|  |  | 

Мәдениет Әдеби әлем

ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ (full version)

14333574_1129936013766591_1753745147069049672_n

Таяуда, 12-16 қыркүйек күндері, Ақтөбе қаласында Қазақстан драма театрларының XIV республикалық фестивалі өтті.

Фестивальді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Бірлескен жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған еді.

Фестивальге қазақ және шетел авторларының шығармалары бойынша еліміздің тоғыз театры сахналаған қойылымдар қатысты.

Қазылар алқасының құрамы
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры – Ерлан Біләл,
театртанушы, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, доцент, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Театр өнерінің тарихы мен теориясы” кафедрасының меңгерушісі – Сәния Қабдиева,
профессор, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Сахна тілі” кафедрасының меңгерушісі Дариға Тұранқұлова,
жазушы, сценарист, тележорналшы, кинодраматург, “Дарын” Мемлекеттік жастар сыйлығының, Тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Амантай,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни.

Кіріспе. Бағдаршам
Жалпы, Астана қаласының бағдаршамдарын түсінбеймін, жасылға өту үшін қызылға жүру керек, әйтпесе үлгермейсің.
Талант уақытынан адасқан бағдаршам секілді, заманынан ерте туады, жолайырықтағы түрлі-түсті жарықтардың жүрме, тоқта деген белгілеріне қарамайды.
Жылдамдығы, табиғаты өзге, көше қозғалысына еркін араласып кете баратын көлікті тоқтатқан жөн бе, әлде бағдаршамды ауыстырған, жөндеген абзал ма, басқа уақыт келді ғой, көшеде қазір басқа уақыт, мүмкін, жол ережесін өзгерту қажет шығар.
Бағдаршамдар кептеліс туғызбас үшін түрлі-түсті жарықтардың өзара ауысу мерзімін жаңа көліктердің жылдамдықтарына сәйкестендіру қажет.
Уақытынан қалған бағдаршамдар елді көлік апатына ұшыратады, жаяудың есесі, жүргізуші қауымның есі кетеді.
Қазіргі таңда көшедегі жұрт қашан көрсең де, бір жаққа асығып бара жатады, неге екені белгісіз, қалың нөпір жыл өткен сайын асыға түседі. Майда қоңыр самал жел шашыңызды қобыратып, маңдайыңыздан сүйетін, жанға да, малға да жайлы мамыражай шақ, мамыр айындай шалқыған маусым, алқам-салқам қоғам, арқа-жарқа көңіл бүгінде жоқ.
Асығады. Осы бір адам түсінбейтін асығыстық неге қажет екені де беймәлім, мұрат – бәріне үлгеру, бәрін нақ осы жерде, тура қазір бітіріп тастауға үлгеру.
Талантта асығыстық жоқ, талантта басқа жылдамдық, басқа қуат бар. Асығыстық – өзіне тән жылдамдықтан асқан күй, жағдай. Түбі жақсы болмайды. Шайтанның ісі. Құдай берген талант асықпайды, себебі оның қуаты бойында, асыққандар – қадамдары ширақ, жүрістері қунақ көрінсе де, – ұзақ жолда бірден емес, біртіндеп, әсілі, баяулайды, сондықтан үлгермейді, үлгермеген сайын ширығады, жүйкесі тозады.
Топ жарған талант жер мойны қашық мұратқа қарға адым жерде жатқандай қол созады.
Әдетте, жас дарын төтеден жол салады. Төте жол ұзынды қысқартады, азайған шақырымдар уақытыңызды үнемдейді, бірақ дәстүрдің дағдысын, қалыптасқан тәртібін бұзады.

Негізгі бөлім. Театр
1. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік
Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының “Елім-ай” атты дастаны негізінде жазған Баатырбек Шамбетов пен А. Зағыппардың “Дауылпаз баба – Қожаберген” пьесасы бойынша қойылымы

Несін айтасыз, сәтті режиссерлік ізденістерге толы дүние жасалғаны көрініп тұр, сонымен қатар, актерлік шеберліктері де көз қуантып, көңіл жұбатқандай екен.
Жекелеген мизанц-сценалар ұнады, жақсы штрихтар режиссердің суреткерлік қабілетінен хабар бергендей, әлі күнге дейін, қанша уақыт өтсе де, көз алдымыздан кетпейді, санамызда жаңғырып, есімізде қалыпты.
Сайын даланы дүрліктіре шапқан жаудың жорықтары, дұшпанға қарсы суыт аттанған жаужүрек сарбаздардың қиқулары, тұлпарлардың түзді оятқан дүрсілдері, тағалы тұяқтардың тас жарып, темір ауыздықтардың қарш-қарш шайнап от қапқаны, дауылпаздардың майданға шақырғаны, бәрі түгел образды бейнеленіп, әсерлі атмосфера туғыза алған екен.

2. Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының “Мәңгүрт” қойылымы

“Мәңгүрт” қойылымы көңілден шықты, бірақ, әлемдік даңғаза, дүниежүзілік дақпыртқа еріп, Әбіштің “Күйшісін” ұмытқандары көңілге қаяу салды.
Шыны керек, Шыңғыс Айтматов – түрікмендерден енген мәңгүрт жасау уақиғасын (желісін) – Әбіш Кекілбайдан алғаны анық, оған ешқандай күмән жоқ, оқыңыз:
“…… Көзді ашып жұмғанша, алты тұтқынның шашы алынды. Шаш алғыштар қанжарларын сүртіп, қындарына салды.Жаңа ғана шашы алынған көк құйқа бастар айнадай жалтырайды, жазғы күннің жылы шуағы шекелерін қыздырып, маужыратып алып барады… Алты тұтқынның көздері ақ тайлақтың терісіне үймелеген көп түрікменде. Күнге шағылысқан ақ қанжарлар сыр-сыр етеді, жаңа ғана көлдей боп жайрап жатқан ақ теріні үзім-үзім қып турап жатыр. Қанжары жалақтаған жас жігіттер кесіп алған терілерін анадайда жер тізерлеп, тұқшыңдасып, әлденені малшылап отырған екі шалдың алдына тастайды. Манадан бері білектерін сыбанып, әзер тұрған мосқал еркектер алты баланы құлақтан тартып шөкелетіп жерді бұқтырды. Алты жігіттің қолындағы теріні алып, тұтқындардың басына жапты.Әлі ылғалы кеппеген жып-жылы тері жаңа ғана шашы алынған жылтар басқа жабыса кетті…Қолдары жып-жып еткен мосқал еркектер терінің жиегін шыр айнала бүрмелеп қойған көн тартпаны шірене тартып, сықситып таңып тастады.Жаңа ғана дені жайылып отырған бастар қайтадан зіл тартты. Жылы тері шекелерін солқылдатып сорып ала жөнелді.”
Айтматовтың “Боранды бекет” шығармасынан табаны күректей жиырма жыл бұрын, 1967 жылы, “Жұлдыз” журналының №12 санында жарық көрген, авторына сақара халқы сүйіспеншілік танытқан әрі қалың жұртшылық ықыласына бөленген аталмыш повесть, кейін, екі жылды артқа тастап барып, 1969 жылы Мәскеуде “Баллады забытых лет” деген атпен басылып шықты.
Жоғарыдағы мысалда толық берілген, басқа шетел оқырмандарына да түсінікті шағын эпизод, ықшам кейіптелген нақты оқиға – жазаның ең ауыр, ең сұмдық түрі – мәңгүрт жасау аңызын, тегінде, төл әдебиетімізге, қала берді, әлемдік рухани айналымға мәңгүрт сөзімен қатар алғаш 28 жасында алып келген Қазақстан жазушысы – Әбіш Кекілбайұлы еді.
Әбекең, задында, кең адам, қабілет-қарымы зор қаламгер болатын, авторлығын қумады, мәңгүрт аңызын басқаға сыйлап, жайма-шуақ кете барды.
Бірақ, бұл – бізге аманат, сыпайылап болса да, сыйлаған халқымызға, ардақтаған адамзатымызға шындықты айтуымыз керек.
Шыңғыс Айтматов, сөз жоқ, үлкен талант, бірақ, Оралхан Бөкейден, Мұқтар Мағауиннен, Сәкен Жүнісовтен, Әбіш Кекілбайдан, Владимир Сангиден сюжеттер алды, желілер көшірді. Тіпті, “Ақан серідегі” Тасшайнар мен Ақбара атты қасқырлар “Жан пида” романында сол күйінде еш өзгеріссіз пайдаланылды.
Тасшайнардың бір әрпі ғана өзгертіліп Тасчайнар деген нұсқада алынды.
Десек те, спектакль жақсы шыққан екен. Мәңгүрттердің салтанатты шеруі сәтті жасалған эпизодтың біріне жатады. Киімдері де, образды сомдауы да ұстамды, мәңгүрттен құбыжық жасауға талпынбағандары ұнады.

3. Н. В. Гогольдің “Үйлену” пьесасы бойынша Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының қойылымы

Бұл қойылым конкурстан тыс көрсетілді. Кәдімгі классикалық үлгі. Кемшіліктері де көзтаныс дүниелер, табыстары да анық. Сюжетке құрылған, артистер шеберлігін көрсете алатын, кешегі дәуірдің сұлбасын, бүгінгі өмірдің сипатын бейнелеген маңызды актерлік спектакль.

4. Дулат Исабековтің “Өкпек жолаушы” пьесасы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының қойылымы
Өнер бар жерде тартыс көп. Сахнадағы шытымыр уақиғалар кейде артистердің күнделікті тіршілігінен көрініс беріп, сценадан тыс өмірінде де жалғасын тауып жатқандай әсер қалдырады. Әрине, мен интрига жөніндегі маман емеспін, сондықтан бұл тақырыпқа қалам тарта алмаймын.
Пьеса тілі жатық, езу тартқызатын жері көп, бірақ кейбір сөздері, ойлары ескірген тәрізді, мысалы, бас қаһарман: “Пайғамбар тірі болса, ол да зейнетке шығады екен”, деген пікір айтады. Күлетіндей сөз, бірақ біз кімге, неге күліп отырмыз?
Рольдер түсінікті, театрда қалыптасқан клише немесе қасаңдық бар, декорация сахнаға ескіліктің көлеңкесін түсіріп тұр.
Меніңше, сөздің көптігі пьесаның бір кемшілігі не режиссердің қателігі, барлық уақиға сөзбен айтылады, сөзді азайтқан жөн.
Сансызбай сомдаған рөл жақсы, сәтті туынды.
Әлі де болса, спектакльдің ізденетін тұстары бар
Ойлану керек..
5. А.П.Чеховтың “Шие” пьесасы бойынша Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қойылымы

Талғат Теменов – жаңалыққа құштар басшы. Театрға Сергей Потаповты спектакль қоюға шақырды. Тапқан тақырыптары – сәтті.

А.П. Чехов жазған “Шиенің” тағдырында елдің тағдыры жатыр.

Бұл туынды И.В. Бунин кейіптеген “Антонов алмаларындағы” күні өткен дворяндардың дағдарысын, тіпті, Ресейдегі тұтас бір дәуірдің аяқталғанын, сол әлеуметтік топтың үлкен трагедияға ұшырағанын көрсетеді.

Дворяндар тегіс басынан билігі кетіп, байлығы азайып, ырысы шайқалып, құрып жатыр. Кешегі бай-шонжарлар бүгін дәулетінен айырылып, кедейленіп, атақты ұлы-ұлы әулеттер бейшара кейіпке түседі.

Саха Республикасының еңбек сіңірген өнер қайцраткері, легионер, тамаша спектакль қойды.

Постмодернистік сарын, модернистік сабыр, классикалық диапазон бар, юмор жеткілікті.

Сахнада қалыптасқан клише образдардың тас-талқанын шығарады, күледі, мазақ етеді, тізіліп көз алдыңнан өтетін уақиғалар жылдамдығы тұрақты, екпіні де, арыны да басылмайды.

Бертольт Брехт айтып еді: “Только новые формы способны нести новые смыслы”.

Рас. Бүгінгі біздің қоғамның көрінісі. Қазақтың жиырмасыншы ғасырда қалыптасқан зиялы қауымының мүшкіл халі. Кешегі қызметі, ұлтқа жасаған игі жақсылықтары бүгін құнынан айырылғаны. Сыйы кеткен, құрметі азайған, ырыс-берекесі ортайған жағдайы. Жаңа дәулет иелері алаш интеллигенциясын меңсінбейді де.

Сергей Потапов расширил горизонт театрального мышления. Теперь мы отчетливо видим допотаповские допотопные времена. Потапов стал потопом, снесшим со сцены старую эпоху и возвещающим новую эру в нашем постсоветском искусстве, на территории СНГ.

Хотя первые проблески таких постановок замечались в спектаклях Кайрата Сугурбекова, покойного, замечательного человека и режиссера.

Болат Атабаев, гений театрального искусства, заложил основу новой режиссуры. Время его постановок было временем расцвета казахских и казахстанских театров, следы его новшеств можно нащупать во многих спектаклях казахстанских национальных театров.

Если не было бы атабаевской режиссуры мы бы не поняли Потапова.

Актерлік ансамбльдің табысын атап өткім келеді: Ақмарал Танабаева, Жұлдыз Ысқақова, Айшолпан Ибраева, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, Дастан Әлімов, Сырым Қашқабаев, Айман Аймағамбет, Алтынгүл Серкебаева, Кеңес Нұрланов, Шах-Мұрат Ордабаев.

6. У.Шекспирдің “Гамлет” пьесасы бойынша Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының қойылымы
Жаңалықтарға қол созған спектакль. Режиссері – Гүлсина Мерғалиева. Көрермендер залын сахнаға айналдыруға талпынған ниеті ұнады. Гамлетті сомдаған актердің болашағы бар.

7. Жан-Пьер Пило, Оливье Шультездің “Моцарт” пьесасы бойынша Астана қаласы Жастар театрының мюзикл қойылымы

Мюзиклдің аты –мюзикл. Режиссері – Нұрқанат Жақыпбай.

8. Әннес Бағдаттың “Рух” пьесасы бойынша Республикалық неміс драма театрының спектакль-лекция қойылымы
Жақсы форма, атына заты сай – бастан-аяқ лекция үзбей оқылатын спектакль, қазақ тарихы баяндалады, хореография күшімен уақиғалар бедерленеді, әрленеді, өрнектеледі.
Режиссері – Наталья Дубс.
Қорытынды. марапат

“ҮЗДІК ЕР АДАМ БЕЙНЕСІ”: У.Шекспирдің “Гамлет” пьесасы бойынша қойған спектакльдегі Гамлет ролін сәтті сомдағаны үшін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының актері Кенжебек Башаров;
“ТАҚЫРЫПТЫҚ ІЗДЕНІСТЕРІ ҮШІН”: Д.Исабековтың “Өкпек жолаушы” пьесасы бойынша қойған спектаклі үшін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры;
“ПЛАСТИКАЛЫҚ ШЕШІМ ҮШІН”: Ә. Бағдаттың “На Земле (Рух)” пьесасы бойынша қойған спектаклі үшін Республикалық неміс драма театры;
“РЕЖИССЕРЛІК ІЗДЕНІСТЕРІ ҮШІН”:
1. Қ. Толыбайұлының “Дауылпаз баба – Қожаберген” дастаны бойынша қойған спектаклі үшін С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Баатырбек Шамбетов,
2. Ш.Айтматовтың шығармасы бойынша қойған “Мәңгүрт” спектаклі үшін Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының режиссері Гүлназ Қасымбаева,
3. Н.Гогольдің “Үйлену” пьесасы бойынша қойған спектаклі үшін Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Дина Жұмабаева,
“ҮЗДІК СПЕКТАКЛЬ”:
1. Ж.Пило және О.Шультездің “Моцарт” пьесасы бойынша қойған спектаклі үшін Астана қаласының Жастар театры,
2. А.Чеховтың “Шие” пьесасы бойынша қойған спектаклі үшін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры.

Дидар АМАНТАЙ, Әділ Қазылар мүшесі, Ақтөбе қаласы

facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: