|  | 

Әдеби әлем

Тінейдің сары құсы

Нығымет Мыңжани (Ел аузынан)

Ертеде Алтай тауын мекен еткен Тіней атты атақ­ты саятшы болыпты. Жазғытұрым жалғыз құла биесі бошалап кеткен Тіней, атырапты арылтып іздеп келе жатып, әлі толық ерімеген өзеннің мұзы үстінде құлындап, қара құйрық, қара жал, еркек құлын туған биесін табады.  Қасына жетіп келсе, жа­рық­тық құла бие қамыс құла­ғын қайшылап, өзеннің жаға­сына жалтақ-жалтақ елеңдейді. Бұған не болды деп қараса: жаға­да құла биенің шуын жеп тоят­тап, қанаты суға малынып сауыс-сауыс боп қатқан сары бүркіт отыр. Тіней бүр­кітті ұстап күпісіне орап ала­ды да, жаңа құлындаған бие­сін айдап үйіне келеді. Бұл бүр­кіттің бітімі бөлек, тегеурін тұяғының жебесі жарты қарыс екен. Құсты көргендердің бәрі: «Ақиық, қандыбалақ қыран­ның өзі» деп мақтасады.

Ғайыптан қолына түскен сары құсты Тіней үш жыл түле­тіп барып салады. Бірақ үміт ақталмайды. Тағы екі жыл тү­летеді. Бұл кезде баяғы қара­жал құла құлын бесті шығып, жақсы ат болады. Тіней құсбегі құла атына мініп, сары бүркітін көтеріп қыс бойы саятшыласа да ештеңе алдыра алмайды. Мұны көрген басқа саят­шылар − Ей, Тіней «құсың түл­кі алса бүркіт, алмаса лау мін­ген шүршіт» дейтін сөз бар, жал­ғыз атыңды қинап әуре болған­ша, аяқ бау, томағасын сыпырып қоя бер! – деп ақыл айтады. Сары құстың бітімі мен көрік-келбетінде бір керемет барын байқаған Тіней оны босатып қоя беруге қимайды, есік алдындағы қу түбірге қон­дырып байлап қояды. Сары құс анда-санда мыңқылдап ша­қырып қойып отыра берді.

Бірде ауылдың жылқысы барымталанады. Іздеушілер бейсауат бір адамды «ұрылармен сыбайлас» деп ұстап әкеліп, аяқ-қолына кісен салып қояды. Ол сорлы бірде әлгі адам кісе­нін салдырлатып Тінейдің үйі­не келеді. Есік алдында қу түбірге қонып отырған сары құстың мыңқылдап шақырған үнін естіп:

− Қайран қыраным-ай, Алтай­дың алты асқарын асып сен қайдан келіп едің, алты қабат Алатауды басып мен қай­дан келіп едім? – күңіренеді. Бұл сөзді естіген Тіней:

− Ей, сорлы сен бұл құс­тың тегін танып, тілін білетін кісідей сөйледің-ау, бұл саған «Алтайдың алты асқарын асып келдім» деп тіл қатты ма?- деп сұрайды. Ұры айтады: Ақиық Алтайға кетті, Ақше­гір Нарынға кетті, Қарагер Боғ­даға кетті, Сабалақ сары сауыр­ға кетті, – деген екен, жа­­лайыр Шора, мынау сол «Ал­­тайдың ақиығы». Құстың оң иығындағы ақ жүн адам ала­тын­дығының нышаны, сол иығындағы ақ жүн аң ала­тындығының айғағы. Бұны аңға салмай тұрып оң иығындағы ақ жүнді қиып тастау керек. Әрі бұл қыранның ер сүйегі бармақтай екі топшысының ұшында екі тегеуір тұяғы бар, бұл қатардағы құс емес, Ақиықтың ішіндегі қыраны, дейді. Бұл сөзді естіген Тіней:

− Рас айтасыз. Бұл құс қол­ға түспес асыл қыран деп өзім де ойлаған едім, бірақ үш жыл түлетіп салсам да тышқан мұрнын қанатпады!

− Аң алмайтын құс жоқ қайыруын тапса деген, бұл құс­ты қалай түлетіп, қалай қайы­рып едіңіз? Бұл сұраққа таңданған Тіней:

− Құсты қалай түлетіп, қа­лай қайырудың баяғыдан келе жатқан дәстүрі бар емес пе, жаздай суыр етімен түлетіп, бөртпемен жүндетіп, ақ жеммен қайырдым,

– дейді. − Бұл әдеттегі құс емес, өзге­ше құс, мұның бабы да өзгеше – дейді тұтқын.

– Жаз шыққанда аяқ бауын ал да қоя бер, жаз бойы емін-еркін шалқып ұшып жүрсін. Қашып кетер деп қорықпа, сен оған сенсең, ол да саған сенеді, сені тастап кетпейді. «Қазанның қа­ра дауылы» түс­кенде ұстап тұғырына қондыр да ту биенің қазы­сымен қа­йыр, қыс бойы жерге түс­пей­­­ді, көзіне көрінген аңды жібермейді. Мұның тағы бір шалт мінезі – кешке аңнан қайт­қанда елігіп кез келген адамды көкке көтеріп ұшырып ой­най­ды, қасыңдағы қағушыңа құ­лын жарғақ кигізіп, арқасына ергеншек таңып қойғайсыз…

Тіней құсбегі тұтқынның ақылына сүйсініп, оны кепіл­дікке алып, аяқ-қолын кісеннен босатып еліне аттандырады. Осы тұста баяғыда бес жыл бұрын қаражал құла құлын тапқан Тінейдің құла биесі қатарынан бес жыл қысырап, семіз­діктен шайлап жүре алмай, күздің қара суығы түс­кенде жон арқасы жарылып өледі. «Іздегенге – сұраған» деген­дей Тіней құсына құла биенің семіз қазысын беріп қайы­рады. Күйі келген сары құс қыстағы салбурында көзіне көрінген аңды қалт жібермей ұстайды. Күн батып аңнан қайтқанда елігіп ұшып, қолға қонбай кергіп, кұлын жарғақ киіп арқасына ергеншек бай­лаған қағушыны қағып алып көкке ұшырып, құмары қанған соң қайта әкеліп жерге түсіріп ойнайды.

Қыс өтіп саятшылық мау­сымы аяқталған соң Тіней құсының аяқ бауын алып қоя береді. Ол күні бойы емін-еркін ұшып жүріп, кеш бата кез келген үйдің шаңырағына барып қонады. Сары құстың шаңыраққа келіп қонуын «құт» деп білген жұрт оған қонағасы беріп, мейман ететін дәстүр қалыптасады.

Күндер өтіп сары құстың атағы ат жетер жерге жайы­лады. Бірде Тіней құсбегі сал­бурынның соңғы қызығын көрмек болып аңға шығады. Биікке шығып томаға тартқаны сол еді, қолындағы құсы тілеп ұшады да бір терең шатқалдың үстіне барып тік шаншылып құлдилап кетеді. Тіней атымен шауып жетсе, шатқалдың іші астан-кестең. Найзағай жар­қылдап, сарала сағым ойнайды. Барайын деп ұмтылса астын­дағы құла аты ышқынып үркіп, апыр-топырдың маңына бас­пайды. Кешікпей күн ұя­сына батып, жұлдыз жамырап, жер жаһанды қараңғылық бүр­кейді.

Ертеңінде таңсәріде Тіней ел-жұртты жинап барса, сары құс тастың үстінде түк болма­ғандай таранып отыр. Сөйт­се, адам бармайтын терең шат­қалда алып жылан бар екен бүркіт соған барып түскен де оны өлтіріп, басын мүжіп тояттап отырған түрі. Айдаһардың жай­рап жатқан жемтігін көрген жұрт еріксіз таңдай қағады.

Сары құстың арқасында Тінейдің де атағы аспандайды. Бірақ жазымыштан озмыш жоқ, құсбегі кенет айықпас дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Дауасыз дертке тап болғанын сезген құсбегі, туған-туыстарымен арыз­дасып: «Мен өлген соң жаназама сойылған жылқының қазысын сары құсқа жегізіп, аяқ бауынан босатып қоя бе­рің­­дер» деп көз жұмады.

Құсбегінің өсиеті бойынша ел сары құстың аяқ бауын алып, бостандыққа қоя береді. Бүркіт самғап ұшып, ақша бұлтқа сіңіп көзден ғайып болады. Келесі жылы ел-жұрт жиналып Тінейге ас береді. Сол сәтте ақша бұлтты қақ жарып сорғалап жеткен сары құс жер ошақтың басына келіп қонады. Жер ошақтың басындағылар оған асқа сойған жылқының өкпесін лақтырады. Оны іліп алып аспанға көтерілген бүр­кіт әбден биіктеп алған соң шеңгеліндегі өкпені жемей жерге тастай салады. Шырқау көкте қалықтап әрі-бері ұшады. Кенет қанатын қомдап, ас беріп жатқан ауылдың шетіндегі зиратқа қарай атқан оқтай шүйі­леді. Тарс еткен дыбыс, бұрқ етіп көкке көтерілген шаң­нан кейін, жиналған қауым зират жаққа жүгіреді. Олар Тіней­дің зиратына соғылып өлген сары құстың талқаны шыққан жемтігін көреді.

Related Articles

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Атеистер мен тәңіршілдерге мың алғыс! 

    Елдес Орда Сурет: Автордың жеке архивінен алынды. Қазақ қоғамында жаңа интеллектуалдық кезең туып келеді. Бірінші, қазіргі қазақ қоғамында сенім мәселесіне қатысты пікірталастардың күшеюі кездейсоқ құбылыс емес. Бұл дегеніңіз әлеуметтік желілердің, ашық ақпараттық кеңістіктің және жаһандық интеллектуалдық ағымдардың ықпалымен қалыптасқан жаңа қоғамдық ойлау формасының көрінісі. Атеистік көзқарастардың ашық айтылуы, тәңіршілдік идеялардың қайта жаңғыруы және дәстүрлі діни орта арасындағы пікір қақтығысы зиялы ортада алаңдаушылық тудырғанымен, шын мәнінде бұл құбылыс қоғамның рухани әлсіреуін емес, саналы ізденіске бет бұрғанын көрсетеді. Екінші, ұзақ уақыт бойы қазақ қоғамындағы діни дискурс негізінен МОНОЛОГТЫҚсипатта болды. Уағыз айтылды, ал тыңдаушы тарап оны талқылаусыз қабылдауға тиіс еді. Сұрақ қою күмәнмен, күмән әлсіз иманмен теңестірілді. Мұндай ортада сенім дәлелдеуді емес, қайталауды талап етті. Ғылыми

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

  • Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы»

    Бұл Дағандел, Бақанас өлкесінен шыққан би Үйсінбай Жанұзақұлы хақында құрастырылып жазылған кітап. Тың толықтырылған еңбекте болыс Әлдеке Күсенұлы, Дағанделі болысының басшылары мен билерімен қатар Әбдірахман Әлімханұлы Жүнісов сынды айтулы тұлғалар жайлы әңгіме қозғалған. Олардың ел алдындағы еңбектері, билік, кесім – шешімдері, халық аузында қалған қанатты сөздері мен өмір жолдары, ата – тек шежіресі қамтылған. Сонымен қатар мұрағат деректеріндегі мәліметтер келтірілген. Кітапқа есімі енген ерлердің заманы, үзеңгілес серіктері туралы жазылған кей мақалалар, жыр –дастандар, үзінділер енген. Кітап қалың оқырман қауымға арналған. Тұрсын Жұманбай «Үйсінбай кітабы», - Жебе баспасы, Шымкент қаласы.134 бет толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз. Үйсінбай кітап kerey.kz

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: