Эйр-Астанадағы шулы оқиға қазақтар үшін масқара болып тынды. Бортсеріктен қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған түрік азаматы қамауға алынып, оған айыппұл салынды.
Тәуелсіздік алғанда, ең бірінші боп қуанған түрік ағайын бұл жайттан хабардар боп жатса, әбден түңілетін шығар бізден. 25 жыл мерзімде ана тілі мәселесін біржақты ете алмаған өзімізге де обал жоқ.
„Мәселені саясатқа немесе басшылыққа сілтейтін түгі жоқ„ деген қазақ заңгері Абзал Құспан мұның барлығын өзіміздің еріншектігіміз бен қорқақтығымыздан көреді.
Әйтпесе, заңгердің айтуынша, Қазақстандағы заңдар мемлекеттік тіл қолданысын еш шектемейді, тек оны орындамайтындар бар. Бұл туралы заңгер Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
„Кешелі-бері лентадан түспеген, кінәлі тараптың кешірім сұраудың орнына, әдеттегінше, мұрнын шүйіре қарауының салдарынан, дау ушыға бастаған, «Эйр Астана» әуе компаниясына тиесілі ұшақтағы жағдайға орай, заңгер ретінде өзімнің нақты пікірім мен ұстанымымды білдіргім келеді.
Себебі, бұл тақырып — мен үшін етене жақын, қоғамдық негізде бұрыннан айналысып келе жатқан шаруаларымның бірі.
Бірінші айтқым келгені, Оғыз Доған ағамыздікі нағыз азаматтық, негізі қазақтар, яғни, бұл Сіз бен Біз жасау керек іс, бірақ ол біз жасай алмай жүрген істі атқарып, үлгі көрсетті.
Екінші айтайын дегенім,
Оғыз Доған ағамыздың талабы 100 процент заңды әрі негізді. Егер талабы мұқалмай, мәселені сотқа дейін жеткізер болса, бұл істен нәтиже шығарына мен кепілмін.
Оған мына дәлелдер айғақ. Кез-келген саланың қызметін реттеп отыратын салалық, яғни, профильді заңдары болады.
Мәселен, әуе саласына қатысты «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заң бар. Ол Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15-шілдедегі № 339-IV Заңы болып табылады.
Аталған Заңның 56-бабы, 6-бөлігінде былай деп көрсетілген (сөзбе-сөз):
«Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті».
Бұл заң талабы тәпсірлеп, түсіндіріп жатуды қажет етпейді деп ойлаймын?
Одан бөлек, Оғыз Доған ағамыз — «Эйр Астана» компаниясының қызметін тұтынушы, ал компания — қызмет көрсетуші. Ендеше «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4-мамырдағы № 274-IV Заңының 24, 25, 26 баптарында
қызмет көрсетушінің тұтынушыға ақпараттарды қазақ және орыс тілінде жеткізу міндеті,
деп, тайға таңба басқандай анық көрсетілген!
Бұл арада мен Тіл туралы Заңға немесе Конституцияға сілтеме жасамай-ақ қояйын, жоғарыдағы екі заңмен ақ, «Эйр Астананың» мәселесін май шаммен қарауға болады!
Тек… Оғыз Доған ағамыз «қазақтардың өздеріне керек емес тіл, маған неге керек?» — деп, орта жолдан қайырылмаса!
Сөз соңында айтарым, «Эйр Астанаға» тіл мәселесі турасында осыған дейін өз басым біраз мәселе көтеріппін, әзірге іссапарда жүргендіктен, табылғаны мына қағаздар болып тұр.
Және айтқым келгені,
«Эйр Астана» тіл мәселесінде мен сотқа тарта қоймаған мекемелердің бірі еді, егер Питер Фостер мырза жағдайды өз бақылауына алмай, осылай бетімен жібере берсе, амалсыз бұл мәселемен өзіме айналысуға тура келеді…
Ал, жалпы айтарым, қазақ тілінің мәселесі биліктің емес, сол тілдің тұтынушысы ретінде Сіз бен Біздің ғана қолымызда. Билік өз тарапынан заңдар шығарды, сол заңдарды жұмыс жасататын кім? Әрине біз! Егер біз, өз құқығымызды талап етуден қорықсақ, бір бет арыз жазуға ерінсек, мемлекеттік органдар қайтіп іске араласпақ? Сіздің құқығыңыздың бұзылып жатқанын олар бал ашып білмек пе?
Ұзын сөздің қысқасы, әуеде жүрсеңіз де, жерде жүрсеңіз де өз ана тіліңізде, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап етіңіз, егер ол талабыңыз орындалмаса, тиісті мемлекеттік органға немесе сотқа арыз, талап қоюды жаппай қолға алайық. БАҚ-ты шулатқаннан гөрі, бұл әдеқайда тиімді де пайдалы іс. Ана тіліміздің абыройын асқақтатуға сөзбен емес, іспен үлес қосайық!„ — деп жазады Абзал Құспан мырза әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
365info.kz
Пікір қалдыру