ТАМЫЗ БҮЛІГІ КЕЗІНДЕ
1991 жылы 19-тамыз – КСРО Президенті М.Горбачевті ығыстырып, билікті басып алмақ болған Төтенше Жағдай жөніндегі Мемлекеттік Комитет (ГКЧП) құрылған тұс есімнен кетпейді. Одан бері де ширек ғасыр өтіпті ғой.
Ол кезде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы – «Халық Кеңесі» газетінде жауапты хатшы болуым керек. ГКЧП-ның тоталитарлық сипатын ішіміз сезіп тұр. Азаттықты аңсап тұрғандықтан Г.Янаев пен В.Крючков бастаған төтенше бүлікке жан-тәнімізбен қарсымыз. 20-тамыз күні таңертең Алматы қалалық атқару комитетінде жұмыс істейтін демократ пейілді Кенесары Қаптағаев деген жігіт маған іш тартып бір құпия құжаттың көшірмесін көрсетті. Онда Алматы қалалық атқару комитеті «ГКЧП-ны» қолдайтыны, шаһардағы стратегиялық нысандарды күзету, қолдан шығармау, құқықтық режимді күшейту туралы тапсырмалар көзделініпті.
Дереу жағдайды айтып, «Азат» азаматтық қозғалысындағы жігіттерге хабарластым. Айналдырған екі сағаттың ішінде қалалық атқару комитетінің алдында үш жүздей адам жинап, наразылық пикетін өткіздік. Сол аралықта плакаттар да жазып үлгердік. Түс ауа сол кездегі директоры, жанып тұрған патриот Айтан Нүсіпхановтың батыл рұқсатымен «Азат» азаматтық қозғалысы Үйлестіру кеңесінің мүшелері ретінде Жасарал Қуанышалин (тең төраға), Дос Көшім және мен үшеуміз Алатау» телеарнасынан тікелей эфирге шықтық.
Жасарал орысша, Дос екеуміз қазақша ТЖМК (ГКЧП) бүлігінің халыққа қарсы сипатын әшкерелеп бақтық. Қолымыздағы құжаттар арқылы ТЖМК-ға қолдау көрсеткен қала басшысы міндетін атқарушы В.В.Храпуновтың масқара әрекеттерін жария еттік. Бұл сол кезде өте қауіпті қадам болатын. Әсіресе қорықпай бізге тікелей эфирге шығуымызға мүмкіндік берген Айтан (марқұмның жаны жаннатта болсын!) бауырымыздың ерлігіне әлі күнге таң қаламын. Әйтеуір біз жарты сағат ішінде «Азат» қозғалысының, бүкіл демократиялық топтардың, неформалдардың ГКЧП-ға қарсы екендігін, бүліктің халыққа қарсы сипатын айтып үлгердік.
Сол күні бүлікшілік әрекетті айыптаған мақала жазылып, ол ертесіне «Халық Кеңесі» газетінде жарияланып кетті. Қазақта «Әр нәрседе бір қайыр бар» дейді ғой, төтенше тамыз бүлігі Жаңа одақтық шарт құру туралы, оның федерациялық немесе конфедерациялық сипаты жөнінде жүріп жатқан толассыз дауларды сап тиып, Кеңес Одағының ыдырау үдерісін тездетті.
Пікір қалдыру