Орыс тілінің позициясы әлсіреп, Қытайдың ықпалы күшейді
Батыс баспасөзі орыс тілінің постсоветтік елдердегі позициясы, Ресейде Яндекстің Google-ден озғаны және Солтүстік Корея төңірегіндегі дағдарыс тұсында Қытайдың Азиядағы ықпалы жайлы комментарийлер жариялаған.
БҰРЫНҒЫ ОДАҚТАС РЕСПУБЛИКАЛАР
Балтық елдерінде шығатын Baltic Times газетіндегі «Орыс тілі бүкіл әлем бойынша позициясынан айырыла бастады» деген мақалада британдық Retirementgenius сайтына сілтеме жасап, кейінгі 20 жыл ішінде «өзге тілдерге қарағанда орыс тілі базасын бәрінен көп жоғалтқанын» жазған. Бұл жаңадан тәуелсіздік алған елдер «өзінің лингвистикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге» тырысып жатқан тұста болып жатыр. Мысалы, Euromonitor International зерттеу тобына сілтеме жасап, 2016 жылы үйінде орыс тілінде сөйлесетінін жұрттың 20,7 пайызы ғана айтқан Қазақстанда орыс тілін пайдалану деңгейі бәрінен шапшаң төмендегені, ал 1994 жылы бұл көрсеткіш 33,7 пайыз болғаны айтылған. Украинада да осындай жағдай байқалады – ол елде 1994 жылғы 33,9 пайыздан 2016 жылы 24,4 пайызға дейін кеміген. Орыс тілінде сөйлейтіндер Әзербайжан, Литва, Түркіменстан және Өзбекстанда да азайған. 2016 жылы Грузияда бұл көрсеткіш 6,4 пайыздан 1,1 пайызға дейін кеміген.
Мәскеуде орналасқан Macro-Advisory консалтинг фирмасының жетекші серіктесі Крис Уифердің пікірінше, «орыс тілін [қолданудың] азаюы мен қазақ, латыш және украин сияқты жергілікті тілдерді қолдану аясының ұлғаюына СССР ыдырағаннан кейін еркіндік алған саяси күштер түрткі болған. Кей елдер орыс тілінен Батыс елдерімен және Азиямен саяси альянс құру және инвестиция тарту стратегиясы кезінде сырт айналды» деп жазады Baltic Times.
Жуырда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиінің бірыңғай латын стандартын биылғы жылдың аяғына дейін құрастыру жайлы тапсырма берген болатын. Латын әліпбиіне толық көшуді 2025 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Оның айтуынша, 1940 жылдан кейін елде кириллица «саяси» себеппен пайдаланылған. Бақылаушылар Назарбаев Қазақстандағы орыс тілінің әлі де мықты позициясын осылай әлсіретуге тырысып отыр деп санайды. Өзгелердің пікірінше, Назарбаев латын әліпбиіне көшу арқылы елде ұлғайып келе жатқан экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемалардан халық назарын аударуға тырысып отыр, латынды енгізу әрекеті қазақ тілін пайдалануға жайсыз әсер етуі мүмкін.
GOOGLE МЕН ЯНДЕКСТІҢ ТАРТЫСЫ
Ұлыбританияның Guardian газеті Google мен Яндекс іздеу жүйелерінің бәсекелестік тартысы туралы жазған. «Орыстардың Google-і» деп жиі аталатын Яндекс Ресейдің федералдық монополияға қарсы қызметіне (ФАС) Android жүйесін пайдаланатын ұялы телефондарға ресейлік іздеу жүйесі мен өзге қосымшаларды орнатуды шектеуге қарсы шағым түсірген. ФАС-тың шешімінде заң талабын бұзу және нарықтағы үстемдігін теріс пайдалану фактілері анықталып, 2016 жылғы тамызда Google компаниясына 438 миллион рубль айыппұл салынды деп жазылған.
Осы аптада екі ірі жүйе Ресейдің арбитраж соты мақұлдаған коммерциялық мәмілеге келді. Оған сәйкес, Google 438 миллион рубль айыппұл төлеп, Android жүйесін пайдаланатын ресейліктерге іздеу жүйесін таңдау еркін беретін болып келісті.
«2016 жылғы сәуірде Еуропалық комиссия Google компаниясын Android жүйесіндегі үстемдігін асыра пайдаланады деп айыптап, бұл әрекеті үшін 5,9 миллиард фунт стерлингке дейін, яғни оның ғаламдық кірісінің 10 пайызына дейінгі айыппұл салуға ұласуы мүмкін деп ескерткен. Google әлгі айыптауды жоққа шығарған, бірақ ресейлік ФАС келісімі Google-дің ЕО-пен шайқасында домино ойыны әсерін туғызуы мүмкін» деп жазады Guardian.
СОЛТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ ҚЫТАЙ
Корей түбегіндегі жағдай шиеленіскен тұста Батыстың бірнеше басылымы Қытайдың аймақтағы ықпалын талдаған. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон ядролық бағдарламаға қатысты келіссөз жүргізуге қайта көндіру үшін Солтүстік Корея билігіне қысым жасау тәсілдерін табу қажет деп мәлімдегеннен кейін Солтүстік Корея «алдын ала жойқын соққы береміз» деп АҚШ-қа тағы сес көрсетті. Бұған қоса, Солтүстік Кореямен шекарасына Ресей ауыр әскери техникасын шоғырландырып жатқаны жайлы ақпарат тарады, бірақ Ресей қорғаныс министрлігі әлгі маневрін «жоспарлы» жаттығу деп атайды.
Америкалық New York Times газетіндегі «Пекиннің Солтүстік Кореядағы саясатын күмәнді орыннан – Қытайда отырып сынау» деген мақалада Корей соғысын зерттеген қытайлық тарихшы Шен Зихуаның «Қытай екіге бөлінген Корей түбегінде ұстанатын саясатын әбден бүлдірді» деген сөзіне қатысты комментарий берген.
Қытай ақпанда Солтүстік Кореядан көмір импорттауды уақытша тоқтатып, оны ірі кіріс көзінен айырғаны жайлы хабар тараған. Бірақ Қытай сауда-саттықты мүлде тоқтатуға келіспей отыр, ал Пхеньян, Сеул және Вашингтонмен бұл мәселеге қатысты таластың беті барған сайын өктем болып барады. «Тараптардың бәрімен дос болу әрекеті қауіпті болып шықты» деп жазады New York Times.
Ұлыбританияның Economist журналындағы «Қытайдың азиялық көршілері ұлы державамен бәскелестікте қалай тірішілік етіп отыр?» деген мақалада Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қытайдың ықпалын талдаған. Бұл мақалада да «бұл елдер бәрімен достасуға шебер, бірақ бұл барған сайын қиындап барады» деген тұжырым жасайды.
«Қытайдан тысқары Солтүстік Кореядан өзге азиялық елдердің бәрі аймақта АҚШ-тың ықпалы болғанын құптайды әрі оның жалғаса бергенін қалайды. Сингапур елшісінің сөзінше, аймақ елдері «таңдағысы келмейді, өйткені бұл маневр жасауға көбірек орын береді» […] Бірақ олардың үміт етуі барған сайын қиындап барады. Елшінің айтуынша, Қытай Азияның екіге жарылуы, яғни қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Америкаға, ал әл-ауқатын жақсарту үшін Қытайға сүйену саясаты енді жалғаса алмайды деген талап қойып отыр» деп жазады Economist.
Қазақстан көрші Қытайды экономикалық әрі саяси ірі серіктес ел деп санайды. Екі ел арасында ондаған миллиард доллардың экономикалық ынтымақтастық келісімі бекітілген. Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру