|  | 

Қазақ хандығына 550 жыл

Менің мәңгілік отаным – Қазақстан!

   Мен Алтайдың арғы бетінде, табиғаты тамаша көрікті мекенде дүниеге келіппін. Біздің ауыл Сұлубай батырдың атымен аталатын шоқының бауырында орналасқан. Ауылдың бір шетінде тау суларынан бастау алатын мөлдір Шіңгіл өзені, енді бір шетінде моңғол жерінен келетін Бұлғын өзені ағады. Екі өзен біздің үйдің сәл төмен жағынан барып қосылып, арнасы онан әрі кеңейіп, буырқанып үлкен өзенге айналып кетеді.  

Сол үшінде біздің ауылды «Құйған» деп те атайтын. Шіңгіл өзені мөп-мөлдір болса, Бұлғын өзені ақжал толқындармен сұрланып жататын. Екі өзен қосылғаннан кейін де біраз жерге дейін толық араласып кете алмай өз табиғаттарын сақтап, қатарласа ағатын. Мөлдір өзен мөлдірлігінен айырылғысы келмегенімен, біртіндеп тағдырына мойынсал болып, Бұлғын өзенінің ақжал толқындарымен араласып кетеді… Бұл өзендер маған өмір жолын елестетеді. Тағдырыңды сүйреген өмір өзені талай адамдар мен әр -түрлі ортамен жолықтырады. Бойыңдағы сәби күніңнен қалыптасқан мөлдірлік, тазалық жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін қатігез қоғамның қулығы мен сұмдығынан біртіндеп кірлей бастайтын секілді. Осындайда санаңды селіт етізіп сілкіп алар сергектігің болмаса, жүрегіңді суғарып, тазартып отырар иман нұры болмаса бұлыңғыр қоғамға сіңп жоғалып кетерің сөзсіз. Сол үшін де Абай атамыз айтқандай өз өзіңнен есеп алып жүргенің абзал…

Төбесі көк тіреген Сұлубай шоқысымен иық тірескен таулар ауылымызды қоршап тұратын. Таудың түбінде мөп-мөлдір өзен ағып жатыр. Жағалай өскен ну орман өзгеше көркемдік сыйлайды. Әр күні ағарып атқан таң сәулесі бірінші болып осы Сұлубай шоқысының маңдайын сүйетін. Күн көтеріле келе мөлдір Шіңгіл өзеніне шуағын төгіп, біздің үйге қарай жылжитын. Кеште күн осы биік таудың арқасына қарай аунап барып батады. Күн еңкейген сайын көз алдымда бұл асқар тау онан ары биіктеп, батырдың тұлғасындай асқақтай беретін. Мен әр күні осы сұлу көрністің куәсі болып өстім. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, осы алып тауға қарап биік мұрат, асқақ арман арқалайтынмын. Мөлдір өзен, ну орманға қарап елжіреген табиғат ананың мейрімін сезінетінмін. Қаншама қарлы борандарда еңселі таулар осы ауылға қорған болып, жел өтінде әлі күнге қасқайып тұр. Сылдырап аққан мөп-мөлдір Шіңгіл өзені де туған ауылымның төсінде жағасын жасыл кілемге бөлеп, ананың мейіріміндей жер бетіне нәр беріп ағып жатыр. Қазақ ежелден табиғаттың ажырамас бөлшегіндей біте қайнасып өскен ғой. Ата-анамның бойында осы ұлы табиғаттың асқарлығы, мөлдір тазалығы менмұндалап тұрады.

Мен әкемді сол Сұлубай шоқысына ұқсатсам, анамды баурайындағы осы мөп-мөлдір Шіңгіл өзеніне ұқсатамын. Ата-бабаларымыз «әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ» деп осындайда айтса керек. Әкеміз жүрегімізде ерекше асқар, мәңгі биік тұлға болып қалыптасты. Ал, анамыз мейірімі мәңгі сарқылмайтын мөлдір әлем. Мен әкенің қормалдығын сезініп, анамның мейіріміне шомылып, аға-бауырдың, әпке-қарындастың бауырмалдығын көріп өстім. Жалпы, туыстық сүйіспеншіліктің адамға сыйлайтын ләззатын сөзбен айтып жеткізу қиын.

Мен орта мектепте оқып жүргенімде Қазақстан туралы әңгімелерді жиі ести бастадым. Қазақ елі жайлы ақпараттарға үнемі құлақ түріп, ол жақтағы оқу орындары туралы мәліметтерді іздедім. Қолыма түскен қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын жата-жастана оқитын едім. Жоғары білімді Қазақстаннан алсам деген ой менің көкейімнен кетпей қойды. Отбасымыз да отыра қалса Қазақстанға көшу немесе бізді атажұртқа жеткізіп, сол жақтан оқыту туралы жиі кеңесетін. Ата-анамыз: «Отбасымызбен атамекенге біржола қоныс аудара алмасақ та, балалардың біреуін солай жіберейік6 қазақ елінде оқып, өнсін», – дейтін.

Осылай атажұртты армандап жүргенімде менің Қазақстанға келіп оқуыма әкемнің інісі Орынбек Бегасылұлы қолдау көрсетіп, ақ жол тілеп аттандырып жіберді. Сонымен 2004 жылдың көктемінде бір әулеттің үмітін арқалап қазақ еліне ат басын бұрдым. Әрине, туып өскен жер, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достар, аға-бауыр туыстарды қиып кету кімге де болса оңай емес. Бірақ, атамекенге деген арман, сағыныш бәрін ұмыттырды…

«Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» дегендей, ауылдан аттанып бара жатып, мына бір өлең жолдарын жазғаным әлі есімде. Бұл туған жерге деген қимастық пен атажұртқа жетсем деген арманның әсері болса керек…

Кетіп барам туған жерден алыстап,
Алыс қалды қимас достар, таныс бақ.
Арман қуып кетіп барам еліме,
Тағдырымды тәңіріме табыстап.

Асқар тауым, қош бол, туған ата-анам,
Ұзақ өмір, қуат берсін Жасаған.
Үкілеген үмітіңнен шығармын,
Көре алмастар оқ атпаса тасадан.

Ал, аман бол – менің сырлас достарым,
Әрқашан да ашық болсын аспаның.
Маған деген сенімнен адаспаңдар,
Бір күн, бәлкім, жарық етеді аспаным.

Қош бол менің қасиетті кең өлкем.
Қазағымның ұлы болам мен ертең.
Абай, Сәкен, Мағжан туған мекеннің.
Арманым не, мерейіне бөленсем?!

Туған жұртым қатыгез мені деме сен.
Кешегі өткен кер заманға егесем.
Туған өлке қиып сені кетем бе,
Қара шаңырағым – Қазақстан демесем!

Міне, бұл нағыз жалындап тұрған жиырма жасқа жете қоймаған кез еді. Атамекенге деген сағыныш, туған жерге деген қимастық сезімдердің бір-бірімен арпалысына өз-өзім боп азаматтық шешім шығарып, болашақ жолымды таңдаған сындары сәттердің бірі еді…

Атажұртты аңсаған жүрек адастырмай елге жеткізді. «Алматы – арман қала, көк жасыл орман қала, мәңгі от боп жанған қала, Алматым жүрегімде…», деген әуенмен құлағымда сан мың рет қайталанып, санамызда аңыз болған Алматы қаласына келдім. Мүлде басқа әлем. Әр жерден еркіндіктің символындай желбіреген аспан түстес көкбайрақ көзге оттай басылады. Басынан қар кетпес ақбасты Алатау, ақын-жазушылардың, батырладың атымен аталған көшелер бәрі-бәрі қатты жылы сезілді. Алғашқы сезім, асау көңіл бәрін көрсем, бәрін білсем деген көңіл-күй…

Тамырында таза қазақ қаны бар,
Жігері бар, намысы бар, ары бар.
Қаны тартып келді, міне, бір ұлың,
Қарсы ал, елім, ұрпағыңды танып ал.

Бұл менің атамекенге келген алғашқы тебіреністерден туған өлең жолдары еді.

Ең алдымен Алматыдағы жоғары оқу орындарымен таныстым. Құжаттарымды реттедім, ол күндер қызығы мен шыжығы мол күндер еді. Жаңа ортаға үйлесу, орын теуіп орналасу, бәрі оңайға түскен жоқ. Мен келген сол 2003-2004 жылдары оқу мақсатымен Қазақстанға келген жастардың қатары көп болды. Бір ойласам атамекенге ат басын тіреген біз қатарлы бір ұрпақ әрі қиыншылық көрген, әрі бақытты жандар. Олай дейтінім, туған жерінен ата- анасынан алыстап, жат жерде жаңа бір тірлікті бастау әркімдер үшін оңайға түспеді.

Сол кезеңде шетелден келген қандастар үшін арнайы қарастырылған дайындық факультетіне түсіп, ЖОО-ға емтихан тапсыру үшін неше мыңдаған өрімдей жас Алматының әр түкпірінде пәтер жалдап күн көрді. Туысы бары – туысын, танысы бары – танысын паналады. Бірқатары осылай қинала жүріп, мемлекет грантымен білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал оқуға түсе алмағандары жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бизнесін дөңгелетіп кетті.

Мен өзімнің алға қойған мақсатымда берік тұрып, әр күнімді бос жібермеуге тырысып, жақсы дайындалып, ЖОО-ға емтихан тапсырдым.
Бағыма орай, таңдаған оқуыма түстім. Сөйтіп, ел армандаған Сарыарқаның төріндегі, ерке Есілдің жағасында орын тепкен, талайлар бір көруді армандаған Астана қаласынан білім алып, жұмысқа орналастым.

Бүгінде 95 жылдық тарихы бар “ҚазАқпарат” Халықаралық ақпараттық агенттiгінде қызмет етіп жатырмын. Ақпарат саласында тәжірибесі мол білімді аға-апалардан үйреніп, біліктілігімді шыңдауға, осы салаға өзімдік үлесімді қосуға талпынып келемін.

Көз алдымда қазақтың елордасы – жас қаламыз күннен-күнге түрленіп, дамып келеді. Дабыралы тойлаған Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Астананың 10 жылдығы секілді үлкен-үлкен мерейтойлардың куәсі болдым. Күллі әлем көз тіккен қазақ елінің, рухыңды тасытатын әскери паратын өз көзімізбен көру бақытына ие болдым. Қасиетті отаным – Қазақстанның әр саладағы жетістіктеріне бірге қуанып келемін. Әр уақытта ұлтымның бүгінгі күніне шүкірлік етіп, еліміздің тәуелсіздігі баянды болуын шын жүректен тілеймін.

Өмір болған соң қызығы мен қыйындығы қатар жүретіні белгілі. Бір білерім – атамекенім Қазақстанда тумасам да, менің ұрпағым қасиетті қазақ елінде туып-өсіп, осы топырақта арманына қол созады. Ұрпағым деп өмір сүретін ұлтымыз үшін – бұдан артық қандай қуаныш болуға тиіс.
Бір ұрпақ бақытты өмір кешіп, мамық жастанып, тал бесікте тербелуі үшін, бір ұрпақтың қиын күндер кешіп, тас төсеніп, ағаш жастануы заңдылық.

Біз болашақ бақытты ұрпақтың бастауымыз. Біздерді ата-анамыз әулетіміздің жалғасы қазақ жерінде өрбісін, тамырын жайсын деп жіберді. Сол үшін барлық іске белсене араласып, қазақ еліне бір кісілік үлесімізді қосуды қасиетті борыш санаймыз.

Қазір екі баланың әкесі атандым, ата-анам армандаған сол әулеттің ұрпағы қазақ жерінде ержетіп келеді. Тәуелсіз елде өсіп келе жатқан сәбилерімнің шат күлкісінің алдында өткен күндердің қыйындығы түкке тұрғысыз екен. Тәуелсіз елдің арайлап атқан таңын көріп, шапағына бөлену қандай ғанибет. Сезіне білген жанға бұдан артық бақыт болмас. Бұл менің мәңгілік Отаным – Қазақстан.

Ризабек Нүсіпбекұлы

inform.kz

Related Articles

  • БҰЛАНТЫ-АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСТАРЫ: ЖАЛҒАНЫ МЕН ШЫНДЫҒЫ

    БҰЛАНТЫ-АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСТАРЫ: ЖАЛҒАНЫ МЕН ШЫНДЫҒЫ

    СӨЗ БАСЫ «Совет өкіметі тұсында қазақ тарихы бұрмаланып, теріс түсінік берілді» деген сөз жиі айтылады қазір. Басылым беттерінде болсын, тарихшылардың бас қосқан жиындарында болсын. Жалғаны жоқ, анық еді. Куәміз, 70-жылдардағы қазақ тарихы оқулығының қалыңдығы пышақтың қырындай ғана-тын. Оның өзі мардымды оқытылмады. Бұл шежіреміздің отар кездегі күйі еді… Ал қазіргі тарихымыз бұрынғыдан да бетер сорақы жағдайға түсті. Білім мен ғылымға көңіл бөлудің орнына бүгінгі қазақ ру-тайпа ұймасынан шыға алмай жүр. Осы күні әркім өз аталасының немесе бабасының би болғанын, жырау не батыр болғанын ойдан шығарған жалған деректерімен үздіксіз насихаттап, кейін оған сан миллиондаған қаржы шашып, кітап шығару, ас беріп, кесене, ескерткіш орнату сықылды т.б. берекесіз істің соңына түскен. Өкінішке қарай, жағымсыз

  • Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес

    Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес

    (Осы тарихи оқиғаның  70 жылдығына арналады) Қазақ жерінің шығысындағы Тарбағатай жеріде тарихтың тарғалаң жылдарыныда бөліске түсіп жарымы қазіргі Қытай жерінде қалғаны белгілі. Осы қасиетті топырақ ежелден атам қазақтың құтты қонысы болып келген еді, осы Тарбағатайдың арғы бетінде (1944-1962) жылдарға дейін түрлі тарихи, саяси оқиғалар болып жатты, ішінде ең көрнектісі 1944-1947 жылдар аралығында болған ұлт-азаттық күрестер еді.  Деседе осы күрестер болған қазақтың төрт аймағының екеуінде яғни Алтаймен Іледе болған ұлт-азаттық күрестері туралы көп айтылыпта жазылыпта келеді, деседе Тарбағатай жерінде болған күрестер айтылмай келеді, болған тарих тасада қалмау керек, ендеше Тарбағатайдағы оқиғалар қалай болды? Кімдер қозғалыс бастады? Соңы немен аяқталды? Осы сауалдарға тарихи деректермен сол оқиғаға қатысқан куагерлердің естеліктері , тарихи картиналар арқылы жауап

  • Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғысқан дегендер мына дерекке сүйенсе керек: 1691 жылы 6 ақпанда Иркутск қаласында Жоңғар ханы Галдан Бошогту (моңғол. Галдан Бошигт; Қалм. Галдан-Бошигт; 1644 – 1697) елшілерінің Қазақ хандығы туралы әңгімесі. «…Шабармандар: «Осыдан он жылдай бұрын олар, Қалмақ Бушухту ханы мен Казак Ордасы, діні әртүрлі болған. Бушухту хан қалмақтармен және басқа да орда мүшелерімен бірге Далай-ламаға сенеді, ал казак ордасы әсіресе Мұхаметке Қырымдық жолмен сенеді, бұсурмандық жолмен сүндеттеледі. Ал Бушухту хан Казак Ордасына онымен, қалмақ Бушухту ханымен және Орданың басқаларымен бір Далай Ламаға бірігіп буддаға сенсін деп жіберді. Сондықтан да олармен жанжал туындады, өйткені олар қалмақ жолымен Далай-ламаға сенгісі келмеді, осының салдарынан үлкен шайқастар болып, Бушухту хан олардың көптеген

  • БӨРІНІҢ АТЫН АЛҒАН ИТЕЛІ МЕН МОЛҚЫ

    БӨРІНІҢ АТЫН АЛҒАН ИТЕЛІ МЕН МОЛҚЫ

    («”В”дыбысының өмірі» мақаласынан үзінді) Ворг(ворк). Бұл кәдімгі көк түсті және осыған байланысты бөріні білдірді. Бөрі деген сөздің өзі көк түсті ұғындырады. Ворг(ворк) сөзі В дыбысының “ұб, об, аб, ба, бо, бұ, ұ, у” болып түрленуіне сай, бурғ, ворғ, буры, влуе, бөрі, бөрік, волк сөздерін тудырды. Волк – өлекшін. Влуе(бөре, бөле) – ағылшын тіліне көк түсті білдіретін атау ретінде ғұндар жағынан енді. Волф(бөріп) сөзі оларда бөріні білдіреді. Бурыл түс те көк түсті негіз етеді. Қазақта “бөріктіріп қырады” деген сөз бар. Бұл біріктіріп қырады деген мағынаны береді. Қазақтың бірігу деген сөзінің әубаста туылуына да бөрілердің азығын ұстаудағы ұйымшаң әрекеті әсер еткен. Волк(бөрғ) – Шығыс Еуропа жерінде бөріні білдірді. Волк сөзі болғ, болқы

  • ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН ҰРПАҚТАРЫ

    ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН ҰРПАҚТАРЫ

    Тұғырыл ханның Нылқы шамғұн(санғұн), Еке(Үкі), Тайбұға деген үш ұлы болды. Нылқы шамғұннан тараған әулет Торғауыт, Қалмақ, Абақ-Сахара қатарлы ордалардың билеушілері болса, Тайбұғадан тараған әулет Сібір, Төмен хандықтарын биледі. Тұғырыл ханның інісі Жақа қамбының қызынан туған жиендер Ұлы Моғол ордасын, Қытайды, Иранды билесе, өзінің Құлағудан туған жиендері Иранды тағы дүбірлетті. Тұғырыл ханның ұрпақтарынан Қазан, Қажы-Тархан(Астрахан), Қасым хандықтарының тағына отырғандар да болды. Қырым хандығын билеген Тұғырыл хан ұрпақтары тұтас Жошы ұлысындағы барлық хандықтарды шеңгелінде ұстады. Жошы ұлысынан шыққан хандықтардың тәуелсіздігін қорғау жолындағы шайқастарды ұйымдастырушы болды. Қырым хандығын билеген Тұғырыл ханның ұрпақтары Қырым хандарының есімінің бәрінде Керей қосымшасы бар. Бұл туралы Орыс зерттеушілері екіге жарылады. Бірі, Қажы -Керейді Тұғырыл хан әулетінен десе, бірі

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: