|  | 

Әдеби әлем

САРЫАҒАШ

Мұрат Бекей 1958 жылы Қарақалпақстандағы Беруни ауданының “Алтысай” ауылында туған. Нөкіс университетінің орыс тілі және әдебиеті бөлімін аяқтаған. Үзақ жылдар Өзбекстанда Қазақ үлттық-мәдени орталығында қызмет аткарды. Өзбекстан және Казақстан Жазушылар одағының мүшесі. “Сұлулық сыры” деген жыр жинағы бар.
Қазір ақын Сарыағаш ауданында Т. Айбергенов атындағы әдебиет және өнер бірлестігін басқарады.

Murat Begey

Төлеген Айбергеновтің әдеби ортасы, ақындық мектебі, шәкірттері жайында зерттеу жұмыстарын жүргізгенде Төлегеннің ақындық жолын жалғастырушы кейінгі ізбасар ақындар туралы да зерттеу жүргізуді нысанға алу қажет. Сондай ізбасар ақындардың бірі – Мұрат Бекей.

Мұрат Бекейдің шығармашылық еңбегінің ішінен төлегентануға қатысты арнайы зерттеуді талап ететін  шығармалардың өзі бір төбе…     Әлімбай Найзабай

 

САРЫАҒАШ

 

Сыр тыңдатар сұңғыла сезімдерді,

Сұңқылдатар жыр қыла кезім келді.

 

Асан бабам нұрлысың арманымен,

Ай сағынар гүл-мүсін аймағым ең.

 

Таңдар әлі бақ күреп атпақ талай,

Жалғанады ақ тілек-ақ мақтадай.

 

Астанаға армандай алмаспадым,

Тасқа маржан жайғандай бау-бақшалым!

 

Торламасын алабың қара түндер,

Сен ғанасың пана ұлың табатын жер.

 

Шындықты-нұр таратар бүркемеген,

Мың мықтыға парапар бір Төлеген.

 

Шабыт берген Шәмшіге Қапланбек,

Басқан мұнда әр ізі жатыр ән боп.

 

Кескен өзің өлеңде тұсауымды,

Өскен өңір,қимаймын құшағыңды!

 

Бұл ұлың да босқа елес қумаған жан,

Сыр ұғынған қос Келес шулағанда.

 

Құлағыңда жаңғырып сөзім қалсын,

Тұрағым бар мәңгілік-өзің барсың,

Сарыағаш!!!

 

 

ЖАЛҒАН

 

Біле алмадық көп жайдың анығын біз.

Ағып әне жоғалды тағы жұлдыз.

Қанша жақсы табысты шын дүниемен,

Кір жалғанда емексіп әлі жүрміз.

 

Жампоздар-ай,жаныма нұр бердіңдер,

Жүректерге жатталып үлгердіңдер.

Ал,біздегі жымысқы,мысық-өмір-

Бір дұғаға жарамай жүрген күндер.

 

Мәңгіліктің арнасы ағар тынбай,

Сағынышын тұндырып сары алтындай.

Қабіріңді күзеткен тас белгілер,

Мүсіркеумен біздерге қарайтындай…

 

АМАНАТ

 

Салтанат Айбергеноваға

 

Қандырып шөлін замандар аққан арнадан,

Жүректер аз ба жұлдызға нұрын жалғаған.

Лепестерінен солардың түскен сәуле ғой,

Санамыздағы самала-ойлар самғаған.

 

Сағыныштардан-көкірегіңді нұрлы еткен,

Сабылысқанда сезімдер балқып құрметтен,

Шақтарың бар ғой арғымағымен арманның,

Сахара сазын “Сарыарқа”қылып гулеткен.

 

Төбеңнен сонда сарнап бір сырлы сарындар,

Шабытың тулап,тебіренетін шағың бар.

Осынау сәттен,

Осынау сағым-сағым суреттен,

Алыпты қуат жердегі барлық дарындар.

 

Бастауын алған бұлақтар барша жердегі,

Тұмалар бізді тереңдігімен тербеді.

Арнасын таппай,

Ағыстар жатса адасып,

Біздегі таудай талпыныстардың өлгені!

 

Аманат бізге-ағадан алып нар-талап,

Өтерміз,бәлкім,бір өмір жүгін арқалап.

Төлегендердің төрдегі туын жықпасақ,

Осыдан артық бақыт жоқ бізге,Салтанат!

 

ТАРЫЛМА,БАУЫРЫМ

 

Өмірде мынау,

Өмірде,

Қалқайып жүру жеңіл ме?

Талтайып тұрып дақ салма,

Марқайған бір сәт көңілге!

 

Асығым түсіп күрт алшы,

Тамған-ды бақыт бір тамшы.

Өлгенде көрген қызықты,

Бауырым,маған қисаң-шы?!

 

Төзімім менің-темір ме?

Оны енді бір сәт кемірме.

Онсыз да көріп теперіш,

Торығып келем өмірде.

 

Бір тамшы бақыт бұйырмай,

Түскен-ді күнім қиындай.

Тақия таздан ұрлаған,

Болмашы қиқар құйындай!

 

Емеспін артық күйге алаң,

Несібемді сыйға алам.

Мына бес күн жалғанның,

Бір бұрышын қи маған?!

 

 

 

 

ҚАРАҚАЛПАҚСТАН

 

Кіндік кескен өлкесін ардақтаған,

Тағдырыңа тағдырды жалғап барам.

Елін сүйген Абайдың сыңарындай,

Сыр шертеді өткеннен Бердақ маған.

 

Қорғандарын кезгенде Бесқаланың,

Бой бермейді кеудеден көшкен ағын.

Айдай әлем таныған даналығын,

Берунидей даңқты ұлын еске аламын.

 

Алқынумен жеткендей көлге қаздар,

Қайдан ұқсын ел мұңын көргені аздар!

Махамбетпен жанымда бірге түнеп,

Толғанады ел жайлы Ерназарлар.

 

Арылады серпіліп мұнардан құз,

Алуан сағым ойнатар қуарған түз.

Төлегеннің егілтіп “Сағынышы”,

Шырқаса Кегейліден су алған қыз.

 

Іңкәр еткен сырына бала жастан,

Ибрайым-жыр қиялды ала қашқан.

Аңғармаймын қай елде жүргенімді,

Үстіртпенен сар желіп бара жатсам.

 

“Елім-ай”,”Бозатаулап”аңыраған,

Зарлы үндер еткенде жанын алаң,

Мұқағали жырлаған сырлы өлкені,

Төлеген сынды мен де сағына алам.

 

Аңсауменен бауыры барса алыстан,

Аңқылдаса бір-бірін қарсы алысқан.

Ардақтаған Шоқаным ән-жыр елі,

Мен сені сүйем,Қарақалпақстан!

kerey.kz

Related Articles

  • Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Тұрым батыр

    Әр дәуірде халықтың пана тұтар, қормал санар құрметті азаматтары болады, солардың бірі заманы Аттыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, батырлығымен халқы жақта тұрып, мынау ортасы мен мекенін қорғау жолында сырт жауға сес болып келген Тұрым батырды туған халқы мәңгі ұматпайды. Тұрым бала күнінен балуандығымен, қамшыгерлігімен аты шыққан, есейіп ат жалын тартып міне көз алартқан жауларының бетін қайтарып көзге түскендіктен «бұл өңірде Тұрым бар» деп сырт жаулар аттап баспайтын болған. Тұрым өмірінің соңында зиратын қазып, қабырын тұрғызып қойып қажылық сапарға аттанып, қайтарында бүгінгі Семей өңірі маңына келгенде тұйықсыз дүние салып, жол жолдастары сүйекте бұзбай Сартеректегі өзі әзірлеп кеткен қабырға жеткізіп, ел, жұртына табыс етіді. Ителі руының бір мұнша атасы Ажы гүң болып

  • «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» /АБАЙ/

    Біздің қазақта «малға достың малдан басқа мұңы жоқ» – «малдан боғы ғана бөтен» талай жарымес Абайдың атына неше түрлі сөз айтқан. Оның ішінде саудагер ғана емес, өзін “сөз ұстаған”, “ел ұстаған” санайтындар да болды. Бұларға Абайдың өзі жауап беріп кеткен: «Тыныш ұйықтат, сен есірке, бақ сөзіме!». Ал, анау жігіт «малдың буымен» негізгі ойын дұрыс жеткізе алмаған сияқты. Ол, «Құнекең малын шығындап, Абайды оқытып, жағдай жасамағанда қалай болар еді… Біз де сол Құнекең сияқтымыз…» дегенді айтпақшы болды – ау деймін… Құнекең қайда, сен қайда… «Қуаты күшті нұрлы сөз, Қуатын білген абайлар…» – дейді Абай. Сөздің қуатын білмеген өте қиын, күйіп қалуың мүмкін… Осы арада Британияның Премьер – министрі болған Бенджамин Дизраэлидің

  • Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі

    Жеке архивімнен табылған құнды мұрағат «Мыржақып Дулатов түрмеде жатқанда жазған өлеңі) Бұл өлеңді 1980 – жылы Өр Алтайдың Көктоғай ауданына қарасты Дүре ауылында 61 жастағы Қауан Орынбасарұлы деген ақсақал айтқанынан жеке архивімде сақталып қалғанынан тауып оқырманмен бөлісіп отырмын. Ай, құдай – ау, аққа жақ, Өзіңі аян мен нақақ. Ақиқат деген жолыңнын, Абыройыңды ашпа хақ. Аятбенен қадысқа, Алла ниет ақ іске. Жан алмасам жоқ еді-ау, Жаза тартсын деген бақ. Мені соттап байлатып, Зығырданды қайнатып. Масайрасын мәз болып, Қинағанды өзің тап Жақын жерден жау шығып, Мақүл істен дау шығып. Дұшпан үстап қолымнан, Иттер тістеп тонымнан. Жаман тосу болған шақ, Түтқын болып тарығып, Жалғыз жатып зарығып, Ашу қысып ойды алып, Дерт жәйіліп бойды

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: