыс әлеміне, соның ішінде Қазақстанға еш ықпалы жоқ» деп санайды.

- Біз тек өздігімізден күн көріп жатырмыз. Ресейден еш көмек жоқ, соған ренжиміз. Материалдық тұрғыда жағдайымыз жақсы, 50 жылда ешкім құқығымды шектеген жоқ. Бірақ орыс мектебі жабылғандықтан еңбекке қабілетті адамдар ауыл-қалалардан кетіп жатыр. Ресейде бізді ешкім музыкамен гүл ұстап қарсы алайын деп тұрған жоқ. Бірақ барам дегендер балалары үшін кетеді, – дейді Кузьменко.

«Лад» белсендісінің айтуынша, Ресейдегі ең үлкен проблема – азаматтық алу.

- Бұл – өте күрделі бюрократиялық процедура. Иә, қоныс аудару бағдарламасы да, отандастар туралы заң да бар, бірақ ресейлік шенеуніктер Қазақстандағы сияқты ешкімге бағынбайды. Біздікілер азаматтық алу үшін Ресейде кем дегенде бес жыл тұрулары керек. Азаматтығың болмаса еш құқығың жоқ «гастарбайтерсің», – дейді ол.

Кейбір елден кетуге тырысқан орыстардың айтуынша, көшудің ең басты сатысында қиындықтар туындайды. Алексей Мартынов (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді-ред.) Ресеймен шектесетін Ақтөбеде тұрады. Үш жыл бұрын жас жігіт қоныс аудару бағдарламасы бойынша көрші елге кетуді ұйғарды.

- Мұндағының бәрінен мезі болдым! Сол жақта бағымды сынап көрейін дедім, – деп түсіндіреді Алексей.

Ол бір ай бойы қоныс аудару бағдарламасына қажетті құжаттарды жинап, Ресейдің Оралдағы консулдығына өткізбек болады (Қазақстан батысындағы төрт аймақ – Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарына бір консулдық қызмет көрсетеді).

- Консулдыққа құжаттарымды өткізе алмадым. Өзімді қабылдамады, қабылдауға сайт арқылы жазылу керек болды, ол жұмыс істемей тұрды. Консулдық қызметкерлеріне оны жеткізейін дедім, еш пайда болмайды. Бір ай әуреленген соң ойымнан айныдым. Бағдарламаны еппен құрту үшін әдейі осындай қиындықтар жасап қойған ба, ол жағын білмеймін, – дейді Алексей.

Қазір ол көшу туралы сирек ойлайды. Қазақ тілін үйреніп алған ол бір мезгілде бірнеше жерде жұмыс істейді.

БАҚЫЛАУШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Алматылық журналист Сергей Дуванов орыстардың соңғы көші Украинадағы жағдайдан соң басталды деп санайды.

Сергей Дуванов

Сергей Дуванов

- Ресейлік БАҚ арқылы жүргізілген Путиннің үгіт-насихаты орыстар мен басқаларға ресейлік «ренессанс» дәуірі келді дегенді сіңірді, яғни Ресей «аяғынан тік тұрды», одан басқалардың бәрі қорқатын заман оралды деп сендірді. Бірақ оның нәтижесі аянышты болып шықты, – дейді ол.

Дувановтың пікірінше, «Қазақстан азаматтарына империялық амбицияны сіңіру адамдарды идеологиялық жікке бөліп қана қоймай, Қазақстан қоғамына ұлтаралық шиеленіс әкелді».

- Бір жағынан, Қазақстандағы орыстардың бірқатары өздерін «уақытша тұрғын» сезініп, қазіргі жағдайларына басқаша қарай бастады. Екіншіден, қазақ ұлтшылдығы күшейді, Путин мен оның империялық амбициясын қолдайтындарға сепаратист ретінде қарау басталды. Нәтижесінде, адамдар тағы да Ресейге көше бастады, – деп түсіндіреді журналист.

Қоғамға пайдалы адамдардың кетуінің кері салдарын мойындай отырып Дуванов «ресейшіл орыстардың кетуі Қазақстандағы идеологиялық шиеленісті басады» дейді.

- Кете берсін. <…> Өздері біледі. Өзін бөтен санап тұрған адам қандай пайда әкелмек? Қазақстандықтар арасында Ресейге телміргендер азайған сайын Қазақстан қоғамында бірлік күшейе береді. Бөтен санайтын адамнан өзіңе жақсы қарым-қатынас жасауды талап ете алмайсың. Олар да солай, – дейді журналист.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Путиннің қазіргі бастамасын «электоралдық сипатқа ие» деп санайды және Ресейдегі демографиялық проблемалармен байланыстырады. (Росстат дерегі бойынша, 2018 жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін Ресей тұрғындары саны 91 900 адамға азайған).

Әміржан Қосанов

Әміржан Қосанов

​«Мемлекетке жұмыс күші керек. Екіншіден, Қырымды аннексия жасаған соң санкция күшейгендіктен Ресей мен өзге өркениетті әлем арасындағы қарым-қатынас нашарлады, халықтың көңілін содан басқаға аудару керек» дейді Қосанов. Үшінші себеп ретінде саясаткер «Кремльдің бұрынғы Совет одағын жаңғыртуды көздейтінін, сол кеңістікте ықпалын сақтап қалуға ұмтылатынын» айтады.

- Жаңа тұжырымдамада Ресейден тыс тұратын отандастарды қолдау туралы көп айтылғаны бекер емес, – дейді Қосанов.

Ол Кремльдің мәлімдемесі Ресейден тысқары тұрып жатқан орыстардың, соның ішінде қазақстандық орыстардың санасына ықпал ететініне сенімді, бірақ Путиннің сөзі бәрін шешеді деп санамайды.

Қосанов Ресейдің қоныс аударушылардың үлкен ағынын қабылдай алатынына да күмәнданады.

- Сыңаржақ әрі олигархтарға бейімделген экономикалық саясат жүргізіп отырған және халықаралық оқшаулауға ұшыраған Ресейдің өзінде мәселе бастан асады. Жуық арада «ұлы орыс көшін» қабылдауға әзір деп ойламаймын, – дейді ол.

Related Articles

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • Иранның ракетасы азайғанымен нысанаға тию дәлдігі артқан. Себебі неде?

    Иранның ракетасы азайғанымен нысанаға тию дәлдігі артқан. Себебі неде?

    Фруд БЕЖАН Израильге шабуыл жасалған сәт. 29 наурыз 2026 жыл. Соғыстың алғашқы күні Иран Израиль мен АҚШ-тың ракетаға қарсы жүйелерін қирату үшін жүздеген баллистикалық ракета жіберген. Көп ракета құлатылды. Ал қазір Иран ракета атуды азайтып, күніне ондаған ракета жібере бастады. Ашық дереккөздерге сүйенген әскери сарапшылар Иранның ракета атуы азайғанымен дәл тиюі жоғарылған дейді. Мұның себебіне үңіліп көрдік. “АҚШ пен Израильдің соққылары Иранның ракета жіберу қондырғыларына айтарлықтай зиян келтіргені анық. Мұны атылатын ракеталардың азаюынан байқауға болады. Бірақ Иран ракеталарын үнемдеуге үшін кіші, бірақ маңызды деп шешкен нақты нысандарды дәл ата бастады” дейді Вашингтондағы Stimson Center сараптама институтының ғылым қызметкері Келли Грико. Қазір Иран АҚШ-тың Таяу шығыстағы маңызды әскери нысандары мен радиолокация

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: