АЛЖАС АМАРОВИЧКЕ АЛҒЫС
Универсиадаға дайындық мәселелері жөніндегі Алматыда 16-ақпанда өткен жиын барысында Мемлекет басшысы «Егер азамат орыс тілінде сұраған болса, оған орысша жауап беру керек. Орысша өтініш жасаған адамға қазақ тілінде жауап берген адамды жариялы түрде жұмысты қуу керек» дегені бәріміздің есімізде. Осындай мәлімдемеге не себеп болды екен деп біраз жұрт бас қатырған.
Кеше «Казачий курьер» деген газетсымаққа көзім түсіп, қарап отырсам, онда ақпан айының басында өткен Қазақстанның Орыс, казак және славян ұйымдары Үйлестіру Кеңесінің ІІІ есеп беру-сайлау сьезінде сөз сөйлеген Олжас Омарович Сүлейменов былай депті: «Также я очень внимательно слушал всех вступающих. И многому поразался, потому что многое, что касается отношения между языками, мне было не так хорошо известно. И я согласен с теми кто сказал, что пренебрежительное отношение к русскому языку работает против единения казахстанского народа. Такое отношение нарушает движение к тем самым целям, к которым мы каждый день себя призываем: мир, стабильность, межнациональное согласие. По сути дела, те «мелкие» чиновники, не зависимо от рангов, «мелкие» политики, которые нарушает Закон о языках, выступает против Казахстана, против нашей независимости, против нашего будущего. А это значит, что большая мина заложена под Казахстаном и часы тикают. Это я почуствовал и это не может остановить нас равнодушными.
…Я доведу до Главы государства все вопросы, которые вы справедливо здесь поднимаете». («Казачий курьер», №2 (130) февраль 2016 г, 13-стр)
Елбасы оны 12-ақпанда қабылдады. 16-ақпанда Елбасы «орысша өтініш жасаған адамға қазақ тілінде жауап берген адамды жариялы түрде жұмыстан қуу» туралы тапсырма берді.
Өзінің Ата тілін қорғаған Алжас Амаровичке біз шексіз алғысымызды білдіреміз!
ТҮЙТКҮЛДІ ТҮЙІН ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?
Дүниежүзілік 28-қысқы Универсиадаға дайындық мәселелері жөніндегі Алматыда 16-ақпанда өткен жиын барысында Мемлекет басшысы «Егер азамат орыс тілінде сұраған болса, оған орысша жауап беру керек. Орысша өтініш жасаған адамға қазақ тілінде жауап берген адамды жариялы түрде жұмысты қуу керек» деді. Бәлкім бұл дұрыс та шығар. Бірақ бұл көп түйткіл туғызып тұр. Сол орыс өзі үйренуім үшін маған кездескен сайын қазақша сөйле десе қалай болады? Бастығы естіп қалып жұмыстан қуып жіберсе әділеттілік бола ма? Бұған қатысты «Еңбек кодексіне» арнайы бап енгізіле ме?
Ата заңымыз бойынша орыс тілінен гөрі бізде қазақ тілінің мәртебесі жоғары ғой. Сонда қазақ тілінде өтініш жасаған адамға орыс тілінде жауап берген кісіге қандай жаза қолданылады?
Қазақстанда орыстан басқа да диаспоралар бар ғой. Өзбек өзбек тілінде сұраса оған қай тілде жауап беру керек? Жауап беруші орыс тілін білмесе қайтеді? Ұйғыр ұйғыр тілінде сұраса қай тіл қолданылады? АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қазақ тілінде сұрақ қойса орыстар оған қай тілде жауап беру керек? Ең бастысы Мемлекеттік тілдің көсегесін қалай көгертеміз?
Ал қалың қазақ жұрты Мемлекет басшысынан мемлекеттік тілдің тағдырына қатысты жылы пікір естуге аса мұқтаж. Тек жылы пікір ғана емес Мемлекеттік тілдің мемлекеттік қолданыста болуына мұқтаж. Бұл қалай шешіледі?
Пікір қалдыру