Төр Алтай қарымды қаламгерімен қоштасты
Бүкіл саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған қарымды қаламгер Дидахмет Әшімханұлының өмірі 65 жасында үзіліп, мәйіті Алматыдан туған топырағы Төр Алтайға әкелініп, жер бесікке берілді.
Алматы мен Астанадан, тағы басқа өңірлерден келген марқұмның жақын достары, қаламдастары, ет жақын туыстары, аудан жұртшылығы қатысқан қаралы жиынды жүргізген жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың сөзімен айтқанда, қазақтың сөз өнері аламанына кілең бір сүлейлерін қосқан Катонқарағай халқы тағы бір асыл ұлынан, жыршысынан айырылды. Оралхан Бөкейді елуіне жеткізбей аяқтан шалған сұм ажал біраз ентігін басқандай болып еді, енді келіп Алтайдың алып бәйтеректерін сұлата бастады. Қалихан Ысқақтай өнер саңлағының өмірден озғаны кеше ғана еді, міне, бүгін Дидахмет сынды арда ұлымызды, арысымызды арамыздан алып кетті. Төр Алтай Алатауға Қалағаңды да, Оралханды да, Дидахметті де кеуделері арманға, жүректері жалынға толы күйлерінде аттандырған еді, енді, міне, елге құрыш табытпен оралтып жатыр. Бұдан асқан қасірет бар ма?..
Аз жазса да, саз жазатын, қаламдастарының арасында жиырмасыншы ғасырдың Бейімбет Майлині деп мойындалған, адамдықтан аспаған, арамдыққа баспаған Дидахмет Әшімханұлын соңғы сапарға шығарып салуға арналған жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Шығыстың шамшырағы болған қаламгердің қазасы бүкіл еліміздің, алты алаштың қайғысы екендігін білдіре келе, марқұмның отбасына, туғантуысқандарына, бүкіл аудан жұртына көңіл айтып, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Премьерминистрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қайғыға ортақтасқан сәлемдерін жеткізді. Дидахмет Әшімханұлының досы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет екеуінің бірге басталған студенттік кездері, Дидахметтің дарындылығы, шығармашылыққа, достыққа деген адалдығы мен тазалығы, жазушылар арасындағы беделі жөнінде айтып, қаламгер қазасына орай жазған жырын оқыды.
Жазушы жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаровтың сөзі де қалың жұртшылықты толқытып, көзге жас алдырды. Сыңарынан айырылған аққудың күйін кешіп тұрып, ол талантты жазушыпублицист Дидахмет досының екінші өмірінің осы сағаттан басталғанын, оның оқырманы, халқы барда өлмейтінін айтып, жерлестерін рухтандырып, Қытайдағы қандастарымыз бен Түркиядағы достарынан, Президент Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллин мен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен келген көңіл айтуларды жеткізді, көрнекті мемлекет қайраткері Мұхтар ҚұлМұхаммедтің жеделхатын оқып берді. Катонқарағай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов Дидахмет Әшімханұлының керемет жазушылығын, оның азаматтығын, ауданның мақтанышы екендігін тілге тиек етіп, марқұмның отбасының, туғантуысқандарының қайғысымен бөлісті, оның жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады деп сөзін қорытындылады. Көрнекті жазушы Дидахмет Әшімханұлын жерлеген соң, құранқатым бағышталды.
Жәнібек Қызыр Катонқарағай ауданы.
Ұлықбек Есдәулет,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Қарағай
(Дидахмет Әшімханұлына)
Алтай тауы аңыраса аспан жұтып дауысын,
Күңгіркүңгір тас құласа күңірентіп тау ішін.
Тал бесік пен жер бесіктің арасында самғаған
Тау қойнына табыстадық алты алаштың арысын.
Жыршысынан айырылған Ақ Қабаның толқыны,
Жартасты ұрып бытшыт болды көбік шашып сол күні.
Қайғыдан қарс айрылмаған қайран жүрекжүрек пе,
Мәңгілікке мекен болса туған таудың қолтығы.
Не бар екен біздің өлмес сағынышты басардай?
Тарих? Уақыт?
Қойса нетті шаш ал десе – бас алмай?
Қазағымның ауыр жүгін арқалаған Толағай,
Қапияда сүріндің бе, соңғы белден аса алмай?
Жер аңсаған сары атандай алдыартыңа қарамай,
Асу асып кете бардың өз өлкеңді аралай.
Туған жерге тұлға болып, еңсе болып тұрарсың,
Алтайыңның орманына қайта оралған қарағай…
25 мамыр, 2015 жыл
Алматы – Катонқарағай.
Дидар газеті
Пікір қалдыру