|  | 

Сұхбаттар

“Домбыра тартып, қазақша ән салатын буынның соңымыз ба деп қорқамын”


Германияның Хатценпорт ауылында. Сурет авторы - Талғар Дәлелғазы.

Германияның Хатценпорт ауылында. Сурет авторы – Талғар Дәлелғазы.

Түркияда туып, Францияда тұрған, арғы тегі алтайлық қазақ Өмір Өзкалп Германияда кәсіпкерге айналды. Түркияда – “Омер”, Францияда – “Виктор-Зафер” атанған Өмір шеттегі қазақ жастарының ана тілінен ажырап бара жатқанын айтып қынжылады.

Түркияның Алтай ауылында тамыздың 30-ы – жергілікті Жеңіс күні туған Өмір Өзкалпқа ата-анасы азан шақырып, Зафер (түрікшеден “жеңіс” деп аударылады – ред.) деп ат қойған. Бірақ үй-іші мен құрдастары Өмір деп атап кеткен. Мектепке барған кезінде құжатындағы есімі лақап атының түрікше формасында “Омер” деп жазылып кеткен. Кейін кәсіп іздеп Еуропаға қоныс аударған ол Франция азаматтығын алар кезде “Виктор” деген есім жалғап алған. Мұның да мағынасы – “жеңіс”.

Қытайда коммунистердің қуғынына ұшырап, Гоби мен Такламакан асып, Кашмирге өткен қазақтардың ұрпағы үшін Түркияда білім алып, Францияда тәжірибе жинап, Германияда кәсіпкер атану үлкен бір жеңіс іспетті.

ТЕРІДЕН КИІМ ТІГУ

Өмір әскери міндетін Стамбул қаласында өтегенін айтады. Орта мектептен асып әрі оқымаған. 1988 жылы әскерден оралған соң жұмыс іздеп Еуропаға аттанған. Францияға орныққан үлкен екі ағасының теріден киім тігетін кәсіпорнында жұмыс істепті.

- Аталарым Қытайдан қоныс аударған ғой. Алғаш Түркия жеріне келгенде зауыттан шыққан терінің қалдықтары тау болып үйіліп жататын болса керек. Солардың қиындысын алып, қолғап, құлақшын секілді бұйымдар тіккен. Кейін бұл олардың кәсібіне айналып кеткен. Тері өнімдерінен киім тігу өнерін Францияға келгеннен кейін де жалғастырдық, – дейді ол.

Өмір Өзкалптың дәмханасының ішкі көрінісі. Германия, Хатценпорт ауылы. Фото авторы - Талғар Дәлелғазы.

Өмір Өзкалптың дәмханасының ішкі көрінісі. Германия, Хатценпорт ауылы. Фото авторы – Талғар Дәлелғазы.

Өмірдің айтуынша, теріден киім тігетін цехтар Еуропада 1990 жылдардың ортасына қарай жабыла бастаған. Көптеген қазақ жұмыссыз қалған. Теріден киім тігетін ісмер Түркия қазақтары үшін басында француз тілін үйрену қажет еместей көрінген. Алайда тіл білмеу жұмыссыз қалған қазақтардың басқа қызметке орналасуына тұсау болған. Туыстарының арасында жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алып отырғандары да болған.

Бірақ Өмір французшасы нашар кезде әуежайда жолаушылардың жүгін тасудан бастап, ғимараттарды бояп, әрлеу секілді қара жұмыстың барлығын істегенін айтады. Бір уақыт түріктердің дәмханасында дөнер пісірген. Кейін тілін жетілдіре келе мейрамханаларда түрлі тағам даярлайтын аспазға айналған.

МОЗЕЛЬ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚОНАҚ ҮЙ

2001 жылы Франция азаматтығын алған соң үш жылдан кейін Өмір Германияға Қытайдың Үрімжі қаласынан оқуға келген Нұргүл есімді қазақ қызымен бас қосып, шаңырақ көтерген. Қазір Германияның оңтүстік-батысындағы Рейнланд-Пфальц жерінің Хатценпорт ауылында тұрады. 700 тұрғыны бар ауылда басқа қазақ отбасы жоқ.

- Екі сайдың арасында орналасқан шағын қалашық, жанында Мозель өзені ағып жатыр. Жергілікті жұрт жүзім өсіреді, атақты “Мозель” шарабы бізден шығады. Бұл өзі бір жағы Франциямен, екінші жағы Бельгиямен шектескен, үшінші жағы Голландиямен түйіскен, Германияның шекарасында жатқан ауыл. Кельнге жеңіл көлікпен бір-ақ сағатта жетемін, – деп сипаттады Өмір қазіргі мекенін.

Германияның Хатценпорт ауылында тұратын этникалық қазақ Өмір Өзкалп (ортада) қонақ үйінің алдында туристермен суретке түсіп тұр. Сурет авторы - Талғар Дәлелғазы.

Германияның Хатценпорт ауылында тұратын этникалық қазақ Өмір Өзкалп (ортада) қонақ үйінің алдында туристермен суретке түсіп тұр. Сурет авторы – Талғар Дәлелғазы.

53 жастағы кәсіпкер қазақ төрт жыл бұрын Мозель өзенінің жағасында орналасқан үш қабатты ғимаратты 90 мың еуроға аукцион арқылы сатып алып, қонақ үй мен дәмханаға айналдырған.

- Басында “үй аламын” деген жоспарым болған еді. Ол кезде Кельн қаласында тұратынбыз. Ол жақта үйдің құны бір миллион еуро тұрады. Қазіргі тұрып жатқан жерімізде де [үйді] кем дегенде 700 мың еуроға аласың. Мынау банкте кепілдікте тұрған ғимарат екен. Ешкім пайдаланбаған. Есік-терезесі де жоқ. Іші қоқысқа толы болатын. Соны жалғыз өзім екі жыл бойы жөндеп, ретке келтірдім. Міне, екі жылдан бері сол бейнетімнің зейнетін көріп жатырмын, – деді ол Азаттыққа.

Өмір мен Нұргүл келушілерге азиялық тағамдар мәзірін ұсынады. Олардың арасында қазақша асылған ет пен қуырдақ та бар. Клиенттерінің бір бөлігі – Совет одағы құлаған соң Қазақстаннан Германияға қоныс аударған немістер мен орыстар.

- Жұбайым Үрімжіден келгеннен кейін арасында ұйғырлардың да, қытайдың да тамағын жасайды, – дейді Өмір.

Германияның Хатценпорт ауылында тұратын Өмір Өзкалптың қонақ үйінің дәмханасы. Сурет авторы - Талғар Дәлелғазы.

Германияның Хатценпорт ауылында тұратын Өмір Өзкалптың қонақ үйінің дәмханасы. Сурет авторы – Талғар Дәлелғазы.

Қонақ үйдің кіре берісі мен дәмхананың ішін қазақша ою-өрнекпен безендірген кәспкер осылайша бір жағынан қонақтарды тартып, екіншіден туған мәдениетін жарнамалайтынын айтады.

- Бүкіл Еуропадан мен сияқты қазақша [еркін] сөйлейтін бір адам тапсаңдар қуанар едім, – дейді ол қуақылана.

“ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІНДЕР АЗАЙЫП БАРАДЫ”

Өмір расымен де қазақша өте жатық сөйлейді. Бұл қабілетін “бала күнінде атасы берген тәрбиенің арқасы” деп түсіндірді. Оның сөзінше, қазір Еуропа түгілі Түркияда тұратын жас қазақтар да ана тілін ұмыта бастаған. Ал Еуропада қоныстанған қазақтардың басым бөлігі “түріктің мектебі мен мешітінде жиналады”.

Австриядағы қазақ мәдени орталығы жетекшісі Қызырхан Шолпан. Сурет жеке мұрағатынан алынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жастардың ана тілін үйренуіне мүмкіншілік жоқ

Үйде тек қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін Өмір қызының “қазақ, неміс, ағылшын және француз тілінде сөйлейтінін” де сөз арасына қыстыра кетті.

- Өзім өлең айтамын, домбыра шертемін. Әкем домбырашы еді. Үлкен ағам да домбыраны жақсы тартатын. Қазір Еуропадағы қазақтардың арасында домбыра тартып, қазақша ән айтатын буынның соңы біз бе деп қорқамын. Өйткені қазақтың домбырасы мен күйі түгілі тілін білетін адам азайып бара жатыр. Ортасын былай қойғанда отбасында ана тілінде сөйлейтіндер аз, – деді ол.

Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдуақап Қараның дерегінше, шетелдегі қазақтар Батысқа екі түрлі топпен барған. Біріншісі – өткен ғасырдың ортасына таман Қытайдан Түркияға ауып барған қазақтар. Олардың кейбірі 1960 жылдардан бастап Түркия мен Еуропа елдері арасындағы жұмысшы алмасу келісімі бойынша Ұлыбритания, Германия, Франция, Швеция, Голландия мен Австрияға қоныстанған. Екіншісі – 1920-1930 жылдары Қазақстаннан Ауғанстан мен Иранға ауып, 1980 жылдары Еуропаға өткен қазақтар.

Францияда өткен этнофестивальде қазақша киінген балалар. Париж, 31 қазан 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Францияда өткен этнофестивальде қазақша киінген балалар. Париж, 31 қазан 2014 жыл. Көрнекі сурет.

Қазір Еуропа елдерінде нақты қанша қазақ тұратынын олардың өздері де, зерттеушілер де дәл айтып бере алмайды. Тарихшы Гүлнәр Меңдіқұлова “Еуропада бес мыңдай қазақ бар” деп есептейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың дерегінше, Германияда – 300-дей, Францияда – 200-ден астам, Швецияда – 100-ден астам, Австрияда 20 шақты қазақ отбасы бар. Еуропа қазақтары ең көп тұратын Германияда, Қазақстаннның ол елдегі елшілігінің мәліметінше, бір мыңнан астам этникалық қазақ бар.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Нұрбек ТҮСІПХАН Еуроодақ жетекшілері мен Орталық Азия елдерінің басшылары “Орталық Азия – Еуроодақ” саммиті кезінде. Самарқан, Өзбекстан 4 сәуір 2025 жыл 3-4 сәуірде Самарқанда “Орталық Азия – Еуропа одағы” саммиті өтті. Орталық Азияның ресми БАҚ-тары мен мемлекеттік құрылым сайттары Самарқан саммитінің “тарихи маңызын” айтып жатыр. Ал екі аймақ арасында осындай форматтағы алғашқы кездесуді сарапшылар қалай бағалайды? Азаттық тілшісінің сұрақтарына саясаттанушы Жәнібек Арынов жауап береді. – Орталық Азия және Еуроодақ саммиті қаншалықты тең жағдайда өтіп жатыр деп айта аламыз? – Орталық Азия мемлекеттерінің 30 жылдық сыртқы саясатына, тарихына үңілсек, Еуроодақ әрдайым тең дәрежеде жұмыс жасауға тырысатын үлкен әріптестердің бірі. Мысалы, АҚШ немесе Ресей не болмаса Қытаймен салыстырғанда мемлекет тарапынан болсын, қоғам

  • Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Жин Нода: Қазақ хандары мен Цинь империясының байланысы тым терең

    Өткен жылы қолыма Токио шет тілдер университетінің профессоры Жин Ноданың «Ресей мен Цин империялары арасындағы Қазақ хандықтары: XVIII-XIX ғасырлардағы Орталық Еуразия халықаралық қатынастары» атты зерттеу еңбегі түсті. Өз тарихымызға қатысты болған соң, бір деммен оқып шықтым. Аталған кітапта қазақ ханы Абылай мен өзге сұлтандардың Цин императорына жазған хаттары туралы баяндалады. Жақында Жин Нодамен хабарласып, көкейімізде жүрген сұрақтарды қойдық. – Ғылыми зерттеу кітабыңыз ерте­дегі Қазақ-Цинь империясы қатына­сын өзгеше тануға арналған академия­лық еңбек екен. Бұндай зерттеуге бет бұруға не түрткі болды? – Мен Орталық Азияны зерттеу барысында Ресей және Цинь империясы туралы көзқарастарда үлкен алшақтық бар екенін байқадым. Осы алшақтықты жою мақсатында мен қазақтардың тарихын ресейлік және қытайлық дереккөздер негізінде зерттеуге кірістім.

  • Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    “Сұхбатты” енді ғана оқып шықтым. Әзірге, сипаты туралы аз сөз: Әлбетте, бұл – журналистика стандарттарына сай, шынайы, нағыз сұхбат емес. Конституциялық құқығы тең, екі саналы азаматтың өзара пікірлескен, еменжарқын әңгімесі емес. Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка. Пәленбай адам түзеп-күзеген, ананы да, мынаны қамтуға тырысқан, аяғында жаны жоқ мәтіндер жиынтығы туған. Тоқаев айналасындағыларға: “осыншалық жасанды кейіппен халық алдында көрінуім ұят болады, қойыңдар, айналайындар, қателессем де өз болмысыммен шығам” деуге түсінігі жетпегені өкінішті. Былтыр “Егеменде” “сұхбаттасқан” Дихан Қамзабек те, биыл “Ана тілінде” “әңгімелескен” Ерлан Жүніс те, кешіріңіздер, ешқандай да интервьюер емес. Иә, біреуі терең ғалым, екіншісі тамаша ақын, бірақ, өмірінде бір

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: