Өткен жылдың соңғы айларында Омбыда энциклопедиялық жинақ жарық көрген. Еңбекте Омбы қазақтары туралы, жер-су аттары жайында құнды мәліметтер кездеседі. Энциклопедияның құрастырушыларының бірі ҚР журналистер одағының мүшесі, Омбы тумасы Шалқарбек Шәйкенұлымен сұхбаттасудың реті келген еді.
– Әңгімемізді Омбы қазақтары жайында бастасақ
– Омбы қазақтары сонау Сібір хандығы, Тайбұға әулеті кезінен келе жатыр десек қателеспеспіз. Жалғыз Омбы емес, Төмен, Қорған, Селебе, Құлынды (қазіргі Новосибирск) жері қазақ хандығы құрылмай тұрып көптеген қазақ рулары өмір сүрген мекен. Тарихтан білеміз, Сібір хандығы Көшім хан тұсында күшейіп, дәл сол уақытта бұл аймаққа Мәскеу көз аларта бастады. Страгановтардың қаржыландырумен қашқан-пысқан казактарды жалдап Көшім ханға қарсы жіберді. Арпалысып-алысып Көшім ханның туы да құлап, Сібір хандығы бір жолата жер бетінен жойылды. Ал, осындағы рулар Есім ханның тұсында Қазақ хандығының құрамына кірген екен. Жалпы, Омбы аймағы біздің ата-бабаларымыздың жері. Кеңестік кезеңде бұл жайында айтуға болмайтын. Сөз қозғай бастасаң, бірден қудалауға түсетінсің.
-Қазір аймақта қанша қазақ тұрады?
-Статистика әртүрлі дерек келтіреді. Омбының өзінде бірі 60 мың, енді бірі 70 мың қазақ бар дейді. Бірақ өз басым сол маңның өзінде кемінде жүз мың қазақ бар деп есептеймін. Өйткені 1887 жылғы санақ бойынша қазіргі Омбы аумағында елу мыңдай қазақ болған екен. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде бұлар өсіп-өнбеді ме?! Кейбір мемлекеттің өз саясаты бар. Жергілікті халықтың санын аз қылып көрсетеді. Осы саясатты Ресей де ұстап отыр. Ал жалпы, Ресейде 1 миллионға жуық қазақ бар дейді. Мен болсам, миллионнан көп деп айтар едім.
–Жергілікті қазақтардың қазақ тілінде білім алатындай мүмкіншілігі бар ма?
-Бұрын Томар ауылында қазақ тілінде оқытатын мектеп, Омбыда қазақ тілі мұғалімдерін дайындаған педтехникум бар еді. Қазір олар жабылып қалды. Бірақ жергілікті халық өз тілін шамасы келгенше ұстап отыр. Бұл да әзірше ғана. Дегенмен тілді білмейтінден көбейіп барады. Қариялар кеткеннен кейін, бір құдай ғана біледі, жағдай қалай болатынын…
-Омбы қазақтары туралы кітап жарық көріпті.
– Ия, бірнеше адам жабыла жүріп құрастырдық қой. «Омбыдағы Ертіс бойы қазақтары» деп аталады. Ертеректегі жазып кеткен шежірелерде, халық аузында сақталған бұрынғы жер-су атаулары жұрттың есінде сақтау үшін, Омбының иесі қазақ екенін көрсету үшін дегендей арнайы энциклопедия шығардық. Омбының өзінде 1 000 данамен басылып шықты. Қаржылай көмек көрсеткен Құсайынов Сәкен. Негізгі құрастырушы Ігілік Тұрсынов. Қалғанымыз шамамыз келгенде ат салыстық.
Жинаққа Омбыда кіндік қаны тамған айтулы азаматтар жайында толық мәліметтер топтастырылды. Мысалы, Голощекинге қарсы сөз айта алған Смағұл Садуақасов, Қазақстанның бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметов, Жазушылар одағының төрағасы болған Ғаббас Тоғжанов, қазақша-орысша сөздік құраған Қошке Кемеңгеров сынды кемеңгерлермен қатар, соғыс батырлары, кейінгі жылдары да елге, халыққа танылған көптеген азаматтардың есімдері енгізілді.
–Жер-су аттары жайында айта кетсеңіз.
– Кезінде Әлихан Бөкейханов экспедиция құрамы қатарында жүріп жер өлшеген кезінде 800-дей қазақ ауылы болыпты. Қазір сол ауылдардың аттары өзгеріп, орысша аталып кеткен. Ұрпақтың есіне салып, ұмытылмас үшін 300-дей ауылдың байырғы атауын іздеп тауып, мына кітапқа енгіздік. Айта кетсек, «Изюмовскийдің» ертеректегі атауы «Атабай Томар», «Харитоновская» елді мекенінің шынайы атауы «Байғын Ағаш», «Князетрубецкая» – «Жалғыз құдық» болған екен. Барлығы 20 ғасырдың басында өзгеріп кеткен. Қалған 500 атау екінші кітап енеді деп жоспарлап отырмыз. Қазір архивтерде сол жайында мәліметтерді қараудамыз. Құдай қаласа 2017 жылы жарық шығар.
– Жинақ орыс тілінде екен…
– Қазақ тілінде жарық көреді. Болашақта міндетті түрде шығарамыз деп отырмыз. Ал, осы жолы орысша болып шығуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Омбының өзінде жарық көрді. Ол жақта өзге тілде кітап шығару қиындау. Саяси астарға келтіріп, Омбы қаласының іргесі қаланғанына 300 жылдығына арнап дайындадық деп көрсеттік. (2016 жылы Омбының 300 жылдығы). Екіншіден, Селебе (Челябинск), Құлынды (Новосибирск) қазақтарының дені өкінішке орай орыс тілді. Тілін ұмытып бара жатса да, өз бабасының, өз жерінің тарихын біліп жүрсе деген ниет қой біздікі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Рүстем Нүркен
namys.kz
Пікір қалдыру