|  |  |  | 

Саясат Суреттер сөйлейді Әлеумет

Қаңыраған қала, қираған ғимараттар һәм күшейген күзет


Арыстағы өртеніп жатқан ғимараттың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Арыстағы өртеніп жатқан ғимараттың бірі. 25 маусым 2019 жыл. 

Арыстағы жарылыстан кейін қала көшелері бос қалған. Жарылыстан қалада біраз үй мен ғимарат қираған. Арыс қаласына барған Азаттық тілшісінің көргендері.

“ЖАРЫЛЫС БОЛҒАНДА БӘРІН ТАСТАЙ ҚАШТЫҚ”

Арыстың кіреберісінде күзет күшейген. Полицейлер мен қару ұстаған әскерилер қалаға тұрғындарды кіргізбей тұр. Сол маңда “үйіме барсам” деген екі жүзге жуық адам келген. Солардың бірі Садық Оразгелді жарылыс болғанда “алды-артына қарамай қашқандарын” айтады.

- Құжатымды алуым керек. Қорада малдар қалған, соларды суару керек. Жаяу болса да, кіріп шығуым керек. Кеше жарылыс болғанда құжаттарымды, бәрін тастай қаштық ғой, – деді Арыс тұрғыны.

Ауылға кіреберісте тұрған тағы бір тұрғын “жолға шығуым керек, үйде құжатым мен пойыз билеті қалып қойды, соны алу үшін үйіме кіруім керек” дейді.

Арыстың кіреберісінде тұрған адамдар. 25 маусым 2019 жыл.

Арыстың кіреберісінде тұрған адамдар. 25 маусым 2019 жыл.

Жиналған жұрттың сөзінше, бұл жолғы жарылысты бұрынғы жарылыспен салыстыруға келмейді. Арыстықтар “маусымның 24-і күні сойқан жарылыс” болды дейді.

Кейбір тұрғын “билік осыған дейін болған үш жарылыстан сабақ алмады” деп налиды.

- [Жарылыстар] қашанғы қайталана береді? Халық қашанғы сабылып, қашып жүреді? Бұрын жарылыс болғанда “енді қайталанбайды” деген еді. Дүкенім бар еді, сол тоналды деп естідім. Кіре алсақ, [дүкенімді] барып көрсем деймін, – дейді Сәбит есімді Арыс тұрғыны.

Сол маңда тұрған полицейдің бірі “Бізге “кіргізбе” деді, кіргізе алмаймыз. Қашан кіргізетінін білмейміз” деп қысқа қайырды.

Ал Арыс қаласында өлі тыныштық. Әрбір жерден әскери машиналар мен полиция көліктерінің дауысы естіледі. Солдаттар мен полицейлер қаланы күзетіп жүр. 25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тұрғындардың үйіне ұрлыққа түскен үш адамның ұсталғанын айтқан.

ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛҒАН ҚАЛА

Қаладағы жолдарға снаряд түсіп, ойылып қалған. Арыстағы базардың кейбір жерінде жеміс-жидектер мен көкөністер жиналмаған күйі тұр. Сатушылар жемістерді жинап үлгермегенге ұқсайды. Базарда қалған тауарларын күзеткен бір-екі адам жүрді.

Снаряд түскен жер. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Снаряд түскен жер. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Арыстың орталығындағы ғимараттың бірі әлі өртеніп жатыр. Бұл үйге снаряд құлағанға ұқсайды. Жарылыстың екпінінен қарама-қарсы тұрған Халыққа қызмет көрсету орталығының терезелері қираған. Орталықтың іші қаңырап қалған. Компьютерлер мен принтерлер тұр, жерде қағаздар шашылып жатыр. Орталықта жүрген бір-екі қызметкер “Арысқа жұрт оралғанша ғимаратты қалпына келтіруіміз керек” дейді.

Жарылыстан қираған Халыққа қызмет көрсету орталығы. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Жарылыстан қираған Халыққа қызмет көрсету орталығы. Арыс, 25 маусым 2019 жыл.

Күніне ондаған пойыз келіп, жүздеген жолаушы ағылып жүретін Арыстағы вокзалда да тіршілік байқалмайды. Вокзал жанындағы тойханаға снаряд түсіп, толығымен қирап қалған. Тойханаға түскен снарядтың күші вокзалдың терезелерін де сындырған. Аты-жөнін айтқысы келмеген полицей вокзалдағы қозғалыс жарылыс басталған бірер сағаттан соң тоқтағанын айтады.

Арыста қазір жарық жоқ. Электр сымдары қираған. Интернет пен байланыс та нашар. Қалаға тіршілік қашан оралатыны белгісіз. 25 маусымда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысында Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қалада жарылыс қаупі әлі сейілмегенін мәлімдеді.

“[Өрт сөнбегендіктен] қару-жарақ әлі де жарылуы мүмкін. Отты қорғаныс министрлігінің қоймаларындағы брондалған арнаулы техника көмегімен сөндіреміз” деді министр орынбасары.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде, ресми дерек бойынша, өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жариялады.

Арысқа түскен снарядтардың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Арысқа түскен снарядтардың бірі. 25 маусым 2019 жыл.

Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі – Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам – әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Жарылыстан кейін шамамен 39 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, қаланы тастап шыққан. Үш жарым мыңнан астам тұрғын Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының кейбірі эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі “Ақмешіт” мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Жекешелендірдік. Жетістік пе?

      Халықтың хал-ахуалын жақсарту үкіметтің алдындағы ең бірінші міндет. Ол үшін халықтың нақты табысы артуы керек, алайда оның өсуі мүлде мардымсыз. Халық қаражатының шығыс құрылымына қарасақ, адамдар қазір барлық табысының жартысынан астамын тамаққа жұмсауға мәжбүр. Өйткені, бәрі қымбат және баға күннен күнге арта түсуде. Ал әлеуметтік қызмет көрсету сапасы қандай десек, бұл бағытта да тілді тістететін мәселелер көп. Осы мәселелерді айта келіп Мәжілістегі «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында жекешелендіруге берілген әлеуметтік нысандардың жай-күйі туралы сұрау салды. «Бүгінгі таңда жекешеге берілген әлеуметтік нысандар саны 500-ге жетіп қалды. Соның жартысы коммуналдық меншікке жататын емханалар, сауықтыру кешендері, диагностикалық орталықтар, диспансерлер, санаторийлер, спорттық клубтар, музыкалық және

  • Тоқаев: Билік халықтың талабын естіді, жұмыс істейміз

    Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау күні дауыс берген сәт. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews телеарнасына берген сұхбатында елдегі митингілер мен халықтың талабы жайлы айтты. Оның сөзінше, билік наразылыққа шыққандардың талабына қатысты жұмыс жасап жатыр. “Наразылар әлеуметтік мәселелер бойынша талаптар қойды. Мәселелер барын жоққа шығармаймын. Халық кедейленді. Олар биліктен әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуді талап етеді. Билік естіді. Жұмыс істейміз” деді ол. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі сайлау әділ өтті деп санайды. “Әрине, олар (сайлау әділ емес деп наразылыққа шыққандар – ред.) босатылады. Олар сайлау әділ өтпеді деп ойлайды. Ал менің ойымша, сайлау жалпы әділ өтті” деді Қазақстан президенті телеарнаға. Тоқаев Euronews арнасына берген сұхбатында митинг кезінде кездейсоқ ұсталғандардан кешірім сұрады. Қазақстан басшысы ұсталғандар

  • Досым Сәтпаев: “Ескі кадрлармен жүйені жаңарту мүмкін емес”

    Пётр ТРОЦЕНКО Саясаттанушы Досым Сәтпаев. Алматы, 5 маусым 2019 жыл. Тәуекелді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанда сайлауалды насихаттың қалай өткені және жаңа президентті ішкі және сыртқы саясатта қандай сынақ күтіп тұрғаны туралы айтты. Азаттық: Қазақстандағы сайлауалды насихаты түрліше бағаланып жатыр. Бір жақ бәсеке мен саяси балама бар дейді. ЕҚЫҰ миссиясы бастаған екінші жақ сайлауалды насихатын сүреңсіз, азын-аулақ ұран мен билбордтан аспайтын науқан деп сипаттайды. Бұл сайлауалды насихатын тартысты бәсеке деуге келе ме? Досым Сәтпаев: Бұл сайлау бақылау тізгінін уысынан шығармаған бірінші президенттің (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) билікті мұрагерге тапсыру процесін заңдастыру әрекеті екенін негізге алу керек. Сондықтан сайлау ойыншылардың бәрі өздеріне берілген рөлі мен орнын жақсы білетін спектакльге

  • Қастандықпен өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың ауылы

    Елена ВЕБЕР Ғалы Бақтыбаевтың туыстары белсенді атып өлтірілген үйдің алдында отыр. Қарағанды облысы, Атасу ауылы, 1 маусым 2019 жыл. Атасу ауылы тұрғындарын қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевтың қатыгездікпен өлтірілуі шошытты. Жергілікті жұрт марқұмды “батыл, шыншыл” әрі “ауыл тұрғындарының мәселесі жайлы жиі шағым жазатын адам еді” деп еске алады. Азаттық тілшісі Атасуда болып, белсендінің туыстары және ауылдастарымен сөйлесіп қайтты. АТАСУ ТҰРҒЫНДАРЫН ДҮРЛІКТІРГЕН ОҚИҒА Қарағандыдан екі жүз шақырым жерде орналасқан Атасу ауылында 14 мыңнан астам адам тұрады. Азаттық тілшісіне мамырдың 28-іне қараған түні осы ауылда атып өлтірілген жергілікті белсенді Ғалы Бақтыбаев тұрған үйді бірден табу мүмкін болмады. Көшеде кездескен адамдар белсендінің үйіне қалай баруға болатынын түсіндіре алмағанымен, Ғалы Бақтыбаевты жақсы білетінін, оның ауылдастарына

  • Тоқаев: “Жер шетелдіктерге сатылмайды”

    Қостанай облысы  Жер туралы ойын Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен кездесуінде айтты. – Басқа облыстардағыдай мұнда да белгілі бір мәселелер бар. Бірақ, Үкіметтің көмегімен бұл проблемаларды шешу жұмыстары күшейтіледі. Ал, жер мәселесіне келер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің Президент ретінде түбегейлі ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы. Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекеттік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: