|  |  | 

Саясат Тарих

Тирандар тарихта қалады…

«Жас Алаштың» коллажы

31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн және ашаршылық құрбандарын еске алу күнi

Саяси қуғын-сүргiн құрбандарының бiрi – мемлекет және қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлы 2004 жылғы сұхбаттарының бiрiнде былай деп едi: “Тарихта әртүрлi iз қалдыруға болады: тарихқа абыроймен кiруге болады, керiсiнше, “қара таңбамен” қалуға да болады. Бiреудiң ойынында маңызды қызмет атқарсаң да…”.
А.Сәрсенбайұлының өзi тарихқа абыроймен кiрдi. Мемлекеттiң көшiн тура жолға салғысы келген қайраткер ретiнде, саяси реформалар жүргiзуге тырысқан саясаткер ретiнде.
Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiн атап өтiп жүрмiз. Құрбандарға арнап құран бағыштаймыз, құлаш-құлаш мақала жазамыз. Бәрi дұрыс. Бiрақ бiз биыл қазақтың сүт бетiне шығар қаймақтарын сылып алып құрбан еткен жауыздарды да бiр уақ “көрден суырып”, сұраққа алуды жөн көрдiк…
 
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН ҚАН САСЫТҚАН “ҚУЖАҚ”
“Асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын”. Бұл – кеңестiк жүйенiң қазақтарды аштыққа ұрындырып, жаппай қырып-жою үшiн пайдалан­ған ұраны. 1925 жылы Мәскеу Қазақстанның өлкелiк партия комитетiнiң хатшылығына Филипп Исаевич Голощекин (Шая Ицкович) деген еврейдi жiбердi. Оның Қазақ жерiне келуiмен бiрге қазақ тарихындағы ең нәубеттi жылдар басталды. Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы 1928 жылы 28 тамыздағы қаулы байларға ғана емес, орта шаруаларға да қиын тидi. 1929 жылы Қазақстандағы мал басы 40 миллионға жеткен екен. Әлгi сұрқия ұранның кесiрiнен үш жылда 4 миллион ғана мал басы қалған. Оның өзi – жәрдемге деп сырттан әкелiнген мал басы.
Тарихшылардың зертте­уiн­ше, 1921-22 жылдардағы ашаршылықтан қазақ халқының 30 пайызы қырылған. Он жылдан кейiн 1931-32 жылдары қайта айналып соққан нәубеттен қазақтардың тең жарымы өлген. Кейбiр дерек көздерi “аштықтан 2,5 миллион адам өлдi” десе, ендi бiр зерттеушiлер “қырылғандардың саны 3 миллионнан да асып түстi” деген уәж айтады.
Салыстыру үшiн айта ке­тейiк, ел басына күн туған Ақтабан шұбырынды (1723-25) жылдарында немесе екiншi дүниежүзiлiк соғыс (1941-45) кезiнде мұнша көп қазақ қырылған жоқ.
Сталиннiң тiкелей қолдауына ие болған “Қужақ” Голощекин қазақ даласын қан сасытты. Санкт-Петерборда II Николай патшаны отбасымен бiрге азаптап өлтiрген қанқұйлы жауыздардың бiрi – Ф.Голощекин Қазақ жерiн­де одан асып түспесе, кем түскен жоқ. Қазақ халқының жартысын жер бетiнен жо­йып жiбергенi өз алдына, қазақ интеллигенциясын да қуғынға ұшыратты.
Сөйткен “Қужақ” өзi де “антисоветтiк ұйым құрды, гомосексуалист болды” деген айыппен 1941 жылы 27 қарашада атылды.
Қазақ халқының жартысын қырған ашаршылық нәу­бетi – нағыз геноцид. Бұл – қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi ғана айтылатын тақырып емес, көзiңнен қан­ды жасың ағып отырып күнде көтеруге тиiс мәселең.
Геноцид деген не? Оның анықтамасы мынадай: Геноцид – тұтастай бiр ұлтты, этникалық немесе дiни топты өлтiру, денсаулығына зиян келтiру, бала-шағасын тартып алу, өмiр сүру мүмкiндi­гiнен айыру жолымен жойып жiберу.
Яғни, Голощекиннiң тұ­сында қазақ халқына қарсы жасалған iс-әрекеттiң бәрi – халықты мақсатты түрде қырып-жою, яғни геноцид. Ендеше, мұның геноцид еке­нiн ресми түрде ашық мәлiм­деуден неге тартыншақтай беремiз? Кiмнен қорқамыз?
“ҮЛКЕН ТЕРРОР”
1937-38 жылдардағы Кеңес одағындағы жаппай қу­ғын-сүргiн туралы британдық тарихшы Роберт Конквест “Үлкен террор” деген кi­тап жазды. Қазiргi тарих ғылымындағы “Үлкен террор” деген терминдi ойлап тап­қан да сол.
“Үлкен террордың” басты кейiпкерлерi де үлкен. “Еж­ов­­­­щина” деген екiншi аты бар нәубеттiң ең үлкен кейiпкерi – Йосиф Сталин. Тарихи деректерге көз салсаңыз, Сталиннiң өз қолымен бекiткен жүздеген құжаттары бар. Ату жазасына кесу туралы үкiмдi қызыл қарындашпен белгiлеп отырған. Кейбiр құжаттардың аяғына “Қаттырақ соға түсiңдер!” деп түртiп қойған. “Халық жаулары” мұрнынан тiзiлген бiрнеше беттiк тiзiмнiң соңына бәрiнiң басын бiр-ақ қа­йырып: “Түгел атыңдар!” деп жазған. Тiптi кейбiр күндерi Сталин үш мың адамды ат­қызған…
“Үлкен террорды” зерт­теушiлер 1936-39 жылдары Кеңес одағы бойынша 1,5 миллион адам тұтқындалып, оның тең жарымы атылған немесе лагерлерде өлген деген дерек айтады.
Мемлекеттiк қауiпсiздiк бас комиссары Генрих Григорьевич Ягоданың (Енох Гершонович Ягода) бастамасымен миллиондардың тағдырын тас-талқан еткен ГУЛАГ – түрмелер жасақталды.
1936-38 жылдары iшкi iстер халық комиссары болған Николай Иванович Ежовтың қа­тiгездiгi бәрi­нен ерекшеленiп тұрды. Сталин жауыздардың бәрiн ең алдымен Қазақ жерiне жiбергенi таңдандырады. Ежов 1925-26 жылдары Қазақстанның өлкелiк партия комитетiнiң хатшысы Ф.Голощекиннiң қол астында жұмыс iстеген.
1936 жылы Г.Ягоданың орнына Н.Ежов iшкi iстер халық комиссары болып тағайындалды да, қуғын-сүргiн бұрын-соңды болмаған екпiнмен жүргiзiлдi. 1937 жылдың қаңтарынан 1938 жылдың тамызына дейiн Ежов Сталинге он бес мыңнан астам құпия хат жолдап, жазалау операциясының жайын баяндап отырған. Осы мерзiмде Сталин­нiң қабылдау бөлмесiндегi журналда Ежов “көсемнiң” қабылдауына 290 мәрте кiрiп, 850 сағат әңгiмелескен. “Халық жауларымен ымырасыз күресушi” Ежов туралы балладалардың жазыл­ғаны да осы тұс.
Сөйткен Ежовтың өзi 1939 жылы сәуiрде тұтқындалып, “гомосексуалист” мемлекеттiк төң­керiс жасамақ болды, террорлық топ құрды” деп айыпталып, 1940 жылы 4 ақпанда атылды.
Лаврентий Павлович Берия. “Үлкен террор” туралы әңгiме болғанда жауыздардың iшiнен ең алдымен осы Берияның аты-жөнi еске түседi. Оның себебi бар. Берия Ежов сияқты бiлiмсiз, надан адам болған жоқ. Ол өте әккi саясаткер едi. Әрi “Кеңес одағының маршалы”, “Социалистiк еңбек ерi”. Ежовты өз қолымен тұтқындап, атқызып жiберген де осы – Берия.
Тарихшылар “Берияның iшкi iстер халық комиссары болып келуiмен жаппай қуғын-сүргiн бiршама азайды” деп есептейдi. 1939-40 жылдары бес мыңға жуық адамның саяси себеппен тұтқындалғанын, ал Ежовтың тұсында 1,5 миллион адам жазаланғанын алға тартады. Бiрақ бұл себеп Берияны ақтай алмайды. Ақтай алмайтын себебi – Берияның тұсында да аз адам қуғындалған жоқ. Әсiресе, Қа­зақстанда.
Төбе шашыңды тiк тұрғызатын тағы бiр тарихи дерек мынау: Сталин, Ежов, Берия үштi­гiнiң жаналғышы – генерал Василий Блохин 20 мың адамды өз қолымен атса, Петр Магго деген жауыз офицер 10 мың адамды жаһаннамға жiберген. Мына дерекке көз салыңыз: 1937 жылы 353 074 адам ату жазасына кесiлген – күнiне 1000 адамнан атып отырған. 1938 жылы 328 618 адам атылыпты. 1939 жылы – 2552, 1940 жылы – 1649, 1950 жылы – 1609 адамды Сталиннiң жаналғыштары атқан.
“Стахановшы” жаналғыштардың жұмысы қаншалықты жиiр­кенiштi екенiн олардың iс-әрекетiнен байқауға болады. Петр Магго бiр күнде 20 тұтқынды атып көзi қанталағаны соншалық, жанында тұрған НКВД офицерiне: “Шешiн, кәне! Бол тез! Әйтпесе тұрған жерiңде атып саламын!” деп тұра ұмтылған.
1991 жылы КСРО-ның бас әскери прокуратурасына шақырылған жендеттердiң бiрi Дмитрий Токарев былай деп еске алады: “Петр Магго қан көрiп қолы қалтыраған жендетке: “Ататын адамның қолын мiндеттi түрде артына қаратып байла. Өзiң наганды алып, артынан жүрiп отырасың. Ағаш үгiндiсi мен құм төселген жерге келгенде “тоқта!” деп бұйыр. Сол жерде желкесiне наганды тақап тарс еткiзесiң де, бiр мезетте құйрығынан тебесiң. Гимнастеркаға қан шашырамас үшiн” деп кеңес бергенiн естiдiм.
1940 жылы сәуiрде польшалық офицерлердi атарда Блохин: “Кәне, бастаймыз ба?” деп иек қақты. Ол басына қоңыр шляпа, үстiне ұзын қоңыр плащ, қолына шынтағына дейiн жететiн қоңыр қолғап киiптi. Бәрi терiден тiгiлген. Бұл маған қатты әсер еттi. Алдымда нағыз жаналғыштың өзi тұрды”.
МИРЗОЯН “МЫРЗАЖАН” ЕМЕС
Тарихшы-ғалым Талас Омарбеков былай дейдi: 1934-38 жылдар аралығында 30 387 адам партия қатарынан шығарылды. Ол заманда партиядан шығу – болашағыңа балта шабу деген сөз. 25 833 адам жұмыстан қуылып, қамалды. 8 500 адам “халық жауы деп айыпталды. 1920-53 жылдары 110 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырады. Қуғындаудың нәтижесiнде Қазақстанға 1 миллион 209 мың адам көшiп келдi. 1928 жылы Қазақстанда 4 миллион 800 мың қазақ болса, 1939 жылы 2 миллион 328 мың ғана қазақ қалған…”.
Қазақ “Мырзажан” деп әуе­кiл­еткен Левон Мирзоян Қазақстанда 1933-38 жылдары Қазақстанның өлкелiк партия ко­митетiнiң хатшысы болды. Осы Мирзоянның тұсында қазақтың игi жақсыларының бәрi қуғындалып, көпшiлiгi атылып кеттi. Тарихшы Қайдар Алдажұмановтың Мирзоянға қатысты пiкiрi мынадай: “Саяси-қуғын-сүргiн құрбаны болған арыстарымыздың тiзiмге iлiгуi Мирзоянмен тiкелей байланысты. Мирзоян Қазақстанда “халық жауларын” ату жазасына кесуге лимит сұрап, Сталинге үш мәрте хат жолдаған. Күнi бүгiнге дейiн оны халық “Мырзажан” деп дәрiптеп келдi. Алайда соңғы уақытта табылған құжаттар оның бейнесiн өзгерттi”.
Сөз басында А.Сәрсенбай­ұлының сұхбатынан үзiндi кел­тiрдiк қой, мақалада аты-жөнi қара бояумен жазылғандардың барлығы да – тарихқа қара таңбамен кiргендер. Бiр өкiнiштiсi, “қара таңбалы” тiзiмнiң соңы бұлар емес…
 
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
1921-54 жылдары Кеңес одағында үш миллионнан астам адам қуғын көрдi. Оның 700 мыңға жуығы атылды. Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесiлдi.
***
Қуғын-сүргiн жылдары Ақмоладағы әйелдер түрмесiнде (АЛЖИР) 30 мың әйел жазықсыз жапа шектi. Түрмеде 1 мың 507 нәресте дүниеге келген.
***
ГУЛАГ архипелагындағы ең iрi түрмелердiң бiрi – “Карлагта” 1932 жылы 22 мың адам отырған. Бұлардың 87 пайызы қазақтар болған. 1931-56 жылдары “халық жауы” деген желеу­мен 1,5 миллион адам “Қарлагта” азап шектi.
***
Қуғын-сүргiннiң кесiрiнен әр жылдары елiмiзге 800 мың немiс, 19 мың кәрiс, сондай-ақ 507 мың Қапқаз ұлты, Қырым татарлары, түрiктер, гректер және тағы басқа ұлт өкiлдерi жер аударылған.
***
Алматы облысының Жаңалық ауылының маңында НКВД-ның жертөлелерiнде атылған 3 мыңға жуық адамның денесi жатыр.

Ерiк Рахым
zhasalash.kz

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • 14 наурыз – Математиктер күні

    14 наурыз – Математиктер күні

    Кафедра профессоры Математиктер күніне арналған «Таңғы Studio» таңғы шоуында 15 наурыз, 2025 14 наурыз – Математиктер күніне орай «Таңғы Studio» таңғы шоуының қонағы белгілі ғалымдар: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қангужин Балтабек Есматұлы мен PhD-доктор Жұмабай Мәдібайұлы болды. Эфирде олар математиканың маңыздылығын, мерекенің тарихын, қазақ математиктерінің ғылымның дамуына қосқан үлесін талқылады. Профессор Балтабек Есматұлы математиканың ғылымдардың патшайымы саналатындығына тоқталды. Ол бір жағынан ғылыми білімнің шыңында тұрса, екінші жағынан басқа пәндердің дамуына негіз болатын көмекші ғылым екенін атап көрсетті. Ғалым шексіздік пен математикалық есептеулердің дәлдігін білдіретін π санының шығу тарихына да тоқталды. Доктор Жұмабай Мәдібайұлы бұл күннің 1988 жылдан бастап «π саны күні» (π – иррационал сан, шамамен 3,14142… тең) ретінде тойлана

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: