|  | 

Әдеби әлем

Жай бір ертегі

О баста мен Керқұла атты Кендебай батыр едім… Күндердің күні, жар дегендегі жалғыз серігім, астымдағы Керқұла тұлпар… сенатқа депутат болғысы келетінін айтқанда, төбеден ұрғандай болдым!.

Көрнекі сурет

Көрнекі сурет

Обаста мен Керқұла атты Кендебай батыр едім… Ханның тапсырмасымен алтын құйрықты құлынды іздеп жүріп, осы елге тап келдім. Ала-құла тілде сөйлейтін иесіз жұрт екен… Алапат қара құйын ұшырып әкеткен құйрық-жалы алтын құлынды тауып, көңілім жайланған соң, мұнда не үшін келгенімді де ұмытып, тақ көрмеген бейқам елге патша болыппын… Бір кісі таққа отырса, мың кісі атқа мінеді – құзырыма құлдық ұрып, қызметін ұсынып, ертегінің еті тірі кейіпкерлерінің бәрі маңыма өзі-ақ жиналды. Ешкімді арнайы шақыртқам жоқ.

Ханның қырық уәзірі болмай ма… Көлтауысар, өзі сұранып, қазынаны басқарды. Саққұлақ – ішкі-сыртқы қауіпсіздік мәселесін бақылады. Таусоғар – әскербасы, Желаяқ спорт уәзірі болды. Қырық өтірікті зуылдатқанда кірпігін қақпайтын (һәм беті бүлк етпейтін) Тазша – ақпарат-насиxат құралдарының құлағын ұстады. Шайтанды алдаған асқан ақыл иесі Алдаркөсе – бас уәзірім болды… Қожанасыр мәдениет саласына иелік етті. Ұр Тоқпақты полиция, Жезтырнақты арнайы жасақ бастығы еттім. Жалмауыз кемпір зынданды күзететін болды… Құйыршық мені қолдайтын партиялар құрып, мадақ кітаптар жазумен айналысты… Ертегінің ең күлкілі тұлғалары Жарғақбас, Шибұт, Қылкеңірдектерге дейін аса биік лауазымды орындарға тағайындалды…

Шайтанды алдаған асқан ақыл иесі Алдаркөсе – бас уәзірім болды… Қожанасыр мәдениет саласына иелік етті. Ұр Тоқпақты полиция, Жезтырнақты арнайы жасақ бастығы еттім. Жалмауыз кемпір зынданды күзететін болды…

Бірақ патшалық қанша үлкен болғанмен, бәріне бірдей қызмет жете бере ме – шенеуніктік орыннан қағылған дәмелі белсенділер мен тағы біраз қауқарсыз жұрт қарсы шықты… Оларға ана қызметсіз қалған шынашақтай Қаңбақ шал – көсем болды. Түбі, бір пәле шықса, сол қудан шыға ма деп, сескенем… “Қаңбақ шалда қауқар жоқ, үп еткен желге төтеп тұра алмайды!” деп, Саққұлақ құлағыма күнде сыбырлайды. Сонда да қорқам… Жұмыртқаны жарып, жердің миын шығардым деп, диюдың зәресін алған пәлекеттен бәрін күтуге болады… Жалпы, жаудан қайтпаған жүрегім, патша болғалы, әр нәрседен секемшіл тартты… Кейде еш себепсіз бойымды үрей буғанда, жалпақ жатқан ұшы-қиырсыз ертегі әлемінде батыр аты шыққан өзімнен ұялам. Көзіме көрінген күдіктінің бәрін зынданға тастатқым келіп тұрады… Бірақ Саққұлақтың айтқаны рас екен – Қаңбақ шал бір үрлегеннен қалмайтын, түк салмағы жоқ сайқымазақ, суайт болып шықты. Шәңкілдеп, жыныма тие бастаса, күлдібадам байғұсты “фу-у!” деп үріп, ұшырып жіберем…

Патшалықтағы дін істерін ертегінің Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс деген әйгілі кейіпкері қадағаласын деп шештік. Ел болған соң, оның байы, кедейі, орташасы, қайыршысы болмай ма… Әйтпесе, оның несі ел?!. Кедейді қойшы…- бұл елде тас лақтырсаң, бір кедейге тиеді… Бай табудың амалын іздедік. Ақыры, жаудан олжалаған, бүліндіден қалған мол дүниеден Шық бермес Шығайбайдың ұрпақтары мен бір топ қайыршыға мал-мүлік бөліп беріп, бай қып тағайындадық… Айтпақшы, өзіне лайық төлтума бандит-қарақшылары болмаған ел – ел ме?!. Қаптап жүрген ібіліс-шайтан, жын-пері, бұзақы дәулер мен диюлар, айтқызбай-ақ, өздері біліп, бірден қарақшылық жолға түсті. Ең үлкен “авторитеттері” – Жалғыз көзді Дәу… Сөйтіп, төрт құбыласы түгел ел болдық. Жақсы ел болдық. Жақсы болатынымыз, біз барлық жағынан дамыдық. Мәселен, бұрын бай жоқ еді, енді бай деген бізде иттің басынан көп… Мыңғырған малдары патшалығымыздың айналасы алты айшылық кең-байтақ жеріне симай, шетел асып жайылатын болды. Кедей онсыз да көп еді, енді санына адам жетпес сыңсыған қалың тобырға айналды… Әсіресе, ұры көп!.. Бай екенмін, кедей екенмін демейді – шамасы келсе, ыңғайын тапса, бәрі ұрлайды!.. Кедей – күні үшін, бай – бәсеке үшін ұрлады. Пара алып, пара беру – ұлттық ойын, кәделі дәстүр-салтымыз болып кетті!.. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс – дінді жақсы насиxаттады. Мешіт-медіреседен аяқ алып жүре алмайсыз… Сәлде орау – сәнге айналды. Осы елдегі жанды-жансыздың бәріне xалал, я xарам деген белгі соғылып, иманды, имансыз деген таңба ұрылды. Дүниенің бар қиырынан келген діни ағымдардың көктеп-өнгені сонша – бұл елді жайнаған діни гүлстан дерсің!..

Пара алып, пара беру – ұлттық ойын, кәделі дәстүр-салтымыз болып кетті!..

Біз, қысқасы, қатты дамыдық… Дамығанымыз сонша, бірін-бірі тыңдамайтын, бір-біріне сенбейтін қырық құрау жамағатқа айналдық… Бәрінен де: кедей – бай болсам, бай – құдай болсам деген идеология басым түсті! Бұл екеуінің (бай мен кедейдің) басын біріктіру – қиынның қиыны екен… Патша болған соң, бәріне жаққың келеді, бәріне бірдей болғың келеді – екі жағына кезек толқып, шаршадым. Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кететінін ойлап, ақыры, екеуін де бетімен жібердім… Әлгі не адал, не xарам, кім иманды, кім имансыз екенін анықтағыш шіркіндердің өзі сиырдың бүйрегіндей бытырап, жік-жік болып алыпты!.. О баста солардан бір сүйеу көрем бе деп, жақын тартып едім, енді осылар бірдеңені бүлдірмесе екен деп, зәреміз қалмай, қайырып, қақпайлап, әрең ие болып отырған жағдайға жетіппіз…

“Енді бүгін қарасам…” деп, осы елдің бір шайыры айтпақшы, айналаға көз салсам, бұл жұрттың тілі ғана емес, ниет-құлқы да сол ала-құла қалпы… Мен сарай маңында күн нұрындай жарқылдап, ойнақ салған алтын құйрықты құлынды қызықтап жүргенде, Көлтауысар патшалықтың ен қазынасын сұраусыз дүниедей бауырына басыпты. Көл құрғатқандай, бір ұртына қақтап сорғанын бір ұртынан бүркіп шашып, шайқап жүр… Қаптаған уәзірлерім мен би, қазы, бай-бағландарым да менен гөрі соны маңайлап кетіпті. Малын қайда сиғызарға білмей сенделген Тоғыз Тоңқылдақ, бір Шіңкілдек жаңа парламент сайлауын өткізейік деп, шу-шу етеді. Бұлардың түпкі ойында не барын бір құдай білсін!.. Мен енді қоймай-қоймай өңмеңдеп, сарайға жақындаңқырап кетсе, бір-ақ үрлеп ұшырып, ел шетіне шығарып жіберетін Қаңбақ шалдан емес, Көлтауысардың ешқандай қазына шақ келмейтін обыр ұртына табынған осы игі-жақсы, шен-шекпенді мешкейлерден қауіп қыла бастадым… Абыржып, бас уәзіріме қарасам, түк білмегендей жылмияды да отырады… Осының жылым жымиысынан қорқам!.. Құлағына дейін семіріп, май басқан Саққұлағым да марғау…- маған, әдетте, оңаша айтатын сыбыр-сыбыр құпия әңгімелерін де азайтты. “Бәрі жақсы, ел тыныш, жын-шайтандар қатаң бақылауда, жалғыз көзді дәу – зынданда” деп, тыныштандырып қояды… Сенгің келеді… Бірақ бәрі жақсы болса, онда зындан неге аузы-мұрнынан шығып, толып барады?.. Саққұлақты шақырып алып:

Малын қайда сиғызарға білмей сенделген Тоғыз Тоңқылдақ, бір Шіңкілдек жаңа парламент сайлауын өткізейік деп, шу-шу етеді.

- Сәке, бұл қалай болды?.. Осы…Жалмауыз, Ұр Тоқпақтар қылмыс әлемімен ауыз жаласып кеткен жоқ па, қалай ойлайсың? – деп, сұрасам:
- Білмедім…- деп күмілжиді. – Бірақ, тақсыр, алаңсыз болыңыз, бәрі қатаң бақылауда! – деп, үйреншікті әуенінен жазбайды.
- Хо-о-ш… Ал енді қазына неге талан-тараж? Осы…Көлтауысар да сау сиырдың жапасы емес сияқты… Қалай ойлайсың?
- Ол… қазынаның жартысы – сізде деп жүр ғой…
- Қалайша?! – дедім шошып кетіп.
- Алтыннан алпыс құлаш ескерткішіңізді соқтырып жатыр екенсіз… Алтын құйрықты құлыныңызға алтыннан сарай тұрғызыпсыз…
- Со-о-лай ма?!.
- Керқұланың әбзел-тұрманына дейін саф алтыннан екен…
- Тоқта! Тоқта!..- деп, ашумен ақырып жібердім сол кезде. – Жала! Қып-қызыл жала!

Саққұлақты қуып шығып, сарай маңын тексеріп шықтым… Масқара болғанда… бәрі рас екен!.. Бұл не сұмдық!..

Осының бәрі аз болғандай, және бір жұттың шеті қылтиды. Құс қанаты күйген шөл аймақтардағы түйесі көп елдерден келген саудагерлерге жантақ сатып күнелтетін кедей-кепшікке де бір ауыртпалық төнген екен… Жантақ шықпай қалыпты… Енді мұның аяғы не болар?.. Бірдеңені бүлдіріп, бүлінгеннен бүлдіргі алуды ғана ойлап жүрген ана жын-жыпыр, дию-пері, түлен-шайтандардың, әсіресе, ана Қаңбақ шалдың да күткені – сол емес пе… Ондай атты күн туа қалса, жанымда Керқұладан басқа кім қалар екен…деп уайымдадым.

Сөйтіп жүргенде, күндердің күні, жар дегендегі жалғыз серігім, астымдағы Керқұла тұлпар… сенатқа депутат болғысы келетінін айтқанда, төбеден ұрғандай болдым!.. Енді жетпегені осы еді дедім… Әрине, менің қанатты Керқұлам мына жүрген қомағай уәзірлерімнің көбінен ақылды. Әйтсе де… Ертегі емес, ана, я шын, я жалған дүниеде, өзін жердегі құдай деп жариялаған бір патша, асып-тасып, есірік буғаны сонша, мініп жүрген атын сенатқа тағайындап, тариxқа мазақ болғанынан xабарым бар еді… Менің ондай емес, құдайға шүкір, ақыл-есім әлі орнында ғой!.. “Басы азат, жүрегі түкті Кендебай едім бір кезде – енді кім болдым… Қай сайтан мені бөтен елге патша бол деп азғырған?!.” деп, қайғырдым…

Қысқасы, ұзақ толғанып, бұл елде бұдан әрі қалуға болмайтынын ұқтым… Керқұланың құйрығынан бір тал қыл алып, тұтаттым. Мансапқа қызығып, миы айналған Керқұла дүр сілкініп, бәз қалпына түсті. Басын шұлғып, кісінеп-кісінеп жіберді… “Кешір, Кендебай, айналама қарап, ақылымнан адасыппын!..” деді… Тура солай деді… Өзі жоқта алып бәйтеректің басындағы ұяда жатқан балапандарын айдаһардан құтқарғаным үшін, алтын құйрықты құлынның осы елде екенін айтып, жаның қиналғанда тұтатарсың деп, бір тұтам қауырсын жүнін жұлып берген Самұрық құс есіме түсті. Жанқалтамнан дереу соны алып, тұтаттым. Алып қанаттары аспан астын қара бұлт құрсағандай дүрліктіріп, сол сәтінде ол да жетті… Иесіз қалған елді Қаңбақ шалға тастап, күн шапағындай жалтылдаған алтын құйрықты құлынды алып, мен – Керқұлаға, Керқұла – Самұрыққа мініп, баяғы өзім келген алты таудың ар жағына астық…

… Айтпақшы, мен алтын құйрықты құлынды неге іздеп едім?.. О баста мені осы сапарға аттандырған xанның айтуынша, оны азап шегіп, ұзақ жол кешіп іздеп, тауып, қасиет-кие тұтқан елдің абыройы асып, бақыты тасып, мәңгі жасамақ екен!.. Сосын, әдетте, ертегі қалай аяқталушы еді?.. Иә… Ақыры, алтын құйрықты құлынды аман-есен xанға табыс етіппін. Хан ұлан-асыр той жасапты. Ай десе – аузы, күн десе – көзі бар сұлу қызымен қоса, бар байлығының жартысын маған беріпті. Отыз күн ойнап, қырық күн тойлаппыз. Мен, сөйтіп, бай болып, барша мұратыма жетіппін… Ол аз десеңіз, ешқандай көлтауысар, жалмауыз, дию-перілері жоқ, алтын жал, алтын құйрықты арғымақтың тұқымы үзілмеген мәңгілік елге патша болып, бақытты өмір сүріппін… Ертегі – тәмам.


Тұрсынжан ШАПАЙ

Тұрсынжан Шапай, жазушы, әдебиет сыншысы, композитор

Related Articles

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

  • МӘҢГІ ҚАЗАҚ(ертегі фэнтези) 

    ҚАЗАҚТАРҒА ЖАСАлып жатқан  ҚИЯНАТ КӨП БОЛҒАСЫН, « Мәңгі қазақ» атты әңгіме жазсам деп жүретін едім. Осыдан бір күн бұрын сол әңгіменің сюжетіне келетін түс көржім. Кешеден бері жазуға кіріссем бе деп жүр едім, сәті бұгін түскен сияқты. ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ Өте ертеде емес, бүгінде емес, ғылым докторлары Санжар мен Балжан институтта қызмет ететін.Өздерінің лауазымдарына қарай қарапайым екі қатарлы жақсы салынған коттеджде тұрды.Интеллигент адамдар өмірдің қиындықтарына көп мін бере қоймайды ғой, Өмірлері мәнді, жайлы өтіп жатты. Жақсылықта көп күттірген жоқ, Санжар мен Балжан ұлды болып, коттеджде шағын той өтті. Неге екенін қайдам, әке шешелері ақылдасып, ұлдарыныі есімін Аңсар деп атаған. Аңсар ертедегідей тез де өскен жоқ, кеш те өскен жоқ. Тәрбиелі жігіт болып

  • СУ ІШКЕНДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗЫУШЫНЫ ҰМЫТПА

    (23 – әңгіме) БАЙАХМЕТ ЖҰМАБАЙҰЛЫ — Біздің заманда сендерше киімнен-киім таңдайтын жағдай қайда, жамап-жасқап, тон, шалбар кисек те жететін. Сөйтіп жүріп аянбай еңбек еттік. Бүгінгі күн басатын жолды ол кезде айлап жүрдік, тіпті бүгінгідей дүниенің төрт бұрышынан хабар тауып отыратын жағдай қайда? — деген қария немересінің жұмыстың қырын білмей, тік қасық болып өсіп келе жатқанына наразы бейнесін аңғартып, өз өмір кешірмесінен кеңестер қозғаған. Немересі: — Ата, сол дәуірде туған өздеріңіздің сорлы болған тәлейлеріңізден көрмейсіз бе? Оларыңызды бізге айтпаңыз, —демей ме. Ашудан жарыларман болған қария: — Е, ондай болғанда «Ұрпақ үшін бақыт-байлық жаратсам» деп тер төгіп, жан қиып, азып-тозған ата-бабаларың сендерге айыпты болғаны ғой. «Теңдік үшін» деп әкем оққа ұшты. Ал

  • Мұхтар Мағауин: ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ…

    яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүдәмалда қалмасын деп. Алдымен, айқайлы сұхбатты оқымаған бүгінгі жұртшылық үшін, ең бастысы – Д.Исабеков бауырымыздың мүбәрак есімін кейінгі заманға ұмыттырмай жеткеру

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: