Ғажайып ішек-қарын
Биыл көктемнен бері осындағы достарыма ескертем деп жүрген бір жайт бар еді. Өткен жылдың соңынан бастап Германия мен Ұлыбританияда Джулия Эндерс атты бір жап-жас гастроэнтеролог қыздың жазған “Ғажайып ішек-қарын” (Darm mit Charme/Charming Bowels) атты алғашқы зерттеу кітабы сенсацияға айналды. Тек Германияда 200 мың данасы сатылып кеткен. Зерттеуші адам баласы өз ағзасындағы иерархиялық сатының ең төменгі тепкішегіне қоя салған тік ішектің әлдеқайда жоғары орынға лайық һәм мимен тіке жалғанған орган екенін керемет дәлелдеген. Әлбетте көпшілік дәреттің дұрыс жүруі денсаулық кепілі екенін бұрыннан біледі. Бірақ мына кітап әлгі мәселені мүлдем жаңа қырынан көрсетеді. Ішінде пайдалы кеңестері көп. Мысалы, үлкен дәретке барған кезде адам қалай отыруы керек деген мәселеге байланысты Эндерс Батыстағы (һәм Шығыстың көптеген елдеріндегі) әдетпен унитазға орындыққа отырғандай жайғасудың қате екенін, ішек-қарын мен тік ішектің мәселелері дәл осыдан туатынын жазады. Зерттеуші тік ішекке зор күш түсірмей ішті толық босатудың ең тамаша тәсілі – дәретке жүрелеп отыру екенін көрсетеді. Ауылда туып-өскендеріңіз жымың-жымың ете қалдыңыздар ма? Жымыңдайтын жөндеріңіз бар, қаладағы “өркениетті” туалетке жеткенше өте дұрыс істеп келгенсіздер. Кейін барып тік ішектің тура жолынан тайғансыздар. Енді қайттік? Әлгі неміс гастроэнтеролог “денсаулықтарыңызды түзеу үшін бүкіл дүние жүзін жаулап алған еуропалық стандартты унитаздарды түгел ауыстырыңыздар” дей алмайды, әрине. Сол себепті жақсы ұсыныс айтқан, үлкенді-кішілі дәрет үшін унитазға отырған сәтте аяқтың астына шағын орындық қоя салу керек екен (мына суреттегідей). Жүрелеп отырудан бір кем болмайды һәм тік ішектеріңіз өле-өлгенше рақмет айтады:)
Айтпақшы, ағылшынша білетіндеріңіз әлгі кітапқа мына жерден тапсырыс бере аласыздар: http://www.amazon.co.uk/Gut-Giulia…/…/1922247960/ref=sr_1_1…
Ғалым БОҚАШ facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру