|  | 

Қазақ хандығына 550 жыл

Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту Үмбетей Жырау

Bogenbay batir

 

Абылай хан тұсындағы батыр, атақты қолбасшы. Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған, сондықтан оны халықҚанжығалы Бөгенбай деп атап кеткен. Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келіпті

Оның атасы — Әлдекүн, әкесі Ақша қанжығалы руы ішінде белгілі адамдар болған. Әз Тәуке хан оның әкесіне 80 мың сарбаздан тұратын әскерге қолбасшы болуды сеніп тапсырған. Ол сонымен қатар өнерлі адам болған. Ұсталық өнермен айналысып, соғыс қару-жарақтарын жасаған. Бойында ақындық, айтыскерлік өнері де болған. Әкесінің өнері баласына дарыған. Бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан. Өзіне жақын адамдардан топ құрып, кейін елде “Қанжығалының қырық батыры” деп аталып кеткен. Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай өскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кездегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды.

Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тындамай.
Талай істер басыңнан
Өтіп еді-ау жасыңнан,
Қиын, қызық әрбір жай.
Жас күнінде, Абылай,
Үргеніштен мұнда кеп,
Сарыарқаны жерім деп,
Қалың қазақ елім деп,
Келмеп пе едің жаяулай?!
Төле биді тапқанда,
Күндіз түйе баққанда,
Жалғызбын деп шошымай,
Еш малшыға қосылмай,
Қара жерге отырмай,
Күпінді салып астыңа,
Жең жастанып басыңа,
Қол-аяғың төрт жақта,
Жатушы едің сол шақта,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айғайлап,
Абылайлап шапқанда…
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Сол ерлікпен хан болдың,
Әлем асқан жан болдың,
Барша әлемге даң болдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Қалдан ханның әскері
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде
Көр зыңданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,
Өлтірем деп Қалдан хан
Орайына Шарыштың,
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан,
Қашпаған қандай ұрыстан
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай -
Абылай, сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай!
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый,
Ұмыттң ба соны, Абылай!

Батыры ханға сай болды,
Елің жайпақ бай болды,
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды,
Салқын сары бел болды,
Елге лайық ер болды,
Сарыарқа деп таңданып,
Өзге жұрт аңсар жай болды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Айтқан сөзің ем еді,
Жолынды теріс демеді,
Қай бақытың кем еді,
Ел қорғаны көп еді,
Қалып па ең батыр таба алмай?
Жауыңның қанын ағызған,
Аузынан балды тамызған,
Би мен батыр аз болып,
Тасырқап па едің шаба алмай!?
Анау бір жылы аттанған
Әскерді қырғыз қырғанда,
Басынан оба қылғанда,
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Кысылған әскербасының
Қасына барып тұрғанда,
Ақбоз атты шалғанда,
Мойныңа кісе салғанда,
Баба түкті Шашты Әзиз,
Содан бата алғанда,
Тілеуің қабыл болғанын,
Басыңа Қыдыр қонғанын,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Ұлы сәске болғанда
Жасаған жақсы жол беріп,
Жол бергенде мол беріп,
Ойламаған бақ беріп,
Қырғызды Тәңірім қақ бөліп,
Садырбала бітем деп,
Әтеке соғыс күтем деп,
Бірі көнбей біріне,
Садыр кетті бөлініп,
Соғысудан түңіліп,
Әтеке сынды жырықтың
Қабырғасы сөгіліп,
Шапқанда батыр төгіліп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Сары, Баян мен Сағынбай
Қырмап па еді жауыңды,
Қуантпап па еді қауымды,
Ұмыттың ба соны, Абылай!

Дүние кезек, Абылай!
Қаласың әлі-ақ сен былай!
Артыңдағы балаңа
Табылар батыр тағы да-ай!
Сондай ерлер көп тусын
Деп тілей бер, а Құдай!
Орта жүзде қатын көп,
Туатын кейін батыр көп,
Сол мұқатар жауды деп,
Елестер көзге сағымдай.

Ей, Абылай, Абылай,
Сөзімді тында тағы да-ай!
Өзіңнен біраз жасы үлкен,
Дөмпеш таудай басы үлкен,
Жасыңда болған сырласың,
Үлкен де болса құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Иманын айтып өлерде,
Иекке жаны келгенде,
Сәлем айтты үш қайта,
Кеттім деп сізді көре алмай.

Батырды қолдан өткіздім,
Сәлемін міне жеткіздім.
Жыламай тында, Абылай!
Жараға жақсы қасқарар,
Ойбайлап жаман бас салар.
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Көзіңнің жасын тыя көр,
Жақсылық бата қыла көр.
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін!
Бөгенбай сынды батырдың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай.
Жасаған ие жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!

Related Articles

  • БӨРІНІҢ АТЫН АЛҒАН ИТЕЛІ МЕН МОЛҚЫ

    («”В”дыбысының өмірі» мақаласынан үзінді) Ворг(ворк). Бұл кәдімгі көк түсті және осыған байланысты бөріні білдірді. Бөрі деген сөздің өзі көк түсті ұғындырады. Ворг(ворк) сөзі В дыбысының “ұб, об, аб, ба, бо, бұ, ұ, у” болып түрленуіне сай, бурғ, ворғ, буры, влуе, бөрі, бөрік, волк сөздерін тудырды. Волк – өлекшін. Влуе(бөре, бөле) – ағылшын тіліне көк түсті білдіретін атау ретінде ғұндар жағынан енді. Волф(бөріп) сөзі оларда бөріні білдіреді. Бурыл түс те көк түсті негіз етеді. Қазақта “бөріктіріп қырады” деген сөз бар. Бұл біріктіріп қырады деген мағынаны береді. Қазақтың бірігу деген сөзінің әубаста туылуына да бөрілердің азығын ұстаудағы ұйымшаң әрекеті әсер еткен. Волк(бөрғ) – Шығыс Еуропа жерінде бөріні білдірді. Волк сөзі болғ, болқы

  • ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН ҰРПАҚТАРЫ

    Тұғырыл ханның Нылқы шамғұн(санғұн), Еке(Үкі), Тайбұға деген үш ұлы болды. Нылқы шамғұннан тараған әулет Торғауыт, Қалмақ, Абақ-Сахара қатарлы ордалардың билеушілері болса, Тайбұғадан тараған әулет Сібір, Төмен хандықтарын биледі. Тұғырыл ханның інісі Жақа қамбының қызынан туған жиендер Ұлы Моғол ордасын, Қытайды, Иранды билесе, өзінің Құлағудан туған жиендері Иранды тағы дүбірлетті. Тұғырыл ханның ұрпақтарынан Қазан, Қажы-Тархан(Астрахан), Қасым хандықтарының тағына отырғандар да болды. Қырым хандығын билеген Тұғырыл хан ұрпақтары тұтас Жошы ұлысындағы барлық хандықтарды шеңгелінде ұстады. Жошы ұлысынан шыққан хандықтардың тәуелсіздігін қорғау жолындағы шайқастарды ұйымдастырушы болды. Қырым хандығын билеген Тұғырыл ханның ұрпақтары Қырым хандарының есімінің бәрінде Керей қосымшасы бар. Бұл туралы Орыс зерттеушілері екіге жарылады. Бірі, Қажы -Керейді Тұғырыл хан әулетінен десе, бірі

  • Оспан Батырдың Чойбалсан маршалға жазған хаты

    Суретте Оспан Батырдың 1944 жылы наурыз айында Чойбалсан маршалға жазған хаты берілген. Хатта Оспан Батырдың өз қолы қойылған, мөрі (таңбасы) басылған. Хаттың аудармасы: Аса құрметті маршал жолдасқа сәлем (жазамын мәнісі:) Ол жақтағы біздің әскерлердің кемшілік* нәрселер болса біздің мына барған кісілерден айтып жіберіңіздер. Және де сол әскерлер жауды қамап алған екен, асса 10 күн, қала берсе 6-7 күн, шамалары болса қамасын, егер азық басқалай нәрселері болса оны бұл жерден толық қып береміз, кемшілік* нәрселеріне біз міндеттіміз, сол үшін әскерлерге осы хабарларды даньбау* арқылы тиілсе екен деп құрметпен Батыр Оспан (қолтаңбасы, мөрі). 33. 3/3 Қысқаша түсіндірме: Кемшілік*: хатта бұл сөз мінездеме мағынасында емес, қажеттілік, бұйымтай, керек-жарақ сияқты әлеуметтік һәм тұрмыстық мағынада

  • Алтай өлкесінің Шыңжаңға өз еркінен тыс қосылғанына 100 жыл (1920-2020)

    1920- жылға дейін Синьцзян мәселесіне Алтай өлкесі қамтылмайтын-ды. Алтай өлкесі 130 жылдай орталық үкіметке жеке қарап келді де, 1919-1920 жж арасындағы ішкі-сыртқы саяси һәм гео-стратегиялық мәселелерге байланысты жеке өлке статусы біржолата жойылған еді. Синьцзян губернаторы Яң-ның қолқа салуымен Алтай өлкесі Синьцзян провинциясының қарауына өтті. Мына әкімшілік карта 1916-1920 жылдар арасында дайындалған. Осы картада Алтай Өлкесі анық көрінеді. Цин империясы құлаған соң билікке келген буржуазиялық үкімет бүкілмемлекеттік құрылтай жиналысын өткізеді сонымен бірге сол жылы уақытша үкіметтің кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Осы саяси іс-қимылға Алтай өлкесі жеке ел ретінде қатысқан. Ол туралы кейін айтамыз. 1905, 1908, 1912 жж арасындағы күрделі әкімшілік реформалардан кейін Алтай-Қобда елінде түбегейлі өзгерістер болды. 1914- жылы Құлжа

  • РИМ БИЛЕУШІЛЕРІ ҰЛЫ ДАЛАДАН БАРҒАН БА?

    Ителі руы – іргелі рулардың бірі. Атауы жағынан Ителі кәдімгі Ителгі құстың атауының ғасырлар легінде ғ, г әріптері түсуіне байланысты өзгеріске ұшыраған түрі болуы мүмкін. Екінші жақтан алғанда, Ид-Телы, Иди-Теле болып ежелгі Алтайлық Телелердің бір бұтағы болуы мүмкін. Ид-Телы, Иди-Теле атаулары оларды Жер-Телелері(отырықшы Теле) және қасқырды төтем еткен Телелер ретінде көрсете алады. Ителінің шежіре бойынша Көкбұлақ деген атаның немересі екенін танысақ, Көк сөзінің Құдайы сипаттар мен көк бөріге, киеге қатыстылығын ескерсек ит сөзінің әрі жағында қасқыр төтемі жатады. Италияндардың ит емген(қасқыр емген) екі баланы төтем санап, күні бүгінге дейін Ителі атауынан Ителия(Италия) болып тұрғанын біле аламыз. Оның үстіне Көкбұлақ аталатын кей жерді халық Көкебұлақ деп те айтады. Көкебұлақ – Тыва

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: