|  | 

Көз қарас

«ТІЛЕП АЛЫНҒАН» ТӨҢКЕРІС?!

  EB6F5B71-38BC-4C23-80F0-6F06D7158C5C_w987_r1_sШілденің 15-нен 16-сына қараған түні Түркияда бір топ әскерилер Анкара мен Ыстамбұлда бірқатар стратегиялық маңызды нысандарды басып алып, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылғанын естідік. Алайда халықтың көмегімен бірнеше сағат ішінде көтеріліс тұмшаланды. Төңкеріс жасауға ұмтылды, бүлікшілерді бастады деген айыппен Түркия Әскери Әуе Күштерінің бастығы, генерал Акын Өзтүрікке қарсы қылмыстық іс қозғалды.

Түркияда 1960 жылдан бастағанда бұл осы күнге дейінгі бесінші әскери төңкеріс! Бастапқысы Жемал Гурсел бастаған әскерилер төңкерісі 1960 жылы 27-мамырда орын алған. Онда Түрік президенті Жәлел Баяр қамауға алынып, өткен ғасырдың елуінші жылдарында түрік жеріне қоныс аударған қазақтарға көп жақсылық жасаған Үкімет басшысы Аднан Мендерес өлім жазасына кесілді. Олардың демократиялық партиясы таратылды.
Бұдан кейін 1971 жылы 12-наурызда Мамдуг Тагмач бастаған тағы бір әскери төңкеріс Премьер-министр Сүлеймен Демирелді биліктен тайдырды. Он жылдай уақыттан кейін 1980 жылы 12-қыркүйекте Түркия Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Кенан Эврен бастаған кезекті әскери төңкеріс арада билікке қайтып оралған Сүлеймен Демирелді тағы да тақтан мұрттай ұшырды. Әскерилер Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесін құрды. Партияларға, кәсіподақтарға тыйым салынды. Бірақ Түрік елі біртіндеп демократиялық бастауларға қайтып оралып отырды.

1997 жылы 28-ақпанда бейбіт сипатта тағы бір әскери төңкеріс жасалды. Әскерилер Ататүрік өсиет еткендей мемлекеттің зайырлы сипатын сақтап қалу туралы Меморандум жариялады. Осы әрекеттің салдарынан Үкімет басшысы Нежметдин Ербакан доғарысқа кетті. Оның ниеттесі, ол кезде Стамбұл қаласының мэрі болған Реджеп Таиип Ердоган қуғынға ұшыратылды. Саяси өзгерістер ықпалымен күресті ары қарай жалғастыру мақсатында ол Әділеттілік пен даму партиясын құрды.
2002 жылы қиын жолмен Үкімет басына әзер келген Ердоган елге инвестиция тартудың мүмкіндіктерін жақсартты. Девальвация тоқтады. Экономика күрт алға басты. Ердоган басқарған 2012 жылға дейінгі он жылдың ішінде елдегі шынайы ЖІӨ 64 пайызға, жан басына шаққандағы ЖІӨ 43 пайызға өсті. Сонымен бірге Ердоганнның беделі де өрледі. Халық оны жақсы көретін.

Жалпы Түркияда 2000 жылдарға дейін ұзақ мерзім әскерилердің ықпалы аса үлкен еді. Әскерилер ел дамуында діни бағытқа бетбұрыстың тосқауылы, партиялық егесте тараптарды тежеуші-теңгеруші күш, көлегейлі құдіретті билік боллатын.

Ердоган өзі билік еткен жылдарда Түркияның ішіндегі әскерилердің ықпалын төмендетуге, азаматтық билікті күшейтуге ұмтылды. Сондықтан әскерилерге қарсы жазалау шараларын қатаң жүргізді. Әсіресе 2011 жылы «Эргенекон» ісі бойынша коррупциямен айыпталған үш жүзден астам генерал мен офицер жазаға тартылғаны есте. Бұл қадамдарды да халық түсіністікпен қабылдады.

Бірақ соңғы жылдарда Ердоганның ұстанған бағытынан авторитарлық, диктаторлық белгілер біліне бастады. Конституцияны өз ыңғайына қарай өзгерту, сөйтіп билігін сақтап қалуға ұмтылу, әлеуметтік шаралар (үйде отырған әйелдерге ай сайын 400 доллар шамасында қаражат төлеуге ұмтылу) т.б. арқылы электоратты өзіне бұру сияқты саяси қадамдарға барды. Халықаралық қатынастарда да кейбір ағаттықтарға (Ресеймен жағдайды ушықтыру) жол берілді. Бірқатар сарапшылар Ердоганды тирандар қатарына қосып жүр.

2014 жылы 25-ақпанда Түркияда сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тергеу кезінде Премьер-министр Реджеп Таиип Ердоганның ұлы Білалмен телефон арқылы сөйлескен сөздері жария болып кетті. Әңгіме 2013 жылғы 17-18 желтоқсанда өткен. Онда үйлерінде сақталған коррупциялық орасан мол нақты ақшаны (кейбір деректерде 1 млрд АҚШ долларындай) жедел түрде жасыру мәселесі сөз етілген. Ертесіне қалған 30 миллиондай долларды не істеу керектігі жөнінде сөйлеседі. Министрлер Кабинетінің сайтында бұл туралы дереу «аморалдық монтаж» яғни жала жабу екендігі туралы жазба пайда болады. Бірақ көп адамдар бұған сене қойған жоқ.

Ердоган болса «сасқан үйрек артымен ұшады» дегендей мұндай әрекетті жалақорлық деп атап, оны көрнекті мұсылман ойшылы, бүгінде АҚШ-та тұратын Феткуллах Гуленнің ісі етіп көрсеткісі келді. Осы тұстан Ердоганның халық алдындағы беделі пышырай бастады. Бүлікшіл әскерилердің бірі кеше мойындағанындай олар «коррупцияға батқан Ердоган билігін құлатпақ болған». Яғни бұл Түрік режимі тарапынан «тілеп алынған» төңкеріс сияқты. Өйткені Түрік қарулы күштері өздерінің мәлімдемесінде “бұзылған конституциялық тәртіпті қалпына келтіру, адам құқығы мен бостандығын, заң билігі мен жалпы қауіпсіздікті сақтау үшін ел билігін толықтай қолына алмақ болғандығын” айтыпты. Қызық болғанда кейбір деректерге қарағанда төңкерістің алғашқы сағаттарында Ердоған АҚШ-тан саяси баспана сұраған. Олар бас тартқан соң ғана Ердоган скайп арқылы халыққа үндеу тастапты. Түрік жұрты қазір бұрынғы симпатиялық инерциясымен Ердоганды қолдап тұр. Ертеңгі күн қалай боларын бір Алла біледі.

Ердоган кеше күтпеген жерден Түркия әскерилеріне дем берген Феткуллах Гулен деп Барак Обамадан оны Түркияға ұстап беруді талап етті. Енді Ердоган бүлік бастаған әскерилерге қатысты қатаң шаралар қолданатыны анық. Тіпті мораторий жарияланған өлім жазасын қолданысқа қайта енгізбек.

Кешегі әскерилердің мемлекеттік төңкеріске ұмтылуы кезінде барлығы 265 адам қаза болыпты. Бәрінен осы өкінішті. Біз қазақ жұртының атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтамыз! Башыңыз сағ олсун, Түркие!

Түркия бүгінде халықаралық түрлі саяси ойындар тоғысқан торап. Бір жағынан күрдтер проблемасы. Бір жағынан ИГИЛ-мен күрес, Сириядағы тұрақсыздық, діни-саяси «Алавиттер» ағымы, Батыс пен Израильдің мүддесі, Ресеймен қырғи-қабақ жағдай, экономикалық қиыншылықтар, өрістей түскен ішкі коррупция бәрі қабаттасып тұр. Осындай сын сәтте сабыр тілей отырып, Түрік халқына қалыптасқан жағдайдан демократиялық құндылықтарды жоғалтпай, өзіне тән даналықпен тура жол табатындығына үміт білдіреміз!

Марат Токашбаевтың faebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: